"ГАЗ"СОҒЫСЫ "АҒАШ" МАЙДАНЫНА АЙНАЛМАҚ
"ГАЗ"СОҒЫСЫ "АҒАШ" МАЙДАНЫНА АЙНАЛМАҚ
РЕСЕЙ САЯСАТЫ КӨРШI ЕЛДЕРДIҢ ЗЫҒЫРДАНЫН ҚАЙНАТУДА
ХХ ғасырдың жетпiсiншi-сексенiншi жылдарында Кремль билiгiндегi кәрi коммунистер Батыс Еуропаға "Дружба" мұнай құбырының тартылуын КСРО-ның сыртқы саясаттағы ең үлкен табысы ретiнде бағалаған болатын. Қоғамды да осыған күмәнсiз сендiрдi. Тiптi, университетте ұстаздарымыздың бiрi бұл құбырдың маңызын Ұлы Отан соғысындағы жеңiспен пара-пар бағалағаны да есте.
Ол ол ма, сол жылдары зауыт-фабрикалары, электр станцияларының жұмысын түбегейлi орыс шикiзатын пайдалануға бағыттап, қайта құрған еуропалықтарды болашақ қиындықтар мен Кремльдiң ойыншығына айналудан сақтандырған АҚШ қайраткерлерi мен сарапшыларының атына Кеңестер елiнде ауыр қарғыстар да айтыла бастаған-ды. "Қырғи-қабақ" соғыстың ауыр әсерi едi мұның бәрi.
Дегенмен, арада ұзақ жылдар өткен соң Ресей энерготасымалдаушы шикiзатты Еуропа елдерiне экономикалық, саяси қысым жасаудың стратегиялық қаруы ретiнде қолдана бастағаны аңғарылып отыр. Әсiресе соңғы жылдары әлемде "газ" соғысы деп аталып жүрген әрекеттерге жиi ұрынатыны байқалуда. Газдың көмегiмен әуелi Украинаға, одан соң Польшаға қысым жасауға әрекеттенген Ресейдiң өркөкiрек, тоңмойын саясатының зардабынан Грузия да тыс қалмағаны мәлiм. Ендi өткен жылдан берi қарай Кремльдiң кәрiне осыған дейiн өздерiмен әмпей-жәмпей болып келген Белоруссия iлiгiп отыр. Бұған дейiн одақтас мемлекеттер болып саналып келген, Ресейдiң рублi аймағында күн кешкен бауырлас, дiндес екi елдiң арасынан қара мысықтың жүгiрiп өтуi де осы газ мәселесiне тiкелей байланысты едi.
Ресей қашанғысындай өзiнiң қамал бұзар қаруы ретiнде пайдаланатын алпауыт "Газпром" мемлекеттiк компаниясының қолымен от көсеуге бел буды. Ал аталмыш компанияның ту сыртында Кремль билiгiнiң жуан жұдырығы жасырынып тұрғаны жұртқа ежелден-ақ мәлiм.
Кикiлжiң нелiктен басталды?
Ресей мемлекетi Еуропаға газ-мұнай жеткiзудiң аса маңызды бағыты болып табылатын Белоруссиядағы газ құбырларының иесi ретiнде "Белтрансгаз" мемлекеттiк компаниясын өз меншiгiне алып, бауырына басуға ұмтылған-ды. Көмiрсутектi шикiзат қорына онсыз да бай алып ел газды Еуропаға транзиттiк тасымалдаудан әжептәуiр пайда тауып отырған ресми Минскiнiң уысындағы майлы жiлiкке сiлекейi шұбырумен келедi. Кiсiдегiнiң қолындағы жылтыраққа қызғана қарайтын, iштар Кремль басшылығы Белоруссияның билiгiнде табанды, өжет Александр Лукашенко тұрғанда бұл жоспары орындалмайтынын, үкiлеген үмiттерi жүзеге аспайтынын анық аңғарды. Сондықтан "Газпром" биыл жазда алдын ала жасалған келiсiмдердiң бәрiн табанға таптап, күтпеген жерден Белоруссияға сатылатын газдың бағасын күрт қымбаттатып, ол ол ма, берiлетiн газдың көлемiн екi есеге дейiн азайтып жiберген. Әуелде бiраз қарсылық танытқан ресми Минск бұл жағдайға амалсыз келiскен едi. Бiрнеше жылдан берi Батыс елдерiмен жүз шайысып, халықаралық аренада, әсiресе Еуропада жапа-жалғыз қалған Белоруссияның ауыр хәлiне халықаралық қауымдастық онша назар аудара қоймағанмен, Ресейдiң бұл қадамдары құптарлық жайт емес болатын. Еуропа сондықтан жағдайдың бұдан әрi қалай өрбитiнiн салғырт бақылаушы ретiнде ғана қала бердi. Есесiне, таяуда Александр Лукашенко өз елiнiң рубль аймағынан шығатынын мәлiмдедi.
