Жаңалықтар

АРҒЫ АЛТАЙ ӨР ҚАҢҒАЙ МЕН ОРХОН, БАЙКАЛ...

ашық дереккөзі

АРҒЫ АЛТАЙ ӨР ҚАҢҒАЙ МЕН ОРХОН, БАЙКАЛ...

Cоңы басы өткен сандарда

03.08.2007 ж.

Орман елiнiң iшiне де ендiк. Ұлан-Уде түн жамылып артта қалды, Орхон енденiп Селенгi атанды. Байкалды таулы орман қоршаған, жан-жақтан андағайлаған бұлақтар жамырап кеп құйылып жатыр. Толқынға 5-6 метр қалғанда суға су тiкелей қосылмай, тасқа сiңiп барып қосылады екен. Қалың қайың, қарағай, шiлiк ұйысып тұр.

Байкалдың Қолтығын – Колтучная деп атайды екен. Қолтықтан жоғарылап, екi тескен таудан өткеннен соң поезд жолы биiкке көтерiледi екен. Мiне, сол кездегi Байкалды көрсеңiз есiңiзден танасыз. Қарсы алдыңда — қос белбеулi бұлтты белiне белдiк етiп орап алған қос қатпарлы тау. Төменде — айдыны жарқыраған тұнық Байкал. Жиегi аспанмен сiңiсiп кеткен. Ал, оң-солың орман, орман және орман… Тауды иықтап барып өзендi бойлап құлдилады. Әр қолтықта – үй. Омарта, саябақ, деревня, демалыс орны, қарағай кесушiлер. Бұндағыларға Мәскеудiң керегi де жоқ сияқты. Орман жамылған үйлер…

Таза ауадан тұншығып өлуге болады.

Содан төмендеп түс ауа жазыққа түстiк. Орман, үй және картоп егiлген алаң. Мал, шабылған шөп дегендер көрiнбейдi.

Батысқа қарай батқан күндi қуып келемiз. Иркутскiнi ұйықтап өткiзiппiз. Евтушенко туған Зима станциясынан өттiк. Ендi түнделетiп бiр вагонда Әмина және бiр голланд үшеумiз ғана. Ағылшындар Иркутскiде түсiп қалыпты

04.08.2007 ж.

Таңертең Красноярскiден өттiк. Қызыл жар десе – қызыл жар екен. Ойлы, қыратты жерге орналасыпты. Мұнда қуатты өнеркәсiп пен темiржол торабы өктем екенi көзге басылады. Әр қыраттың қойнауында шоғыр-шоғыр үйлер. Қыста қара түтiн буып тұратыны байқалады. Таңертеңгiлiк болған соң ба жүргiншi аз… Жер жазық тартты. Орман аралас жазық. Шөп ұйысып бiткен, мал көрiнбейдi. Аздаған шөмеле кездеседi. Бiрдi-екiлi сиыр ұстайтын болса керек.

Ауа сыз, жер дымқыл… Бiз орманды көрмей жүрiппiз. Әуелiде орманды жердiң жұмағындай көрiп едiк, ендi жалыға бастадық. Тiптi жүйкеге тигендей. Шағын алаңқай кездессе қуанып, жазыққа көз қиығы түскенде көңiл көкжиегi де кеңейiп сала бередi.

Жол бойында және қала маңында салтанатты үйлер жоқ. Сол орыстың хуторындағыдай үйлер. Қуыршақтай саяжайлар. Адамдар жайлы айтудың ретi жоқ. Вокзалдарда екi-екiден қол ұстасқан қыздар. Олардың көзi келгендерде. Дәметiп өмiр сүретiн сияқты. Топты ұлдар, саяқ жiгiттер. Олардың аңдығаны саяқ шыққандар сияқты. Жазыққа түскенде қарағайдан қайың, терек басым.

Бұлт. Жұқа, ашық бұлттың арасынан жұмсақ күн сәулесi түсiп тұр.

Маринск. Тоқтадық. Кәдiмгi Аякөз сияқты қала.

Кузбасс. Менi таңқалдырғаны ойға орналасқан қаланың ортасында арасы үш-төрт шақырымдай қос биiк шоқының орналасқандығы. Оған қарап, Барабы татарлары – Қосбас, Құзбас деп, орыстар – Кузбасс деп атап кеткен бе деген ой келедi. Шындығы солай! Бұл да болса жаңалық! Көмiрдiң иiсi мұрынды бiтейдi.

Орман. Орманды өртеп бiтiрмесең, жағып бiтiре алмайтының анық.

