Жаңалықтар

«ҮЛКЕН ЖҰМЫРТҚА» КIМГЕ БҰЙЫРДЫ?

ашық дереккөзі

«ҮЛКЕН ЖҰМЫРТҚА» КIМГЕ БҰЙЫРДЫ?

Гольф ойыны – әуесқойлар үшiн таптырмас спорттың бiр түрi. Гольфтi ойнау оңай шаруа емес. Оның сан түрлi шешуi қиын жұмбағымен тiл табысуы да қиын. Гольф ойынын тамашалап жүрiп көз жеткiзген тағы бiр нәрсе, бұл ойынға кәрiстердiң көбiрек құмар артатындығы.

Биылғы жылы 10-рет өткiзiлiп отырған «Seimar Open» турнирiнде де әдеттегiдей кореялық азаматтар көбiрек ойынға қатысып бақ сынасты. Әуесқой гольф ойнаушы қазақстандықтар да аз емес. Жыл сайынғы дәстүрлi турнирге айналған «Seimar Open» биылғы жылы өздерiнiң 10 жылдық мерейтойын атап өттi. Аталмыш байқаудың дүниеге келуiне атсалысқан Марғұлан Сейсембаевтың пiкiрiне сүйенсек: «Бұл байқау бiр-екi жылдан кейiн тоқтап қалатын шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, есесiне жыл сайын бұл байқауға қатысамын деген талап-тiлектер көбейiп келедi. Осыған қарағанда, «Seimar Open»-нiң ғұмыры бұдан да ары жалғаса беретiн сыңайлы. Бiз әлi 15-20 жылдығын да тойлайтын боламыз» дейдi.

Айтса айтқандай, биылғы турнир жылдағыға қарағанда өзгешелеу өттi. 31-тамыз бен 1-қыркүйек күнi «Нұртау» гольф клубындағы бәсеке көрiгi қыза түстi. Мемлекет аралық сайыста–сайыскерлер топ-топ болып та, жеке дара да шапты. Соңында «Үлкен жұмыртқаны» елiмiздiң ең жас гольфистерiнiң бiрi – Лагай Андрей иемдендi.

Сонымен, топта дара шауып, жеңiс тұғырына көтерiлгендер:

1-орын – Александр Вангай (Қазақстан)

2-орын – Lee Keyoung Young (Корея)

3-орын – Im Kyoung Sae (Корея)

Ал, командалық есеп бойынша алғашқы орынды елiмiздiң азаматтары иемдендi. 2-орынға Кореяның құрамасы шықса, 3-орын Ресейлiк гольфистерге бұйырды.

Биылғы турнирдiң тағы бiр артықшылығы, журналистердiң де гольф ойынынан бақ сынауы болды. Олардың қатарында: «Sport & Kz» газетiнiң тiлшiсi Қуаныш Досқалиев, «Курсив» газетiнiң журналистi Дмитрий Бондин, «Central Asia Monitor» газетiнiң тiлшiсi Қайрат Такеш бар. Сондай-ақ, мерейтой барысында турнирге ақпараттық демеушi болғандарға да, тұрақты демеушiлерiне де сый-сияпаттар берiлiп жатты.

Гүлзина Бектасова