Жаңалықтар

ШӨКЕЕВТIҢ ШЫМКЕНТТЕ IЗI ҚАЛДЫ

ашық дереккөзі

ШӨКЕЕВТIҢ ШЫМКЕНТТЕ IЗI ҚАЛДЫ

Ал Әшiмовтiң аяқ алысы қалай болады, оған уақыт төрешi

Оңтүстiк Қазақстан облысында күтпеген кадрлық өзгерiс болды. Шөкеев Астанаға қыр салып, абырой-беделiмен Премьер-министрдiң орынбасары тағына жоғарылады.

Премьер-министр Мәсiмов Оңтүстiк Қазақстан облысына келiп, жаңадан тағайындалған облыс әкiмi Әшiмовтi таныстырды.

Әшiмовтiң дәл бүгiн не тындырып, не қоятыны жөнiнде нақты әңгiме айту қиын. Дегенмен, ол Оңтүстктiң менталитетiн жақсы бiлетiн, осында қызмет атқарған басшы көрiнедi. Әшiмов Шөкеевпен бiрге қызметтес болған дейдi жұрт. Сондықтан, Шөкеевтiң iсiн жалғастырады деген үмiттемiз. Оңтүстiк Қазақстан облысын басқарған Асанбай Асқаровтан кейiн Оңтүстiк өңiрде ерекше қолтаңбасы қалатын Өмiрзақ Шөкеев болатын шығар. Өйткенi, бұдан бұрынғы әкiмдер «Техастың» тепкiсiне шыдамай, көбiсiнiң соңында қоңырау сылдырлап кеттi. Дегенмен Шөккевтiң iскерлiк қабiлетiнiң айсберг сияқты көрiнбейтiн тұстары барын дөп басып ешкiм бiле алған жоқ.

Шөкеев Оңтүстiкке ауыр жағдайда келдi. СПИД-ВИЧ-тың лаңы бүкiл әлемге жайылып, Қазақстанның имиджiне нұқсан келiп, халықтың психологиялық ауыр жағдайды басынан кешiп жатқан тұсы едi.

Құдайға шүкiр, ол шу да басылды. Дәл қазiр Оңтүстiк халқы мамыражай күй кешiп жатыр.

Шөкеев кадрлық өзгерiстердi де сәттi бастады. Келген бойда Шымкент қаласының әкiмi, азуы алты қарыс Өмiрзақ Әметтi қызметтен тайдырды. Бұл да гу-гу әңгiмеге айналды.

Екiншi, Шымкент қаласының экс-әкiмi Ғалым Жұмжаевты облыс әкiмi орынбасарлығынан шеттеттi. Бүгiнде Жұмжаевтың үстiнен ҚР ҚК-нiң 307-бабы бойынша «өз лауазымын асыра пайдаланды» деген қылмыстық iс қозғалған. Бұл шенеунiк жер телiмiн бөлуде сыбайлас жемқорлыққа барғандығы үшiн айыпталған. Қала әкiмi болып тұрған тұста бiр күнде бiр нөмiрмен жер бөлуге екi шешiм шығарылған. Бiреуiнде 52 азаматқа жер бөлуге, екiншiсiнде 100-ден астам адамға жер бөлуге шешiм шығарған. Ол 11 азаматқа жеке құрылыс нысандарын салу үшiн жер телiмдерiн ұсынған. Ал бұл жерлердi алу үшiн әлгi адамдар арыз да бермеген болып шықты. Жұмжаевқа жерге қатысты қозғалған тергеу iсi аяқталып, алдағы күндерi сотқа жолданатыны сенiмдi ақпарат көздерiнен белгiлi болып отыр. Экс-әкiм өзiнiң тiрлiгi үшiн сот алдында жауап бередi.

Шымкенттiң шырқын бұзған «Достықтан» тоқал тамдар салып, аузымен орақ орып, су iшкен Шымкентке «Нан турағыш» келдi» деп жергiлiктi басылымдар жар салған құдыреттi Әметтiң карьерасы да, экс-әкiм Жұмжаевтың лауазымдық қызметi де осылай «сәтсiз» аяқталды. «Шөкеев те бұрынғы әкiмдердiң кебiн киедi. Шымкентте не iстей алады? Шырматылған шырмауықтардың торын бұза алмас» деген әңгiме де айтылмай қалмады.

Шөккев әп дегеннен-ақ Шымкенттiң шырқын бұзған қалталылардың қимас ордасы «Көл» базарын көшiрудi қолға алды. Базардағылар айқай-шу көтердi. Дегенмен Шөкеев өз принципiнде тұрды. Шымкенттiң келбетiн өркениеттi елдердегiдей өзгертуге ұмтылды. Бiле бiлген адамға да ерлiк.

Шымкенттiң мәңгiлiк проблемасы жол едi. Мемлекеттiң миллиондаған қаржысы көзбояушылық тiрлiкке жұмсалып, тiрлiк оңбай тұрған.

