Жаңалықтар

31 ТЕЛЕАРНА БАС БИЛIГIНЕН АЙЫРЫЛДЫ

ашық дереккөзі

31 ТЕЛЕАРНА БАС БИЛIГIНЕН АЙЫРЫЛДЫ

Қазақ ақпарат кеңiстiгi кiмге қолжаулық?

Өткен аптада "Республикалық 31 телеарна сатылды" деген хабар дүңк ете қалды. Ендi-ендi қаз-қаз аяғына тұра бастаған қазақ ақпарат кеңiстiгi үшiн бұл оншалықты жағымды жаңалық емес. Шынын айту керек, құлағымызға түрпiдей тигенi рас. Қазақстан Республикасының "БАҚ туралы" Заңына сәйкес, шетелдiк компания республикалық БАҚ акциясының 20 пайызына ғана иелiк ете алады. Бiрақ, мемлекеттiк тiл туралы норманың өзiн бұрмалап, "50 де 50" шеңберiне сыйыстырып қойған қазақ ақпарат кеңiстiгi үшiн 20 пайыз дегенiңiз әжептәуiр күш.

Әңгiменiң анығына келсек, ресейлiк сауықтық "СТС" телекомпаниясы "31" телеарна акциясының 20 пайызын 65 млн. долларға сатып алды. Әуелгi кезде келiсiм құны 150 млн. доллар деген мәлiмет таратылған болатын. Қол алысқан бағаның бұл ақшадан екi еседей аз екенiне қарағанда, Арманжан Байтасов ресейлiк әрiптестердiң тегеурiнiнен бiраз ыққан сияқты. Бiздiңше, Байтасовтың жүнi жығылатын, ығысатын кезi әлi алда.

Бiрiншiден, ресейлiк бұқаралық ақпарат құралдары бiздiң БАҚ-тарға қарағанда қаржылық, техникалық, интеллектуалдық, шығармашылық тұрғыдан әлдеқайда көш iлгерi екенi аян. Оған дәлел-дәйек iздеп қажетi жоқ. Ендеше, "кеме келсе, қайық судан шығады" демекшi, телесаясат жасауда қазақстандық телеарнаның ресейлiк алпауыттың ығына жығылмасына кiм кепiлдiк бере алады?

Екiншiден, "СТС" телеарнаның саясатын өзгертiп қана қоймай, аймақтарға хабар тарату аясын кеңейтуге күш салады. "СТС Медианың" Қазақстан ақпарат рыногына жан-жақты дайындықпен, әбден пiсiп-жетiлген жоспармен келгенi байқалады. Яғни, оның iшкi есебi, көздеген межесi бар деген сөз. "СТС"-тiң 20 пайызы "31" телеарнадағы экономикалық мүдденiң 60 пайызына қожалық етуге мүмкiндiк бередi. Бiрақ iшкi есеп тек коммерциялық пайда табу болмаса керек.

Оған бiр дәлел, "СТС" Өзбекстанның "Терра груп" тәуелсiз холдингiмен бiрлесiп, жаңа телеарна ашпақ. 2008 жылдан бастап хабар тарата бастайтын телеарнадағы "СТС"-тiң үлесi — 51 пайыз.

"СТС"-тiң өзi Ресейдегi медиарыноктың 9 пайызына ие. Жақын арада 9-дан 11 пайызға өсудi көздеген жайы бар. Аталмыш телеарна да осы маусымда аудиториясын өзгертiп, жаңа хабарлар шығаруды жоспарлаған. Оның аудиториясы негiзiнен 20-35 жас аралығындағы әйелдер.

Бұл жерде "Видео Интернешнл" тобының мүддесi бар екенi тайға таңба басқандай анық байқалады. "СТС"-тiң Орталық Азияға "терезе ашуына" осы топ итермелеген деген жорамал бар. Өйткенi, тоқсаныншы жылдардың соңында аталмыш топтың Қазақстанда жұмыс iстей алмай кеткен есесi бар. Бұл топ Грузия, Украина, Молдовия, Әзiрбайжан мен Белоруссияда жұмыс iстеп жатыр.

Қыркүйек — телеарналарда жаңа маусым басталатын ай. Әрбiр телеарна жарнама берушi мен көрермен ықыласын жаулау үшiн осы маусымда әлдебiр жаңалық, тосын хабар көрсетiп қалуға тырысады. Осы орайда, "СТС"-тiң "31" арнамен келiсiм-шарт жасасуы осы айға тұспа-тұс келуi де тегiн емес. "СТС Медианың" басқа емес тап "31"-дi сатып алуындағы "гәп" — оның тәуелсiз болуында деген пiкiр бар.