Ендi екi ел арасындағы "газ" соғысының екiншi кезеңi басталғалы отыр.
2006 жылдың қысында "Газпром" және "Белтрансгаз" компаниялары ұзаққа созылған келiссөздердiң нәтижесiнде бiрқатар мәмiлелерге қол жеткiзген-дi. Аталмыш келiсiмдер бойынша Белоруссияға сатылатын газдың бағасы бiрте-бiрте көтерiлiп, төрт жылдан кейiн — 2011 жылы белорустар көгiлдiр отын үшiн кез-келген еуропалық мемлекеттер деңгейiнде халықаралық бағамда ақша төлеуге мiндеттенген.
Мұндай жеңiлдiктер Мәскеу мен ресми Минск одақтас мемлекет құрып, 2011 жылға қарай алпауыт "Газпром" байғұс "Белтрансгаздың" 50 пайыз акциясын өз меншiгiне алуының негiзiнде жүзеге асырылуға тиiс-тұғын. Әйткенмен алдағы қыста екi ел арасында тағы да кикiлжiң мен дүрдараздық қалыптасуы ықтимал. Минск бұрынғы келiсiмдерге сәйкес 1 мың текшеметр газдың бағасы 130 доллардан қымбат болмауын талап етсе, "Газпром" басшылары бiр бармағын iшiне түйiп отыр. Әзiрше сөзбұйдаға салып, бас шұлғыған сыңай танытқанмен, алдағы қыстың қалай боларын күтетiн iспеттi. Биылғы жаздың айрықша аптап, ми қайнатқан ыстығынан кейiн, келер қыс қатал, суық болады деп болжамдайтын сұры бар. Яғни, өндiрiстi Еуропа газды әдеттегiден артық пайдалануы мүмкiн. Мұндай жағдайда "Газпром" Белоруссияға экспортталатын газдың көлемiн анағұрлым қысқартып, бағасын да күрт өсiруге дайын. Оның үстiне томырық мiнез, ожарлау Александр Лукашенконың жоғарыда айтылған шешiмi отқа май құя түскенi сөзсiз. Қалай десе де, алдағы күзде өтедi деп белгiленген келiсiмдер аса қиын болатыны әлден-ақ белгiлi.
