ҚАЗIРГI ҚАЙРАТКЕРЛЕР ЖӘНЕ КУРЯТОВТЫҢ КЕЛЕМЕЖI

ҚАЗIРГI ҚАЙРАТКЕРЛЕР ЖӘНЕ КУРЯТОВТЫҢ КЕЛЕМЕЖI

ҚАЗIРГI ҚАЙРАТКЕРЛЕР ЖӘНЕ КУРЯТОВТЫҢ КЕЛЕМЕЖI
ашық дереккөзі

Тоқсан ауыз сөздiң түбiрiн тобықтай түйiнге шарт түйiп айтатын қайран аталарымыз: «Қос кеменiң құйрығын ұстаған суға кетедi» дегендi қай ғасыр, ықылымда ғақлия қылып айтқанын кiм бiлсiн, әйтеуiр елiмiзде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан келеңсiз жағдай бұл тұжырымның өмiршеңдiгiн тағы да қапысыз дәлелдедi. Шынын айту керек, мұндай жағдай түптiң түбiнде осындай масқараға әкелiп соқпай тұра алмайтыны да заңдылық.

Әңгiме Қазақстандағы жоғары лауазымды шенеунiктер, түрлi деңгейдегi саяси қайраткерлердiң бiрсыпырасы өз туған ана тiлiнде сөйлеуге емес, қанша жетiк бiлсе де бөгделiгi аңғарылатын ресми – орыс тiлiне үнемi бастарын иiп, жөнсiз жүгiне беретiндiгiнде болып отыр. Әлгiндейлердiң бәрi полиглот, тiлдiң «майын» iшкен лингвист дей алмайсың, бiрақ күлдiбадамдатып көпiрте сөйлегенде небiр өрескел қателiктер, орашолақ ойларды бұрқырататыны ежелден белгiлi едi. Орыс тiлiнiң бiлгiрлерi мұны ұзақ уақыт байқамағансып келгенi де құпия емес.

Ендi қанды жараның аузын «Казахстанская правда» газетi аямай тырнады. Өткен сенбi күнi аталмыш газетте «Аналитический обзор» айдарымен Владимир Курятовтың «Шоу политических афоризмов» деген көлемдi мақаласы жарияланды («Каз.правда», №134, 25 тамыз 2007 ж.).

В.Курятов бiр апта бұрын болып өткен Мәжiлiс және жергiлiктi мәслихаттардың депутаттарын сайлауалды телесайыстар мен пiкiрталастар, интернет-конференцияларда, электоратпен ашық әңгiме тұсында қалыптасқан өрескел жағдайға назар аударыпты. Мақаланың аннотациясында айтылғандай, саяси қайраткерлердiң халықпен бетпе-бет ашық әңгiмелерi, ұйымдастырушылардың стильдiк жөндеулерi мен редакторлық түзетулерден өтпеген сөздерi «саяси афоризмдер шоуына» әкелiп соққан сыңайлы.

Әсiресе, мақаланың «Словарь «очепяток» және «Сам понял, что сказал?» делiнген бөлiмдерi партия лидерлерiнiң сөздерiнде орын алған қателiктер – «очепятоктарды» ашып айтуымен құнды. Орыстiлдiлердiң күлкiсiн әрi заңды ызаларын тудырған мұндай орашолақ тiркестер мен орынсыз қолданылған мағынасыз сөздерден қазiргi саяси қайраткерлердiң ешбiрi аман емес сияқты. Владимир Курятов сайлауалды сайысқа түскен жетi партияның белсендiлерi мен қайраткерлерiнiң қызыл тiлiнен шыққан қателiктерiне бекерден бекер назар аударып отырған жоқ. Сайлаулар өтедi, орыс тiлi қалады. Саясат бiр күннiң ырзығы, ал автордың ана тiлi – орыс тiлiнiң тазалығы мәңгiлiк мәселе. Әсiресе, өзге ұлт өкiлдерiнiң (саяси қайраткерлер болса да) тiлдi бұдан әрi шұбарлауына төзуге болмайтынын сезген секiлдi. Сондықтан автордың алаңдауы түсiнiктi де. Ол www.e.gov.ks. сайтында жарияланған әйел қайраткердiң: «Мы должны уметь бороться, а не играть с народом» деген пiкiрiн мазақтамаға айналдырған. Үстiрт қарағанда, көз шығарып тұрған өрескел қателiк жоқ та сияқты. Тiптi, мұның арғы түкпiрiнде: «Бiздер халықпен жасырынбақ ойнау емес, олар үшiн күресе бiлуге тиiстiмiз», – деген қазақы ой, ұғым жатса керек. Бiрақ, осы дұрыс ойды орысша айтқанда мағынасы мүлдем бұзылып, орыс тiлiнiң бiлгiрлерiне бүйректен сирақ шығарып тұрғандай көрiнген.