Әдетте, осындай "сату-сатып алу" кезiнде "тауардың" шын қожайыны кiм екенi белгiлi болып қалады. Бiр қызығы, "31"-дiң қожайыны кiм екенi осы жолы да анықталмаған күйi қалды. Ресейлiк әрiптестер оның әйтеуiр мемлекеттiк холдингке кiретiн компаниялар қатарынан көрiнбейтiнiн мiсе тұтқан жайы бар.

"31" телеарнаның 15 жылдық тарихы бар. Телеарна құрамына 11 аймақтық компаниялар мен филиалдар, 60-тан астам станциялар кiредi. Аталмыш телеарнаның қазақстандық медиарыноктағы үлесi соңғы айларда 9,7 пайызға жетiптi. "СТС Медианың" "қуаты" — "СТС", "Домашний" телеарналары мен 560 телестанция.

Арманжан Байтасовтың "СТС" өндiрiс пен басқаруда өз технологияларын әкеледi, сондай-ақ бiздiң кадрларды оқытуға көмектеседi" деп мәлiмдеме жасауы — өз телеарнасының ресейлiк әрiптеспен салыстырғанда әлдеқайда әлсiз екендiгiн мойындау ғой?

Жалпы, ресейлiк медиарынокта бiр өзгерiс бар. "ТНТ", "ТВ3", "РЕН ТВ" телеарналары аудиторияларын кеңейтетiнiн мәлiмдедi. Бұған қоса, мемлекеттiк балалар мен жасөспiрiмдерге арналған жаңа "Бибигон" атты телеарна ашылды.

"СТС"-тiң Қазақстан мен Өзбекстанға келуi — бәсекелестерiнiң алдын ораудың талпынысы болуы да ғажап емес.

"СТС" президентi Александр Роднянский: "Қазақ әрiптестермен тiзе қоса отырып, ұлттық қазақ телеарнасының ең жақсы қырларын сақтай отырып Қазақстанда жаңа сапалы сауықтық телеарна жасауға ұмтыламыз" дедi. Лайым солай болғай. Бiрақ "31" қазiргi күйiнде де "ұлттық телеарнаның" имиджiне сай дей алмаймыз. "Мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың жиынтық саны басқа тiлдегi хабарлардың жиынтық санынан кем болмасын" деген талапты орындап отырған жоқ. Ал жергiлiктi телекомпанияның өзi мұрын шүйiрiп отырған заңның орындалуына шетелдiк қожайын мүдделi бола ма? Қайдам…

Ал сол "СТС Медианың" өзi Ресей үшiн — шетелдiк инвестор. Қожайыны — америкалық кәсiпкер Питер Герви. 1989 жылы құрылған компания алғашқы кезде аймақтық станция ретiнде хабар таратса, 1996 жылы "СТС" ұлттық телеарнасын ашқан. 2005 жылы осы компанияның иелiгiндегi "Домашний" телеарнасы iске қосылды. "СТС Медианың" бүгiнгi iрi акционерлерi — шведтiк Modern Times Group және "Альфа-Групп" консорциумы.

Ресейлiк медиа-алпауыттардың қазақ ақпарат кеңiстiгiне көз тiгуi бүгiн белгiлi болған жайт емес. Бұл жөнiнде "Түркiстан" газетi кезiнде дабыл қағып жазған болатын. 2003 жылы ресейлiк "НТВ" телекомпаниясы қазақ ақпарат кеңiстiгiнде өз телеарнасын ашпақ болды. Бiрақ сол кездегi Парламент депутаттары Амангелдi Айталы, Ерасыл Әбiлқасымовтардың арқасында бұл жоба жүзеге аспай қалды. Сол кездiң өзiнде депутат Ерасыл Әбiлқасымов "НТВ" сияқты iрi телекомпанияның Қазақстанға келуi жергiлiктi телекомпаниялардың дамуына тежеуiш болады" деп мәлiмдеме жасаған болатын.

Араға төрт жыл салып, ресейлiк компаниялар дiттеген жерiне жеттi. Олар үшiн "сүйiншi сұрарлық" хабар болса да, бiз үшiн "алақайлайтын" жағдай емес. Ақпарат саласы — идеология құралы. Төрiңде кiмнiң әнi шырқалып, кiмнiң үнi басымырақ естiлсе, соның аты озып, күнi шығып тұр деген сөз. Бұрын да "орысшыл" "31", ендi қазақ менталитетiн мүсiркер деймiсiз?

Қазақстандағы iрi дейтiн телекомпаниялардың жағдайында қазiр мейлi орыс, мейлi ағылшын, мейлi америкалық инвестор келiп, 20 пайыздық акцияға иелiк ететiн болса, ол сол телекомпанияға толықтай билiк етедi. Өйткенi, бiздiң телеарналардың қаржылық-техникалық тұрғыда олармен күш сынасар халi жоқ. Яғни, "31" сатылды" деген сөздiң жаны бар.

Гүлбиғаш Омарова