Жаңалықтар

44 ЖЫЛДАН СОҢ... «ҚОЖА» МЕН «ҚОЖА» КЕЗДЕСТI

ашық дереккөзі

44 ЖЫЛДАН СОҢ... «ҚОЖА» МЕН «ҚОЖА» КЕЗДЕСТI

«Менiң атым Қожа» көрерменнiң ең сүйiп көретiн сүйiктi фильмi. Ол – жас талғамайды. Оны бесiктегi баладан еңкейген қартқа дейiн тамашалайды десек, тағы қателеспеймiз. Фильмнiң әрбiр сюжеттерiн жатқа бiлсек те, қайталап көруден ешқашан жалыққан емеспiз. Осыдан 44 жыл бұрын дүниеге келсе де, туынды өмiршеңдiгiн жоғалтқан емес. Әлi күнге телеэкранның биiгiнде келедi.

«Мен тек балалар туралы ғана емес, үлкендерге де арналған бiрқауым картиналар түсiргенмiн. Дегенмен жұмыстарымның басым көпшiлiгi балаларға арналған. Сол себептi де менi балалар өздерiне толық еншiлеп алса керек. Оған мен де қуанбасам ренжiмеймiн. Өйткенi мен балалық шағымды сағынамын. Бүгiнгi ұрпақпен жұмыс iстеуге соншалықты құштармын»,–деген екен осыдан 24 жыл бұрын «Қазақстан пионерi» газетiне берген сұхбатында талантты режиссер Абдолла Қарсақбаев. Балалық шағы аштық пен жалаңаштықтан арыла алмаған дәуiрмен тұспа-тұс келiп, таршылықтың дәмiн бiр кiсiдей татқан көрнектi режиссердiң балалық шағын аңсап, дүниеге әкелген фильмдерi – «Менiң атым Қожа» мен «Алпамыс мектепке барады» қазақ кино өнерiнiң алтын қорында алтын әрiптермен қалды.

44 жыл бойы үздiксiз көрермендерiмен қауышып келе жатқан аталмыш фильмдерден соң, балаларға арналып түсiрiлген кинолар саусақпен санарлықтай ғана екен. Тiптi, мүлдем түсiрiлмедi десек те болады. «Қазақфильм» киностудиясы саусақтарын бүгiп «пәленбай» фильм түсiрдiк дегенмен, олардың арасында балаларға арналғаны кемде-кем. Әлде бала психологиясын зерттеу режиссерлер үшiн қиын тие ме екен, әйтеуiр, көпшiлiгi балалар тақырыбына бара қоймайды. Оны кезiнде: «Балаларды киноға түсiру – қиынның қиыны. Ең ауыртпашылығы көп жұмыс – бала «актерлердiң» өздерi қаламай тұрған iстi iстеткiзу. Соны орындатып қана қоймай, есепсiз қайталата беруге көндiру. Маман актерлер қаншалықты шаршап тұрса да сәтi келгенде өздерiн жинақтап, қолдарына алып, рольге бiрден бейiмделе алады. Ал балалардың ерiк күштерi көп жағдайларда ондай қайталауларға жетiңкiрей бермейдi. Фильм түсiрудi қолға алмас бұрын әр баланың мiнез-құлқын жете бiлiп алуға тырысамыз. Бiр балалар болады «мынауың дұрыс емес» десең бұртыңдап өкпелеп, жасып қалады, ал ендi бiреулерi намысына тиiп, басқалармен салыстыра бастасаң, ширыға түседi. Сондықтан олардың мiнез-құлқын, iс-қимылын бағдарлау үшiн фильмге даярлық кезiнде бiздiң болашақ «актерлерiмiзбен» бiрге бiрнеше рет тауға шығып, саяхатқа барып, доп қуып, суға түсiп, пионерлiк алау басында әңгiмелесiп, ән айтуымызға тура келдi»,–деген екен Абдолла Қарсақбаев. («Қ.П. 1983 жыл). Режиссердiң сөзiнiң де жаны бар. Әр баланың мiнез-құлқы әртүрлi. Ең бастысы, баланың көңiлiн табу. «Менiң атым Қожаның» сәттi түсiрiлуi де режиссердiң бала көңiлiн тапқандығында болса керек. Әрi рольдерге ойнайтын жас «актер» балаларды да лайықты iздеп табуы. Мәселен, режиссер Сұлтанның ролiне лайықты жанды көп уақыт iздеген көрiнедi. Бiр күнi режиссердiң ассисентi Қалтай Әлiшев болашақ «Сұлтанды» моншаның iзiнен кездестiредi. 9 класс оқушысы Марат Кәкенов осылай Сұлтанның ролiне бекiтiлген екен. Сондықтан болар, әр ролiне әр кейiпкердi осылай таңдаған Абдолла Қарсақбаевтың Қожасының да, Алпамысының да, Жанарының да, Сұлтанының да, Қалиханының да елдiң есiнде ұмытылмай жүргенi.

