ӨР АЛТАЙДЫҢ АСҚАРЫ

ӨР АЛТАЙДЫҢ АСҚАРЫ

ӨР АЛТАЙДЫҢ АСҚАРЫ
ашық дереккөзі

Асқар – биiктiк. Әр биiктiң өз сипаты бар. Тым асқақ тау алыстан ғана жақсы көрiнедi. «Асқар таудың биiгiн көр де, басына барма, асқақтаған ұлықтың атағын бiл де, қасына барма», – дейдi. Аса биiктiң басына шықсаң – басың айналады, бұлты басады, құзына құлайсың, үсiгi ұрады. Асқақтаған ұлықтың қасына барсаң – қабағын түйедi, қаһары тиедi, қиянатын көресiң, көңiлiң қалады. Асқар туған Алтай ондай емес, жатаған, жайдақ, тiршiлiкке жайлы тау. Адам Атаның әубаста қайда түскенi Аллаға ғана аян. Ал, ұлы түркiнiң кiндiгi осы Алтайда кесiлiп, күлi осында төгiлгенi, туы осында тiгiлгенi хақ. Сол түркiнiң тал-шыбығы Асқардың табиғаты да Алтайындай әдемi едi. Бойынан ойы биiк, сөзi сынық, өзi сырбаз, ұлт руханиятының алтын көкiрек азаматы едi.

Өлең есiгiн Асқардың ерте қаққаны есiмiзде. Балғын ақынның балауса жырлары есейген сайын елеңдеткен. «Мөлдiр бұлақ», «Құс жолы», «Жүректегi жұлдыздар». Ұлт поэзиясын, әдебиетiн әлемдiк үлгiлермен кесiп-пiшкен сындар, монографиялар… Республикадан, тiптi Одақтан асып, жастар мен студенттердiң дүниежүзiлiк додасынан жырмен жүлде де алып келген. Бәрi есте…

Университеттiң соңғы курсындағы журналистiк машықтану тәжiрибесiн Асқар «Социалистiк Қазақстан» газетiнде өткiздi. Күнiне бiр науқан туып, көсемдер көл-көсiр сөз төгiп жататын кез. Жұмыстың ауыры баспаханада. Бала журналистi қаламның қара шаруасынан бастап баулитын әдет бар. Бiрде баспаханадағы кезекке Асқар екеумiз бiрге бара қалдық. Оқылған беттi салыстырсын, қателердi түсiрiп алсын деп, көмекшi «балаға» бердiм.

– Аға, мына бiреулердi Сiз көрсетпепсiз, мен жаңылыс жөндеп қойған жоқпын ба, қараңызшы?! – деп, екi беттi қатар жайды. «Бала» оқыған бет қызыл шимай.

– Асқаржан, төс қалтаңда «ақ тышқаның» бар ма, қалай? – дедiм, «ұялған тек тұрмас» дегендей.

– Ол не, аға?

– Жекен ағаңды (Жұмахановты) бiлесiң ғой, – дедiм. – Осы газетте шашы ағарған. Қаламның қара жорғасы атанған сол ағамыздың сүрiнетiн жерi – корректура оқу болыпты. «Шiркiн-ай, бетке жүгiртiп алатын «ақ тышқаным» болса ғой» деп армандайды екен, жарықтық. – Асқар жымиып қана күлдi.

Қалам харекетiнде үлкен-кiшiлiк жоқ. Сөз сезiмге өлшенiп берiлiп, әр нүкте өз орнында тұрса ғана шығарма шымыр, газет сауатты шығады. Ұқыптылық – дарындылық…

* * *

Жүсiп Баласағұнның «Құдатғу бiлiгiнiң» араб әрпiмен Пекинде басылған қазақша тәржiмесi 1989 жылы қолыма тидi. Асқардың аудармасы. Ұйғыршасымен салыстыра оқыдым. Аударма мейлiнше анық, жатық, көркем. Дүдамал сөз жоқ. Мәтiн ашылған. Метамофора, меңзеулерге қазақтың қанатты сөздерi, мақал-мәтелдерi дәл түсiрiлген. Сәл түйткiлiң болса, кiтап соңындағы сөздiкке қарай қоясың. Бiр Баласағұн үшiн араб-шығыс әлемiн түгел сүзiп шыққан ба дейсiң. Сөйтiп, «өзiмiздiң төл ғұламамыз» дейтiн Хас Хаджипты (Баласағұнды) бiздiң Асқар жұрт құлағына ұйғырлардан да бұрын жеткiзiптi. Мақтаныш қой!..

