КӘЛИМАҒА КЕЛДIҢ БЕ?!
КӘЛИМАҒА КЕЛДIҢ БЕ?!
Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының ұтымды жұмыс тәсiлiнiң бiрiне айналған аймақтық дiни семинар Маңғыстау облысы мен Жезқазған өңiрiнде де болып өттi. Бұл екi аймақтың бiр-бiрiне ұқсастығы жергiлiктi тұрғындарының дерлiк өз қандастарымыз болуынан ұлтымызға ғана тән салт-дәстүрлердiң сақталып, бүгiнгi күнге жетуi. Салт-дәстүрдiң де озығы мен тозығы бар. Оның қажеттiсi – озығы. Ал, тозығы – керексiз ескiрген бұйымдай өмiрде өзi-ақ ығысып, қала бередi. Дiни семинарда талқыланып, көтерiлген мәселелер, айтылған талап-тiлек-тер мен ұсыныстар барысынан мұны айқын аңғардық.
ШЫРАҚШЫЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ МОЛДАЛАРДАН ЖАҚСЫРАҚ
Облыстық әкiмшiлiкте өткен семинарға жергiлiктi дiндарлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты. Онда көпшiлiктi елең еткiзген пiкiр Жаңаөзен қалалық мешiтiнiң Бас имамы Бекен Асқаровтың аузынан айтылды:
— Маңғыстау әулиесi көп өлке ғой. Солардың басында отырған шырақшылардың жағдайы мешiт имамдары мен молдаларынан әлдеқайда жақсырақ.
Иә, кiм-кiмге де белгiлi Маңғыстау атырабында 362 әулие бар деп есептеледi. Бұлардың бiрқатарына жергiлiктi ағайындар жиi барып, зиярат етедi. Әрине, ол шариғат аясында iске асуы тиiс. Мұның мән-маңызы жайлы сүйiктi Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзiнiң бiр хадисiнде: "Қабiрге зиярат етiңдер. Ол сендерге ақирет күнiн еске салады" деген. Соның басында шариғат талаптары сақтала бере ме? Алдымен ол талаптар қандай дегенге келсек, бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Расул үмметтерiне қабiр үстiнен жүруге, қабiр үстiн бүтiндей тегiстеп тастауға немесе оның үстiне биiк күмбез салуға тыйым салынады"; "Расулдың үмметтерiне қабiр басына бiрер нәрсе жазып қоюға да тыйым салыңдар"; "Мазарларға, әулиеәнбиелерге атап құрбандық шалу исламда жоқ",- деген.
Қазiрге бұл шариғат талаптарының зират басында қаншалық және қай дәрежеде iске асып жатқаны бiр Аллаһқа аян. Дiндарларымыз бұл жайлы өз уағыздарында жан-жақты талдап, түсiндiрiп жатыр деп бiлемiз. Ең бастысы сол зираттардың басында тiленетiн тiлектердi Аллаһтан тiлеп, ал марқұмдардың рухына бағыштап, Құран оқылу қажеттiгi. Осы талаптарды сол әулиелердiң зираты басында шырақ жағып отырған шырақшылар бiле ме? Оған дiни бiлiмi жете ме? Әлде, тек садақаны жинап алып, құрбандыққа шалынған малдың басын мүжумен шектеле ме?
Бiздiң бiлуiмiзше, сол шырақшылар ешкiмге де есеп бермейдi, өзiмен өзi. Бүгiнгi нарық заманының тiлiмен айтсақ, мұны табыс көзiне айналдырған. Олардың көпшiлiгiнiң дiни сауаты да шамалы. Тiптi, жоқтың қасы. Бұл жағын онда зиярат етуге барушылар елеп-ескерiп те жатпаса керек. Әйтеуiр, бет сипатарлық "бiсмiлләсi" болса, жетiп жатыр. Әулиелi орынды дүмшелiк жайласа Аллаһқа серiк қосудың неше түрлiсiнiң орын алмасына кiм кепiл?! Ал, бұл жауапты ғибадат амалына жергiлiктi мешiт молдалары мен имамдары тартылса, құба-құп болар едi. Сонда әулиелi жерге, жалпы зиратқа зиярат етудiң шарғи талаптарының мүлтiксiз орындалары хақ. Әрi мешiттерге де садақа түсiп, жағдайлары түзелiп те қалар ма едi?! Дiндарлардың бұған өз мешiттерiнiң күнделiктi шаруасынан қолы тие бермеуi де мүмкiн. Оның үстiне ол зираттардың денi елдi-мекендерден жырақ.
