«KUAT» КҮЙРЕДI МЕ?
«KUAT» КҮЙРЕДI МЕ?
Құрылыс алаңдарындағы ахуал алаңдатады
Қалалар да адамдар сияқты: бiр-бiрiне еш ұқсамайды, әрбiрiнiң өз ерекшелiктерi, өзiне ғана тән құпия қасиеттерi мен тартымдылығы бар. Ал, Алматы — Қазақстандағы қалалардың iшiндегi iнжу-маржаны, ең ару шаһар дейтiнге келсек, iшiнара кемшiлiктерге қарамай, осынау күн сайын қарыштап өсiп әрi әдемi бола түскен қаланың бөлiнбес бiр бөлшегi "КUАТ" корпорациясы екенi даусыз. Құрылыс компаниясының мегаполиспен бiртұтас болып кеткендiгi соншалық, көшелер мен даңғылдардың бойындағы құлаш-құлаш жарнамаларсыз, сансыз билбордтарсыз Алматы құлазып қалар ма едi?! Тiптi, көп қабатты үйлердiң төбелерiндегi аршын-аршын әрiптермен жазылған "KUAT" деген жазулар да қала адамдарының өмiрiне тұрақтылық пен сенiмдiлiк беретiндей.
Аталмыш корпорацияның Қазақстандағы ең iрi құрылыс компаниясы екендiгiн алыс ауылдардың тұрғындары бiле қоймауы ықтимал, ал Алматының бесiктен белi жаңа шыққан баласына дейiн жаттап алған десек өсiрiп айтқандық емес. Өйткенi, "KUAT"-тың насихаты мұнда аса қуатты әрi ұтымды, кең түрде жүргiзiлiп келе жатқанына бiрнеше жылдың жүзi. Ол ол ма, Қазақстандағы құрылыс саласының, әсiресе, тұрғын үй құрылысының күрт дамуына аталмыш корпорацияның ықпалы әрi тiкелей қатысы барлығын да естен шығармаған жөн.
Сондықтан болар, бiрқатар бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, "KUAT" корпорациясы өткен 11 тамызда Республика сарайында Құрылысшылар күнiн айрықша салтанатпен, зор думанмен атап өткен көрiнедi. Аңызға айналған топ Modern Talking-тiң әншiсi Томас Андерс ән шырқап, компанияның озат қызметкерлерiне аса қымбат тарту — екi "Хюндай" автокөлiгi сыйға тартылған. Әрине, республика бойынша "KUAT" корпорациясы салып жатқан құрылыс нысандарында бiр мезгiлде 20-23 мың адам жұмыс iстейтiнiн ескерсек, ал олардың басым бөлiгi жастар екенi бесенеден белгiлi, компания қызметкерлерiнiң мұндай салтанатты кең атап өтуге әрқашан дайын екендiгiн түсiнуге де болады. Бiрақ, осы думанның өзi, әсiрелеп айтқанда, "Iндет кезiндегi той" сияқты болып шыққан iспеттi.
Сондықтан, арада көп ұзамай-ақ "KUAT" корпорациясының құрылыс алаңдарындағы жұмыстар тоқтатылып, жылжымайтын мүлiктер нарығындағы дағдарыстың басталғанын көрсетiп бергендей.
Осыдан бiршама уақыт бұрын Қазақстан Өнеркәсiп және сауда министрлiгi Құрылыс комитетiнiң төрағасы Николай Тихонюк мырза елiмiздегi тұрғын үй құрылысын дамыту туралы мемлекеттiк бағдарлама жөнiнде айта келiп: "Комитеттiң болжамынша, биыл елiмiзде 17,5 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiледi, бұл әуелгi жоспарланғаннан 3 млн.шаршы метрге көп", — деп мақтанышпен мәлiмдегенiн еске алсақ, құрылыс алаңдарындағы жым-жырттық аталмыш мәлiмдеменiң орындала қоятынына күмән туғызған.
Бiздiң "Түркiстан" редакциясының терезесiнен "KUAT" компаниясы салып жатқан көп қабатты үйлер жақсы көрiнедi және құрылысшылардың қалай жұмыс iстеп жатқаны да алақандағыдай. Бар болғаны терезе алдына жақындасаң болды. Жароков-Розыбакиев көшелерi арасындағы және Абай даңғылы мен Сәтбаев көшелерi аралығындағы жекеменшiк үйлердiң түгелдей сатып алынып, қысқа уақытта бәрiнiң қиратылғаны редакция журналистерiнiң көз алдында жүзеге асырылды. Тiптi, журналистерiмiздiң бiрi: "Ойпыр-ай, "КUAT-тың" қарқыны күштi ғой, етқызумен бiздi де қоса сыпырып тастамасын", — деп қалжыңдаған көктемге салым.