Кемерово – жолда қалды. Мұның Құзбас–Кузбасс сияқты Кемер деген сөзден шыққаны анық. Барлак – Барлаг – Барабы лагерi шығар.

Иня Восточная –Ине болуы мүмкiн.

Құлында – Құлынды, Новосибисркi – Құлынды поездi бар екен. Бiр кездегi ұлы көшпендiлердiң көктеуде бие құлындататын даласы. Ертiстiң солтүстiк бетi. Ендi аты қалып, затынан айырылған. Онда бие (қазақтың) құлындамайды. Қашырлы, Маралды, Қоянды даласы Құлындымен ұштасады.

Новосибирь – аса үлкен қала. Поезд үлкен үш даңғылын кесiп өтедi екен. Мәскеуге жақындаған сайын үйлер түзелiп, құрылыс басталып, жондана, ажарлана бастайды. Енесей өзенi қаланың ортасын жарып өтедi. Арнасы кең, жайылыңқы.

Барабы орманды даласы – кез-келген жазушы үшiн бiр көруге татымды да тартымды жазық. Берiсi жиырма сегiз — отыз екiншi жылдары қазақ паналаған жер. Арысы – Көшiмхан қолға түскен, Ермақтың қалдығы елiн шапқан жер. Одан әрi Қозы Көрпеш Баян сұлу аңызының шығу тегi, Барабы, Мың су (Минусинск) татарлары, хахастар жеке бiр үлкен тақырып. Хахастардың қымызын iшiп, қыздарымен сөйлесудiң сәтi қашан түсер десеңшi… Оларды Новосибирскiнiң вокзалынан көрдiм. Бiрақ жөн сұрауды әдепсiздiкке баладым.

Талай табиғат суретiн көрдiм. Бiрақ Барабы жазығындағыдай батыс пен шығыс көкжиектiң ортасын теп-тегiс етiп сызғандай дөңгелете көмкерген бұлтты және орманды даланы екi бiрдей кемпiрқосақ көмкергенiн көргенiм осы. Ғажап. Көшпелi тарих есiңе түскенде iшiң дыз ете қалып, шымырлайды. Қозы Көрпештiң аңсаған хахас пен тоба ұрпақтары (ол туралы дастан бар) әлi де бар мекен? Бес жүз-жетi жүз әскермен Байкалды басып өтiп, Амурға жеткен Хабаров осыншама жердi Ресейдiң картасына түсiрiп, иемдене салған. Соңынан тiмiскiленiп «миссионер әкейлер» жеттi. Жиырма бес-елу жылдың iшiнде шоқынып шыға келдi.

Қазақ тарихшылары бұл беттi – Барабы татарлары мен хахастың, тобаның арасындағы арғынды, қыпшақты, алшынды, керейiттi, уақты, шектiнi, қоңыратты, найманды, телелердi мүлдем ұмытты. Бұл халықтың этностарын зерттеу – хұндардан үйсiндердi ажыратып алудан әлдеқайда жеңiл. Әрi тарихшыларша айтқанда «диссертабельдi тақырып».

Орманды жазық. Құйқалы жер. Шағырмақ бұлтты аспан. Жанай өтiп бара жатқан Қазақстан жаққа қарай беремiн. Аспаны биiк, түсi жылы, бұлты сергек сияқты. Күндiз қазақ даласы үш жүз елу – бес жүз шақырымдай едi. Қазiр үш жүзден кемiп барады.

Ол жақта орман сирек, шым аз, шөп тамыры сұйық, су кiлкiп жердiң бетiне шығып жатқан жоқ…

Күндi қуып батысқа беттеп барамын. Қарғат станциясы. Дала – орманды кеудесiнен итерiп, кеңiп барады.

Сапар басында жүрiс барысы шұғыл болып күнделiктi толықтап жазудың оңтайы келмеп едi. Пойызда екi қонып, үшiншi күнi зерiккендей болған сәтте, өткен күндердi еске түсiрiп, толықтыра жаңғыртып қойғым келдi.

05.08.07 ж.

Бұл бiр қайырлы сапар болды. Ең қуаныштысы елмен, жермен, бала-шағамен аман көрiскенiмiз. 10 мың шақырымдай жол жүрiп, Орта Азияны адақтап өтiппiз. Екi мың жылдық тарихты санада шайқаппыз. Мұның қандай жемiс берерiн кiм бiлсiн. Омбыға түнгi сағат үште түстiк. 5 тамыз күнi Көкшетаулатып, Астанаға табанымыз тидi. Күнiкейiмдi құшақтап, иiскеп, ойнап бiр мауқым басылып қалды. Алда Алматы бар…

Тәмат-тәмам.