БҮГIНГI ҚОЖАНЫҢ КЕШЕГI ҚОЖАДАН АЙЫРМАСЫ КӨП

Араға жылдар салып, «қара Қожа» қайта дүниеге келдi. Бұрынғы «Қара Қожа» ауылдың қарапайым қара домалақ баласы. Ал, бұл Қожа қаланы көрген. Нарықтың майын iшкен заманның баласы. «Менiң де атым Қожа» бұрынғы Қожаға мүлдем ұқсамайды. «Менiң атым Қожа» картинасымен аттас болғанымен, оқиғасы мүлдем басқаша өрбiген. Мұнда ауылдан қалаға көшiп келген ауыл баласы Қожабергеннiң басынан кешкен оқиғалары. Режиссер Қожаның ролiне бекiтiлген Сұлтан Қалиасқарды фильмдегi Қожаға ұқсағандықтан таңдап алған сыңайлы. Онысын режиссер Еркiн Рақышев жасырмайды. Алғашында «балалар туралы тақырып көп, неге фильмнiң атын «Менiң де атым Қожа» деп таңдап алды екен?» деп, таңданғанымыз да рас. Оның себебiн, фильмдi көргеннен кейiн түсiндiк.

Әңгiменi басынан бастайықшы. Есiмi де, түрi де фильмдегi Қожадан аумайтын Сұлтан-Қожаны ауылдағы сыныптастары да «Қара Қожа» деп мазақтайды. Бұл да ауыл-аймаққа бұзықтығымен танымал. Бiрақ, ауылдағы бұзық баланың өмiрi қысқа аяқталады да, фильмнiң оқиға желiсi одан әрман қалада өрбидi. Ауылдағы бұзықтық қалаға келген соң оңала ма, одан да әрман өрши түседi. Әрине, бұл Қожаның бұзықтықтары бұрынғы Қожаның бұзықтықтарының қасында жiп есе алмайды. Ұқсағысы келгенi анық байқалып тұр, бiрақ, қимыл-қозғалыс жағынан баланың мiнез-құлқы тым ашыла қоймаған. Баланың ойнау стилi де Нұрлан-Қожаға жете бермейдi. Әлде нарықтың көшiне iлескен заманның баласының психологиясы да өзгеше бола ма, мұндағы қала балаларының мiнез-құлықтары да өзгешелеу. Әттең-ай, ақыры балалар туралы фильм түсiрген соң, ауыл өмiрiн, ауылдағы баланың мiнез-құлқын көрсетпедi ме екен деген өкiнiшiмiз де болды. Бiрақ, режиссердiң пiкiрiне сүйенсек, бұл фильм бүгiнгi қоғамды, бүгiнгi қоғамдағы балалардың iс-әрекетiн, әсiресе, қала балаларының тыныс-тiршiлiгiн көрсетуге көбiрек күш салыпты. Әрине, кемшiлiктер де жоқ емес. «Жаралы сезiм» фильмiнде Арайдың анасын сомдаған «Сезам» қуыршақ театрының актрисасы Еркеш Жүнiсованың бұл жолы да кейiпкерiнiң образына ене алмағаны байқалады. Қимыл-қозғалысы сылбыр, нағыз ананың бейнесiне ене алмаған сылқым әйелдiң жүрiс-тұрысынан қарнымыз ашты. Сондай сәтте, ерiксiз «Еһ, шiркiн, Қожаның анасын сомдаған Бекен Римованың ойынын-ай» деп күрсiнесiң…Сосын тағы бiр көңiлге қонбағаны Сұлтан-Қожаның ауылдағы сыныптастарымен қоштасар сәтi. Мұғалiмi шығарып салып тұрғанда, директордың келiп «қош айтқаны» жарасымсыз екен. Әрi балалардың да бәрiн есiк алдына жинап алып, шығарып салу рәсiмi сәтсiздеу. Балалардың ешқайсысынан қимастықты, сыныптасына деген қимас сезiмдi байқай алмадық. Бұзық болса да, «тарыдай» болып кiрген жолдасы емес пе?! Ауылдан қырық қадам ұзап, қалаға кетiп бара жатқан Қожаның да достарына деген қимастығын байқамадық.

«МЕНIҢ АТЫМ ҚОЖА» ФИЛЬМI ҮШIН РАХМЕТ!»