Кейiнгi жылдары Еуропа нарығына берiк табан тiреген "Газпром" компаниясы осы елдердегi түрлi электр станциялары, газ таратушы компанияларды өз меншiгiне алуға күш жұмсап отыр. Жақында "Таймс" газетi: "Орыстар Англиядағы электр станцияларын меншiгiне алу үшiн келдi", — деп жазғаны осының айғағы. Англияның бұқаралық ақпарат құралдары соңғы уақытта жиi дабыл қаға бастағаны байқалуда. Олардың қауiптенуi түсiнiктi де, "Газпром" соңғы кездерi немiстiң E.ON компаниясының Германия, Венгрия және Англиядағы активтерiн алу жолында үлкен күш-жiгер жұмсаған. Автриялық OMV корпорациясының венгерлiк MOL мұнай-газ компаниясының 18,5 пайыз акциясын астыртын сатып алуының өзi Батыс Еуропа елдерiнде айтарлықтай алаңдаушылық туғызғаны белгiлi. Олар осынау жабық келiсiмдердiң тасасында орыстар тұр деп қауiптенедi. Мұнысы бекер де емес. Вена ұзақ жылдар бойы бейтарап саясат ұстанғанымен, көп жағдайда бұл мемлекет Кремльдiң астыртын сойылын соғатыны құпия болудан қалғалы қашан. Тiптi, Дунай жағасындағы осы бiр әсем қаланы орыс тыңшыларының Еуропадағы ұясы деседi. Расында 2-шi дүниежүзiлiк соғыстың құпия нәтижелерiнiң бiрi — Австрия жағдайы. Бәлкiм, болашақта, сол қырғын соғысқа қатысты аса құпия құжаттар толық ашылғанда, әсiресе, жеңiмпаз елдер — АҚШ, Ұлыбритания және КСРО-ның басшылары құпия мәмiлеге келген Тегеран, Ялта, Потсдам келiсiмдерiнiң барлық жұмбақтары толық жарияланғанда Австрияның да жасырын сыры ашылуы мүмкiн. Өткен жылы "Бритиш петролеум" және Шелл компанияларының Ресейдегi жобалық жұмыстарына мемлекеттiк бақылауды күшейтiп, кейiнгi орынға сырғытқан Кремль өзiнiң қол шоқпар компаниясының көмегiмен Англиядағы аса iрi газтаратушы Centrica компаниясын сатып ала жаздаған белсендi экспанциясы ағылшындарды үрейлендiрмей қоймауы мүмкiн емес-тi. Сондықтан да Германия мен Ұлыбритания өз жерлерiнде үшiншi елдердiң атынан астыртын инвестиция жасауға қатаң тыйым салуға шешiм шығарды. Дәл осындай шешiм бүкiл Еуроодақ бойынша қабылданатын күн де таяу.Әдетте, компаниялар арасындағы сауда — саттық, түрлi экономикалық байланыстарға либералды тұрғыдан қарайтын еуропалықтардың осыншама дүрлiккенi қалай? "Газпромның" әрбiр басқан қадамын аңдып, iс-әрекеттерiн жиi бақылап отыруларының сыры неде?
Өркениеттi, экономикасы гүлденген Батыс елдерi орыс саясаткерлерiнiң джентльмендiк келiсiмдердi оп-оңай бұза салатындығынан, бiр сәттiк пайда үшiн күдiктi қадамдарға баратын парықсыздықтары, түрлi қателiктерi үшiн өзгелердi кiнәлап үйренген екiжүздiлiктерiнен ығыр болған. Экономикалық байланыстарды мемлекеттiк саясатпен жеңiл ұштастыратын тайыздығы да алаңдатпай қоймайды. Бiздiң елiмiздегi кейбiреулер айтып, жазып жүргендей, саясат — үстiне қара май жағып, тауық жүнiне аунатылған адамдарды терiс мiнгiзетiн ағаш ат емес. Саясат — қиын, күрделi өнер. Ал орыс саясаты әдетте "Не жеңiс, не өлiм" деген жалаң тұжырыммен ғана аяқталар кезi көп. Тарихи дәстүр солай. Өйткенi, Ресейде мемлекет негiздерiнiң бiрi болып табылатын жекеменшiктiң қауiпсiздiгi дейтiн ұғым