САБЫРХАН
САБЫРХАН
Өркениет мейлiнше дамып, техниканың заманға сай озық үлгiлерi адамзат өмiрiнен берiк орын алған қазiргi уақытта да ежелден бұзылмай сақталып келе жатқан бiр сенiм бар. Ол – зиялылар мен ақын-жазушылар, өнер жұлдыздары ерекше жаратылған адамдар деген иланым. Ал шын мәнiнде олар да қарапайым ғана пенде, қуаныш-қайғы, арман-мұң, алға қойған мақсаттары бар жандар. Дегенмен, сол жандарды өзгелерден ерекшелейтiн жайттар да жетерлiк. Бәлкiм, бұл олардың сұлулыққа ғашықтығы шығар.
«Түркiстан» газетi ақын Сәкен Иманасовтың марқұм ақын Сабырхан Асановпен бiрге өткiзген күндерi туралы жазылған «Сабырхан» естелiгiн оқырмандардың назарына ұсынып отыр. Халқымыздың есiмдерi ел есiнде сақталып қалған ұл-қыздары туралы жазылған үздiк материалдарды бұдан былай «Келбет» айдарымен жариялап тұрмақшымыз.
Ақын Сабырхан Асанов жаз болса Алматыға сыймай кететiн, тыныс алудан қалып, тұншыға беретiн беймәлiм бiр дертке ұшырады да, көбiне-көп оңтүстiктiң Сырдария жағына кетiп қалып, астананың ыстығы әбден қайтқанда барып қайта оралып жүрдi. Ол менiң де жаз шыға Алакөл қайдасың деп тартып кетiп, кейде көлге түсiп, кейде тауға, жайлауға шығып, жыл сайын он-он бес күн армансыз аунап-қунап қайтатынымды жақсы бiлетiн едi де, 1991 жылы: “Менi де өзiңмен ертiп ала кетшi?!” – деп қолқа салды. Содан бiр-екi жыл бұрын Қырымдағы Көктөбелге де бiрге барып демалғанымыз бар едi, менiң жолдасын жолға қалдырмайтынымды жақсы бiлiп алса керек.
“Көктұма” аталатын совхозда көптен берi директор болып iстейтiн ескi досым Серiк Толғанбаев Жабық тауының Ойжайлау аталатын ең бiр шырайлы да шұрайлы ойпатына қос киiз үй тiктiрiп, екi бие, бiр түйе байлатып, Алматыдан келген екi ақынды айрықша бiр қамқорлығына алған. Ел жайлауға жаңа шығып жатқан мезгiл едi, бiзден басқа адам аяғы тиiп көрмеген түктi кiлемдей түрленген көк шалғында көсiле түсiп жатқанымыз бар-тын. Киiз үйдiң есiгiн айқара ашып қойып, қай жағыңа қарасаң да – көркiне көз сүйсiнетiн сұлу сурет. Егер қолыңызда фото не видео аппарат болып, кез келген тұсынан суретке түсiрiп ала берсеңiз, әйгiлi пейзажистердiң қылқаламынан туған туындылардың ешқайсысынан кем болмайтын келiстi дүние болып шыға келер едi-ау дерлiктей.
Серiк бiздi көп жылдар кеңшар қойын бағып келген тындырымды азамат Шырмолда мен соның, қазан-ошақтың ханшайымы дерлiктей қонақжай келiншегiне тапсырған. Екеуi де ешкiмдi жатырқамайтын, кiсi күтiп үйренген, керегiңдi айтқызбай-ақ қас-қабағыңнан танитын ибалы, инабатты адамдар екен. Қысылып-қымтырылуды бiлместен, өз үйiмiздегiдей-ақ еркiн бiр аунап-қунап жатып едiк. Сабырхан тiптi еркiнсiп алды. Қазан-ошақ жағына да көз салып, қай кезде қандай тамақ iшкiсi келетiнiн де айтып, үй иесi әйелге тапсырма да берiп қояды. Бiрер күннен кейiн жаңағы Шырмолданың әйелi менiң алдымнан шығып:
– Сәке, ана жолдасыңыз “бiзге шұбаттың қажетi жоқ, әуре болып қайтесiңдер” деп, түйенi ағытып, келеге қосқызып жiбердi,– деп тұр.
Онысы несi екен деп Сабырханның өзiнен сұрасам:
– Ой, Сәкен-ай, құдайский қымыз тұрғанда кiсi шұбат iше ме екен? Бiзге осы қымызы да жетпей ме, – дейдi.
– Оу, сенiң нең шығып барады? Бiреу бағады, бiреу сауады дегендей… Пiсiп, сақтайтын да, салқындатып алдыңа тартатын да бiреу,– деген болдым. Деуiн десем де, ары қарай қазбалап жатпадым.
