Жаңалықтар

«ӨЛДI ДЕУГЕ БОЛА МА АЙТЫҢДАРШЫ?..»

ашық дереккөзі

«ӨЛДI ДЕУГЕ БОЛА МА АЙТЫҢДАРШЫ?..»

Өткен сейсенбi күнi ақын Ғали Ормановтың 100 жылдық мерейтойы Талдықорғанда аталып өттi

Ғали Ормановтың артында сөз қалды. Анығы өлеңi мен жырлары. Ол бiр өлеңiнде:

«Ұқсас ақын емеспiн ешкiмге мен,

Сырым осы сақтаған iшiмде кең.

Ұқсасам тек ұқсармын Сахарама,

Өстiм сонда ұдайы естiп өлең…

Айта берем сырымды әркiмге мен,

Аз сөйлейдi, көп меңзеп сабырлы өлең.

Түбiнде тек тұтқиыл өкiнбе өзiң,

Етпегенмен сөзiмдi қазiр елең», — деген.

Иә, ол ешкiмге ұқсамайтын ақын. Оған өлеңдерi дәлел. Өзiнше жырлайтын, өзгеше ақын. Оны тағдыры ақын еттi. Абайдан оқып-үйренiп, Жамбылдан тәлiм алды. Оның әр жылдарда жарық көрген: «Шеңбер», «Сәт сапар», «Ой қанаты», «От өзен», «Жер қызығы», «Жан қанаты» атты жыр-жинақтары сырға толы. Оқырмандардың жан-дүниесiн өзiнше баурап алады.

Ол туралы қаламдастары не дейдi?

«Ғали – жақсы жыр жазуды өмiр бойы армандап өткен және сол арманына жетiп кеткен ақын». — Ғабит Мүсiрепов.

«Ғали ақынның тағы бiр ерекшелiгi ол айтайын дегенiн құлағына емес, жүрегiне айтатын едi. Сөзбен емес, бейнелеу-суреттеумен айтатын». — Ғабит Мүсiрепов.

«Ғали – Абайдан көп үйренген ақындарымыздың бiрi. Бәрiмiз де Абайдың шәкiртiмiз, әрине. Ал, Ғали ақын — ұлы Абайдың ең озық шәкiртi секiлдi». — Тұманбай Молдағалиев.

«Ғали лирикасынан мен әрдайым биiк парасатты аңғаратынмын». — Сәкен Иманасов.

Ақынның басқа тiлдерден аударғандары да өз алдына бiр бөлек дүниелер. А.Пушкиннiң, М.Лермонтовтың, В.Маяковскийдiң, Мақтымқұлының, Мырза Тұрсынзаданың, А.Тоқомбаевтың өлеңдерi мен поэмаларын Абайша, қазақ ұғымында, қазақ болмысында жырлатқан. Бұл аудармашының тапқырлығын, шеберлiгiн көрсеттi.

Ғали Орманов проза саласында да қомақты шығармалар жазған. Қалың оқырман бұл еңбектерiн де жылы қабылдады. Ал Л.Толстойдың «Анна Каренина» романы, Ги де Мопасанның әңгiмелерi, Н.Гогольдiң повестерi, М.Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгiмесi, М.Бубеновтың «Ақ қайың» романдары Ғали Ормановтың аудармасымен қазақ оқырмандарына таныстырылды.

Жуырда Талдықорған қаласында Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, ақын Ғали Ормановтың 100 жылдығына арналған «Ақын-ғұмыр» атты ғылыми-танымдық конференция болды. Конференцияны Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Серiк Мұқпыров ашып, құттықтау сөз облыс әкiмi Серiк Үмбетовке берiлдi.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ақын Ғали Ормановтың қазақ әдебиетiндегi орны туралы терең мазмұнды ойларын ортаға салды.

Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтың «Ғали Ормановтың өмiрi мен шығармашылығы туралы» жасаған баяндамасы жұрттың көкейiнен шықты.

Сондай-ақ, I.Жансүгiров атындағы Жетiсу мемлекеттiк университетiнiң оқытушысы, профессор Т.Сыдықовтың «Ғали Орманов поэзиясы» деген тақырыптағы баяндамасын да залдағы көрермендер жылы қабылдады.

Белгiлi ақындар – Мыңбай Рәш, Қажытай Iлиясов, Рафаэл Ниязбековтiң естелiктерi мен арнау өлеңдерiне қалың қауым дүркiн-дүркiн қол соқты.

Көлбай Адырбекұлы