қалыптаса қоймаған, яғни орыс компанияларының жоғалтары онша көп емес. Ал ата-бабаларының сандаған ғасырлар бойы тынымсыз бейнетпен жасаған құндылықтарын көздiң қарашығындай сақтап үйренген еуропалықтардың жөнi мүлдем бөлек. Жалпы саясатты, әсiресе экономикалық саясатты тiл табысудың, елдер арасындағы байланыстар әрi пайда табудың тиiмдi құралы ретiнде қарастыратын мәдениеттi еуропалықтар соңғы жылдары орыс саясаткерлерiнiң келiсiмдердi тығырыққа, шығар жол қалмайтын тұйыққа әкеп тiрейтiн тоңмойындықтары мен демагогиясынан шаршаған сыңайлы. Олар үшiн трансұлттық корпорациялардың астыртын қолдауымен ұлттық үкiметтер жүргiзетiн экспансия ең қауiптi саясаттың нышаны. Ал Кремльге сенiм артуға болмайтынын Швециямен Ресей арасындағы қырғи-қабақтық та дәлелдейтiнi сөзсiз. Осыдан оншақты күн бұрын Швецияның Сауда министрi Свен Толгфорс мырза Еуроодақ комиссары Питер Мандельсонның атына арнайы хат жазып, Кремль саясатын қатты айыптады. Аталмыш хатта экспортталатын жұмыр ағаштар (кругляк) және целлюлозаға баж салығын салу туралы осыған дейiн қол жеткiзiлген келiсiмдердi сақтамай отырған Ресей атына өкпе-ренiш айтылған. Швеция ағашқа деген өз сұранысының оннан бiр бөлiгiн Ресей арқылы қамтамасыз етiп келсе, ал 1 шiлдеден бастап ресейлiктер алдын ала ескертусiз және еш негiзсiз түрде баж салығын екi есеге өсiрiп үлгерiптi. Бұған дейiн әр текше метр ағашқа 4 евро төлеп келген швед кәсiпкерлерi ендi 9 евро, ал 2008 жылдың сәуiрiнен 15 евро төлеуге тиiс.
Әңгiме баж салығының көлемi өсуiнде емес, гәп Ресейдiң осыған дейiн өз мойнына алған мiндеттерiн орындаудан бiр жақты түрде бас тартуында. Тұрақсыздығында жалпы, Кремль әр кезде жасалған келiсiм шарттарды еш мiндет, жауапкершiлiк жүктемейтiн құр қағаз ретiнде қарастырып, мәмiлелердi қалаған уақытында бұзып, ойларына келгенiн iске асыруға әуес. Бұдан былай Швеция Ресейдiң Бүкiләлемдiк сауда ұйымына (БСҰ) толыққанды мүше болып қабылдануына қарсы болатыны сөзсiз. Сөзiнде тұрмайтын суайт мемлекетпен ешкiмнiң iстес болғысы келмеуi заңды да. Дәп осындай өркөкiрек, ожар саясаттан айтарлықтай зардап шеккен Финляндия да Ресейдiң БСҰ-ға мүшелiкке өтуiн онша құптай қоймайтынын байқатып отыр. Финляндияның Сыртқы iстер министрi Пауло Лехтомяки мырза: "Ресейдiң БСҰ-ға мүше болуы бәрiмiзге пайдалы ғой, бiрақ келiсiмдердi бұза беретiн Ресей мәселесiн талқылап, бұдан әрi қалай қарай жылжитынымызды шешуiмiз керек", — деп мәлiмдеген-дi.
Сонымен Ресей қысқа уақытта ғана маңайындағы көршiлерiнiң бәрiмен қырғи-қабақ болып, еларалық қатынастарын ушықтырып үлгердi. Тiптi, 26 тамыз күнi Тәуелсiздiгiнiң 16 жылдығын атап өткен Молдовамен ендi қайтып көрiспестей жүз шайысты. Бұл — "шарап" соғысы деген тарихи атқа ие болып отыр.
Сонда көршi елдердiң бәрiмен дерлiк ала көзденiп, шатақтастып отырған Кремль ненi қалайды? Ресей басшыларының тұрақты сыртқы саясаты бар ма, әлде қысқа уақытқа ғана арналған амалдардың жиынтығы ма? Орыстардың өздерi жиi айтатындай, расымен жұрттың бәрi — алыс-жақын шет елдер Ресейге ата жау ма?
