Жаңалықтар

АЙТКЕШ

ашық дереккөзі

АЙТКЕШ

Cоңы. Басы өткен санда

Соғыс тұтқындарының концертiне Фрайбург қаласының тұрғындары көп жиналған. Концерттi жүргiзушi: "Сахнаға Кавказ тұрғындары гиоргиендер шығады" дегенде немiстер аса мән бере қоймаса керек. Соны байқаған ол: "Сталиндер" деп қайта хабарлағанда зал толы көрермендер бiр дүрлiгiп барып басылады да, сахнаға аңтарыла қарайды. Грузиндердiң әндерi және билерi оларды таң қалдырған.

Ал сахнада азербайжандар өз өнерлерiн көрсеткенде "Фон штадин Баку!" деп қол соққан. Көрермендердi орыстар мен украиндер аса қызықтыра алмайды. Славяндардың өнерiмен бұрыннан таныс екен.

"…Ақырында кезек маған келдi. Концерт жүргiзушi менiң фамилиямды айта алмай қатты қиналды. Әйтеуiр, әзер дегенде бiрдеңе айтқан болып, бiраз бөгелiңкiреп тұрып:

– Азия!-дедi".

Музыка тiлi аударуды қажет етпейдi. Тек оны өз мәнiнде, жоғары деңгейде орындау шарт. Әсiресе, әлемдiк классикалық шығармаларды. Ал орындай алмасаң онсыз да өздерiн өзгелерден артық санайтын мына немiстердiң талғампаз тыңдаушылары келемеждеп, қарқылдап күлiп, мазақ етуi бек мүмкiн. Айткеш сахнаға шығарда осыны сезiнген. Аздап жүрексiнгенi де рас. "Көптен берi қару ұстап қатайып қалған саусақтарым дегенiме көне ме? Дайындықсыз шыққаным қалай болар екен?". Атқақтаған жүрегiн басып, тәуекел еттi.

"…Мен үшiн бұл әрi қобалжу, әрi қуаныш сәтi болды. Өйткенi мен залда отырған немiстердiң әрқайсысының қастерлеп, сүйiп тыңдайтын аспабында ойнаймын. Бұл жер музыка әлемiндегi аттары даңққа бөленген Бах, Моцарт, Гайдн, Бетховен тағы басқа көптеген ұлы композиторлардың шыққан Отаны.

Залда шыбын ызыңы бiлiнбейтiн тыныштық орнаған. Қадалған көздер. Тыңдаушылардың әртүрлi сәттердегi сезiм құшағына берiлiп, таңданып та, күдiктенiп те, қызығушылық та танытып отырғандары бiлiнiп тұр. Ойнай жөнелдiм. Бетховеннiң романсы — "Соль-Мажорды" орындадым. Залда отырғандар музыканың әр дыбысын қалт жiбермей тыңдап отырғаны сезiлдi. Менiң ойнап берген музыкамның орындалуына таң қалғандары соншалық, қатты ризалық бiлдiрiп, көпке дейiн қол шапалақтап, қайта шақырып, бiрдеңелердi айтып айқайлап, сахнадан жiбермей қойды. Олар үшiн мұның өзi үлкен жаңалық болып табылатынын мен жақсы түсiндiм. Өйткенi қайдағы бiр жабайы азиат саналатын елдiң адамы, алыс түпкiрдегi Еуропа музыкасын соншалық шабытпен, асқан шеберлiк танытып орындап бергенiне сенулерiнiң өзi қиын едi".

Адольф Гитлердiң: "Дүние жүзiнде бiзден асқан ұлт жоқ. Бiз әлемдi билеймiз!"-деген фашистiк астамшылығына алданып, бой ұсынған немiс халқының көпшiлiгi әуелгiде азиялықтарды адамға санаудан қалған едi. Айткештiң әлемдiк классикалық шығармаларды орындау шеберлiгi оларды тәнтi етiп, тәубесiне түсiрдi. Астамшылдық пиғылдан қайтарып, басқаша ой салды. Азиялықтардың беделiн көтердi. Бұл Айткештiң үлкен рухани жеңiсi едi.

"…Ендiгi жерде өзiм скрипкаға арнап өңдеген қазақтың халық әнi "Елiм-айды" орындадым. Тыңда, Еуропа! Тыңда, Германия! Барлығың да тыңда! Менiң бәрiнен артық көретiн елiмдi тыңда. Туған жерге деген жүрегiмнiң сағынышы мен шер-мұңымды тыңда! Қазақтың халық әнi "Елiм-айды" тыңда! Ақырғы қайырмасын қайталап тартарда, залға көз салып едiм, көпшiлiктiң маған аянышпен қарап, менi түсiнiп, жанашырлық танытып отырғандарын сезiнгендей болдым".

