ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛСА, ОҚУЛЫҚ IЗДЕП САНДАЛАР
ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛСА, ОҚУЛЫҚ IЗДЕП САНДАЛАР
Бiлiм саласы төңiрегiнде айтылып та, жазылып та жүрген жаңғырықты мәселелерге кiм болса да, қырын қарай алмас. Әлi күнге бiр iзге түсе алмай келе жатқан ұлттық бiлiм жүйесi соңғы кезде тiптi күрделенiп кеттi. Оның үстiне елiмiздегi бүкiл бiлiм ұялары 2008 жылдан бастап 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшу баспалдағында тұр. Бiрақ, санада сан түрлi сауал жауабын таба алмай әлек. Егер 12 жылдыққа көшсек, оқулық базасы сақадай сай ма? Құдайға шүкiр, елiмiзде мектеп оқулығын басып шығаруға машықтанған баспа жетерлiк. Десек те, жаңа оқу жылы басталғанда кiтап дүкендерi мен баспаларды аралап, табанын тоздырып жүрген ата-ананы жиi көремiз. Айтатын уәжi де сол оқулықтың тапшы екендiгi. "Жыл сайын кiтап iздеп диуананың күйiн кешетiн болдық. Бағасы қанша болса сонша болсын, тiптi, сол керектi оқулықты тауып алғанымызға қуанамыз" дейдi ашынған ата-аналар.
Шыны керек, қазiр көшеге шықсаңыз оқулық iздеп шарқ ұрған ата-ана мен оқушыны кездестiресiз. Сабақтың басталғанына 20 күндей уақыт болса да, әлi күнге оқу-құралдары толық емес оқушы көп. Оның үстiне, бүгiнде бiлiм ұяларында оқулықты баяғыдай қанша бала бар соншасына жеткiзiп бермейдi. Бар болғаны жетiм және әлеуметтiк жағдайы төмен отбасы балаларын ғана қамтамасыз етiп отырған мектеп ұжымы қалғанын ата-ананың мойнына салып қойды. Ал ендi бұдан кейiн кiтап iздемей көр. Мектеп – баланың бiлiм көкжиегiн кеңейтетiн әрi қалыптастыратын қайнар бұлақ екенiн ескерсек, ата-ана да баласының көзi ашық, көкiрегi ояу азамат болып тәрбиеленуi үшiн барын аямайтыны белгiлi. Сонау жылдан берi елiмiздегi бiлiм ұяларын оқулықпен қамтамасыз етуде тапжылмай еңбек етiп келе жатқан "Мектеп" баспасының бұл үддеден шығуға қауқары аз сияқты. Ал мұғалiмдер мен ата-ана қауымы "Атамұра" баспасынан басылып шыққан оқулықтардың түсiндiрiлуi балаға ауыр тиетiнiн аракiдiк айтып жүр. Алайда, бiр мектеп "Мектеп" баспасының, екiншi мектеп "Атамұра" баспасының оқулықтарын оқу бағдарламасына енгiзiп, сол бойынша оқытатынға ұқсайды. Бұл аздай, ендi кейбiр мектеп ата-аналар комитетiне: "Атамұраның" оқулығы жарамайды, "Мектеп" баспасының оқулығын алыңыздар" дептi. Онда да бұл кiтаптарды тiкелей баспа дүкенiнен олжаласаңыз ғана қолыңызға арзанырақ тиюi мүмкiн. Ал базарға, басқа да кiтап дүкендерiне бас сұқсаңыз, алып-сатарлар екi есе бағаны сұрайды. Дәл қазiр Абай даңғылы мен Гагарин көшесiнiң қиылысында орналасқан "Мектеп" баспасы дүкенi алды шұбырған кезектен көз ашпауда. Таңның атысынан кештiң батысына дейiн бiр кiтаптың соңында жүрiп, зарыққан ата-ана жыларман күй кешедi. "Екi балам мектепке барады. Екеуiнiң оқулығын түгендеймiн деп жүргенiме екi апта өттi. Таңертең ерте келдiм десең де, кiтап iздеген жан көп. Әне-мiне кезегiң келiп қалған шақта, күн де ұясына батады. Соның өзiнде кейбiр оқулық бiтiп кетедi, қалғанын басқа дүкеннен iздеуге тура келедi" дейдi, бiз тiлдескен бiрнеше ата-ана.
Демек, елiмiздегi iрi баспалардың өзi мектеп оқушыларын оқулықпен қамтамасыз ете алмай отыр деген сөз. Естерiңiзде болса, 1996 жылы жалпы орта бiлiм беру жүйесiн жаңа оқулықтармен жан-жақты қамту мақсатында арнайы бағдарлама қабылданған болатын. Соған қарамастан оқулықтың сапасы мен мазмұнына тағылған кiнәрат көптеп түсiп жатты. Керек болса, кейбiр оқулықтар осы олқылықтың салдарынан қайта өңделiп, басылып шықты. Себебi, министрлiктiң оқулық жазу үшiн жариялаған байқауына кiм көрiнген қатысып, сапа жағына аса көңiл бөлмегенi белгiлi болды. Жағдай тығырыққа тiрелгендiктен, былтыр министрлiк өз қоластынан оқулық әзiрлеудi бiр қалыпқа түсiрiп әрi үйлестiретiн "Оқулық" республикалық ғылыми-тәжiрибелiк орталығының тұсауын кестi. "Баяғы жартас, сол жартас…" демекшi, бұдан өзгере қойған дәнеңе де жоқ. Баяғы сол кiтап тапшылығы, оқушының оқулыққа зәру екендiгi көсе-көлденең шыға бередi. Сонда аталмыш орталықтың әуелгi мiндетiне не кiредi екен?