– Аға, маған арабша жазу машинасы керек болып жүр, – дедi бiрде. Ол бар едi. «Шалқар» газетi үшiн шарқ ұрып жүрiп жасатып алғанбыз. Бiрақ, Асқарға керегi араб әлiпбиiнiң төтесi де, жадиды да емес, қадiмi (көнесi) екен.

Бiрер жылдан соң Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат-иттүрiк» сөздiгiнiң үш томын тарту еттi. Еңбектiң егжей-тегжейiн алғысөзден әбден бiлiп аласың да «Түркi өркениетiнiң алтын қазынасына» енiп кете бересiң. Ғажап: әуелi сөздiң арабшасы түсiрiлiп, оны латын және кирилл жазуларымен транскрипциялап, сонсоң қазақша аудармасын берген. Машақат-ақ. Бiрақ, бiр сөздi төрт тұлғада оқып, тiл сындырып алған соң мағынасын мүлтiксiз ұғасың. Ғылыми аударманың академиялық үлгiсi.

Одан да ғажабы – қадiми хаткерлiктiң харакаларын (һамза, мад, дамма, сүкун, ташдид, артикул) 28 таңбаның асты-үстiне жаңылмай, жалықпай қолмен қойып шыққаны. Араб қадiмiн жазғанды қойып, дұрыс оқу үшiн екi жыл ежiктеп үйренуiң керек. Ал, дыбыстар дүниесi, үндер үйлесiмi, қирағат қағидалары туралы тажуит ғылымының түбiне жеттiк дегендердi естiген емен. Оның үстiне Ж.Баласағұн мен М.Қашқаридың тереңiне түсу үшiн араб-шығыс әдебиетi мен мәдениетiнен мол хабарың болуы керек. Асқар өздiгiнен iзденiп, мұны да меңгерген. Сонда оның тұла бойындағы таудай талапты, бiлiм мен бiлектi (еңбекшiлдiктi), таудан да зор тәуекелдi, бiр өзi тұтас бiр институттың шаруасын атқарып тастай салатын алымдылықты абыз Алтайының табиғатынан басқамен қалай өлшей аларсың?!

* * *

1997 жыл. Қоңыр күз. Өңiр де қоңыр, көңiл де қоңыр. Бар шаруаның шырқы бұзылып, нарық найқалып жатып қалған. Әлеуметтiк өмiрде сүрiнiс те, түңiлiс те бар. Туған жерiн жырмен болса да желпiп көрсiншi деп, Зайсан ауданы (әкiмi – Болат Садықов) жерлес ақын-жазушыларын ақылға шақырды. Бiр ауданнан он алты ақын-жазушы бар екен.

Жиналып жолға шықтық. Пойыз үстi опыр-топырмен өттi. Одан арғы көрiнiс көңiлдi көтере қоймады. Жердiң өңi өшкiн. Ауылдарда ажар жоқ. Қаражол ойқы-шойқы. Әне жерде, мiне жерде өрт… Құмарбек Сыдықов қалжың айтып күлдiргiсi келедi. Базарбек бүйiрден тиiп, әр нәрсенi бiлдiрiп қояды. Ақындар өлең оқымайды, ауызға ән оралмайды. Жүректi тек Тәуелсiздiк тiлегi ғана жұбатады. Жолсоқтылықтан ойсоқтылық қиын екен.

«Аудан күнi» деп аталған той басталды. Елдiң аты – ел. Той туын көтертетiн азаматтар бар екен. Қызық. Ағайындар қылқұйрықтан құрық ұстап қалмапты. Аламан бәйгеге бiр қыдыру ат қосылды. Көңiл шiркiн әп-сәтте көтерiлiп кеттi.