Айткеш артында тарихтың талай-талай ауыр кезеңдерiнен өткен елi барын, соған деген сағынышын "Елiм-аймен" жеткiздi.

"…Көрермендер бiзге таңырқай қарап, шулы тобыр жан-жағымызды қамалап, клубтың сыртқы есiгiне дейiн шығарып салды. Әлi есiмде, Мария деген қыз шығатын жерге дейiн бiрге келiп өзiнiң аздап бiлетiн орыс сөздерiне тiлi келмей, мылқауланып, қол қимылымен қоса ұқтырған болып, менiң скрипкада ойнағаныма ризалығын бiлдiрген болды.

– Данке шөн! Данке!

Ол маған қайда тұратынын көрсетiп, қонаққа шақырды. Қыздың ықылас бiлдiргенiне қазақша, орысша, бiлетiн немiсшемдi қосып, рахмет айттым.

– Қазiр шақырған жерге баратын уақыт емес. Кейiн "Гитлер капут" болған кезде, үйiңе баруға мүмкiндiк туады,- деп түсiндiруге тырыстым.

Оның қорыққаннан екi көзi шарасынан шыға жаздап, қолдары қалтырап:

– О, найн! Найн! Олай деме! Полицай бум-бум! – дедi.

Марияны бұдан кейiн кезiктiрген жоқпын".

Гитлердiң отанында әлгiндей сөз айту, әрине, оңай емес. Ол үшiн жүректiлiк, батылдық керек. Жаны нәзiк болса да Айткеш айтты. Гитлердiң бүтiн елдi бүлдiргенiне, миллиондаған жазықсыздардың жандарын жаhаннәмға жiбергенiне, өзi секiлдi талай таланттардың асыл арманын кескенiне кектенiп айтты. Түбi әдiлеттiң жеңетiнiне сенiп айтқаны хақ. Ал немiс қызы Мария неге оны сатпады? Оның Фон-Волькерге бiр ауыз сөзi жетiп жатыр едi ғой. Сол сөзi сол сәтте-ақ кеудесiне оқ болып қадалмасына кiм кепiл. Оны талантының тағы да қорғап қалғаны анық. Мария өнерiн iштей жоғары бағалап, өзiн өлiмге қимаған секiлдi.

"…Бiрде менi коменданттың кеңесiне шақырып алып, Түркiстан ұлттық комитеттiнiң (ТҰК) қарамағына, Берлинге жiберiлетiнiмдi айтты.

– Қайда? Неге? – дедiм.

– Барған соң бәрiн түсiндiредi.

– Ал Түркiстан комитетi дегенiңiз немене?

– Сонда бiлесiң.".

Айткеш кiтабында бала кезiнде Түркiстан деген қаланың бар естiгенiн, ал ондай легионнан мүлдем бейхабар екенiн жаза келiп, сол кездегi жағдайдың өзi тарихтан бiлiмiнiң аздығын ақырындап толықтырғанын ескерткен.

"…Сонымен бiздi Фрайбургтен пойезға отырғызып, Берлинге жөнелттi. Жолда көп тоқталмай, Түркiстан ұлттық комитетi орналасқан жерге тез жеттiк. Түндi сол комитеттiң кiшкентай бөлмесiнде өткiздiм. Бiр мезгiлде есiк ашылып, күтпеген жерден Ғалым Абсалямов кiрiп келе жатыр. Баяғыда Алматыда музыкалық техникумда бiрге оқыған, маған көмектескен жiгiт. Жаңа үлгiде киiнген, шетелдiктерше шаш қойып, баптап тарап қойған.

– Ой, шалым, сен қайдан жүрсiң?

– Сенi танымай қала жаздадым. Өзiң өсiп кетiпсiң, – дедi ол. – Осында бiр музыкантты әкелдi дегендi есiтiп, кiм болса да әдейлеп амандасайын деп кiрдiм. Сенi көремiн деп ойлаған жоқпын.

Екеумiз бастан кешкендерiмiздi айтысып, ұзақ әңгiмеге кiрiстiк. Абсалямов өзiнiң соғыстың алғашқы күндерi тұтқынға қалай түскенiн, ТҰҚ-нiң лагерiне қалай тап болғанын, Түркiстан легионының өкiлдерi оны босатып алып, талантты скрипкашы екенiне немiстердiң көздерiн жеткiзiп, Берлин музыкалық академиясына қабылдатқандарын тәптiштеп айтып бердi. Бiрақ шалым онда бiр жыл өткен соң Берлин академиясы бiздiң жақтың бомбаларынан түгi қалмай қирап, оның Венаға көшiрiлгенiн, артынан бiр жылдан соң соғыс аяқталып, өзiнiң Францияға қашып барып, әрi қарай Түркияға өтiп кететiнiн бiлген жоқ едi.