Сол бiз жатқан сай аузынан бiр-екi шақырымдай жерде Қаметхан деген шопанның да үйi бар едi. Жасы бiзден кiшiрек, “сәлем берейiн деп едiм” деп, күн сайын келiп, бiзбен бiрге қуырдақ жеп, қымыз iшiп кетедi. “Мұндайы жоқ сияқты едi, осы да қайдан сәлемшi болып кеттi!” – деп үй иесi әйел күледi.
Қаметхан кей күндерi үйiне кетiп бара жатып: “Әлi бiздiң үйде де қонақ боласыздар”,– деп қояды. Өзi тағы бiр келгенде Күлiмханнан:
– Бұл кiсiлер кiм? Ауданның басшылары емес пе? – деп те сұрапты.
– Жоқ, Алматыдан келген ақын-жазушылар,– дептi Күлiмхан.
– Ақындар болса, айтысатын шығар,– деп сұрайды Қаметхан.
– О жағын бiлмейдi екем, өздерiнен сұрасаңшы,– дейдi үй иесi.
– Е-ее, мен бұларды үлкен-үлкен бастықтардың бiрi ме деп жүрсем, жай ғана ақындар де,– деп танауын шүйiрiптi Қаметхан.
Соны айтып Күлiмхан күлетiн. “Ендi қараңыз да тұрыңыз, сiздермен бұрынғыдай жалпылдамай, басқаша амандасатын болады әлi”,– деп қояды өзi тағы.
Сол жiгiт тағы бiр келгенде Сабырхан:
– Әу, бауырым, сен бiздi қашан шақырмақсың, ала жаздай осында жата бередi деп жүрсiң бе? Ендi көп ұзамай үйiмiзге қайтатын шығармыз,– демей ме.
Анау үн-түнсiз аттанып кеттi де, бiз қайтқанша қайыра соғып, ат iзiн салған жоқ. Сiрә, бастық болмағасын, ақындардан не пайда? – деген болуы керек.
Сабырхан қымызға құмар-ақ. Таң елең-алаңнан тостағанын ұстап, бие сауып жатқан Күлiмханның қасында тұрады. Жаңа сауған бие сүтiн асыға сүзгiзiп, сол жып-жылы қалпында бiрер тостақты басына көтере сiмiрiп алады да, сайды бойлап жүгiре жөнелетiнi және бар.
Мен де сол көп жалқаудың бiреуi едiм, ол менен де асып түскен ерiншектiң өзi болып шықты. Тұяқ қимылдатқысы келмейдi. Жан-жағымыздың бәрi, әлгiнде айттым, көрсең көз сүрiнердей көркем табиғат, көк белдер, сүйiр төбе, жатаған жоталар. Киiз үйдiң есiгiнен соның бәрiне көз сала отырып, аяқ жетер-ау деген бiреуiн көрсетем де:
– Шәйдан кейiн асықпай аяңдап анау бiр төбе басына шығып қайтайық,– деймiн оған.
Сабырхан ыршып түседi. “Таудан таудың несi артық, осылай жата берейiк те!” – деп азар да безер болады. Ана бiр жылы екеумiз қыдырып Қырым барғанда да осындай едi, айтқанға көнуi қиын болатын. “Жағаөжайда жантайып жата бермей, тауға шығып келейiк” деп қолқаласам, немесе: “Сонау бiр Көктөбенi көрiп тұрсың ба, соның басына шығып қайтайық та”– дей қалсам болды: “Әй, сен де бiр төбе құмар жiгiт екенсiң, мұндай тау Алматы iргесiнде де тиiп тұрған жоқ па, одан гөрi аңсап келген теңiзiмiзге шомылып, төменде-ақ жүре берейiк те!” – деп, жуық маңда илiге қоймайтын едi.
Қазiргiсi де сол. Бiр күнi оны ақыры қояр да қоймай сүйрелей жүрiп, көз алдымызда мұнартып қана ұдайы “кел мұндалап” тұратын жатағандау төбе басына зорлап алып шыққандай болдым. Ол маған зорға iлесiп, бiресе үйден сүйрете шыққан шапанын шалғын үстiне жайып салып қисая кетедi, бiресе: “Осы да жетер, бiраз жер жүрдiк қой, ендi керi қайтсақ та болмай ма?” деп отырып алады. Мен де қасарыса түсемiн: “Жүр-жүрдiң” астына алып, сүйрелей жүрiп, әлгi төбенiң басына алып шықтым-ау…
Түскi ас үстiнде ашық тұрған есiктен сол төбеге тесiле қарап отырған Сабырхан үй иесi әйелге:
– Апыр-ай, Күлеке-ай, бiз ерiнбей-жалықпай сонау бiр көктөбенiң ұшар басына шығып қайттық-ау! – деп күпiнгенiн қайтерсiң. Бейне бiр жау түсiрiп қайтқан бұрынғының батырлары сияқты кеудесiн кере түседi.
