Жаңалықтар

КӨГIЛДIР ОТЫН ОДАҒЫ

ашық дереккөзі

КӨГIЛДIР ОТЫН ОДАҒЫ

Ресей әлемдi бағындыруға ықпал ететiн энергетикалық ұйымды құруға құлшынуда. Қазақ, өзбек, түркiменнiң көмегiмен. Оған Алжир, Иран, Венесуэла, Вьетнам сияқты басқа да табиғи газға бай елдердi қосыңыз. Батыс пен АҚШ-тан тепкi көрген Тегеранды көгiлдiр отынына бола iштартқансып, жаны ашығансып жүрген Кремль "егер басы халықаралық дауға iлiге қалса", өзi күнi кеше ғана "не жаздым" күйге түсiрген Балтық жағалауы елдерiнiң көмегiне сүйенуге кетары емес. Осы орайда орыстар Латвия, Литва, Эстонияға арнайы ұсыныс жасап та қойды. Ал көпвекторлы саясатты ұстанатын қазақтарға, Әндiжандағы қанды оқиғадан кейiн АҚШ пен Батыстың қаһарына ұшыраған өзбектерге, Ниязовтың заманында "түндiгiн" бүркеп алған түркiмендерге КСРО кезiнде "ағалық" еткенiн "бұлдайды". Әзiрге кiмнiң ұтылып, кiмнiң ұтары белгiсiз. Белгiлiсi: мұнай мен газға "әркiмнiң-ақ бар таласы".

"АҚПЫЗ, ҚАРА, САРЫМЫЗ, СЕРIКТЕСПIЗ БӘРIМIЗ"…

1990-жылдары батыстық энергетикалық компаниялар орталықазиялық аймақтағы кен орындарынан шикiзат өндiруге құлшына кiрiскен. "Күн көсем" салып кеткен сара жолдан абайсызда "адасып қалған" 15 одақтас республика өз күнiн өзi көруге мәжбүр едi. Қоғамда экономикалық дағдарыс орнаған әрi "қалталары тесiк" орталықазиялық аймақ басшылары сырттан келген әрбiр шетелдiк инвестордың қаржысын қуана қабылдап, оларға барлық жағдайды жасауға тырысты. Ол кезде КСРО сияқты алып державаның аяқ астынан күл-талқаны шыққанына сене алмай, есеңгiреп қалған Ресей кезiнде өзiне тиесiлi болған табиғи байлықты Батыс пен АҚШ-тың талан-таражға салып жатқанына наразы болғанмен, қарсы келуге дәрменсiз едi. Қазiр бәрi түбегейлi өзгерген. Экономикалық ахуалын түзеп алған Орталық Азия мемлекеттерi, әсiресе, аймақтағы жетекшi рөлдi атқаратын Қазақстан бұрынғыдай емес, келiсiмшарттарды жүргiзуде өз күшiне сенетiн, өзiн-өзi еркiн ұстайтын болды. Кезiнде мұнай өндiрушiлерге тiрек болған Вашингтон бүгiнде бар назарын Иран, Иракқа аударды. 2001 жылдың 11 қыркүйегiнде әлемдi есiнен тандырған лаңкестiк әрекет тағы бар. Сол қанды оқиғадан кейiн АҚШ кез келген нәрсеге күмәнмен қарайды. "Исламдық лаңкестiкпен" күрестi бiрiншi кезекке қойған. (Айтпақшы, былтыр Америкаға жасаған сапар барысында, киелi Қазақ жерiнен естелiк болсын деп апарған сыйлық толы сөмкемдi америкалық мемдепартамент алдында ұмыт қалдырып, оны америкалық әскерилер 30 секундтың iшiнде жарып жiберген. Сiрә, сөмкеде жарылғыш зат бар деп қорықса керек. Әрине, қаншама еңбекпен, маңдай термен келген дүниенiң босқа кеткенiне iшiм удай ашыса да, қауiпсiздiк мәселесiн бәрiнен жоғары қоятын америкалық саясатпен санасуға мәжбүр болдым). Ақ Үй аталған үш мәселемен бас қатырып жатқанда, кеңестiк империяның "мұрагерi" — Кремль жоғын түгендеуге белсене кiрiстi. Энергоқорға деген сұраныстың артуымен бiрге бәсекелестiк те күшейе түстi. Каспий жағалауына қатысты ойын сахнасына Путиннiң арқасында саяси және экономикалық ықпалын арттырған Ресеймен бiрге Қытай және Үндiстан шықты. Өзiн посткеңестiк кеңiстiкте әлi де қожайын сезiнетiн орыстардың қазақ, орыс, өзбек пен түркiмендердiң газ бен мұнайына көз алартуы тегiн емес.

