Жаңалықтар

МӘСIМОВ ПЕН ЕСIМОВ БАҒАНЫ РЕТТЕЙ АЛА МА?

ашық дереккөзі

МӘСIМОВ ПЕН ЕСIМОВ БАҒАНЫ РЕТТЕЙ АЛА МА?

Елдегi нан бағасының артуына қатысты туындаған наразылықтар саяси дағдарыстың орын алуына ықпал етпейдi. Азаматтардың ашу-ызасы "ас үй төңiрегiндегi күңкiлдермен" шектелмек. Ал бiздiң билiк астықты шетел асыруға құмар отандастарымызға шектеу қоюға дәрменсiз. Мәсiмов Үкiметте бағаны реттеудiң нақты шаралары қарастырылып жатқанын мәлiмдесе, Есiмов нанның бұрынғы бағамен сатылмайтынын ашық айтты. Сайлауалды бағдарламаларында елдiң "аузынан ақ май ағызуға" уәде берген "нұротандықтар" инфляцияны ауыздықтай алмаған Үкiметке шүйлiгедi.

Рекордты көрсеткiш елге тиiмсiз

Ресми мәлiметтерге сүйенсек, Қазақстан биыл тәуелсiздiк алғалы алғаш рет дәндi-дақыл жинаудың рекордты көрсеткiшiне қол жеткiзбек. Үстiмiздегi жылы 20 миллион тоннадан астам астық жинау көзделiп отыр. Алайда, мұндай хабарға бөркiн аспанға атып қуанғандар кем де кем. Өйткенi, қарапайым халық нан бағасының күн санап емес, сағат санап өсiп бара жатқанына алаңдайды. Бұған дейiн бүкiл әлем бойынша астықты экспорттаудан Түркия мен Еуропалық Одақтан кейiн үшiншi орында тұрған Қазақстан биыл бiрiншi орынға көтерiлдi. Есесiне, елдiң iшкi нарығында нан тапшылығы орын алған. Өткен аптада қазақ билiгiнiң бас қатырған маңызды мәселелерiнiң бiрi нан бағасына қатысты болды. Соңғы үш айда бұған дейiн 120 доллар тұратын 1 тонна астық құны 200-210 долларға көтерiлген. "Бiр жағынан алғанда, бұл тауар өндiрушiлерге жақсы. Алайда дәл осы, (астық бағасының өсуi — Н.Ж.) сөз жоқ, ұн бағасының қымбаттауына әсер еттi" деп мәлiмдеген министр үстiмiздегi жылдың басында 1 сортты ұн – 19 теңгеге, бидай ұнынан пiсiрiлген нан – 9 теңгеге, ал жоғарғы сортты ұннан дайындалған бiр бөлке нанның құны 5 теңгеге өскенiн мәлiмдедi. Десек те, Есiмовтiң айтуынша, "ТМД елдерiндегi бағамен салыстырсақ, ең төменгi баға – бiзде". Яғни, Ресейде 64 теңге тұратын бiр бөлкенi Қазақстанда 37 теңгеге сатып аласыз. "Бiр бөтелке минералды су 70 теңге тұрады. Суды алады да, бөтелкеге құя салады. Ал нанды өсiру қажет, оған күтiм керек. Әрi қарай шығыны– шаш-етектен. Нан өзiне лайықты бағаға ие болуы керек. Егер лайықты бағаға ие болмаса, ешкiм нанды қадiрлемейтiн болады. Сосын құны жемнен де арзан нанмен малды қоректендiрген баяғы кезеңге қайта келемiз. Немесе бiздiң нанды Ресейге таситын болады". Есiмов осылайша ағынан жарылады. Бiрақ оның сөзiне жұбана қойғандар кем де кем. Жуырда Үкiметке ашық хат жолдаған оңтүстiкқазақстандық зейнеткерлер наразылық шараларын ұйымдастыратындықтарын айтып, Мәсiмовтiң командасына сес көрсеттi. Ал қазақстандық Кәсiподақтар ұйымының төрағасы Сиязбек Мұқашев егер "нұротандықтар" кешегi парламенттiк сайлау алдында елге берген уәделерiн орындамаса, отандық ардагерлер кеңесi, басқа да қоғамдық ұйымдармен бiрлесе отырып, қарсылық шараларын өткiзетiндiктерiн және Үкiметтiң өз еркiмен отставкаға кетуiн талап ететiндiктерiн мәлiмдедi. Сарапшылар мұндай наразылықтардың ел iшiне iрiткi салмайтынына, қоғамда саяси дағдарыстың туындауына себеп болмайтынына сенiмдi. Ондай келеңсiздiкке Қазақстандағы саяси және экономикалық тұрақтылық жол бермейдi.

Кiм кiнәлi?