Әлемдiк сарапшылар мен бiлiктi зерттеушiлердiң аңғаруынша, қазiргi Кремльдiң сыртқы саясаты тым ұшқары, тайыз секiлдi. Баж салығын көтеру, басқа да төлемдердi ұлғайту арқылы Еуропаға экспортталатын табиғи шикiзаттарының бағасын қымбаттатып, сосын орыстар өз қорасындағы торайлардай көретiн ТМД елдерiне де "халықаралық бағам бойынша сатып алыңдар", — деп қатаң талап қояды. Бұлтарып, жалтақтауға жол жоқ.
Осы орайда "Новая газетаның" шолушысы Юлия Латынинаның "Клеветники России" атты мақаласы көп сырдың бетiн ашып беретiн сияқты. Осынау мысқылға толы мақаланы оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдiк.
"Мiне, Горий ауданының Цителубани елдi мекенiнiң жанына зымыран құлағанына екi апта болды, бiздiң әскерилердiң түсiндiрмелерi үстi-үстiне ағылып жатыр, ал осы оқиғаға байланысты менiң таңданысым да үстемелеп өсуде. Мiне, жақында ғана әскери әуе күштерi Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Игорь Хворов зымыранды басқа жерде жарған, ал түрлi бөлiктерiн әкелiп, қазылған орға әдейi тастаған деп мәлiмдедi. Оңтүстiк Осетияның президентi Эдуард Кокойта туралы айтар сөз де жоқ: ол, әлбетте, әуел бастан-ақ ұшақ грузиндердiкi екенiн және осетиндердi бомбылауға ұшқанын жақсы бiлген көрiнедi.
Ең таңданарлық мәлiмдеменi бейбiтшiлiк күштерiнiң командашысы Марат Құлахметов жасады, ол: "ұшақ кикiлжiң аймағына шығыстан ұшып келiп, сосын оңтүстiк-батыс бағытына бұрылып… солтүстiк-шығысқа қарай қисая ұшқан күйi авиазымыранды жерге тастап, сосын тау жаққа бағыт алды", — дедi.
Бейбiтшiлiк күштердiң командашысы Грузияның шығысында не жатқанын неге айтпады, солтүстiк-шығыстан нақты ненiң ұшып шыққанын: аққұтан немесе барылдақ торғай, болмаса Су-25 ұшқанын бiлмей ме? Мүмкiн, ол өзiнiң жауапкершiлiгiне алған аймақта нелердiң ұшатынын бiлмейтiн болар. Мүмкiн, оның қарамағындағы ұшатын нәрсе өлердей мас болып, мас күйiнде аша таяқты ғана жоғалтып алды ма екен?
Дегенмен, мен ол туралы айтып отырғаным жоқ. Мәселе мынада, қалыпты мемлекетте мұндай әрекет екi жағдайда: не өзiнiң күшiн көрсету үшiн немесе көршi мемлекеттi арандатушылығы үшiн айыптап, оған шабуыл жасау мақсатында ғана жасалады. Ал мына жағдайда генерал-лейтенант Хворов Ресейдi тағы да әлдекiмдер жәбiрледi деп мәлiмдеуi үшiн ғана зымыранды жоғалтқан сыңайлы.
Егер Кремльдегiлер Грузияны соншалықты сүймейтiн болса, ұшақты әуеге көтерiп, Грузиядағы әлдебiр радардың күл-талқанын шығарса мен түсiнген болар едiм. Егер ресейлiк десантшыларға грузиндердiң формасын киiндiрiп, Оңтүстiк Осетияның жерiнде арандатушылық жасаса, сосын "одақтасымыз үшiн кек аламыз" деп айқайлап, Грузия территориясына басып кiрсе де түсiнер едiм. Әрине, мен бұдан демократияның иiсi аңқып тұр дей қоймасым айқын. Әйтсе де келiсiңiздершi, бұл тым құрығанда Иосиф Виссарионовичтiң стилiне: бiз ұлы державамыз, не қаласақ соны жасаймыз, кiммен қаласақ сонымен көршi боламыз дейтiнiне ұқсар едi. Ал "бiздi тағы да жәбiрлеуде!" деу үшiн ғана зымыранды жерге түсiрiп алу — бұл ендi әлдебiр әскери-саяси мазохизм екенiне келiсiңiздер.