Ертеңiнде таңертең сол жерден Берлинде жүрген тағы бiр жерлесiм Мәжит Айтбаевты кездестiрдiм. Соғыстан бұрын техникумда бiзге қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ берген ол өте биязы, сыйлы адам болатын. Көрген бетте менi танымады ма, әлде әдейi iстедi ме, бiлмеймiн, жылы шырай танытқан жоқ. Мен Алматыдан екенiмдi, техникумда оқығанымда айта бастағанда:

– Ә, иә! Жаңа ойыма түстi,- деген болды.

Сонда да екеуiмiздiң әңгiмемiз үйлескен жоқ".

"Жазмыштан озмыш жоқ". Соғыс оларды сондай ауыр кезеңде жат жерде тағы кездестiрдi. Тек көңiл ауандары баяғыдай емес. Өмiрге көзқарастары өзгерген. Соғыстан кейiн Отанға, туған жерге Айткеш қана оралды. Абсалямов пен Айтбаевтың кейiнгi тағдырларынан жұрт бейхабар. Олардың дерегiн бiр бiлсе Германиядағы Хасен Оралтай, Туркиядағы Дәлелхан қажы бiлетiн шығар деген үмiт бар.

"…Бiр күннен кейiн бiздi күзетпен Берлиннен Варшаваға апарды. Содан ешқайда соқтырмастан Варшавадан 18 шақырым қашықтықта Түркiстан легионының штабы орналасқан жерге әкелдi. Түркiстандықтар тұрған аумақ қоршалған. Арнаулы қақпадан рұқсат қағазымен кiргiзедi. Легионерлердiң басында пилотка, киген әскери киiмдерi ескi. Бiлектерiнде "Түркiстан" деп жазылған белгiлерi бар. Менi күзетшi легионның штабындағы немiс унтер офицерiне алып келдi. Маған тiксiне қараған унтер офицерге ештеңенiң мәнiсiне бармай, неге әкелгенiн, тағдырымның қалай шешiлетiнiн бiлмей жатып, «Мен қолыма қару алмаймын, легионда қызмет етпеймiн» деп ашық айттым. Унтер офицер маған айқайлап ұрысып, балағаттап жатыр. Мен қарсы келiп ашумен "фашист" деп қалдым. Немiс менi ұрып жығып, тепкiлеп: "Көзiңдi жоямын, тiрi қайтпайтын лагерь мен түрмеге жiберемiн" деп әкiреңдедi. Күзетшiлерiн шақырып, сол үйдiң астындағы қараңғы зынданға тастап, көп күнге дейiн менiң бар жоғымды керек еткен олар болған жоқ. Ертеңiнде кешкi мезгiл болу керек, төбедегi темiр тордың тесiгiнен бiреудiң ақырын:

— Ей, жiгiт! Ал! – деп қазақша айтқан даусын естiдiм.

Қарасам, төбеден жiпке байланған жауынгерлердiң тамақ салып жейтiн ыдысын ақырындап түсiрiп, салбыратып ұстап тұр. Әрең дегенде қолымды жеткiзiп алдым. Ар жағыма аздап нәр барған соң, көзiме ұйқы тығылды. Қамауда он күндей жатып қалдым. Ақырында зынданнан шығарып, бiр үлкен бараққа алып келдi. Бiр мезетте бөлмеге орта бойлы, дембелше келген төртбақ, жылы жүздi қазақ асыға басып кiрiп келдi. Есiктен кiрер кiрместен:

— Әкелдi ме? Қайда?– дедi менi көре сала жатырқамай, – Мен Мұхаметқали Батыркерейұлымын,- деп таныстырды. Сөзiн үзбестен бастырмалата: – Әлгi штабта шу шығарған сенбiсiң? Ой, қалқам! Осында тұрғандардың бәрi куә, мен сенi легион командирi, капитан Эрнихтен әрең босаттырып алдым. Сен музыкантпысың? Скрипка тартасың ба? Өте жақсы, үгiтшiлер взводының құрамында боласың. Сұрағың болса, артынан қоя жатарсың. Келiстiк пе? – дедi.".

Бүгiнде Түркiстан легионының негiзiн қалап, құрған Мұстафа Шоқайдың тосын өлiмi туралы әрқалай пiкiрлер бар. Мұхаметқали Батыркерейұлының Айткешке айтып берген мына дерегiне көңiл қояйық.