КРЕМЛЬ ҚАЙ ИМПЕРИЯНЫ АҢСАЙДЫ?

Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезектi отырысында РФ президентi Владимир Путин ортақ энергетикалық одақ құру туралы бастамасын тағы көтердi. Ол өз ойын ашып айтпаса да, "қара алтынды" өндiруге қатысты квотаны және мұнайдың әлемдiк нарықтағы бағасын реттейтiн ОПЕК-ке күшi тең келетiндей бүкiләлемдiк газ ұйымын құру қажеттiгiн емеурiнмен жеткiздi. Қара алтынның әлемдiк нарықтағы құны өсе бастаса, ОПЕК бағаны тұрақтандыруға, тепе-теңдiктi сақтауға жанталасады. Ал Кремль, керiсiнше, экспортқа шығаратын мұнайының көлемiн ұлғайтып, пайдаға шаш-етектен кенеледi. Дүниежүзiн энергетикалық қормен тұрақты түрде қамтамасыз етудi бетперде еткен Ресей көгiлдiр отынның арқасында әлемдiк саясатқа үстемдiк етудi көздеуде. Жер шарындағы көгiлдiр отын қорының басым бөлiгiне ие орыстар халықаралық қана емес, өзi әрiптестiкке шақырған посткеңестiк елдердi де уысында ұстағысы келедi. Яғни, газға бай өзге елдермен ынтымақтаса отырып, көгiлдiр отын бағасын өзi белгiлеуге мүмкiндiк алмақ. Әрине, ең бiрiншi кезекте жетпiс жылдан астам кеңестiк империяның уысында болған посткеңестiк елдер тұр. Яғни, бүгiнгi таңда энергоқорын әлемдiк нарыққа өз бетiнше тасымалдауға қол жеткiзген Қазақстан, Түркiменстан, Әзiрбайжан, Өзбекстан. Орыстар алыс жатқан Алжир, Иран, Венесуэла, Вьетнам сияқты басқа да газға бай елдермен қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. Талайдан берi көкейiн тесiп жүрген ойын "Газ одағына құру либералдық империяның iргетасын қалаумен тең" деп түсiндiрген Путинге әрiптестерi әзiрге қарсылық көрсеткен жоқ. Бiрақ кейiнгi кездерi Ресей мен Украина, Грузия және Молдова арасында орын алған газ дауын, орыстардың беларусь бауырларын жағадан алған бүгiнгi қылықтарын еске алсақ, "либералдық империяның" шын мақсаты ашылатын секiлдi. Оның үстiне, еншiлерiн КСРО-дан әлдеқашан бөлiп алған тәуелсiз мемлекеттердiң қайтадан бодан болуға мүдделiлiк танытпасы анық. ҚР Президентi Назарбаев табиғи ресурстарды қандай жоба арқылы тасымалдау қазақтар үшiн тиiмдi болса, сол жолды таңдайтынын бiрнеше рет ашық мәлiмдедi. Көпвекторлық саясат жүргiзiп отырған қазақ билiгiне Кремльдiң көңiлi толмайтыны анық. Әсiресе, мұнай мен газды тасымалдауға қатысты жобаларға келгенде. Мысалы, үстiмiздегi жылдың көктемiндегi Назарбаев пен Путиннiң кездесуiн ресейлiк БАҚ сан-саққа жүгiрттi. "Экономикалық жағдайын түзеп алған Қазақстан Батыс пен АҚШ-тың ығына жығылуға бейiл" деп аттандаған орыстардың белгiлi саясаттанушысы В.Михайлов та қазақтарды Кремльдiң айтқанына көне қоймады деп айыптайды ("Назарбаев подыгрывает Западу и США", "Русская линия", 7.03.2007.).

