БЕРЕКЕ МЕН РИЗЫҚ АЙЫ

БЕРЕКЕ МЕН РИЗЫҚ АЙЫ

БЕРЕКЕ МЕН РИЗЫҚ АЙЫ
ашық дереккөзі

Тамыздың 14-нен басталған шағбан айы рамазанға дейiн жалғасады.

Шағбан — мұсылманның иманы кемелдене түсетiн мүбәрак ай. Аллаһ Тағаланың ризық берiп, молшылыққа кенелтiп, берекелендiретiн айы. Жаратушы Жаппар Иемiзге шын ықылас, таза ниет, нұрлы ақылмен ғибадат қылатын ай. Шүкiр етiп, тәубеге түсiп, тағат жасап жүретiндерге, қайырымдылық, мейман-достық көрсететiндерге жақсылық есiктерi ашылатын ай.

Құран оқып, ойланып, iлiм-бiлiм iздеушiлерге перiштелер қанатын жаятын ай. Шағбан — ғибадат айы. Құлшылықты көбейту, Аллаһ Тағаланы ұлықтап еске алу, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айту айы. Осындай iзгi амал, көркем мiнез, адал кәсiп арқылы алдағы келе жатқан рамазан айындағы парыз оразаға дайындалу айы. Сөзiмiздi Айша (р.а.) анамыздың риуаяты растайды: "Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) жақсы көретiн әрi көп ораза ұстайтын айы – шағбан. Сосын парыз болған рамазан оразасын жалғастырар едi". Айтқандай, бiзге де осы сүннеттi, яғни шағбан айында толық болсын, жиi болсын, қалаған күндерiмiзде болсын ораза ұстау – сауап. Усама ибн Зайд (р.а.) риуаятына назар аударсақ: "Уа, Аллаһ елшiсi (с.ғ.с.), айлардың iшiнде шағбан уағында көбiрек ораза ұстағаныңызды көремiн. Себебiн айтыңызшы?" дегенiмде, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Осы айды адамдардың бiразы босқа өткiзiп алады. Шағбан – қасиеттi ережеп пен рамазан айларының ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Аллаһ Тағаланың құзырына көтерiледi. Мен де амалымның осы айда оразамен көтерiлгенiн жақсы көремiн",-дедi. Бiрде Аллаһ Расулi (с.ғ.с.) сахаба Ғимраннан (р.а.): "Шағбан айында ораза ұстадың ба?" — деп сұрағанда, Ғимран (р.а.): "Жоқ", — деген екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Онда екi күн ораза ұста" — деп ескерттi. Яғни, шағбан айында ұсталған бiр күндiк ораза — екi күн ораза ұстағанмен тең.

БӘРААТ КЕШI

Шағбан айының он төртiнен он бесiне қараған кешi – Бәраат түнi. Өте қасиеттi Бәраат кешi – Аллаһ Тағаланың ризалығына бөленетiн түн. Кешiрiм түнi. Дұға-тiлектердi қабыл ету түнi. Осы түндi құлшылықпен, көркем амалдармен өткiзген мұсылман екi дүниенiң қуанышына бөленедi.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Шағбан айының ортасының түнi болғанда (намазға) тұрыңдар. Күндiзiнде ораза ұстаңдар. Аллаһ Тағала бұл түнде, күн бата, аспанның бiрiншi қабатына түсiп, былай дейдi:"Күнәсiнен жарылқау тiлеушi бар ма? Мен оның күнәсiн кешiремiн. Ризық сұраушы бар ма? — Мен оның ризығын кеңейтемiн. Ауруына шипа тiлеушi бар ма? Дертiне шипа беремiн. Сұраушы бар ма? Сұрағанын беремiн". Осылайша Аллаһ Тағала таң атқанша тiлегеннiң тiлегiн қабыл етедi" — деген екен Али ибн Абу Талиб риуаят еткен хадисiнде. Көрдiңiз бе, құрметтi оқырман, зерделеп ойлансақ, Аллаһ Тағала бiзге әрбiр күндi, әрбiр күндi емес-ау, әрбiр секунд, минуттың бәрiн хикметке толтырып берген. Ал қасиеттi айлардағы нұрлы түндердiң жөнi тiптi бөлек.

