«КӨЗIРЛЕР» ТАҒЫ ОРЫН АУЫСТЫРДЫ
«КӨЗIРЛЕР» ТАҒЫ ОРЫН АУЫСТЫРДЫ
Күз жақындағанда, Ақ Ордадан кадрлық ауыс-түйiстер туралы жаңалық күтетiнiмiз заңдылық болып қалыптасты. Бұл жолы да сарапшылардың түйсiгi «алдамапты»: екi бiрдей министр, екi бiрдей облыс әкiмi қызмет ауыстырды. Бiрақ жаңалықтың «көкесi» – «Самрұқ» мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi холдинг төрағасының ауысқаны болды. Себебi, бұл өзгерiстi билiктегi алпауыттардың теке-тiресiмен байланыстыратындар көп.
«САМРҰҚТЫҢ» ТӨРАҒАСЫ НЕГЕ АУЫСТЫ?
«Самрұққа» жаңа төраға тағайындалды. Ол – Қанат Бозымбаев. 38-ге ендi шыққан Қанат Бозымбаев мамандығы бойынша – экономист. ТМД-ның еңбегi сiңген энергетик маманы деген атағы да бар. Энергетика, индустрия және сауда министрiнiң орынбасары, «KEGOC» компаниясының президентi, сосын Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының директорлар кеңесiнiң төрағасы болған.
Қанат Бозымбаевтың «Самрұққа» келуi оның iшiнен «Самрұқ-Энерго» компаниясын ашумен байланысты. «Самрұқ-Энерго» құрамына барлық мемлекеттiк ГРЭС, ГЭС-тер кiредi. Тимур Кұлыбаев ресми түрде «Самрұқ» холдингiнiң басқарма төрағасы орынбасарлығынан босатылды. Бiрақ жаңадан тағайындалған Қанат Бозымбаев арқылы ол холдинг жұмысына ықпал етуiн жалғастырады деген пiкiр бар.
Ал бұған дейiн холдингтi басқарған Сауат Мыңбаев энергетика және минералды қорлар министрi болып тағайындалды.
Сауат Мыңбаев 45-те. Мәскеудегi Ломоносов атындағы университеттi бiтiрген. Тоқсаныншы жылдардың ортасында билiкке келген жас толқын – «жас түркiлердiң» бiрi. Кезiнде Ауылшаруашылық министрi болған. Премьер-министрдiң орынбасарлығы және Индустрия мен сауда министрi қызметтерiн қатар алып жүрдi.
Сауат Мыңбаев жаңа қызметке тағайындала салысымен, Елбасы қабылдауына шақырылды. Президент «Самрұқ» холдингiнiң жұмысы жөнiнде бұрынғы төрағадан есеп алғанға ұқсайды.
Бақытқожа Iзмұхамедов энергетика және минералды қорлар министрi қызметiнен босап, Батыс Қазақстан облысының әкiмi болып тағайындалды.
Елбасы жарлығымен Нұрғали Әшiмов қызмет орнын ауыстырып, Батыс Қазақстан облысының әкiмдiгiнен босап, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болды.
Нұрғали Әшiмов қазiр 47-де. Бұған дейiн Батыс Қазақстан облысын басқарған. Жаңа әкiмдi облыс активiне таныстырып тұрып, Кәрiм Мәсiмов Өмiрзақ Шүкеевке жақсы жұмыстары үшiн алғыс бiлдiрдi. Ол келесi жылдың бюджетiн арттыруға зор үлес қосты. Өмiрзақ Шүкеев облыс әкiмiне вице-премьерлiкке көтерiлдi. «Ол ОҚО-да сiздермен тiзе қоса отырып, көп iс тындырып үлгердi» дедi премьер.
ОҚО дамуына Үкiмет көп көңiл бөлiп отыр. Президент айтқан 100 мектептiң 39-ы оңтүстiк аймақта салынуы тиiс. Мақта өндiру саласын технологиялық тұрғыдан дамытуға және өнеркәсiптiк кәсiпорындарға көңiл бөлiнбек. Сондықтан ендi Батыстан өтiп, Оңтүстiктен бiр-ақ шыққан Нұрғали Әшiмовтiң қызметiне тiгiлген көз де, айтылар сын да көп болмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлжан Қарағұсова қызметiнен босап, оның орнына Бердiбек Сапарбаев тағайындалды. Ал Гүлжан Қарағұсова депутаттық орынтаққа жайғасты. Министр болып тұрғанда көп құлақ аса қоймаған «депутаттық сауалдарды» ендi Үкiметке қарай өзi «төпелететiн» шығар?!.