САЯСИ АЛАҢ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Жуырда Қазақстан, Ресей мен Түркiменстан кеңестiк кезеңнен қалған газ құбырларының жүйесiн кеңейтуге келiстi. Егер бұл жоспар жүзеге асса, Мәскеу орталықазиялық көгiлдiр отынның басым бөлiгiн уысына түсiрмек. Есесiне, АҚШ пен Батыс қолдап отырған Орталық Азиядан Еуропаға дейiн созылатын газ құбырына қатысты "Набукко" жобасы "бесiгiнде тұншықпақ". Неге екенi белгiсiз, былтыр әзiрбайжандардың газы мен мұнайын кәрi құрлыққа кедергiсiз жеткiзетiн жаңа құбырларды қысқа мерзiм iшiнде iске қосқан Еуроодақ Орталық Азияға келгенде кiбiртiктей бередi. Батыстық сарапшылар мен саясаткерлер "Набукконы" қағаз жүзiнде қалдырған Брюссельге наразы. Олардың пiкiрiнше, Еуропалық Одақ Пекин мен Мәскеудiң жолын бөгейтiн шараларды тез арада қолға алуы тиiс. Олардың алаңдайтындай жөнi бар, "майлы жiлiктiң" басынан аспан асты елi де құр қалмайды. Жуырда мұнай мен газды тасымалдауға қатысты жобаны iске асыруға Пекин қазақтар мен түркiмендерден рұхсат алды. Жымысқы саясатын жүздеген жылдар бойы мысықтабандап жүргiзуден жалықпайтын Қытай қазақтың шет-шегiне көз жетпейтiн иен даласына ғана емес, табиғи байлығына да қызығады. Бұрынғы "одақтас республикаларға" "ағалық етуге" үйренiп қалған Мәскеу посткеңестiк елдер "ашсам — алақанымда, жұмсам — жұдырығымда" болса дейдi. Балтық жағалауы елдерiне жасаған қысастығын Мәскеудiң қарсыластары ғана емес, өз iшiндегi жақтастары да мойындап отыр. РФ Қоғамдық палатасының белсендi мүшелерiнiң бiрi, саясаттанушы Сергей Марков дүйiм жұрттың көзiнше Латвия, Литва Эстонияға Ресей тарапынан экономикалық тұрғыда қысым жасалғанын ашық айтты. Күнi кеше ғана ресейлiк билiк Латвия мен Литваға табиғи ресурстарды тасымалдаудың тиiмдi жағын қарастыратынын жеткiздi. Қойылатын шарт: "халықаралық дау-жанжал мен ұрыс-керiс туа қалса, Ресейге қолдау көрсетуi керек". Осылайша энергетикалық тәуелдiлiк арқылы тәуелсiз елдердi тiзе бүктiрудi көздейтiн Ресей Латвия, Литва, Эстонияның Польша, Украинамен бiрiгiп салуды жоспарлап отырған жаңа атом электрстансасының құрылысына кедергi жасап бағуда. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Кремль армандайтын көгiлдiр отын одағы құрылмауы да мүмкiн. Өйткенi, орыстардың ашкөздiгi мен тұрақсыздығынан зәрезап болған батыстық мемлекеттер, әсiресе, кәрi құрлықтың байырғы тұрғындары үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытуда. Әрине, келмеске кеткен кеңестiк империя сияқты алып державаны қайта қалпына келтiруге жанталасып жатқан Ресейге қарсы күресте Балтық жағалауы елдерiмен бiрге Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердiң барлығына ауызбiршiлiк керек. Бұл жерде Балтық теңiзiнiң түбi арқылы өтетiн ресейлiк-германиялық газ құбырының құрылысын еске алсаңыз жетедi. Әзiрге "төбедегiнi келтiретiн төртеудiң емес, ауыздағыны кетiретiн алтаудың" саясатын ұстанып отырған Еуроодаққа АҚШ та көмекке келерi анық. Америка орыстардың орталықазиялық аймақтағы ас та төк мол байлыққа экономикалық қысым көрсету арқылы иеленуiне жол бермеуге тырысады. Әрi уақыт өткен сайын күшейiп келе жатқан Қытай мен Ресейдiң бәсекелестiгiне төтеп беру үшiн барын салуға мәжбүр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