ХАЛЫҚТАН ЕШКIМ ҮЛКЕН ЕМЕС НЕМЕСЕ БIЗДIҢ БИЛIК ЕРДОҒАННАН ҮЛГI АЛА МА?

ХАЛЫҚТАН ЕШКIМ ҮЛКЕН ЕМЕС НЕМЕСЕ БIЗДIҢ БИЛIК ЕРДОҒАННАН ҮЛГI АЛА МА?

ХАЛЫҚТАН ЕШКIМ ҮЛКЕН ЕМЕС НЕМЕСЕ БIЗДIҢ БИЛIК ЕРДОҒАННАН ҮЛГI АЛА МА?
ашық дереккөзі

Атам қазақтың "әкiм бол, халқыңа жақын бол" деген нақыл сөзi шенеунiктер санасында көмескi тартып бара жатыр. Өкiнiшке қарай, әрине. Ал әлемдiк тәжiрибеде ел билеудiң әдiсi мен тәсiлiне қатысты үлгi етерлiк жайттар жетерлiк. Тек бiздiң билiк басындағыларда тыңдайтын құлақ, жүзеге асыратын ынта мен талап болса.

Түрiк топырағындағы саяси науқанда жеңiске жеткен Әдiлет және даму партиясының басшысы, Түркия премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоған партия тарапынан тағайындалған аймақ басшылары (аудан, ауыл әкiмдерi) алдында сөз сөйледi: "Үкiмет басшысы да, президент те қарапайым халықтың қолы жетпейтiн бiреу болмауы тиiс. Бiздiң iргемiз халықтан ажырамайды, халықпен арамызға кедергiлер қоя алмаймыз. Отырған жайлы орынтақтар, зәулiм ғимараттар мен көлiктерiмiзге тағылған қызыл жалаушалар – бiздi халықтан артық көрсететiн ерекшелiктер емес. Оған жол бере алмаймыз, жол бермеуiмiз керек" ("Hic kimse erisilmez olmasln", "Акsам" газетi, 7.08.2007). Әкiмдер алдында осылайша ағынан жарылған премьер өзiнiң шенi үлкен шенеунiк болса да, қарабайыр тiрлiк кешетiн көршiлерiмен қоян-қолтық араласуға арланбайтынын айтады. Күнi кеше ғана "манты жеп кетсiн" деп баласын үйiне жүгiртiп жiберген бiр көршiсiнiң шаңырағынан дәм татқанын мысал етедi. Лауазымын бұлдап, "төмендегiлерге" шекесiнен қарайтын шенеунiктерге шүйлiгедi. Оларды қатаң сынға алады. Түркиядағы барлық әкiм-қара, министр бiткендi өздерiне сенiм артқан азаматтармен бiр деңгейде болуға шақырады. Бұл бәлкiм бiреулерге ерсi, ендi бiреулерге "ертегi" секiлдi көрiнер. Бiрақ түрiк премьердiң көпқабатты үйлердiң бiрiндегi төрт бөлмелi пәтерде тұратынын, оның адамгершiлiк құндылықтарды шен мен шекпеннен жоғары бағалайтынын бiлетiндер бұған таңданбаса керек. Ердоғанның халық пен шенеунiктердiң терезесi тең болуы тиiс деген сөзi қазақ елiндегi жамбасы жылы орынға тиiсiмен-ақ өздерiн халықтың құлындай емес, патшаның ұлындай сезiнетiн әкiм-қара, шендi-шекпендiлерге үлгi болса қанеки! Қазiр қарапайым азаматтарға министрлер тұрмақ, тiптi, облыс, аудан әкiмдерiнiң есiгiнен сығалаудың өзi мұң. Олардың көпшiлiгiнiң әкiмшiлiкке тиесiлi ғимараттарға қойған күзетi әлемге әйгiлi Қытай қорғанынан кем емес. Елмен тонның iшкi бауындай араласатындары мен кездесуге уақыт табатындары тым сирек. (Әрине, кейiнгi кездерi "науқанға" айналған әкiмдердiң жыл сайынғы есеп беру жиынын айтпағанда). Ел аралап, сайлаушыларының мұң-мұқтажын тыңдағаннан гөрi Сенат пен Мәжiлiсте маужырап отырғанды ұнататын кейбiр халық қалаулылары да "сен тимесең, мен тимен бадырақ көздiк" саясатты ұстануға бейiм. Өкiнiшке қарай, билiгi мен халқының арасында көпiр емес, терең құз жатқан қайран қазақ қоғамы өздерi сайлап алған әкiмдерiнен де, депутаты мен Үкiметiнен де халыққа қалтқысыз қызмет жасауды талап етуге қауқарсыз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