Одан әрi автор:

«Один из партийцев, например, использует весьма странные формулировки «старателя», говоря о соотечественниках.

– Национальная идея, – сказал он, – рождается в недрах народа.

Весьма «глубокое» наблюдение! Непонятно только, где у народа находятся недра, кто относится к этой глубинной прослойке населения и каким образом генерируется национальная идея в этих условиях?», – деп өлтiре мiнеп-шенейдi. О, байғұс партия қайраткерi-ай! «Қазақ тiлiнде сөйлесем электорат түсiнбей қалады-ау», – деп қашқақтап, ананың сүтiмен сiңбеген, бесiкте әлдилемеген жат тiлде сөйлеп жүргенде алған алғысыңыз осы ма едi?!

Ал жоғарыда В.Курятов келтiрiп отырған пiкiрдiң қазақ тiлiнде соншалықты өрескелдiгi жоқ. Бар болғаны: «Ұлттық идея халықтың қойнауынан туады», – деген орынды пiкiр. Бұл сөйлемдегi жасырын тұрған абстрактiлi зат есiмдi «халықтың (ой-санасының) қойнауында туады» дегендi әрбiр қазақ, тiптi, жас балалар да жақсы түсiнедi, тiксiнбей қабылдайды. Тiптi, өз ойын орысша орашолақтандырып жеткiзiп, күлкiге қалған белгiсiз саяси қайраткер де солай ойлап, тiкелей тәржiмалағаны байқалады. Ал орыстiлдiлер үшiн бұл өрескел қате, асқан сорақылық.

Сондай-ақ, мақала авторы ендi бiр тұста шетелдiктердiң Қазақстан балаларын асырап алуы туралы өз ойын бiлдiрген саясаткердiң:

«– Что такое сирота? Это – наше будущее, это – наши дети», – деген сөздерiн де келекелеп, әбден сiлiкпесiн шығарыпты. Орыс тiлiнде мазаққа айналған бұл сөздер де қазақ тiлiнде жалпыға бiрден ұғынықты. Яғни, «Жетiмдер дегенiмiз кiмдер? Олар – бiздiң балаларымыз, бiздiң болашағымыз», дегендi айтып тұрғаны айқын. Бар баланы өз баласындай көретiн бауырмал, мейiрбан қазақ үшiн бұдан асқан терең ой, асыл сөздер болмайтыны сөзсiз. Ал орыстiлдiлер мұны: «Апырай, мына кiсi өз баласын болашақта жетiм қалдырмақ па?» деп қабылдайтыны сияқты.