Сонымен, Мәсiмовтiң командасы нан бағасын тұрақтандыруға қатысты шараларды қолға алу керектiгiне көбiрек көңiл бөлуге тырысуда. БАҚ өкiлдерiне ресми мәлiмдеме жасаған премьер-министр "әлеуметтiк тауар" саналатын нанның бағасына қатысты дауды тез арада шешудi қолға алғанын айтты. Ең басты шаралардың бiрi – егiншiлер қолындағы астықтың әр тоннасын 200 долларға сатып алу. Ал әкiмдер алдағы 4 ай iшiнде шаруалар бойындағы патриоттық сезiмдi оятып, олардың өнiмдерiн Мемлекеттiк азық-түлiк корпорациясына өткiзуге қатысты үгiт-насихат жұмыстарымен бас қатырмақ. Бұл – үкiметтiк тапсырма. Бiрақ қолында лицензиясы барлар мемлекеттiк мекеменi емес, шетелдiктердi жағалайтыны даусыз: экспортқа шығарылатын бидайдың ең төменгi сортының әр тоннасы – 300 АҚШ доллары. Лайым, Үкiмет азаматтарының бойындағы патриоттық сезiмдi сынға салумен шектелмесе болғаны. Сөз жоқ, астықтың қымбаттауы елiмiздегi нан бағасының артуына әсер еттi. Бiрақ тiкелей емес, жанама түрде. Өйткенi, мамандардың есептеуiнше, бiр бөлке нанның құнына қосылатын астық бағасы 25 пайыздан аспайды. Басқаша айтқанда, өнiм бағасының артуына шикiзаттың қатысы аз. Сарапшылар сөзiне сүйенсек, астықтың қымбаттауына бiрнеше жағдай себеп болған. Ең негiзгiсi, соңғы жылдары бүкiл әлем бойынша астық қорының жұтаң тартуы. Жыл басында ресейлiк билiк нан өнiмдерiнiң адам ағзасына тигiзетiн жағымды әсерлерi туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихат жұмыстарын жүргiзген болатын. Өйткенi, ресейлiктер кейiнгi кездерi түрлi себептермен нан өнiмдерiн пайдалануды азайта бастаған. Бiрақ орыстар бекер аттандапты. Себебi, АҚШ ауыл шаруашылығы саласының мамандары бидайдың әлемдiк тұтынуы соңғы 5 жыл iшiнде 689,5-тен 726,4 миллион тоннаға дейiн өскенiн мәлiмдеп отыр. Ал қоймалардағы астық қоры керiсiнше, 132,5-тен 114,7 миллион тоннаға күрт төмендептi. Өкiнiшке қарай, қазақ шаңырағындағы, әсiресе, ауылдағы ағайынның дастарқанындағы негiзгi астың қымбаттауына әлемдiк нарықтағы астық құнының артуы ғана емес, ұнды сыртқа тасымалдаушылардың ашкөздiгi де керi әсер етiп отыр. Мысалы, үстiмiздегi жылдың тамыз айында отандық астық өндiрушiлердiң одағы ұн өндiруге дәндi-дақыл жетiспейдi деп дабыл қақты. Мемлекеттiк қордан бөлiнген мыңдаған тонна астықтың қаншасы iшкi айналымға пайдаланылғаны белгiсiз. Бiрақ 2007 жылдың тамыз айында Қазақстаннан 91 мың тонна астықтың шетелге жөнелтiлгенiн ескерсек, отандық экспортерлердiң мұрты да, ұрты да майлы екенi сөзсiз. Айтпақшы, жыл басынан берi 975 мың тонна алтын дән бiздiң кеден арқылы шекара асқан… Ақшаға құныққан экспортерлердi сабасына түсiруге Үкiмет дәрменсiз. Өйткенi, олар мемлекеттiк лицензияға ие. "Жығылған үстiне жұдырық", түсiрген пайдасынан гөрi шыққан шығыны көп шағын наубайханалар жұмыстарын тоқтатуда. Осының салдарынан барлық ауыртпашылықты iрi өндiрушiлер көтеруде. Алайда олардың шекелерiнiң қызып тұрғаны шамалы. Мысалы, Алматының басым бөлiгiн нан өнiмдерiмен қамтамасыз етiп отырған "Ақсай-нан", "Алматы-диiрмен" нан зауыттарының өкiлдерi тәулiгiне тоқсан мың тоннаға жуық нан өндiрiп отырғандарын, алайда ұнның жетiспейтiндiгiн айтып шағымдануда. Бұған дейiн қоймаларындағы астық қоры 1 айға жетiп артылса, бүгiнде 1 аптаға әзер жетедi. Ресми деректер үстiмiздегi жылы республикамыздағы 300-ге жуық шаруа қожалықтарының алқаптарға дән себуден бас тартқанын айтады. Осының салдарынан, жалпы көлемi 40500 гектар егiндi алқап бос қалған. Айтпақшы, Есiмов осыдан бiрнеше ай бұрын нан бағасының қымбаттайтыны туралы облыс басшыларын құлағдар еткен болатын. Министр әкiмдердi аймақтардан арнайы астық қорларын ұйымдастыруға шақырған. Оның пiкiрiнше, аталған қорлар ас атасына тиесiлi бағаның тым шарықтап кетпеуiне мүмкiндiк беретiн көрiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