ОРЫС МЕКТЕПТЕРIН РЕФОРМАЛАУ БАСТАЛДЫ, АЛ БIЗДЕ ШЕ?

ОРЫС МЕКТЕПТЕРIН РЕФОРМАЛАУ БАСТАЛДЫ, АЛ БIЗДЕ ШЕ?

ОРЫС МЕКТЕПТЕРIН РЕФОРМАЛАУ БАСТАЛДЫ, АЛ БIЗДЕ ШЕ?
ашық дереккөзі

Бiзде ұлттық мәселе – мемлекеттiк тiл жайында әңгiменiң ұшығы шықса болды, «Лад» славян қозғалысының өкiлдерi байбаламға салатынды шығарды. Мәселен, «Ладтың» тағы бiр мүшесi Максим Крамаренко Мәскеуде өткен орыс тiлiнiң мәртебесi жөнiндегi халықаралық конференцияда жасаған баяндамасында тiлге қатысты бiраз кереғар пiкiр айтқан.

– Қазақстанда 1990 жылдың аяғында тiлдiң жағдайы мына көрсеткiштен айқын бiлiндi. Айталық, сол жылдары қазақтардың 40 пайызы ғана қазақ тiлiнде, тiптi, ауызекi тiлде сөйлей алмады. Сондықтан да бүгiн қазақ зиялыларының қазақ тiлiнiң жауы – орыс тiлi деп айтуы бекер емес», – дептi. Қазақстандағы орыс, славян ұйымдары құрылған күннен бастап-ақ қостiлдiлiктi қолдап, яғни, орыс тiлiнiң мемлекеттiк тiл болуы үшiн күресiп, биiк мiнберлерден айтып қалуға тырысты. Олар мысал ретiнде бiрнеше мемлекеттiк тiлi бар Финляндия, Швейцария, Бельгия елiн алға тартып, солардың тәжiрибесiн Қазақстанда жүзеге асырсақ деген пиғылдарын да еш жасырмады. Сондай-ақ, Крамаренко: «Қазақстаннан шамамен екi жарым миллиондай орыстiлдi отандас көшiп кеттi. Нәтижесiнде әлеуметтiк-демографиялық жағдай мынадай болды: «Егер 1990 жылдары Қазақстанда 38 пайыз орыстар болса, қазiр 26 пайызға азайды. Ал қазақтар 42 пайыз болса, дәл қазiр 58 пайызға өстi. Славян және ресейлiк этнос өкiлдерi 10 пайыздан 5 пайызға кемiдi» дейдi.