"…Соғыстан бұрын Алматының Жамбыл атындағы мемлекеттiк филармониясында әншi болдым. Әскерге 1940 жылы шақырылдым. Әскери мiндетiмдi Брест қамалында өткiзiп жүргенiмде соғыс басталды. Ауыр шайқаста бiздiң бөлiмше қоршауда қалып, немiстерге тұтқынға түстiм. 1941 жылдың қыркүйек айында Польшаның Демблин қаласындағы соғыс тұтқындары лагерiне әкелдi. Ертеде салған үлкен қамал қорғанға сексен мыңнан артық тұтқын қамалды.

…Мамыр айында лагерьге немiстiң офицерлерi келiп, қазақ, өзбек, тәжiк, түркiмен, қырғыздарды саптан шығарып, бөлек тұрғызды. Жүк вагондарына отырғызып, белгiсiз жаққа алып жөнелдi. Түнiмен жүрiп, таңға жақын Варшаваға жақын келгенiмiздi бiлдiк. Бiраздан кейiн бойы екi метр немiс капитаны келдi. Қасында немiстiң формасын киген, ашаң өңдi, арық келген қазақ бар.

– Сендердi Түркiстан легионының қарамағына келулерiңмен құттықтаймын!

Легионның не екенiн, оған осында барлық лагерьлерден Орта Азия мен Қазақстаннан шыққандарды ғана жинайтынын бiрiншi рет осы жерде естiдiм. Жұмаққа келгендей болдық. Жуынып-шайынып, бiраз көңiлiмiз көтерiлiп, бiр жасап қалдық. Барлық киiм-кешек Италияда жасалып шыққан. Кительдiң омырауында Қожа Ахмет Яссауи мазарының суретi. Астында арабша "Құдай бiзбен бiрге!" деген жазу бар.

…Түркiстан ұлттық комитетi мен Түркiстан легионының әкесi, дүние жүзiне белгiлi қазақ – Мұстафа Шоқай болды.

…Түркiстан ұлттық комитетiн құрарда Мұстафа ең сенiмдi адамдарын жинап алып, жабық есiк жағдайында құпия әңгiме өткiзiптi. Былайша айтқанда, бөтен адам болмаған. Оларға немiстiң қолбасшыларымен болған келiсiм-шарттың мәнiн түсiндiрiп, ең бастысы:

– Естерiңде болсын, немiстер еш уақытта Советтер Одағын жеңе алмайды. Еш уақытта! Ал менiң барлық мақсатым түркiстандықтарды өлiмнен аман алып қалу. Өйткенi барлығы да келешекте тәуелсiз Түркiстанға керек, – дедi. Гестапо мұндай құпия жиналыстың болғанын бiлмей қалды дегенге сенбеймiн. Олардың тыңшылармен жұмыс iстеуi бiзден кем емес.

Бiраз уақыттан кейiн Шоқай лагерьлердi аралап жүрiп, гриппен ауырып, госпитальға түскен. Мұстафа тамақ пен дәрiнi өзi сенген Уали Хаюмханның қолынан iшетiнiн бiрден ашық айтқан. Ал Уали Хаюмхан болса, не iстеген? Ол әуелi екеуi ақылдасып, Мұстафадан құтылып ТҰК-нiң президенттiк орнына өзi отырмақшы болған. Мүмкiн, немiс әйелiнiң ақылы болар. Ақыры олар жергiлiктi дәрiгерлермен келiсiп, улы дәрi тауып алып, Уалидiң қолымен Мұстафаға iшкiзедi"

Мұстафа алдын ала жаманшылықтың болатынын сезiптi. Париждегi үйiне телефон арқылы сөйлесiп, әйелiне түсiнде үйiндегi дүние-мүлiктердiң қирап, шашылып жатқанын көргендiгiн айтыпты. Әйелi де сезiктенiп Мұстафаға Парижден кеткелi үйдiң терезесiне бұрын көрмеген бiр құстың келiп-кетiп жүргенiн байқағанын, бiраз уақыттан берi соның жоғалып кеткенiн айтқан.

Уали Хаюмхан берген улы дәрiнi iшкен соң Мұстафа екi сағаттан кейiн қайтыс болған.