РЕСЕЙДЕ БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI МЕКТЕП БАСПАЛАРЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАДЫ
Ал, Ресейде мектеп оқулықтарын шығаратын баспалардың қысқаруы мүмкiн. Бiлiм және ғылым министрi сапалы оқулық басып шығаратын баспаларды арнайы тексеруден өткiзiп, сертификаттауға кiрiстi. Бұл жөнiнде министрлiк қарамағындағы мемлекеттiк саясат департаментiнiң директоры Исаак Калин мәлiмдедi: "Мемлекет бұл баспаларға мектеп және балалар әдебиетiн шығаруды сенiп тапсырғандықтан да, сапаға сай сертификаты болуы керек қой. Тiптi, кейбiр оқулықты сынамақ түгiлi, ауызға алуға да болмайды" — дейдi ол. Қазiр Бiлiм және ғылым министрiнiң жаңа талабы бойынша мектеп оқулығын басып шығаратын баспалардың бестен бiрi ғана арнайы зерттеу қорытындысынан өткен. Нәтижесiнде әрбiр оқулық пән атауына сәйкес сол ғылымның бет-пердесiн ашып тұр ма, жоқ па деген сұраққа толық жауап алады. Мәселен, "Дрофа", "Просвещение", "АСТ" секiлдi мектеп оқулықтарын дәстүрлi түрде сататын сауда белгiлерi нарық заманында өз орнын тұрақтандыру үшiн тез арада сертификат белгiсiн алуы тиiс екендiгiн ескертедi. Бүгiннiң өзiнде министрлiк бiлiм ұяларына қажеттi деген оқулықтардың тiзiмiн жасап үлгердi. Ал Камчатка облысының ата-аналары болса, мектеп бағдарламасын қайта қарауды және оқулықтардың тексеруiн талап етiп, дабыл қағуда. Жергiлiктi облыстық депутат Ирина Андрюхина: "Менiң үстелiмде екi жүз ата-ананың қолы қойылған шағым жатыр. Олар мектепте оқытылатын "Мектеп – 2100" инновациялық курсына бiрауыздан қарсы екендiктерiн ашық жазған. Шағымданушылардың ойынша, аталған курстық бағдарлама баланы кереғар ақпараттармен жаулап алады әрi психикалық жүйесiне айтарлықтай зиян әкеледi. Қысқасы, бала үнемi бей-жай күй кешiп, кейде ата-анасына қарсы келуден тайынбайтын жағдайға жетедi дегендi айтқан. Алайда, осындай дау-дамайға әкелген бағдарламаны алты жылдан берi Камчатка облысының мектептерiнiң барлығы дерлiк оқып келедi екен. Көптеген ата-ана баласының жүрiс-тұрысы мен қимыл-әрекетiнде бiр өзгерiстiң барын байқай сала, басқа мектепке ауыстыруға мәжбүр болған. Өйткенi, бағдарлама негiзiнде оқытылатын математика оқулығын алып қарағанда, қарапайым есептi шығару үшiн алма, доп сияқты заттарды емес, адамжегiш жануарлардың пiшiнiн бейнелесе, ендiгi бiр оқулықта мұздай қаруланған адам өлтiргiш пен нашақордың бейнесiн берiптi. Тiптi, Ирина Андрюхинаның өзi де оқулықты парақтап, адам шошырлық мысалдарға куә болғандығын айтып, ата-ана тарапынан түсiп жатқан арыз-шағымның жаны бар екенiн мойындайды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында РФ президентi В.Путин бiрқатар облыс пен қала бiлiм ұяларын аралап, мұғалiмдер бас қосқан конференцияға қатысып, қордаланып қалған бiраз мәселенi көтердi. Ол өз сөзiнде: "Гуманитарлық бiлiм саласына деген сұраныс жылдан-жылға артып келедi, ал бiзде мұны қанағаттандыратын оқулық жоқтың қасы" – деп бiлiм реформасын сынға алды. Путин әсiресе тарих пәнi оқулығына байланысты кемшiлiктердi тiзiп, жаңа бiлiм стандартын қайта жасақтауға тапсырма бердi.
Тоқетерiн айтқанда, ресейлiк билiк мектеп оқулықтарын қайта қарауға кiрiстi. Әрине, бұған әуелi ата-ана мен мұғалiмдердiң көтерген бастамалары түрткi болған сияқты. Ал бiзде сынға алмақ түгiлi, сынауға тұрарлық оқулықтың өзi тапшы. Ресми деректерге қарағанда дәл қазiр 200-ден астам мектеп апатты жағдайда тұр екен. Бұған орта бiлiм беретiн мекемелердiң жетiспеушiлiгiн қосыңыз. Нәтижесiнде 115 мектепте оқушылар үш ауысымда оқуға амалсыз көндiгуде. Ал, 2008 жылдан бастап 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшу табалдырығында тұрған елiмiздiң бiлiм ұялары тiлге тиек еткен күрмеуi қиын мәселелерден қалайша аттап өтпек екен, сол жағы түсiнiксiз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