Өлеңдi Тоқтарбек бастап оқыды. Сауырды сағыныпты. Ұстаздарына риза. Өткенге өкiнбейдi екен… «Бүгiнгiге үңiлсең түңiлiп кеткендейсiң»,– деп те тастады. Жазушы-драматург Әдiлбек Тауасаров ауданының ғана емес, уақыттың драмасын бiр жылт еткiзiп, өмiр сахнасының өзгерiп тұратынын айтты. Ең жасымыз – Нұрлан Мәукен. Сыршыл, мұңшыл, шыншыл ақын екен. Оның өлеңiн өзiм елжiрей тыңдадым.

Ешкiмнiң алдын кеспей, әдептi, сабырлы жүрген Асқар ана- мектебiнде ағыл-тегiл өлең оқыды. Сәби сезiм, сергек ой, ғұлама ғибрат. Ақын, әдебиетшi, ғалым, ҚР Президентi жанындағы қызмет академиясының «Мәдениеттану, мемлекеттiк қызметтi тiлдiк дамыту» бағдарламасының директоры. Көсемсiмейдi, көтерiлмейдi. Керiсiнше, әлдеқалай өкпе айтыла қалса, соған өзi кiнәлiдей, қызарып кетедi.Кiшiлiк-кiсiлiк…

Әркiм өз ауылына барып келедi. Жаңа өлең аттанарда оқылды. «Тегiмдi менiң сұрасаң–

Қалың найман нуынан.

Жырымды менiң сұрасаң–

Сары алтынның буынан.

Сырымды менiң сұрасаң–

Тұманың мөлдiр суынан.

Жүрекке қайғы толған соң–

Тұнық жырмен жуынам» – деп, бабамыз Дулат айтқандай мұның өзi, мезгiлсiз мазасы кеткен тұсында елдi өлеңмен әлдилеп, кiрбең тартқан көңiлдi тұнық жырмен жуып, туған жердiң ауасымен ақын- жазушылар да танысып қайтқан сапар болды…

* * *

2002 жыл. Зайсанда жаңа мешiт ашылуына қатыстық. Әкелi-балалы Құрмаш, Асқар Егеубаев, Әубәкiр Нiлiбаев. Әдiлбек айтқандай, «сахна» сәнделiп қалыпты. Жердiң көркi мал мен тал. Ауыл төңiрегi қараң-құраң. Талдың жапырағы түгел. Екi жағымда екi ақын, әлем әдебиетiнiң екi бiлгiрi, екi архив. Сөздi алда отырған Құрмаш аға ұстап келедi. Даңғыл көкiрек, қарт педагог. Әуағам екеуi сырлас екен. Мен үшiн әлем әдебиетiнен де екеуiнiң ел-жер туралы әңгiмелерi қызықты болып кеттi. Байқаусызда жастықтарын айтып, «жосып» бара жатса,Асқар ерке репликамен бұрып жiбередi. Сол жолда Құрмаш ағадан ел-жер туралы көп әңгiме-аңыз естiдiм.

Мешiттiң мән-жайы маған мәлiм едi.

Ұлы таулар бұрқан-талқан тулап жатқанда былқ етпейтiн Зайсанның зiл батпан топырағын Тәуелсiздiктiң дәл табалдырығында Тәңiр қатты бiр сiлкiп, жүректi зырқ еткiздi ғой. Сол тұста Түркияға бара қалғам. Онда түп-тегi зайсандық, жүз шақты үй бар. Көсемi – Ақаралдың бұрынғы атақты дiндары, сүйегi құдагел Жақия молданың мұрагерi, жасы жүзге жуықтаған Хамза қарт. Елдi елжiрей сұрады. Жайсыз хабар айттым.