"…Мен өзiм бұл оқиғаның iшiнде болған жоқпын. Бiрақ сол кезде Шоқайдың қасында болған адамдардан естiдiм. Олар маған жақын, сырлас адамдар болатын. Мысалы, достарымның iшiнде 1934 жылы Свердловскiде Тау-кен институтын бiтiрген, соғыстан бұрын Қазанда жұмыс iстеген, Оралдың тумасы Кәрiм Қаратаев деген жiгiт болды. Жақын досымның бiрi Мәулiкеш Қаймелдин қазақтардың iшiнде лақап аты – "Асан Қайғы". 1934 жылы МГУ-дiң журналистика факультетiн бiтiрiп, Алматыда аудармашы болып iстеген. Бұлардан басқа Шоқайдың жақын адамдарының бiрi болған Мажит Айтбаев әдебиетшi болған. Қазақтың мұғалiмдер институтын бiтiрген. Қызылордалық Дүйсен Қожанов соғыс кезiнде Берлин радиосының қазақ бөлiмiнде хабарлаушы болып iстеген. Осы аттары аталған адамдардың бәрi Түркiстан ұлттық комитетiндегi оқиғалардан хабардар. Ондағы барлық жағдайларды жақсы бiлетiн. Мен осы айтқан әңгiмелерiмдi солардың өз аузынан естiдiм".

Бәлкiм Мұстафа Шоқайдың өлiмiне қатысты нағыз ақиқат осы шығар. Оның алдына қойған екi мақсаты болды. Бiрiншiсi, тұтқынға түскен күллi түркiлердi қалайда аман алып қалу. Екiншiсi, оларға Кеңес өкiметiнiң құйтырқы, алдамшы саясатын түсiндiрiп, көздерiн ашып, келешек Тәуелсiздiк үшiн күреске дайындау. Сондай-ақ, ол тұтқындарды Совет Армиясына қарсы оқ атуға айдап салған жоқ. Оларды жауынгер бауырларына қарсы қоймады. Тәуелсiздiкке жетудiң саяси жолдарын саналарына сiңiрiп баққаны кәмiл. Түбiнде түркiлердiң де өз алдарына егемен ел болатындарына сенiм артты.

"…Бiз Легиново қаласында және Польшадағы Түркiстан бөлiмшелерi тұрған басқа қалаларға да шығып, жиi-жиi концерт берiп жүрдiк.

…1943 жылы желтоқсан айында Түркiстан легионын Тулузадан сексен шақырым, Францияның оңтүстiгiндегi Альби деген кiшiрек қалаға көшiрдi. Түркiстан легионының штабы да сонда орналасты".

Алғашқыда азиаттарды жабайылардай көрiп, шошына қараған француздар, кейiннен үйренiсiп кеттi. Әсiресе, Айткештiң скрипкада ойнаған Верди, Бизе, Брамс шығармаларын құмарта тыңдайтын болды. Тiптен "Цыган әндерiн" қайта-қайта тартқызады екен. Сөйтiп жүрiп Айткеш ерлiк iске де барған.

"…Досай Қадiров қырғыздың тумасы музыкант болды. Екеуiмiз бiр кiшкентай кафеге жиi барып жүрдiк. Себебi онда Елена Бертран деген қыз жұмыс iстедi. Соған ұқсастырып кафенiң атын "Лена кафе" деп өзiмiз қойып алдық.

…Бiрде күтпеген оқиғаның iшiнде болуға тура келдi. Түнгi бiр отырыста "Лена кафе" орналасқан үйдi немiстер қоршап алды. Қатты қорыққан қыз: «Бұлар менiң ағамды iздеп жүр, ұстаса өлтiредi» деп жылап жiбердi. Не iстеу керек? Қалай да құтқарудың бiр амалын табуды ойладым. Мен тез шешiмге келiп, оның ағасының қайда жатқанын бiлiп алдым да бөгелместен екiншi қабатқа көтерiлiп, тез киiнiп, өз киiмiмдi жас жiгiтке кигiзiп, төсекке оның орнына жата қалдым. Менiң жолдастарым оны қатты мас болған легионерлердiң бiреуi дегiзiп, алып шығып кеткен. Немiстер таба алмай қалды. Бiрер сағаттан кейiн менiң киiмiмдi әкеп бердi. Мен ештеңе бiлмеген адам болып лагерьге келдiм. Осы оқиғадан кейiн француздарға сенiмiм артты".

Одақтастар Нормандия жерiне әскерлерiн түсiрген. Шығыстан Қызыл Армия фашистердi ығыстырып келедi. Айткеш осы сәттi қалай да пайдаланып қалуды ойлап, Мұхаметқали Батыркерейұлы және басқа да сенiмдi деген жандармен кеңесiп, легионнан кету амалдарын қарастырған. Алайда ойлағандары жүзеге аспай қалды.

"…Бiрақ кешке жеткiзбей, таңертеңiнде Батыркерейұлы екеумiздi нәрселерiмiзбен күзет бөлiмiне алып келiп, Стауденс лагерiне жiберiлетiнiмiздi хабарлады. Оның өлiм лагерi екенiн бәрi бiлетiн. Бiзге бiреулердiң сатқындық жасағанын сонда бiр-ақ түсiндiк.