Ұлы держава — бұл жұрттың бәрi оны жәбiрлейтiн ел емес. Ол — жұрттың бәрiн өзi жәбiрлейтiн мемлекет! Маған либералдар Ресейдi сүймейдi деседi. Е, мырзалар! Ресейдi Кремль мазохистерiндей жек көру үшiн либералдарға әлi оқу және оқу керек. Ал Ресейдi тек грузиндер ғана жәбiрлеген жоқ. Мәселен, жақында коммерсанттар да жәбiрледi. Генерал-полковник Соловьевтiң мәлiмдеуiнше, олар 5-шi Котельнический тұйығындағы 11 үйдiң электр жарығын түгелдей сөндiрiп, Ресейдiң әуе қорғаныс қабiлетiне орны толмас нұқсан келтiрген көрiнедi. Оның сөзiне қарағанда, әлгi үйдiң жертөлесiнде астаның әуе қорғанысын қамтамасыз ететiн байланыс бөлiмшесi орналасса керек.
Бұл мәлiмдеме менi айрықша таңқалдырғанын мойындаймын. Егер бiз АҚШ кейпiндегi жаңа рейхқа қарсы тұрған ұлы держава және ХХI ғасырға әлемдiк лидер болатын болсақ, онда әлдебiр тұтқаны тартып қалған қайдағы бiр коммерсанттар ұлы державаның әуеге қарсы бүкiл қорғанысын қалай ғана iстен шығара алады? Ал егер әуеге қарсы қорғанысқа бұл iс ешқандай нұқсан келтiрмесе, генерал кiсi сыйлай бiлмейтiн коммерсанттармен дау-дамайда держава даңқын қисын ретiнде пайдаланып айта салса, сонда бұл генерал нелiктен әлi күнге армияның қатарында? Нелiктен оның погондарын жұлып алып, қоштасу сыйлығы ретiнде жалғыз патроны бар пистолеттi қолына ұстатпасқа? Мәскеудiң әуеге қарсы бүкiл қорғанысын управдом iстен шығара алады деп мәлiмдеген генералдан артық державаны ешкiм жәбiрлей алмайды — либералдарға ол үшiн үйрену үстiне үйрену қажет. "Петр Великийдiң" командирi Касатоновпен тiстескен бұрынғы главком Куроедов тексеру нәтижесiнде атомдық крейсер пайдалануға жарамсыз деп мәлiмдегеннен берi мұндай мағынасыздықты естiп көрген жоқпыз. Тексеру актiсiнде талай нәрсе тiркелдi, соның iшiнде каюта "қабырғасындағы портрет жалғыз шегеге iлулi тұр, бұл толқын соғып, кеме қисайғанда портреттiң негiзгi мағынасының бұзылуын әкеледi", — деп жазылған едi.
Билiк басындағы адамдардың бiздiң азаматтарымыздың бойына жарымжандық сезiмiн нелiктен сiңiретiнiн мен түсiне алмаймын. Олар нелiктен бiзге Ресейдi тағы да жәбiрледi — бiресе Грузия, бiресе Эстония, бiресе Молдова жәбiрледi деп айтатындарын да ұқпаймын. Тұтқаны бiр бұрап қалу бiздiң әуе қорғанысы жүйемiздi бiржолата iстен шығарады деп нелiктен хабарлайтынын да түсiнбеймiн. Олар "Петр Великий" туралы мәлiмдемелерiмен шет елдiң сарапшыларын шек-сiлесi қата күлуге нелiктен мәжбүрлейтiнiн де еш ұқпаймын. Менiң бiлетiнiм, ешбiр либерал топастық жөнiнен олардың қасында жiп есе алмайды". ("Новая газета", №33, 24.08.-31.08.2007 г.).
Жаңабек ШАҒАТАЙ