Бердiбек Сапарбаев биыл елудiң төртеуiне шықты. Сапарбаевтың шенеунiк ретiнде аты шыққан, беделi өскен тұсы – әуелi Қызылорда облысының, одан кейiн Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болып тұрған кезi. Одан кейiн Кедендiк бақылау агенттiгiнiң төрағасы, вице-министр, Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағасы болды. Соңғы қызмет орны – Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрiнiң орынбасары.
РАХАТТЫҢ ОРНЫН КIМ БАСАР?
Рахат Әлиевтiң үстiнен қылмыстық iс қозғалуы саяси сахнада бiраз кадрлық өзгерiстер жасауға мәжбүр еттi. Қазақстанның Австриядағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi болып және Венадағы халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның тұрақты өкiлi болып Қайрат Әбдiрахманов тағайындалды. Бұған дейiн ол Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары болған. Мамандығы – тарихшы, ағылшын тiлiне жетiк.
Бұған дейiн Қайрат Әбдiрахманов Мәскеу экономика-статистика институтын бiтiрген, экономика ғылымдарының кандидаты. Оның алдында «Intergas CentraI Asia» ЖАҚ бас директоры, «Қазтрансгаз» ЖАҚ президентi, Энергетика және минералды қорлар министрiнiң бiрiншi орынбасары болған.
Рахат Әлиевтiң үстiнен қозғалған iске байланысты тағы бiр жайт анықталды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевқа iздеу жарияланды. IIМ баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтiң айтуынша, Мұсаевтың Темiрәлиев пен Хасеновтың ұрлануына тiкелей қатысы бар.
Қазақстанның футбол федерациясының жаңа президентi болып Әдiлбек Жақсыбеков сайланды. Онымен бiрге федерация атқарушы комитетiнiң мүшелерi де қайта сайланды. Бiлетiндердiң айтуынша, футбол жанашырларының бұл қызметтi Әдiлбек Жақсыбековке сенiп тапсыруы оның Президент Әкiмшiлiгi жетекшiсi қызметiн атқаруымен тiкелей байланысты көрiнедi. Жақсыбековтiң өзi жаңа қызметтiк мiндетiн қабылдап тұрып, былай дедi: «Ең бастысы, футбол жалпыға ортақ болуы керек, оған кәрi демей, жас демей, әйел-еркек демей – бәрi қатысуы керек». Осыған қарағанда, Қазақстандағы жақын болашақта ересектер, балалар футболымен қатар әйелдер футболы да күрт дамыйтын шығар. 53 жастағы Әдiлбек Жақсыбеков 2000 жылдан берi Астана қаласының футбол федерациясын басқарады.
Рахат Әлиев аттай жетi жыл басқарған қызметiнен «сырттай» босатылды.
СЕГIЗ «СЕРКЕ» СЕНАТОР
Президент әдеттегiдей сегiз сенаторды өз жарлығымен тағайындады. Олар: Оралбай Әбдiкәрiмов, Әдiл Ахметов, Ғарифолла Есiм, Ғани Қасымов, Болат Жылқышиев, Төлеген Мұхамеджанов, Александр Судьин, Юрий Цхай.
Бұл тағайындаулардың iшiнде Оралбай Әбдiкәрiмовтың, Ғани Қасымовтың сенаторлыққа тағайындалуы жоғарғы палатадағы сегiз орын Президенттiң «запастағы «көзiрлерiнiң» уақытша бекетi ме деуге негiз бар. Себебi бұрынғы мемлекеттiк хатшы, ал соңғы кезде Президенттiң кеңесшiсi болған Оралбай Әбдiкәрiмовтiң Сенатқа баруы анау айтқандай құбылыс туғыза қоймас. ОҚО бұрынғы әкiмi Болат Жылқышиевтiң, бұрынғы Мәжiлiс депутаты Төлеген Мұхамеджановтың, Ғарифолла Есiмнiң «сенатор» болуы бұған дейiнгi атқарған жұмыстарының «жемiсi» деп қалдық. Ал, «Патриоттар» партиясының төрағасы Ғани Қасымовтың Президенттiң сенiмдi адамы екендiгiне дау жоқ. Өзi 100 пайыз «Нұр-Отан» партиясынан тұратын Парламентте Президенттiң саясатына қолдау бiлдiретiндер онсыз да жетерлiк. Ендеше, Қазақстан-Британ техникалық университетiнiң ректоры Әдiл Ахметов, Қазақстан кәрiстерi қауымдастығы төрағасы Юрий Цхай, Президент әкiмшiлiгiнiң кадр жұмысы жөнiндегi бөлiм басшысы Александр Судьиндер үшiн депутат болу жеке бастары үшiн жаңалық болса да, олардың депутат болуы ел өмiрiне жаңалық әкеле қоймас.
Гүлбиғаш Омарова