Бұл түйiндi мәселенi шешу үшiн әулиелi орындарды оған жақын орналасқан мешiттерге филиал ретiнде тiркеп, заңдастырған жөн. Сонда шырақшының қызметi мен ондағы ғибадат амалдарының шариғатқа сай орындалуын мешiт имамы қадағалайтын болады. Шырақшылыққа да дiни сауатты, тақуа маман тағайындалар едi. Шырақшы дегеннен гөрi оны имам немесе молда деу абзал. Жалпы "шырақшы" деген атау да, ұғым да исламда жоқ. Ол христиандарға ғана тән. Шiркеулерi мен монастырларында үнемi балауыз шам жағып отырмай ма?! Дiндi мемлекеттен бөлiп тастаған зайырлы елде мешiттер мен оның қызметкерлерi қазынадан қаржыландырылмай тек садақаға қарап қалған. Түсiм әр мешiтте әрқалай. Әсiресе, ауыл мешiттерiнiң жағдайы төмен. Соның салдарынан ондағы қызметкерлердi былай қойғанда, қыста жылытылмауынан жамағат жұма намаздарын бүрсең қағып оқуға мәжбүр. Кейбiр аудандық орталық мешiттердiң де жағдайы осыған жақын. Жаңаөзен қаласының Бас имамы сондай-ақ, мүмкiндiгi бар өз мешiтi қызметкерлерiнiң жалақысын бүгiнгi нарық қатынасына орай, бiршама көтеру жайын қозғады.
Әлбетте, теңгенiң құнсызданып, күнделiктi тұтыну заттары мен азық-түлiктiң қымбаттай түсуiне байланысты садақаға телмiрген дiндарлар үшiн де күнкөрiстiң қиындағаны шындық. Түсiмiне қарай мүмкiндiгi бар мешiт қызметкерлерiнiң жалақысын шама-шарқынша неге көтермеске?! Одан да артылып жатса, сол аудандағы жағдайы мүшкiл мешiттерге неге қарайласпасқа?! Дiндарлар жалақысына байланысты Жезқазғанда өткен семинарда Төлеген қажы Әмiрхан:
— Дiнiмiздiң түп негiзi сақталып қалған қазағы мол ауылдағы мешiттер мемлекет тарапынан қаржыландыруға мұқтаж,- деп көптiң көкейiндегi талап-тiлектi жеткiздi.
Иә, бұл түйiткiлдi мәселенiң де пiсуi жеттi. Дiнiмiз өз аяғынан тұрып, дамып, өркендеуi үшiн оған шын мәнiнде жан-жақты мемлекеттiк қолдау-көмек аса қажет. Онсыз рухани сұранысқа орай, ауқымды iс-шараларды бүгiнгi уақыт талабына сай жолға қойып, жүргiзу мүмкiн бе? Көп мәселе қаржыға келiп тiреледi. Қолдың қысқалығы адымды ашқызбайды.
ШЕТЕЛДЕ ОҚУҒА КIМ РҰҚСАТ БЕРЕДI?
Жезқазғандағы басқосуда дiн насихаты мен сауат ашу курстарының деңгейiн көтеру, дiни ахуал, кадрлар мәселесi жан-жақты талқыланды. Онда Қ.Сәтбаев қалалық орталық мешiтiнiң Бас имамы Ардақ Жүгiнiсов көкейтестi бiр мәселенiң ұшын шығарды:
— Қазiргi күнi шетелдердегi дiни оқу орындарында бiлiм алып қайтқан жiгiттерiмiз сондағы ағымдарды жамағаттың арасына тықпалап, фитна туғызуда. Солардың шетелдегi сенiмi жат дiни оқу орындарына баруына кiм рұқсат бередi? Бұған Дiни басқарманың қатысы жоқ. Жалпы бiзден тыс жердегi дiни оқу орындарына жастарды жiберу, не жiбермеудi Дiни басқарма құзырына беруге болмас па?
Шетелдегi, атап айтқанда, Мысыр, Түркия, Пәкiстандағы бiрқатар ислами оқу орындарына талапкерлердiң Дiни басқарма арқылы баруы жүйеге түскен. Бiлiм iздеушi мемлекетаралық, сондай-ақ, ондағы дiни оқу орындары мен бiздiң Дiни басқарма арасындағы келiсiм-шартқа сай жiберiледi. Ол оқу орындарында ханафи мәзһабы бойынша имам-хатибтер мен дiнтанушылар дайындалады. Бұл бiз үшiн қажет. Соңғы жылдары дiн мамандарын мүмкiндiгiнше өз елiмiзде, атап айтқанда Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетi мен алдағы оқу жылынан ашылғалы отырған үш бiрдей медреседе дайындау мақсаты алға қойылып отыр. Ал, басқа араб елдерiндегi, оның iшiндегi Мадинадағы дiни оқу орындарына жастар өз бетiмен барып, оқып келуде. Бiзге үйлеспейтiн сенiмiн олар жамағатымызға тықпалауда. Бас имамның "фитна туғызып жатыр" дегенi осы.