Ал жаз ортасында құрылыс алаңдарындағы қалыптасқан сылбырлық пен немқұрайдылық құрылыс компаниясының қызметiнде белгiсiз кiлтипан, дағдарыс басталғанын бiлдiрген едi. "Тау-К" ауданындағы — Науаи және Жандосов көшелерi бойындағы жұмыстар да тоқтатылған. Наурыз айының ортасында корпорацияның жүздеген жұмысшылары Жандосов көшесiнiң бойында ереуiлге шығып, өз еңбекақыларын төлеуде заңсыздықтарға жол берiлетiнiн мәлiмдегенi де есте.
Иә, компания қаржылық түйткiлдердi бастан кешiп отырған көрiнедi. Қазақстан БАҚ-тарының хабарына қарағанда, "KUAT" корпорациясының Алматыдағы ең iрi жобасы "Манхэттен" мөлтек ауданының құрылысы да осы мезгiлде бiржола тоқтап қалса керек. Әу баста Нью-Йорктегi элиталық аудан атымен аталған бұл жаңа ауданның атын өзгерту үшiн қоғам болып күрескенi, қазақтiлдi басылымдардың талай мәрте жазғаны да есте. Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң батыл араласуымен ғана "Сайран" деп әрең өзгертiлген болатын. Осы жоба бойынша 228 гектар жерге құрылыс жұмыстары жүргiзiлуге тиiс болатын. "KUAT" осы аудандағы жеке үйлер мен сүреңсiз бес қабатты үйлердiң орнына алдағы бiрнеше жылда қазiргi заманға сай ғажайып шағын аудан салуға уәде еткен. Тез арада әрi сапалы түрде. Бiрақ, бұл ойдың жүзеге асырылуы ұзаққа созылатын сұры бар.
Бiр мәселенi ескере кеткен жөн, баяғы КСРО кезiндегiдей емес, соңғы жылдары елiмiз "сақалды құрылыс" деген ұғымды ұмыта бастағаны рас. Әсiресе, Алматыда. Мұнда бiрнеше ай ғана бармаған жерiңе жаңа, әдемi құрылыстар салынып, жайнап кетерiне қала адамдарының етi өлiп алғаны соншалықты, мұндай өзгерiстердi заңдылық деп те қабылдайды. Осылай болуға тиiстi санайды. Ал кейбiр құрылыс мамандарының болжауынша, аталмыш "Сайран" мегажоспары болашақта осындай "сақалды құрылысқа" айналатын сияқты. Өйткенi, елiмiздегi банктер құрылыс саласына 1 трлн.теңгеден астам қаржы құйып отыр. 5 млрд.доллар көлемiнде ипотекалық несиелер берген болып шықты.
Ал АҚШ-тағы ипотекалық компаниялардың дағдарысқа ұшырауы елiмiздегi құрылыс саласының да дағдарысқа ұрынуына әкелiп соқты. Құрылыс саласындағы маржа — қосымша құн 100 пайыздан асып отырғанда, тұрғын үйлердiң әрбiр метрi 2,5-4 мың долларға жетiп отырғанда пышақтары майдан кеппеген, үрлеп iшiп, шайқап төккен құрылыс компанияларының, әсiресе "KUAT-тың" жаңа жағдайда қалтың-құлтың етiп, шатқаяқтағаны несi?! Иә, тауар, осы уақытқа дейiн өтiмдi болған тұрғын үйлер өтпей қалуда. Нақтырақ айтқанда, күрт арзандады.
Бiрақ, өткен сейсенбi күнi болған Үкiмет мәжiлiсi бұл қауiптi жоққа шығаруға септiгiн тигiзуi мүмкiн. Бұл отырыста салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарына өз жарналық пайларын төлеген азаматтардың жағдайы кең әңгiме болды. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мырза: "Жеке тұлғаларға мейлiнше көмектесемiз. Бiрақ бұл банктердiң бәрiне, құрылыс компанияларына түгелдей көмектесемiз деген сөз емес", — деген мәнзелде мәлiмдеме жасады. Ал вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев мырзаның айтуынша, Астанада 47 мың адам, Алматыда 60 мыңдай адам салынып жатқан тұрғын үйлерге алдын-ала өз қаржыларын құйған көрiнедi. Тiптi, бұл деректердiң өзi де дәл емес, яғни одан да көп болуы ықтимал. Ал елiмiздегi құрылыс саласында басталған дағдарыс жүздеген мың адамдардың тағдырына тiкелей ықпал етпек, оларды өмiрге, ертеңгi күнге деген сенiмдерiнен айырғалы отыр.
Осы ретте соңғы уақытта банк мамандарының елдi тыныштандырмақ болып, ақпарат құралдары арқылы "Бәрi тамаша!" деп жиi-жиi мәлiмдеме жасауы түсiнiксiз.