Абу һурайраның (р.а.) айтуынша: «Шағбан айының ортасының түнi болғанда жетi қат аспан есiктерi ашылады. Әрбiр есiкте перiштелер тұрады. Олар мұсылмандарға жарылқау тiлейдi. Сол түнi — мұсылмандардың барлығының күнәсi кешiрiледi, тек қана Аллаһқа серiк қосушылардың және үлкен күнәларды тәубеге келместен iстей берушiлердiң күнәлары кешiрiлмейдi».

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Бәраат түнiн ғибадатпен өткiзгенiн мүмiндердiң анасы – (Айша (р.а.) былайша жеткiзедi: "Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезегi менiкiнде болған түнi оянып кетсем, намаз оқып жатыр екен. Намаздың қиямында көп тұрмады. Сәжденi ұзақ қылды. Түн ортасынан ауды. Екiншi, үшiншi рәкағатта да сәждеге көп жатты. Таң атуға жақын қалды. Мен "оған ажал келген шығар" деп ойладым. Орнымнан тұрып, қолымды аяғына тигiзiп едiм, қимылдады. Мен қайта орныма бардым. Сәждеде Аллаһ Тағаланы ұлықтап, жалбарынып сөйлегенiн естiдiм: "Ей, Рақымдылардың рақымдысы! Жүрегiм саған иман келтiредi! Жүзiм саған сәжде қылды. Менiң күнәларымды кешiр! Сенiң азабыңнан кешiрiмiңе, ашуыңнан ризалығыңа сиынып, өзiңнен пана тiлеймiн!". Намазды бiтiргенде:

«Айша, Аллаһ Елшiсi саған әдiлетсiздiк жасайды деп ойладың ба?» дедi. Мен: «Жоқ, Уаллаһи, Пайғамбарым! Ондай ойым болсашы. Сәждеде ұзақ жатқаныңа қарап, өлдi ме деп қалдым».

«Бүгiн қандай күн екенiн бiлесiң бе?»

«Аллаһ және оның Елшiсi жақсы бiледi».

Сонда ол:

«Бұл түн — шағбанның он бесiншi түнi. Аллаһ Тағала құлдарына рақымын төгiп, кешiрiм тiлегендердi кешiрiп, кеңшiлiк жасайды» дедi.

Бәраат кешiнiң адам баласына берер пайдасы зор әрi оның Ислам тарихындағы алар орны ерекше. Аллаһ Тағала бұл түнi басқа пайғамбарларды да рахметiне бөлеген.

Бәраат кешiнде – Аллаһ Тағала Нұх (ғ.с.) пайғамбарға топан судан құтылу үшiн иман келтiрген мұсылмандармен әр хайуанаттардың жұп-жұбымен кемеге мiнуiн бұйырды.

Бұл түнi – Аллаһ Тағала Мұса (ғ.с.) пайғамбармен сөйлескен.

Бұл түнi – Аллаһ Тағала Зәкәрия (ғ.с) пайғамбарды болашақта дүниеге келетiн Яхия есiмдi баламен қуанышқа бөлеген.

Бұл түн – Мұхаммедтiң үмметтерi үшiн құбыла Ақса мешiтiнен Қағбаға өзгертiлген түн.

Бұл түн – Құрандағы "әл-Қамар" сүресiнiң бiрiншi аятында айтылған, яғни аспандағы айдың екiге жарылып бөлiнген оқиғасы болған түн. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берiлген ерекше мұғжиза Бәраат кешiне сәйкескен.

Шағбан айы құтты болсын!

Шағбанды сауапты өткiзiп, Аллаһ Тағалаға жақындауға тырысайық!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