– Жер сiлкiнер де басылар, қираған жұрт оңалар,– дедi қарт, қабағының кiреукесi қалыңдай түсiп.– Сол апат адам жанын соққаннан сақтасын. Бiз оны өмiр бойы бастан кешiп келе жатқан пендемiз, қарағым.– Үнi сәл өзгерiп, демiнен ентiк бiлiндi.– Қиыннан да қиын-күйреген көңiлдi, жүдеген жанды жөндеу… Адам аман екен ғой, әйтеуiр. Пихта хайри (Ақыры хайырлы болсын) –деп бет сипады. Абыз ата тоқсан жыл зарыққан жерiнен көңiлiн де, тоқсан жыл бойы зiлзала соққан өмiрiн де айтып тастады. Жүрек жұлқына соқты…

Зайсанда мешiт салуға көмек мәселесi сонда қозғалды. Осы бұйымтаймен кейiн ауданның сол тұстағы басшысы, Түркиядағы ақсақалмен ағайындығы бар Зәйдiлбек Құнияров барып қайтты. Абыз қарт өз әулеттерiнен қыруар жәрдем (он мың доллар, төрт мың марка, сом, теңгелерi де бар) жинап, өз ұлы Жәлел мен Абдулхақ апызды (қари) жiбердi. Қаланың қақ ортасынан болашақ iргесi қазылды, тасы төселдi, құрбаны шалынды, құраны оқылды. Аудан халқы да қарап қалған жоқ.

– Зiлзала – Алланың iсi,– дедi Абдулхақ қари имани уағызында.– Ол не күнәға батқан елдi немесе пәлекет жайлаған жердi тазарту үшiн соғады. Ата-бабаның қасиеттi топырағын күнәға батты дей алмаймын. Бiрақ, осы жердi ұзақ жыл дiнсiздiк жайлады ғой. Сонсоң да мүлгiп кеткен мұсылманды бiр сiлкiп алған шығар. Ендеше ол жер иманмен оянсын! Алыстағы ағайындарыңыздың аманатын тапсыра отырып, ертең мұнарасында азан шақырылып, михрабында мiнәжат жасалатын мешiттiң iргесiне дұға оқимын. Аумин!

Алла атымен қойылған сол қаражат «аумин» (жоқ) болып, тәубемен төселген iргетасты қоқыс көмiп тастағанда көңiл қарайып, Түркиядағы туыстар да түңiлiп кеткен. Бiрақ, Хамза атамыз айтқандай, Хақ Тағала «Пихта хайриын» жазыпты. Екiталай күн туғанда ердi жерге қаратпай, қол бастап жауға шапқан, сөз ұстап, намыс қорғаған апаларының рухы дарыған, көкiрегiне рахым нұры себiлген, Зайсанның қаршадай ғана қаракөз қызы – Аэлита Әбiшева өз қаражатына жаңа мешiт тұрғызып берiптi.

Алла үйi ашылып жатқандағы жұрттың жан дүниесiн мен сөзбен жеткiзе алмаймын, жүрекпен сезiнiңiз… Мешiт табалдырығындағы сол салтанатта Асқар Егеубаевқа ауданның «Құрметтi азаматы» атағы берiлдi. Талантты түлек, парасатты профессор «Әбуаба Рахматикадан» (Алла ашқан Рахман есiгiнен) иманмен кiрiп, михрабында мiнәжат жасады.

Сол сапардан мен әрi толғау, әрi қозғау мәнерiнде «Егемен Қазақстан» газетiне «Зайсанның бары мен зары» деген эссе жаздым. Тек, келесi жылы тағы бiр жол түскенде сол жазбаны аудандағы атқа мiнерлердiң бiрталайы, тiптi, әкiмнiң өзi оқымағанын бiлгенде белiм кiлт ете қалды.

Заман оңалып келедi. Зайсанның бары байып, зары азайып, зәруi түгенделiп жатқан шығар. Тек сол жақсылықты өлеңмен өзеуреп, ақын жүрекпен тiлеген Тоқтарбектiң, Әдiлбектiң, Базарбектiң, Нұрланның, қайран Асқардың көре алмағаны, көрмейтiнi қабырғаны қайыстырады. Оның есесiне, тарихтың талай дүбiрi жатқан өлкесiне өлмейтiн өлең, өшпейтiн қолтаңба тастап кеткендерi қанағат туғызады.

Уахап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ,

жазушы, Республикаға еңбегi сiңген қайраткер