Әсiресе, екiншi деңгейлi банк қызметкерлерi тым оптимист секiлдi. Әйтпесе, Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов мырза: "Коммерциялық банктердiң шетелдiк қаржы орталықтарына берешегi 45 млрд.доллар көлемiнде, мұның белгiлi бiр бөлiгiн жыл аяғында өтеу керек… Ұлттық банк оларға Ұлттық қордағы қаржы есебiнен көмек көрсетуге дайын", — деген болатын.
Турасын айту керек, әлемдiк қаржы дағдарысы Қазақстан банктерi үшiн айтарлықтай сын болумен қатар, елiмiздегi ипотекалық несие шарты белгiлi бiр тәртiпке келтiрiле бастады. Мемлекетiмiзде алғаш рет ипотекалық несие алушылардың қайтару мүмкiндiгi тексерiлiп, терең екшеле бастады, қойылатын талаптар нақтыланды. Осыған дейiн үй бағасы үздiксiз өсiп, кепiл мүлiктi сату арқылы несиенiң еш қиындықсыз қайтарылатынына үйренiп алған банктер жаңа ережелер қалыптастыруға дайын болмай шықты. АҚШ-тағы жағдайдан кейiн бiздiң елiмiздегi жылжымайтын мүлiк бағасы аз да болса түсiп қана қойған жоқ, құрылыс компанияларының бiрқатары дағдарып қалды. Жылжымайтын мүлiк саласындағы алыпсатарлықтың әбден асқындағаны сонша, бұдан әрi аса қымбат үйлердi сатып алушылар күрт азайды. Кейбiр деректерге сенсек, тамыз айында "KUAT" компаниясы да өз пәтерлерiнiң бағасын бiр жарым-екi есеге дейiн арзандатқан көрiнедi.
Сарапшылар мен зерттеушiлердiң пiкiрiне қарағанда, несиелердiң үстемесi өсуiне байланысты жыл аяғына дейiн елiмiзде тұрғын үй бағасы 25-30 пайызға дейiн арзандауы ықтимал. Осындай жағдайға және өзiнiң жол құрылысы қызметiнiң жоқтығына қарамастан "КUAT" Көктөбенiң етегiмен өтетiн айналма трассаның бойындағы жер телiмдерiн түгелдей сатып алған дейтiн қауесет бар. Яғни, болашақ пайдаға шамадан тыс құнығып кеткен сияқты. Алматы қаласындағы жер телiмдерiнiң бағасы тым қымбат екендiгi және оған құрылыс компанияларының тiкелей әсерi барлығы бұрыннан белгiлi болатын. "KUAT" корпорациясының да бұған қатысы барлығы күмән туғызбайды. Мiне, осының бәрiн анықтау үшiн Алматы қалалық Архитектура және құрылыс департаментiне телефон шалғанбыз. Телефон тұтқасын көтерген Гүлдана есiмдi қарындас: "Ондай фирмалардың бiзге түк қатысы жоқ. Бiз мемлекеттiк ақшаға салынып жатқан құрылыстарға ғана жауаптымыз", — деп қысқа қайырды.
Ал анықтама қызметi берген "KUAT" корпорациясының қабылдау бөлмесiндегi 258-35-79 нөмiрлi телефонды жарты күн бойы ешкiм көтермей қойды. Табандылық та жақсы қасиет. Әйтеуiр әлгi телефонның құлағын көтерген хатшы қызға өзiмнiң "Түркiстан" газетiнiң журналисi екенiмдi, корпорацияның ахуалын бiлгiм келетiнiн мәлiмдеп үлгердiм. Ал әлгi қыз: "Чего надо?" деп қысқа қайырды. Газет оқырмандары ғана емес, бүкiл қоғам "KUAT" үшiн алаңдаулы екенiн, компания банкротқа ұшыраған-ұшырамағанын бiлгiм келетiнiн орысша қайталап айттым. Кесiрлi қыз: "Чего надо?" деп қайтадан керенауланды. Сiрә, компания президентi Олег Намнан басқамен тек осылай кесiр-кесапаттанып сөйлесу сүйегiне сiңген қыз мынау… "Чего надо?"
Журналистке не керек: ақпарат және түсiнiктеме! Өкiнiшке қарай, хатшы қыз телефон тұтқасын тастай салды.
"Әй, — деп ойладым амалсыздан. — "KUAT-тың" құрылысы ғана емес, "культурасы" да дағдарыста ғой. Банкрот болса, болар…"
Бiрақ, өздерiнiң ең iрi салымшыларының бiрi "KUAT" корпорациясы болып табылатын "Казкоммерцбанк"-тiң қызметкерлерi аталмыш құрылыс компаниясының ешқандай банкроттық жағдайға тiрелiп тұрмағанын айтуда. Солай да шығар…
Жаңабек ШАҒАТАЙ