Қарулы күзетпен бiздi Тулузға әкеттi. Мөлшерi тамыз айының ортасы болуы керек. Ағылшын мен американ ұшақтары үстi-үстiне бомбалап, артиллериядан үздiксiз оқ атып, көз аштырмай қойды. Бiр мезгiлде шабуыл басталып, айналамыз айқай-шуға толып, нағыз дүрбелең басталып кеттi. Жан-жаққа бытырай қашқан тобырдың iшiнде кiмнiң кiм екенiн бiлiп болмайды. Оның iшiнде американы қайсы, француз, немiсi қайсы, айыру қиын. Осы бiр үрейлi дүрбелеңдi пайдаланып, оққа ұшқан күзетшiнiң қойнындағы пакеттi алып, Мұхаметқали екеумiз жасырынып қалдық. Ол пакетте бiздi қашқын есебiнде атып тасталсын деген бұйрық болатын.

…Сөйтiп қашып жүргенде, тамақ iздеп табу үшiн бөлiнiп кетiп, жолығатын жерден кезiкпей, Мұхаметқалидi жоғалтып алдым. Өзiм француз партизандарының аз ғана тобына қосылдым. Олармен тез тiл табысып, керi шегiнген немiс бөлiмшелерiмен ұрысқа қатыстым".

"Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледi". Ал Айткеш тағы бiр төтелеп келген қатерден осылай аман қалды. Фашистермен күресiн жалғастырды.

"…Американдықтар бiздi жүк кемелерiне отырғызып, Неапаль жағалауына әкелiп түсiрдi. Бәрiмiздi сапқа тұрғызып, бiрiмiздiң артымыздан бiрiмiз бас-аяғы көрiнбейтiн тiзбекпен шұбап келемiз. Күн тынық, ай жарық. Бiрнеше үлкендi-кiшiлi ауылдардан өттiк. Ауыл көрiнiстерi сәндi. Италия жерi, атақты композитор Верди, Паганини, Вивальди, Карузолардың туған елiнде келе жатқанымды түсiндiм. Олардың музыкалары көкiрегiмде сайрап тұр.

Бiздi сол бетiмен ешқайда соқтырмастан, басқа бiр кемеге жайғастырып, Италияның оңтүстiгiнде орналасқан Торонто қаласына апарды. Ол жерден Египет пен Иран арқылы Совет Одағына қайтармақ болды".

Айткештiң көптен күткенi осы күн едi. Бiрақ одақтастардың тосыннан келген бiр тапсырмасы қуанышын су сепкендей басты. Әне-мiне елге қарай аттанамыз деп жүргенде , күтпеген тапсырма жолдарын бөгедi.

"…Бiр күнi лагерь басшысы ағылшын әскери басшылығына аса маңызды тапсырма орындау үшiн Орта Азиядан шыққан бiрнеше совет азаматтары оның iшiнде қазақтар керек деп хабарлады. Мен скрипка тартып көзге жиi түсiп жүрген қазақ болғандықтан болар, бiрiншi шақырып артынан екi адамды iрiктеп алды. Ағылшынның сегiзiншi армиясы штабының майоры Оиандер бұл мәселенiң Советтiң арнаулы әскери бөлiмдерiмен келiсiлгенiн түсiндiрiп, бiздi штабқа ертiп келдi.

Бiздiң үшеуiмiздi Италия солтүстiгiндегi Түркiстан легионының 162-шi дивизиясы орналасқан майдан шебiне өткiзбекшi болды. Берген тапсырмасы ондағы түркiстандықтармен байланыс жасап, одақтастар жаққа шығуға көндiру. Тапсырманың өте күрделi және аса қауiптi екенiн офицер бiзге қатты ескерттi. Егер немiстер сезiп қойса, қару жұмсауға тура келетiнiн, берiлуге болмайтынын, тапсырмадан бас тартуға қақымыз жоқ екендiгiн жазбаша мәлiмдеп, қол қойдырды. Бiрнеше күн майдан шебiнен өтетiн жердi белгiлеп, 162-шi дивизияның қарамағына қалай келгенiмiздi сендiретiн дәлелдi сөздерiмiздi қайталап жаттадық. Бiрақ аяқ астынан тапсырманы өзгертiп, бiздi белгiсiз себептермен жiбермей қалды".

