Жаңалықтар

ҚАЙРАН АҒАЛАР-АЙ! НЕМЕСЕ ЕРДIҢ ҚАДIРI КЕТКЕНI МЕ?..

ашық дереккөзі

ҚАЙРАН АҒАЛАР-АЙ! НЕМЕСЕ ЕРДIҢ ҚАДIРI КЕТКЕНI МЕ?..

Ауладағы құм төгiлген алаңқайға сол маңның бар баласы жиналып мәре-сәре. Сәбилердiң бiрiн анасы, бiрiн әжесi, ендi бiрiн бала күтушi әйелдер жетектеп, өбектеп жүр. Күнде осылай… Кiшкене баламды күтiп уақытша үйде отырған мен де бөбегiмдi осында ойнатамын. Бұл сырт көзге бала бақшаның сәбилердi серуенге алып шыққан тәрбиешiлерiн елестеткендей… Тек арамыздағы бiр жиенiн бала арбасына салып, екiншiсiн қолына жетелей жететiн «арпа iшiнде бiр бидай» орта жастағы отағасы болмаса…

Айтуынша, қызы бiлдей бiр шетел компаниясында қызмет iстейдi, күйеу баласының да табысы жаман емес, ал әйелi жоғары оқу орындарының бiрiнде басшылық қызметте. Қысқасы, ауқатты отбасы қатарында.

Бiр күнi кешкiлiк қасымызға ағайдың қызы келдi. Келдi де: «Папа, Аңсарды тосып алсаңшы?!» деп өтiнiш пен бұйрық аралас тiл қатты. Ағада үн жоқ. Бүкшеңдей жүрiп, қызының бұйрығын орындай сала сәбидi жетектеп жүре бердi. Осы сәттi пайдаланып:

— Айым, неге бала күтушi алмайсың? Менiң бiр жақсы танысым бар. Әкең шаршайды ғой, оның үстiне жұмысқа шықпай ма? — деп сұрақ қойып үлгердiм.

— Папамның табысы аз болған соң, мамам: «Одан да бала бағып, үй шаруасымен айналыс!», — деп жұмыстан шығарып алған. Не дерiмдi бiлмей, аңтарылып тұрып қалдым. Құдай қосқан қосағы, балаларының әкесi, ер-азаматты ақшаны аз табасың деп кемiткен, бейтаныс әйелге деген жек көру сезiмiн отбасылық матриархатқа бас иiп, таңертеңнен кешке дейiн бала бағып, жаялық жуып, салпақтап жүрген ағайдың қылығына намыстану сезiмi басып бара жатты… Көз алдымда алыс ауылда, малын жайғап болған соң немерелерiн жинап алып, ертегi айтып отырған ата елестедi.

Көп өтпей, ағайдың қызы қазiргi зәулiм үйлердiң бiрiне қоныс аударды. Мен жұмысқа шықтым. Күнделiктi күйбiң тiрлiкте ол кiсi есiмнен де шығып кеткендей едi… Тек, автобуста келе жатып, кездейсоқ көше бойына бала арбасын сүйреп, екi бiрдей сәби жетектеп бара жатқан орта жастағы отағасын көрмегенде…

* * *

Көшенiң арғы бетiндегi бес қабатты үйде тұратын көкенi көптен танимын. Менiң ұлым демалыс күндерi ол кiсiнiң жиенiмен бiрге ойнайды. Кейде кездейсоқ, көк базарда, азық-түлiк дүкенiнде кездесiп қалып жүремiз. Қашан көрсеңiз де, дәу қара сөмкесi қолынан түспейдi. Бiр күнi:

— Аға, сiз қайда жұмыс iстейсiз?, — деген сұрағыма:

— Жұмысқа алмайды бiздi, «кәрiсiң» дейдi. Құрылысқа да алмайды «құлап кетесiң» деп… Мен сол үй шаруасындамын ғой. Әйел де, қыз да — банкте жұмыста. Тамақ iстеймiн солар келгенше… кiр жуамын, — дегендi айтты. Күмiлжiп, көзiмен жер шұқып тұрып, зорға айтты. Мен де одан әрi қазбаламадым. Бала күнiмiзде көзiмiзге асқар таудай болып елестейтiн аяулы әке, қамқоршы аға жайындағы түсiнiгiмдi аядым…

Үйге кiре сала, ас үйдегi радиоқабылдағыштың құлағын бұрап едiм, жүргiзушiнiң:

— Күншығыс елiнде ең алдымен отбасылы ер адамдарды жұмыспен қамтамасыз етедi екен,— дегенiн естiп, таңқалмасқа шарам қалмады.

Жапондар мен қазақтардың түр ұқсастықтары тағы бар ғой.

Ал, өмiрге көзқарасымыз осындай екi бөлек болса, амал қанша.

Ғалия БАҚБЕРГЕНОВА, журналист