«ҚҰДIРЕТТI» БАСҚАРАТЫН ҚАРИЯ

«ҚҰДIРЕТТI» БАСҚАРАТЫН ҚАРИЯ

«ҚҰДIРЕТТI» БАСҚАРАТЫН ҚАРИЯ
ашық дереккөзі

Үстiмiздегi жылдың маусым айының аптал ыстығында Жаңақорған ауданы, «Қыркеңсе» елдi мекенiне барып қайтуға ниет қылдым. Сырдария өзенiне салынған пантон көпiрiнен өтiсiмен-ақ көлiк қатынайтын үлкен жол салып жатқан құрылысшыларды кездестiрдiк. Айналаны көмкерген шаң-тозаңға қарамай ен даланы тiлiп өтiп, еңсерiп бара жатқан соңғы модельдегi кiлең жаңа техникалардың қарасы көп көрiндi. Өсiп-өнген ата қонысы, қалың тоғайдың тарылғанын сезiнген қырғауыл мен қара торғайлардың шаңқылдаған жанайқай дауыстары әр жерден естiлiп жатты. Ал, бұрынғы совхозаралық асфальт жолдар өгейсiген жетiм баладай ойдым-ойдым, шұқыр, тозығы жеткен. Иесiз қалғандығы көрiнiп тұр. Астымыздағы «Тоета» жеңiл көлiгiне де ауырлық түскенiн iштей сезiнiп келемiн.

Осылайша iште тынған сұрықсыз сұңғыла ойдың жетегiнде келе жатып, әдейiлеп ат басын бұрған «Қыркеңсе» елдi мекенiне де келiп жеттiк. Арнайы iздеп келген есiмi елге танымал, халық құрметiне бөлiнген қадiрлi ағамыз Нәжiм Мақұлбекұлына көп кiдiрмей-ақ жолықтық. Жасы жетпiстiң орта белiнен асса да әлi мығым, өзiн ширақ ұстайтын Нәжiм Мақұлбекұлының жайдарлы мiнезi бiр көргенде-ақ ұнады. Ауылдағы келiндерi «кәрiс қайнаға» деп ат қойып, айдар таққалы қай заман. Олай деуге ағамыздың кәрiс тiлiн бiр кiсiдей жетiк бiлетiнi себеп болған сияқты.

Ғұмырының жарты уақытын фельдшер-дәрiгер болып өткiзген ағамыз бүгiнде «Құдiрет» жеке шаруа қожалығының төрағасы. Фельдшер-дәрiгер, осы салада үзбей 41 жыл абыроймен еңбек Құдай қосқан қосағы Үмбетова Роза 11 құрсақ тәрбиелеген «Батыр ана».

«Мен 1931 жылы Сыр өңiрiнiң Төменарық қыстағында жарық дүние есiгiн ашыппын. Сол жердегi жетi жылдық мектептi бiтiргеннен кейiн, Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге түсiп, 1948 жылы толық курсын бiтiрiп шықтым. Содан, өзiм туып өскен Жаңақорған ауданындағы «Бiрлiк» қой совхозына медпункт меңгерушiсi болып жұмыс iстеп жүрiп, 1952 жылы Совет Армиясы қатарына алындым. Өз еркiммен емес, заңды бұрмалап, зорлап жiбердi. Соның алдында ғана артымнан ерген Жәдiгер деген жалғыз iнiм жетi жасында суға кетiп, қайтыс болған. Алпысты алқымдаған анам үйде бiр өзi аңырап жалғыз қалды. Алғашқы бiр жарым жылын Қиыр Шығыста, сосын Украина жерiндегi Чернигов деген қалада батальон санитары қызметiн аброймен атқардым. «Армия қатарында қал» деген ұсыныстар да айтылды. Бiрақ, менiң тiлеуiмдi тiлеп, «Қашан келедi, қарғашым» деп екi көзi төрт болып отырған аяулы анама баруға асықтым. Сонымен 1955 жылы желтоқсан айында елге оралып, қайтадан сол баяғы мамандығым бойынша қыста қыстауда, жазда жайлауда жатып жұмыс iстедiм. Ол кезде мiнiс көлiк жоқ. 20-30 шақырым жердегi малшылар ауылына атпен ғана баратынбыз. Сөйтiп жүрiп, Роза жеңгелерiңе тағдыр қосып, шаңырақ көтерiп, үйлi-баранды болдық. Көп ұзамай қызмет бабымен бұрынғы «Задарья» күрiш совхозына қоныс аудардық. Құдайға шүкiр, жаманшылық көргенiм жоқ, керiсiнше абыройым асқақтап, еңбегiм жанды. Уақыт жеткен соң жұртпен қатар еңбек демалысына шықтым. Шынын айтсам, жасым егде тартқанымен ел тiрлiгiнен қол үзгiм келмедi. Күрiш егiп, бағымды сынауға бел будым. Мұндай шешiмге келуiме түрткi болған, кезiнде осы совхоздың аяғынан тiк тұруына, экономикасының өсiп-өркендеуiне сүбелi үлес қосқан директор Нұртазаевтың берген ақыл-кеңесi де себеп болды-ау деймiн. Ол кiсi «Қаракеңсе» бөлiмшесiнiң негiзiн қалап, сол елдiмекендi ұйымдастырушы болған. Ол кiсi қайтыс болғаннан кейiн ауылдың атын «Әбдiғапар ауылы» деп атады. Мен өз ұйғарымымда қателеспеппiн. Алғашқы жылы 10 га. жерге күрiш егiп, ерен еңбектiң арқасында әр гектарынан 65 центнерден өнiм алдым. Осылайша «кешегi дәрiгер, бүгiнгi озат күрiшшi» деген атым ауданға мәлiм болды. Сонымен келесi жылы менiмен бiрiгiп күрiш егуге тiлек бiлдiрген жастар көбейдi. Сөйтiп, жеке шаруа қожалығының бiлдей төрағасы болып шыға келдiм. Қазiр бiздiң қожалықта 80 гектар жер бар.