Алайда, елiмiздегi бiлiм ұяларының 50 пайызы орыстiлдi, ал қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының 60 пайызы орыс тiлiнде басылып шығады. «Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл» болып жарияланса да, әлi күнге орыстiлдiлердiң дәуренi болып тұр. Оның үстiне Назарбаевтың: «…Орыс тiлi халықаралық мәртебеге ие әрi ақпараттық кеңiстiктi кеңейтедi. Сондықтан орыс тiлi бүгiн де, ертең де ауадай қажет» деген сөзiн алға тартудан жалықпайды. Бұл бұл ма, қазақ тiлiне бет бұрған кезде қазақтiлдi мектептi бiтiрген түлектер Ресейдiң жоғары оқу орнына түсе алмайды, екiншiден, орыс мектептерiнiң бiлiм көрсеткiшi төмендейдi. Сосын орыс тiлiнiң қолдану аясының тарылуына жер-су аттарын қазақшалау да әсер етедi. Мәселен, «кейбiр топоним атаулары орыс тiлiнiң тiлдiк нормасына қайшы келедi» дейдi де, кезiндегi Чимкент қаласы Шымкент болып өзгертiлдi. Негiзi «Ш» әрпiнен кейiн «ы» емес, «и» жазылуы керек, топоним бұл күйiнде орыс тiлiн шатастырады. Сондықтан Ресей Қазақстан аумағындағы орыс тiлiнiң заңдылықтарын сақтау үшiн тез арада келiсiмшарт жасау керек. Және бұл келiсiм тек Ресей және орыс тiлi үшiн ғана емес, бүкiл посткеңестiк мемлекеттерге қажет» деп бiр қояды. Айтса, айтсын. Бiрақ бiр кездерi Ресейдiң қоластында болған Балтық жағалауы мен посткеңестiк елдер де жоғын түгендеп, саясатта тақымын қыса бастады. Неге десеңiз, ағымдағы жылдың бiрiншi қыркүйегiнен бастап Эстония мемлекетi бiлiм ұяларын орыс тiлiнен бiртiндеп эстон тiлiне бағыттап жатыр. «Мектеп реформасы – 2007» бағдарламасы аясында эстон-орыс тiлiндегi пәндер 60х40-ты құрайтын болады. Ендi 10-сынып оқушылары жаңа оқу жылынан бастап эстон әдебиетi пәнiн өз тiлiнде оқитын мүмкiндiкке жеттi. Көптеген мектеп әлi бұның қатарына бiрнеше пәндi енгiзудi көздеп отырғанға ұқсайды. Ал тiл инспекциясы эстон тiлiн жетiк бiлмегенi үшiн 17 мұғалiмге айыппұл салған. 2003 жылдың қазанынан бастап 2007 жылдың наурыз айына дейiн 39 мұғалiмнен арнайы емтихан алынып, 12-сi жұмысынан босатылды. Ондаған мұғалiмге алдын-ала 100-200 крон, одан сорақысына 300-1200 крон айыппұл салынған. Эстонияның Бiлiм және ғылым министрiнiң вице-канцлерi Катри Райктiң айтуынша, реформалық өзгерiстiң нақты жоспары әзiрге жоқ. Бiздiң ары қарай қалай қадам басатын баспалдағымыз осы күзде белгiлi болуы мүмкiн. Әуелi бiз бұны мұғалiмдермен, оқушылармен бiрге талқыға саламыз, содан кейiн ғана Эстон үкiметi арнайы шешiм шығарады» дейдi. Алайда, барлық пәндi аяқастынан эстон тiлiне ауыстыру қиын шаруа екенi белгiлi. Не де болса, оқушы қауым бұдан соншалықты қинала қоймас. Өйткенi, оқулықтың 80 пайызы мемлекеттiк тiл —эстон тiлiнде басылып шығуда. Алдын-ала болжам бойынша, бағдарлама шамамен бiр жыл iшiнде өз нәтижесiн бередi деп күтiлуде. «Ээсти Экспресс» басылымында оқымысты-ғалым, египтолог Сергей Стадников: «Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жаңа министрi Тынис Лукас орыс тiлiнiң аясын тарылтуға дереу кiрiсiп кеттi. Мектептегi пәннiң 60 пайызы мемлекеттiк тiлде оқытылады. Дегенмен, Эстонияда тұратын 60 мың орыс азаматын да ұмытпауымыз керек» дегендi қағытып өтедi. Бүгiнде эстон тiлiндегi оқулықтар мен әдеби кiтаптарды шығаруға қаржы қарастырылып, тiптi, оқушы қолына тиiп те үлгерген. Бiрақ әр жаңа басталған шараның кемшiлiгi болатыны секiлдi, эстон тiлiн жетiк бiлетiн бiлiктi мұғалiмдердiң аздығы керi әсерiн тигiзiп, көлденең шығып отыр. Егер эстон тiлiн бiлетiн маман болмаса, сабақ кезiнде орыс тiлiн эстон тiлiне аударуды мойнына алатын аудармашы қызметiне ақша бөлу жобасы да сөз болуда. Ал ата-ана оқудың қиындап кететiнiн айта келiп, «Қазiр орыс мектебiн бiтiрушiлер эстон тiлiнде дәрiс алатын жоғары оқу орындарына түсiп-ақ, сол тiлде тәмамдап жатыр. Бұл сонда тiлдi дамыту болып табылмай ма?» дегендi алға тартады. Бұл пiкiрмен барлық ата-ана келiссе де, елдiң саясаты мүлдем басқа.

Сол сияқты Украина да орыс тiлiне соғыс жариялады. Олар да украин тiлi украин халқының мемлекеттiк тiлi екенiн түсiндi. Мәскеуде өткен «Орыс тiлiнiң шетелдегi мәртебесi» атты конференцияда ТМД, Балтық жағалауы елдерiнен елуден астам делегат қатысып, «Орыс тiлiнiң Украинадағы хал-ахуалы» деген тақырыпта ой бөлiстi. Статистика Украинада орыс тiлiнiң басына бұлт үйiрiлгенiн айғақтайды. Мәселен, Киевте 2,6 миллион адам тұрса, оның 600-мыңы оқитындар, 160 мың бала – орыс тiлiн «ана тiлiм» деп санайтын орыстiлдi отбасы балалары. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1990 жылдары Киевте орыстiлдi 504 мектеп болса, бүгiн соның 7-уi ғана қалған. Ал Севастополь қаласында халықтың 90 пайызы орыс тiлiн «туған тiлiм» деп санаса да, хабар тарататын радио жүйесiндегi 18 сағаттың бiр сағатын ғана орыс тiлiне бөледi екен. Қысқасы, Украина президентi Ющенко: «Украинада аймақтық тiл жоқ. Тек бiр ғана мемлекеттiк тiл – украин тiлi бар» деген жалынды ұран тастады.

Жан-жағымызға мойнымызды бұрып қарасақ, әр мемлекет өз тiлiн дамыту үшiн қолдан келгенiн жасап бағуда. Ал, бiзде ше? Әлi күнге аралас мектептердi бiртiлдiлiкке бағыттау жұмысы атқарылмай келедi. Тiптi, мұғалiмдерге айыппұл салмақ түгiлi, орыс тiлiндегi пәндердi қысқартудың өзi қиынға соғып отыр. Ол аздай, елiмiздегi орыстiлдi мектептерде қазақ тiлi сағатын көбейту де әзiрге арман. Осыдан кейiн, «Неге басқа елден үлгi алмасқа?» деген ой да мазаламай қоймайды екен. Егер көздi жұмып мектептердi қазақ тiлiне көшiретiн болсақ, елдi аздыратын, ұлт пен ұлттың арасына iрiткi салатын әлгiндегiдей «Лад» секiлдi славян қозғалысы өкiлдерiнiң аузына құм құйылар ма едi. Бiрақ… бiзде бәрi керiсiнше.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