Бiзге асыл дiнiмiздiң де, халықтың да тұтастығы мен бiрлiгi ауадай қажет. Араға жат сенiмдi тарату елдiң шырқын бұзады. Бұған жол беру өзiң отырған ағаш бұтағын кесумен тең. Шетелге дiни оқу iздеп барғысы келушiлерге визаны елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгi, ал жолдаманы Бiлiм мен ғылым министрлiгi бередi. Бұл қос министрлiк ел қауiпсiздiгi мүддесiн бәрiнен де жоғары қойып, шетелден дiни бiлiм iздеушi талапкерге жолдама беру, не бермеудi Дiни басқармаға жүктесе нұр үстiне нұр болмақ. Бұл мәселе құзырлы орындар алдына қойылды, бәлкiм шешiлiп қалар. Сонда өз iшiмiзден iрiткi салушы азая түспек. Ал, дiнге қатысты заңымыз қатайса, елдi алатайдай бүлдiрiп, алауыздық ұрығын сеуiп жүрген дiнбұзарлардың жолы бiржола кесiлмек.
МЕМЛЕКЕТТIК ТЕЛЕАРНАДА ИМАНДЫЛЫҚ ХАБАРЫ НЕГЕ ЖОҚ?
Жезқазғандағы семинарда дiн насихатын жүргiзу, оның бұқаралығы мен пәрмендiлiгiн арттыру жайы талқыланғанда Қазақстан қажылары қауымдастығының осы өңiрдегi филиалының төрағасы Болат қажы Байғабыл:
— Мешiттерде имамдар өз әл-қадiрiнше уағыз айтып жатыр. Жергiлiктi қалалық және облыстық телеарналарда да жұма күнi дiн насихаты жүредi. Ал, республикалық телеарналардан әлi күнге тұрақты имандылық хабары ашылмай отырғанына таң қаламыз. Халықтан алынған салықпен қаржыландырылатын мемлекеттiк телеарналар жұртшылықтың талап-тiлегiн неге ескермейдi? Дiн уағызына неге көңiл бөлмейдi?- деп Дiни басқарманың қызметкерлерiне сауал қойды.
Әрине, бұл бiр қажыны ғана емес елiмiздiң барша мұсылмандарын, Дiни басқарманы көптен ойландырып, толғандырып жүрген сауал. Дiни басқарма тарапынан өз кезiнде елiмiздiң екi бiрдей iрi телеарналары "Қазақстан" мен "Хабарға" әр аптаның жұма күнi, ең кемi, 10-15 минуттық тұрақты имандылық хабарларын ашу жөнiнде өтiнiш те жасалып, ұсыныс та бiлдiрiлдi. Телеарна басшылары ондай хабар үшiн Дiни басқармадан қомақты қаржы талап еттi. Демеушi iздеп, таптық. Жеме-жемге келгенде олар өз сөздерiнен тайқып шыға келдi. Сылтауы: "Ислами хабар ашсақ, ертең басқа дiндердiң өкiлдерi де келiп, олар да сұрайды. Телеарнамыз сонда кiлең дiндердiң хабарларына айнала ма? Бiз ешкiмдi де бөлiп-жармаймыз, ешқайсысына да беретiн уақытымыз жоқ",- деп бастапқы талаптарынан айныды. Шамасы Дiни басқарма ондай қомақты қаржыны таба алмайды деп ойласа керек… Аллаһқа шүкiр, iздесе, дiн насихаты үшiн қаржысын аямайтын демеушi, дiн жанашыры табылады екен.
Былтырғы қыркүйекте Астанада өткен Әлемдiк және дәстүрлi дiндер жетекшiлерiнiң II-құрылтайында сөйлеген сөзiнде Елбасы биылғы жылдан бастап телеарналардан тұрақты түрде "Дiн сағаты" хабары ашылып, жүргiзiлетiнiн айтқан едi. "Қазақстан" телеарнасы наурыз айынан "Күмбез" танымдық хабарын ашты. Онда әр дiннiң өкiлi белгiлi бiр мәселе бойынша өз көзқарастарын бiлдiредi. Мұнан ел халқының денiн құрайтын мұсылмандар үшiн ешқандай да басымдықты сезiне қою қиын. Кiлең неше түрлi дiндердiң көзқарасын бiлдiру арқылы бәрiн де насихаттағысы келетiн қойыртпақ бiрдеңе. Ал, "Хабар" болса, әлi үнсiз. Рас, өткен Қадiр түнiнде осы екi телеарна да арнайы хабарлар ұйымдастырды. Көптiң көңiлiнен шықты. Өкiнiштiсi, тек бiр сәттiк ғана. Неге жыл бойына үнемi бермеске?!
Оңғар ӨМIРБЕК