«Адамның айтқаны емес, Алланың айтқаны болады» деген сөздiң жаны бар. Отбасын құрып, шаңырақ көтергеннен кейiн, жұбайым Роза: «Атадан жалғызсың ғой, тегiң өшпесiн ұл туып берейiн», – деп жанын көп қинады. Алғашында қатарынан жетi қыз туды. Болмағасын соңғы қыздың атын ырымдап Тоқтасын қойдық. Анамның туыс-жекжаттары «Келiнiң әлi жас,құрсақ көтермей қойса қайтесiң!» деп ренiш бiлдiргендерi де болды. Алайда Тоқтасынның есiмiн қойған осында iссапармен келген iнiмiздiң ауызына құдай салды ма, келесi перзентiмiз ұл болды. Ұлан-асыр той жасадық, қуанышы қойнына сыймай жүрген анам: «Бұл да болса құдiреттiң бiзге тартқан сыйы шығар, атын Құдiреттiллә қояйық» деп тiлек айтты. Жеңгелерiң одан кейiн де балама iнi туып берем деген үмiтпен тағы үш құрсақ көтердi. Бәрi де қыз болды. Десек те, шаңырақтың иесi барына шүкiршiлiк еттiк. Құдайдан тiлеп алған ұлымыз үмiтiмiздi ақтады. Орта мектептi үздiк бiтiрдi. Әскер қатарында борышын өтеп қайтты. Жоғары бiлiмдi Әнипа деген қызға үйлендi. Келiнiм көп күттiрмей бiзге екi ұл бала сыйлады. Қуанышымызда шек болмады. Өмiр сүруге деген сенiмiмiз еселеп артты. Ел арасында, «Гүл тiкенмен бiрге өседi, қуанышпен қайғы бiрге жүредi» деген сөз бар ғой. Қуанышымыз ұзаққа бармады. Шаңырақты тiреп тұрған ұстын бәйтерегiмiз солғандай күй кештiк. Құдiреттiллә айықпас науқасқа шалдықты. Бармаған жерiмiз,қаратпаған дәрiгерiмiз қалмады. Сұм ажал дегенiн iстедi. 1997 жылы 24 жасында қыршынынан қиылды. Бақилық дүниеге кеттi. Ұлдары Мұқамедтiллә – 3 жаста, Бақбердiсi – 1 жаста асқар тауы әкесiнен айырылды. Артында қалған сүйiктi жары Әнипа құдай қосқан қосағынан күтпеген жерден көз жазып қалды. Құдiреттiллә оқыған мектебi 1998 жылдан берi волейболдан аудандық еске алу турнирiн өткiзiп келедi. Өйткенi, Құдыреттiллә оқып жүрген кезiнде спорттың осы түрiнен аудандық, облыстық жарыстарда жүлделi орынға ие болып, мектебiнiң атын асқақтатып жүретiн. Кейiн бiздiң жеке шаруа қожалығымыздың мүшелерi бiрауыздан қожалыққа «Құдiреттiң» атын беруге шешiм қабылдады. Мұқамедәлi баламыз 2006 жылғы Президент шырша тойына қатысып қайтты. Мұның бәрi бiзге үлкен сүйенiш болып отыр. «Орнында бар оңалар» деген үмiтпен өмiр кешiп жатырмыз»,–дейдi Нәжiм аға.

Осы сапарымызда Нәжiм ағамен көп сырласып, әңгiмелескен едiк. Бүгiнгi жастарға үлгi болар деген ниетпен, бiр үзiгiн оқырманға ұсынуды жөн көрдiм.

Қарим Жұмабайұлы