Бұл аса қауiптi тапсырма едi. Легионның iшiнде немiстердiң жансыздары жеткiлiктi болатын. Каюмханның айдап салуымен отандастарына қарсы оқ атқандары қаншама. Солардың бiрi оларды танып қалса, немесе астыртын үгiттеп жүргендерiн басшыларына жеткiзсе, тапсырманы орындаулары былай тұрсын, тiптен қайта оралуы екiталай-тұғын. Ағылшындар оларды Италиядағы Совет әскери орындарының қарамағына жiбердi.

"…Ерекше бөлiмнiң палковнигi Рюмин мен Яковлев менiмен ұзақ әңгiме өткiзiп, немiс лагерiне қалай түскенiмдi, Түркiстан легионына қалай барғанымды, босқындар лагерiне қалай келгенiмдi қалдырмай сұрап бiлдi. Еш нәрсе жасырмай, түгел басымнан кешiргенiмнiң бәрiн айттым. Менiң сөзiм оларға күдiк тудырмаған болу керек, ақыр аяғында Римде әскери миссияда қалдыруды ұйғарды".

Рим — әлемдiк музыка орталықтарының бiрi. Айткеш тағдыр айдап келген соң, өз шеберлiгiн жетiлдiре түсу үшiн әр сәтi түскен уақытты тиiмдi пайдалануға тырысқан.

"…1945 жылы мамырда соғыс аяқталды. Мен Римдегi Совет елшiлiгiнiң қарамағында көпшiлiкке қызмет көрсету саласындағы кезекшi вахтерлiк жұмысқа орналасқанмын. Бiр күн кезекшiлiгiмдi атқарамын, екi күн демалыс аламын. Жұмысым тыныш, өзiм ризамын.

…Кезекшiлiгiмнен бос уақыттарымда кинотеатрға барамын. Ди-Адриано оркестрiнде дайындық жасап, жаттығамын. Үлкен театрдың оркестрiнiң құрамында скрипкада ойнаудың бақытына ие болдым. Сонда жүрiп Италияның өнер шеберлернiнiң қайталанбайтын әуендерiн сахнадан көрiп, естiдiм. Өмiрдегi сарқылмас шабыт көзiнен нәр алғандай болдым. Опера атаулының құрметi мен болашағына көзiмдi жеткiздiм. Бұл менiң өмiрдегi қайталанбайтын және ұмытылмайтын күндерiм болатын".

Иә, ол Италия топырағын қайтып басқан жоқ. Қатал тағдыр қайта көруге, мұндағы өнер шеберлерiмен тағы бiр рет қауышуға жазбапты. Өмiрiнiң соңына дейiн сол күндердi еске алумен өттi.

Италиядағы Совет Одағының елшiлiгi Жеңiс құрметiне шетелдiктерге қонақасы бердi. Елшi Михаил Алексеевич Костелев Айткештiң жазуына қарағанда аса мәдениеттi, бiлiмдi, көпшiл жан екен. Қонақтардың әрқайсысының қасына келiп, көңiл-күйiн сұрап, Жеңiс мерекесiмен құттықтап, ыстық iлтипатын бiлдiрген.

"…Бiр кезде Михаил Алексеевич мен жаққа қарай келе жатқанын байқап қалдым. Бос рюмкасын ауыстырып алуға келе жатыр деп ұқтым. Жоқ, рюмкасы бос емес екен. М.А.Костелев аласа бойлы, қимылы ширақ, әйелi мен екеуi менiң жаныма келiп, күлiмсiрей қарап:

— Ұлы Жеңiс күнiмен құттықтаймын!, – дедi менiң қолыма рюмка ұстатып. – Сен жөнiнде көп естiдiм, Толғанбаев. Кел, сенiң денсаулығың үшiн iшейiк.

Күтпеген жерден қысылып қалдым. Мұндай жағдайда өзiмдi қалай ұстаудың ретiн бiлмей, әйтеуiр:

— Шын көңiлiңiз бен ниетiңiзге рахмет, жолдас елшi!- дедiм.

Ол кезде бұл кiсi менiң ең жоғарғы басшым және менiң денсаулығым үшiн тост көтерiп, тiлек бiлдiрушi ең бiрiншi адамым едi".

"Жылы сөз – жанға азық". Оның үстiне елшi жан дүниесiн түсiнiп, құрмет көрсетiп тұрса, Айткеш қалай қуанбасын. Күнi ертең Отаны да өзiн осылай түсiнiп, осылай бағалайтындай болып көрiнгенi кәмiл. Оның елге деген сағынышы күннен-күнге үдей түстi.

«…Бiрақ Италия жерi, оның халқы, табиғаты, қалалары қаншама тамаша болғанымен, өзiмнiң қазағымның жерiне, даласына, жусанының иiсiне жетпейдi. Туыстарым мен достарымның бет-жүзi түсiмнен шықпайды. Апыр-ау, өстiп түсiмде ғана көрiп жүремiн бе?»