Мақалада осындай және бұдан басқа да өрескел кемшiлiктердi «Руханият», Патриоттар партиясы және ЖСДП-ның басшылары мен өкiлдерi жiбергенiн айтқанмен, В.Курятов олардың атын атап, түсiн түстей қоймапты. Онысына рахмет! Әйтпесе биiк мiнберлерден үнемi орыс тiлiнде сайрайтын талай саясаткерлер мен шен-шекпендi шенеунiктердiң күлдiбадамдары ашылары айқын. Ол ол ма, осындай «очепятоктар» сөздiгiн жасағысы келген, ана тiлдерi – орыс тiлiнiң шынайы тазалығы үшiн жаны күйзелетiн адам болса, қазақтың биiк шендi шенеунiктерi мен қайраткерлерi, партия белсендiлерiнiң сөздерiнен мысалды көптеп табатынына күмән жоқ. Келемеж бен күлкiнiң көкесi сонда болар едi.

Күркiреп өткен сайлауға қатысқан елiмiздегi жетi партияның басшыларының бәрi дерлiк қазақтар. Олардың басым бөлiгi, тiптi, барлығы дерлiк қазақша ойлап, сөйлем түзiп, сосын ел алдында көбiне орысша жеткiзуге әбден әдеттенiп алған. Дiлi, қатып қалған қасаң түсiнiктерi сондай. Ресми тiлде сөйлемесе электорат өздерiн ұға, қабылдай алмайды деп iштей үрейленедi. Тiптi, елiмiзде қазақтардың саны тұрғындардың 62 пайызына жеткенiн де есепке алғылары келе қоймайтыны өкiнiштi. Сөз жоқ, саяси қайраткерлерiмiздiң бiразы «Сам дурак!» деген принцип бойынша әлгi Владимир Курятовқа: «Әуелi өзiң қазақша сөйлеп көр! Әуселеңдi сонда көрейiн», – деп қарсы уәж айтулары мүмкiн. Бiрақ шын мәнiнде олай деуге ешбiрiнiң құқы жоқ. Өйткенi, олардың кiндiгi бөтен тiлге – орыс тiлiне байланып қалғанына, «Қолдары көтере алмайтын шоқпарды белiне байлағандарына» Курятов кiнәлi емес. Ол тек орыс тiлiнiң алдындағы азаматтық парызын өтеушi. Ана тiлдерi – қазақ тiлiн менсiнбеу, орыс тiлiне орынды-орынсыз жүгiну саяси қайраткерлерiмiздiң бiразын осындай күлкiге қалдырып отыр. Бұл – алғашқы қоңырау ғана! Бұдан былай осындай мазақтамалар мен келемеж көбейе түспесе, еш кеми қоймас. 2005 жылы елiмiздегi Президент сайлауы қарсаңында сонау Киевтен Қазақстанға арнайы келген украиндық «Пора» қозғалысының өкiлдерi бiздегi оппозиционерлермен жолыққанда: «Өздерiң қазақ тiлiнде сөйлемейсiңдер. Бiлмейсiңдер. Сөйте тұра бұл елге қалай билiк жүргiзбексiңдер? Оларыңнан түк шықпайды ғой», – деген мәнзелде сын айтып, сол күнi өз елдерiне қайтып кеткен көрiнедi.

Шынында да халықтың басым бөлiгiнiң ана тiлiнде жүргiзiлмеген үгiт-насихат адамдардың жүрегiне жол таппайтынын партия жетекшiлерi мен белсендiлерi мойындағанда ғана олардың партиялары ел алдында бедел жинай алады. Қазiргi заманда, әрбiр ұлттың саналы азаматтары «Бiз кiмбiз? Қайдан шықтық? Қайда барамыз?» деген өмiрлiк сауалдарға жауап iздеп отырған кезеңде, сондай-ақ ана тiлiнiң тазалығы, оның болашағы үшiн жандары шырқырап жүргенде өзге тiлде жүргiзген үгiт-насихат арқылы саяси күресте ешкiм жеңiске жете алмайды. Әсiресе, алаш жұртында! Кең-байтақ Қазақстанға атын берiп отырған қазақ жұрты абстрактiлi электорат емес, осы елдiң ең белсендi азаматтары! Осыны ұмытпаған абзал.

Жаңабек ШАҒАТАЙ