– Е-ее, бiз ол төбенiң басына күнiге екi-үш рет шығып, отын алып қайтып жүрмiз ғой,– дейдi үй иесi әйел миығынан күле отырып жайбарақат қана.
Отын дегеннен шығады, жаңағы үй иесi әйел күн сайын бiз үшiн де, өздерi үшiн деп те әлденеше рет ас дәмдейдi. Бүгiнгiсiн ертең қайталамай, әйтеуiр, ас мәзiрiне келгенде айрықша ыждағат танытып, ошағын оттан түсiрiп көрген емес. Келiмдi-кетiмдi адамдары да бар, демiл-демiл қазан көтере беру үшiн де қыруар отын керек қой. Үй иесiнiң әлi мектепке бара қоймаған жұдырықтай ғана 6-7 жасар баласы бар. Өзi жасына қарамай пысық-ақ. Атқа мiне шауып, мал қайырады. Отын-су жағы да соның мойнында. Кейде бiр кешкi ас үстiнде киiз үй iргесiнен мал сүйкене қалса: “Ойбай, аю!” – деп Сабырханды да қорқытып жүредi. Сабырхан бар денесiмен ытып кете жаздаса, бала да соған мәз болып, сықылықтап күлетiнiн қайтерсiң. “Өй, занталақ!” – деп Сабырхан да оны ұстап алып, бауырына баса умаждап жататын.
Сол баланың мықшыңдап арамен ағаш кесiп, отын жарып жатқанын көрiп: “Сабырхан, жүршi, арасының бiр жағын ұста, көмектесiп жiберелiк”,– демеймiн бе, пысықсып.
Сабырхан тағы да бүйi тигендей шоршып түседi. “Қойшы, қайдағы пәленi шығармай, өздерi-ақ тындырып жатыр ғой”, – деп басын ала қашады. Амал жоқ, әлгi балаға ендi өзiм барып, қолымнан келгенше көмектесе бастаймын.
Сабырхан дегенiң бұрын атқа да мiнiп көрмеген екен. Бiрде Құдайберген деген менiң ескi танысым, өзi де өлең жазатын ветврач жiгiт келiп: “Бiр үйде жамбастап жата бермеңдер, мына бiр белдiң астында әйгiлi шопанымыздың бiрi отыр. Жөндерiңдi айттым. Маңында тағы ауқатты екi-үш үй бар, әдейi ат алып келдiм, соларды аралап, бiрер марқаның басын мүжiп қайтыңдар”,– деп қолқа салды.
Сабырханның тағы да шыр-пыры шықты.
– Құдыш-ау, салпақтап жүремiз бе сол, берерiңдi осында-ақ алдырып бере бермейсiң бе?! – деп ат-тонын ала қашқандай болды. Бiз де бой бермедiк.
Құдайберген бiзге арнап ер-тұрманы жарасымды екi атты да жетекке ала келген екен. Соның бiрiне Сабырханды әрең деп мiнгiздiк-ау. Екi жiгiт екi жақ қолтығынан алып, аяғынан көтерiп, денесi де ауыр, мiнер жағынан мiнгiзе берсе, қамшылар жағынан ауып түскенiне қарамай, әйтеуiр, жабыла жүрiп әурiпiммен атқа қондырып, қолына шылбыр-тiзгiнiн ұстатқан болып жатырмыз-ау.
Сабырхан ердiң қасынан ұстап, аттың жалына тас кенедей жабысып алған. Тау бөктерiнiң қол саласына ұқсас тарам-тарам жолына түсiп, қатарласа шұбырып кете берiп едiк, Сабырхан өзiнен сәл жоғарылау келе жатқан жiгiттердiң бiрiне:
– Әй, қарағым, сен не алға түс, не соңымыздан ерiп отыршы. Әйтпесе сенiң астыңдағы ат құлап кетiп, менiң атымды өзiмен қоса-моса төменге домалатып жүрер,– дейдi үрейлене.
Ана жiгiт iшек-сiлесi қата:
– Ой, аға-ау,– дейдi өзi,– бiз бұл жермен күн сайын көкпар тартып жүрмiз ғой,– деп күледi келiп.
– Мейлi,– дейдi Сабырхан,– көкпар тартсаң да, не қылсаң да өзiң бiл, бiрақ менiң оң жағымнан тым таяу жүрмешi, не алға шық, не артта қалшы, айналайын! – дейдi жалынып.
Тау жолы тарам-тарам ғана емес, ылди-төмен, бұралаң, ой-шұқыры көп болатын әдетi ғой. Кейде бiр оқыс кезiгетiн тiкшелеу тұстан асып түсуге де тура келедi. Ондайда Сабырханнан зәре қалмайды. “Жоқ, мен анау тұстан барып айналып өтiп көрейiн” – деп, әудем жер орағытып барып, қатарымызға қайта қосылады. Соған қарап мен:
Құдыштың жалғыз сөзiн қапы қылмай,
Жол шықтық жетi-сегiз шақырымдай.