Шыдамның да шегi бар. Айткештiң жат елде бұдан әрi жүре беруге шыдамы жетпедi. Қалайда елге қайту керек болды.

"…Бұрын Торонто қаласында жүргенде Париж радиосынан, Совет генералы Голиковтың сөзiн тыңдаған болатынмын. Ол И.В.Сталиннiң жарлығын жеткiзген. Мен оның сөзiн әлi ұмытқан жоқпын.

– Соғыс өлiмсiз, шығынсыз болмайды. Жау қолында тұтқында қалғандар болған жағдайға кiнәлi емес. Отандастарымыздың алаңсыз елге қайтуына болады. Оларды Отаны, аналары, әйелдерi, аға-қарындастары, ұлдары мен қыздары күтiп отыр. Қайтыңдар!".

Адал жандар табиғатынан аңғал келедi. Айткеш те Сталиннiң сөзiне кәмiл сендi. Алдайды деп мүлдем ойлаған жоқ. Оның үстiне Отанға, туған жерге деген ынтызар сағынышы ойлануға да мұрша бермедi. Бар арманы елге жетiп, шәкiрт тәрбиелеу.

"…И.В.Сталин мен үшiн ұлы адам, қамқор әке, халқымыздың көсемi саналатын. Оған қалай табынбасқа? Майданда да, тұтқында жүргенде де оны бiздiң жарылқаушымыз, құтқарушымыз деп бiлдiк. Оның айтқандарына Құдайдай сендiк. Ол шақырып жатқанда неге қайтпасқа? Генерал Голиковтың сөзiнен кейiн көңiлiм босап, көзiме жас алғанмын. Бiздi Отанымыз ұмытқан жоқ, қарғыс айтып терiс қарамайды.

…Елшiге өтiнiш жаздым. Ол көпке дейiн жауап бермедi. Бiзге ақылын айтып, асықпа, әлi де болса жақсылап ойлан дедi. Оның неге босатқысы келмегенiн ұқпаймын, өз айтқанымнан да қайтпаймын.

— Бұдан әрi жүрмеймiн. Отаныма қайтарыңыз.

…Ал, қылмыскер кiм? Ол қолына қару алып, Қызыл Армияға және отандастарға қарсы соғысқандар. СС әскерлерiмен немiстердiң жазалау отрядтарының құрамында болып, ауыл мен қалаларды өртеп, қарттар мен балаларды өлтiргендер. Ондай адамдар аз болған жоқ. Олар қылмыстарын лагерьде жүргенде бастады. Совет Одағына қарсы шпиондық әрекеттер ұйымдастырды. Бiреулерi тыңшы, хабарлаушы болды. Мен бұлардың бiрде-бiреуiне қосылғаным жоқ, ешқайсысына жатпаймын. Өзiмдi Отанымның, халқымның алдында ешқандай күнәм жоқ, арым таза адаммын деп бiлемiн.

…Сонымен, үйiме қайттым! Қош бол, Еуропа! Ендi қайтып сенi көремiн бе, көрмеймiн бе?"

Отаным деп өлiп-өшiп жеткен Айткештi мұндағылар ол күткендей құшақ жайып қарсы алмады. "Отанын сатқан жан", "Халық жауы" деген айыппен НКВД-ның түрмесiне жапты. Фашистерден көрген азабы аз болғандай тергеушiлер жан шыдамас шара қолданып, айыбын мойынына қиып салды. Сот 25 жылға бас бостандығынан айырып, қиырдағы мәңгiлiк қыс мекенi Колымаға этаппен айдатты. Онда көрмеген қорлығы жоқ. Бұл өз алдына бөлек әңгiме. Сәтi түссе жалғастырармыз.

P.S. Мен Айткеш Толғанбаевты көргенiм жоқ. Алайда онымен тағдыры бiр, Түркiстан легионында, Колымада бiрге болған Зекен Темiрғалиев ақсақалдан ол жайында көп естiдiм. Сол естiгендерiмдi журналистiк жадағай тiлмен қысқа жазуыма да болар едi. Байқасам оның оқырманға айтарлықтай әсерi болмайды екен. Сондықтан да Айткештiң трагедияға толы тағдырын, бар шындығын, жан дүниесiн оқырманға жеткiзу үшiн аз ғана тиражбен шыққан шағын көлемдегi кiтабынан үзiндiлер алып беруiме тура келдi. Мұны оқырман қауым жақсы түсiнер деп бiлемiн.

Көлбай Адырбекұлы