ПУТИН ҮШIНШI МЕРЗIМГЕ ҚАЛА МА?

ПУТИН ҮШIНШI МЕРЗIМГЕ ҚАЛА МА?

ПУТИН ҮШIНШI МЕРЗIМГЕ ҚАЛА МА?
ашық дереккөзі

Ресей үкiметiнiң ауысуы мәселенi жауапсыз қалдырды

Өткен аптаның сәрсенбiсi күнi, яғни 12 қыркүйекте таңертең Ресей Федерациясының президентi Владимир Путин 2004 жылдан берi елдiң атқарушы билiгiнiң тiзгiнiн уысында ұстап келген Михаил Фрадковтың қызметтен кету жөнiндегi өтiнiшiн қабылдап, орнына Михаил Зубковты тағайындады.

Бұл шешiмдi 1941 жылы 15 қыркүйекте Свердловск облысының Кушвин ауданындағы Арбат селосында дүниеге келген М.Зубковтың кезектi туған күнiне жасалған патша сыйлығы дей қоюға болмайды. Әрине, 66 жасар, бұған дейiн Кремльге жақындығымен көзге түспеген, бейтаныстау адамның орасан зор ел билiгiне күтпеген жерден келуiнiң өзi де түрлi сауалдар тудырмай қоймасы аян. Ол 2004 жылдың 16 наурызынан бастап Федеральдық қаржы мониторингi жөнiндегi қызмет басшысы болып келген едi. Қарапайым тiлмен айтқанда, қаржы полициясының тiзгiнiн ұстаған жан.

Осы уақытқа дейiн Путиннiң тiкелей iзбасары ретiнде саналып немесе премьер-министр болады делiнiп жүрген Сергей Ивановтың ең соңғы сәтте шеттеп қалуы да туындаған көптеген сұрақтарды жауапсыз қалдырып отыр. Ресей үкiметi қызметтен босатылып жатқан сәтте В.Путинмен бiрге ел аймақтарын аралауға аттанған Дмитрий Медведевтi де осынау биiк лауазым — құрметтi орынтаққа лайық санап жүргендердiң де күткендерi орындала қойған жоқ.

Алдағы қоңыр күзде Ресей Думасына депутаттарды сайлау болатыны мәлiм. Қазiрдiң өзiнде көршiлес алып елде сайлауалды үгiт-насихат пен талас-тартыс қыза бастады. Путиндi үшiншi мерзiмге қайта сайлау жөнiндегi ұсынысты жиi қайталап жүрген Сергей Мироновтың "Справедливая Россия" партиясы да бұл науқанға қызу кiрiсiп отыр. Борис Грызлов басқаратын "Единая Россия" партиясы әу бастан Кремльдiң нұсқауы және тiкелей ықпалымен құрылғаны мәлiм. Владимир Жириновскийдiң ЛДПР-i соңғы кездерi Кремль ұстанымдары мен белгiленген шекараларынан ешқашан сырт аттап көрген жоқ. Бiр сөзбен айтқанда, Ресейдегi осынау iрi партиялардың ешбiрi Путиннiң билiк басында қалуына қарсы болмайтыны белгiлi. Ол ол ма, Думаға сайлауда жеңiске жеткен кез-келген партия Владимир Путинге Кремль билiгiнде қала беруге ұсыныс жасауға дайын.

Яғни, 2008 жылы өткiзiлгелi отырған президент сайлауына дейiн-ақ Ресей Федерациясын одан әрi басқаруға В.Путиннiң келiсiмiн алып қоймақшы. Үкiмет басшысына бұған дейiн белгiсiздеу адамның күтпеген жерден тағайындалуы осыны аңғартады.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