Шөкеев мұны да мықтап қолға алды. Жолдар таспадай тегiс және сапалы жөнделуде. Шетелдiк жолдардан бiрде-бiр кем емес және көше орталықтары гүлзар бақтарға айналды. Көше тәртiбi ретке келтiрiлдi.

Алдағы үш жыл iшiнде Шымкенттiң барлық көшелерi күрделi жөндеуден өткiзiлмек. Ал, биылғы меже – 51 көшенi тақтайдай тегiс етiп жөндеп, көше жағалауларын қатаң тәртiпке келтiру. Жол жөндеу жұмыстарымен 4 компания айналысуда. Олардың қарқыны қатты. Ал, төселiп жатқан асфальттiң, жүргiзiлген жұмыстардың сапасы облыс әкiмi Ө.Шөкеевтiң назарынан бiр сәт те тыс қалмайды, әрбiр көшенi өзi аралап жүр. Алдағы кезде Алматы, Ташкент, Түркiстан және Сайраммен байланыстыратын күре жолдар бойына, яғни қаланың кiреберiс төрт жағына төрт қақпа орнату, облыстық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр.

15 жылдан берi «жыры» бiтпей, бүкiл баспасөздi шулатып келген Кентау қаласындағы №5 жылу-энергия орталығы облыс басшысы Шөкеевтiң нақты шешiм шығара бiлуiнiң арқасында биыл iске қосылатын болады. Он бес жыл бойы қыс түссе тоңып, дiрдектеп шығатын кентаулықтарды жылыту мақсатына республикалық бюджеттен 880 миллион, облыстық бюджеттен 600 миллионнан астам қаржы бөлiндi.

Кезiнде елiмiздiң Солтүстiгiндегi Қостанайды қазақыландыруға тырысқан Өмiрзақ Естайұлы бүгiнде қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүсткте де жақсы үрдiсiн жалғастыру үстiнде. Өзге ұлт өкiлдерiнiң жастарымен жиi кездесулер өткiзiп, мемлекеттiк тiлдiң маңызы, болашағы жөнiнде кеңiнен пiкiр алмасуы, қазақ тiлiн еркiн меңгерген жастарды мемлекеттiк қызметке шақыруы, бiрнеше мәрте ақындар айтысын, өнер адамдарының мерейтойын өткiзуге атсалысуы осының дәлелi емес пе?

Бүгiнде миллионға жуық халқы бар Шымкент шаһарының тазалығы, көрiктенiп-көркеюi, адам танымастай өзгеруi Өмiрзақ Естайұлының ерен еңбегiнiң арқасы деп бiлуiмiз керек. Қаптаған жабайы базарлардың жабылып, қала сыртына қарай қоныс аударуына көпшiлiктiң әлi күнге таңданып та, тамсанып жүргенi өтiрiк емес. Бұған дейiн де талай әкiм дәл осы базарларды көшiру жөнiнде тың ұсыныс айтқанымен, жеме-жемге келгенде тайсақтай беретiн. Себебi, әр базардың соңында бiр-бiрден алпауыт тұратын.

Шөкеев сөзден гөрi iстiң адамы екендiгiне халықтың көзi жетiп келедi. Азуы алты қарыс қаржылық алпауыттармен айқасу да бүгiнгi облыс әкiмiне оңай шаруа болмады. Сәтi келсе оларда Шөкеевтiң аяғынан шалып, сүрiндiруге ұмтылғаны шындық. «Өмiр-күрес» деген қағидаға сүйенсек, сол күресте Шөкеев жеңiске жетуге ұмтылды. Жеңдi де.

Жаңа Қазақстан өзiнiң дербес даму жолын таңдап, жыл өткен сайын әлемдiк қауымдастықта үлкен құрмет пен беделге қол жеткiзiп келедi. Бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына кiруге нақты қадамдар жасалып жатқан тұста әрбiр облыс орталықтарының жаңа сәулеттi келбетiн қалыптастыру керек-ақ. Бұл жөнiнде облыс әкiмi Ө.Шөкеевтiң Оңтүстiк Қазақстан халқы үшiн атқарып жатқан игi iстерi ұшан-теңiз болды. Шырайлы Шымкенттiң шұғылалы келбетi кiсi танымастай өзгергенiне дау жоқ. Әрине, қаланың өркениеттi елдердегiдей жайнап, жасаруы, көркейе түсуi өзiн патриот санайтын барлық облыс тұрғындарына да тiкелей қатысты екенiн де ұмытпайық.

Қысқасы, «Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына» деп халқымыз айтқандай, әрбiр бiтiп жатқан маңызды деген iстердiң басы-қасында мiндеттi түрде Өмiрзақ Естайұлы жүрдi. Бiткенiнен бiтпегенi көп Оңтүстiк өңiрi алдағы 2-3 жылда қарыштай өсiп, жасыл желекке жамылған әсем де сұлу өңiрге айналары сөзсiз.

Шымкенттегi қарқынды iстердi ендi жаңадан тағайындалған облыс әкiмi Әшiмов жалғастырады деген сенiм бар.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