Әрине, фильмнiң басты мақсаты – көрермендi «Менiң атым Қожа» фильмiнде ойнаған актерлермен кездестiру болған екен. Бұл жағынан фильм ұтымды шыққан. Фильмде Қожаны бұрынғы Қожа–Нұрлан Сегiзбаев, Жанар–Гүлнәр Құрабаева, Сәбира Майқанова ролiндегi Рая Мұхамедияровамен кездестiретiн эпизоды жүрекке жылы тиедi екен. Әсiресе, Сұлтан–Қожаның артына бұрылып тұрып, «Менiң атым Қожа» үшiн рахмет!» деуi, әркiмнiң де көңiлiнде айтыла алмай жүрген сөз. Әуесқой режиссер Еркiн Рақышевтiң де көздегенi осы. Елге «Менiң атым Қожа» фильмiмен танымал болған сүйiктi кейiпкерлердiң бүгiнгi таңда мемлекет тарапынан ескерусiз қалып отырғандығын көрерменге ескерту. «Шын мәнiнде, бүгiнгi бала сүйiктi Қожасын, Жанарын, Сәбира Майқанова апайын ойнаған актерлердi бiле ме? Сол кiсiлердi алып барып, оқушылармен неге кездесулер өткiзбеске?! Сонда ол кiсiлердiң де көңiлi марқайып, разы болмас па едi. Қазiр екiнiң бiрi – Нұрлан Сегiзбаевтың соншама жыл жатақханада тұрып, былтыр ғана пәтерге қол жеткiзгенiн бiле бермейдi. Мен сол кiсiлердi қайта көрсетейiн, рахметiмiздi айтайын деп түсiрдiм. Оларды түсiретiн кезде қатты қобалжыдым. Рая Мұхамедиярова апайымыз тiптi жылап жiбердi. Сенсеңiз, оларды тұсаукесер рәсiмiне шақырғанымда, ол кiсiлерге беретiн сыйлық таппадым. Қақпаған есiгiм қалмады. Ол кiсiлер онсызда да фильмге тегiн түстi»,–дейдi режиссер Еркiн Рақышев. «Жаралы сезiм» фильмiн түсiрген «Жасұлан» киностудиясының кино түсiруде тәжiрибелерiнiң аздығы байқалады. Бұл жағынан әуесқой режиссерге де кiнә арта алмайсыз. Қайта кино саласын бұрын-соңды бiлмеген, ендi ғана ден қоя бастаған, мамандығы киноға мүлдем қатысы жоқ адамның екi жылға жуық уақыт iшiнде екi фильм әкелгендiгiне разы боласыз. Ең бастысы, жасұландықтарға тиын-тебен берiп, көмектесiп жатқан ешкiм жоқ. Бәрi де өздерiнiң күш-жiгерi, ықылас-пейiлiнiң арқасы. «Жаралы сезiмде» де солай болған едi, «Менiң де атым Қожада» да тап осылай болыпты. Басты-басты рольдерге түскендерiне қаламақы төленiптi, қалғандарының көбi тегiн түскен көрiнедi. «Ең бастысы, бiзге керегi фильмдi үлкендердiң емес, балалардың қабылдағаны. Сiз кино түсiру барысындағы балалардың маған көмектескен кездерiн көрсеңiз. Кейбiр менiң дұрыс жасамаған сәттерiмдi өздерi жөнге салып, «бұлай емес, бұлай болсын» дегендерiне өзiм таң қалдым. Бүгiнгi баланың мiнез-құлқын бұрынғы бiзбен салыстыра алмайды екенсiң»,–дейдi режиссер. Ең бастысы, кемшiлiктерiне қарамастан, балалар мен жасөспiрiмдер үшiн жаңа бiр дүниенiң өмiрге келгендiгi. Әрi таза қазақ тiлiнде. Мемлекеттiк тiлде түсiрiлген фильмдер бүгiнде кемде-кем. Сол тұрғыдан келгенде, тiлдi бiрiншi орынға қойып отырған режиссердiң iс-әрекетiне сүйсiнесiз. Тағы бiр ұтымдылық, фильмдi сазбен әрлеуi. Қожаның ауылымен қоштасар сәтiндегi Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Ауылым» әнiнiң берiлуi, Қожаның кейiпкерлерiмен кездесер тұстағы бұрынғы фильмнiң музыкасының қайталануы, Мұхтар Шахановтың «Гүлдәурен» әнiн Сұлтан Қалиасқардың орындауы жүрегiңе жылылық ұялатады.

«Кинорежиссер болғысы келген адамның ең бiрiншi қабiлеттi болғаны жөн. Өйткенi, фильмнiң дүниеге келуiне қатысты адамдардың барлығымен (актер, суретшi, композитор, жарық түсiрушi т.с.с) жұмыс iстейдi. Екiншiден, халық ауыз әдебиетiн, одақтық, дүниежүзiлiк әдебиеттi жақсы меңгергенi жөн. Сонымен қатар, табиғи талант, туа бiткен дарынның да алар орны айрықша» деген екен Абдолла Қарсақбаев. «Қазақфильм» киностудиясы түсiрдi» деген фильмдердiң ешқайсысы да көрерменге жетiп жатқан жоқ. Есесiне, екi жылдың iшiнде-ақ, қарапайым, жүрекке жылы тиетiн екi фильмiмен-ақ әуесқой режиссер Еркiн Рақышев танымал болды. Мүмкiн, бұл да талантты режиссер Абдолла Қарсақбаев айтқан қабiлеттiң арқасы шығар.

Гүлзина Бектасова