Жаңалықтар

ӘКIМI АҚЫНЫН БIЛЕ МЕ?

ашық дереккөзі

ӘКIМI АҚЫНЫН БIЛЕ МЕ?

Ұзын саны жетi жүзден асатын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерi негiзiнен Алматы қаласында шоғырланғандығы белгiлi. Өйткенi Алматы қаласы Қазақстанның астанасы ретiнде Республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен келiп оқуға түскендердiң де, кейiн сол оқу орындарын бiтiрiп, осында орын теуiп қалғандардың да бастарын қосатын үлкен рухани орталық едi ғой. Бүгiнде астаналықты Астанаға берiп қойғанымен де сол атақ-даңқынан, әкелiк те, аналық та мейiр-шапағатынан айырыла қойған жоқ. Себебi әр облыстан жиналған жастар бiр-бiрiмен осында махаббатын тауып, танысып дегендей тағдырларын тоғыстырып, ұрпақтарын жалғастырып отыр. Сол себептен де Алматы қаласы бәрiне ыстық мекен.

Алматыда Аллаһ берген табиғи талантының арқасында қолына қалам ұстағандар, әсiресе ақындар мен жазушылар көптiң құрметтiсi саналады. Оларды өздерiнiң туған жерлерi де, сондай-ақ қазiргi тұрғылықты жерлерi де құрмет тұтса керек-тi. Соның жарқын бiр мысалын осыдан бiр жыл бұрын Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов мырза нақты iсiмен дәлелдеген де едi. Ол кiсi Алматыда тұратын өз облысынан шыққан ақын-жазушыларының басын Талдықорған қаласында қосып, олармен жеке-жеке әңгiме-дүкен құрып, нақты ойларын бiлген едi. Нәтижесiнде ақын-жазушылар үшiн үлкен мәселеге айналған кiтап шығаруды қолға алатындығын, жылына үш ақын-жазушының кiтабын облыс бюджетi есебiнен тегiн шығарып беретiндiгiн айтып, бiр қуантып тастаған болатын. Бұған қоса Алматы облысының Жазушылар одағының мүшелерiне (тұрғылықты жерiне қарамастан) әр тоқсан сайын бес мың теңгеден стипендия тағайындайтындығын жеткiзген болатын. Мiне, сондықтан да бәрiмiз «әкiмi ақынын iздеген ел бақытты» деген сөздi айтып, Талдықорғаннан марқайып қайтқанбыз.

Шындығында бұл бiздер – жазушылар мен ақындар үшiн үлкен құрмет болатын. Сондағы облыс әкiмiнiң Талдықорғанға шақырып, кездесу өткiзгенiн күнi бүгiнге дейiн айтып тауыса алар емеспiз.

Ал сөзiмiздiң басында ақын-жазушылардың денi Алматыда тұрады деген едiк қой. Оңтүстiк астана деп жүрген осы Алматыда бiрнеше аудан бар. Сол аудандар аумағында тұратын ақын-жазушыларын Алматы қаласының аудандарының әкiмi бiле ме екен? Менiңше, бiлмейдi. Көрiп қалса да танымас едi. Себебi сол аудан әкiмi өзiнiң аумағында тұратын ақын-жазушысының кiм екенiн де, олар немен айналысып жүргендерiнен де бейхабар деп ойлаймын.

Менiңше, Алматы қаласы рухани да астана болып саналатындықтан, әкiмi өз ақын-жазушыларын бауырына тартып, жақын бiлiсiп, ара-тұра кездесулерге шақырып тұрса, бұдан олар ұтыла қоймас деп ойлаймын.

Белгiлi бiр ауданның әкiмi өз аудан аумағында тұратын ақындары мен жазушыларын iздеп жатар болса, тауып алу да еш қиындық келтiре қоймас едi. Себебi Қазақстан Жазушылар одағы осы Алматы қаласында. Солармен хабарласып, өз ақындары мен жазушыларын (телефондар анықтамалығы арқылы) оп-оңай тауып, бастарын қоса алады. Сөйтiп олармен игi шаралар (кездесулер, т.б.) ұйымдастырған болар едi.

Шәймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