Соңымда солбырайып Сабырхан жүр,
Қалмақтың қолға түскен батырындай!
–деп бiр шумақ өлең де шығарғаным бар.
“Не десең, о де” – дегендей Сабырхан оған шамданбайды, жауап та қайтармай үнсiз төзедi. “Сiз де бұл кiсiге өлең шығармайсыз ба?” – деген үй иесi әйелге: “Кейiн бiр ретiн келтiрем ғой, әзiрше айта берсiн”,– дейтiн де қоятын.
Жайлаудағы сол бiр күндер турасында мен кейiннен Серiк Толғанбаевқа арнап “Жайлауда. 1991 жыл” деген өлең де жаздым. Алдымен “Қазақ әдебиетi” газетiнiң бетiнде жариялатып, кейiн кiтаптарыма да енгiзiп жүрмiн. Өлеңдi тұтас келтiрсем, бас-аяғы:
ЖАЙЛАУДА
1991 жылдың жазы едi Серiк Толғанбаевқа
Төрткүлдеп ошақ қаздырып, төбел де бие сойдырып,
Қымызға бiздi қандырып, қуырдақ-етке тойдырып,
Толғанбай батыр баласы иен-тегiн үйге ие боп,
Етiгiн сыртқа лақтырып, телпегiн төрге қойды iлiп.
Сабырхан досым аршамен сарғыштау тiсiн шұқылап,
Бес қанат үйге сыймайды терлеп те тепшiп, бықынап.
Кеңкiлдеп Құдыш күледi, елпiлдеп бiзге бiлдiрмей
Шұбатқа қосып сап-салқын шампаннан бiраз жұтып ап.
Босаға жақта түйешi Ермұрат жатқан етпеттеп,
Жылжи да жылжи жымиып жаныма менiң жеттi ептеп,
Сыбырлайды өзi сыңғырлап:
“Кеше бiр құлжа құлатқам,
Торғауыт – төстiк пiсiртем, асықпай жатып жеп кет!” – деп.
Ит жылғы менiң жырымды (имене сөйлеп) жатқа айтып,
Ветврач Әбу күледi басқа бiр сылтау таппай түк.
“Әңгiме көп қой, – дейдi өзi,– ән салып әлде берсем бе,
Кезiккенiңдi қарашы тұрған бiр шақта бақ қайтып!”
“Айтып та айтпай не керек, болды ғой,– дейдi,– қызық бұл”
Iшпей де жемей Әбекең өзiнен өзi қызып тұр.
Мыж-мыжы шыққан қартасын сапырып майлы қолымен:
“Ал, қане,– дейдi,– төртеумiз жiберсек пе екен сызып бiр?”
Қос-қостан бие байлатып, келеден түйе алдырып,Арқын да жарқын күлкiмiз жар тасқа барып жаңғырып.
Төменде бұлақ сыбырлап, төбеңде жұлдыз жымыңдап,
Жатып ек, шiркiн дүние-ай, аспанның астын ән қылып.
Белуардан кешiп шалғынды, жiбiтiп шықпен таңдайды,
Саумалдан басқа iшпейтiн Сабырхан досым қандай-ды!
Ойжайлау деген ойпатта отыз күн көрген қызықты,
Отыз жыл бойы айтқанмен, Оразбектер де нанбайды.
“Жатамыз әлi қанша?” – деп болмайтын бiзде күн санау,
Еркiмiзде едi шетiнен жүгiрте жұмсау, жұмсамау.
Отыз күн ойын-күлкiмдi қабақ шытпастан көтерген,
Толғанбай батыр ұрпағы, саған да кейде ұрсам-ау!.. –
болып шығар едi.
… Жылжып жыл өтер едi. Жаз шығып, тағы да шiлде болғанда Сабырхан досым маған:
– Сәкен-ау, жаз да келiп қалды ғой, Алакөл жаққа қашан барамыз? –деп сұрайтын.
–Әй,досым-ай,осы сендердiң де: “Бiздiң ауылға да барып қайтайықшы” – дейтiн күндерiң бола ма, жоқ па? – деп кейде мен де қасарыса қаламын.
– Өй-бу, Сәкен-ай, бiз жақ қазiр күйiп тұр ғой, мынадай ыстықта шыдамаймыз ғой! – дейтiн ол.
– Оу, сендер жақта да күз бе, қыс па, – күн салқындайтын кездер болатын шығар,– деп мен тақымдай түсемiн.
Сабырхан одан әрi қазбалап жатпай, үнсiз қала беретiн.
* * *
Сөз ыңғайына қарай бiр кезде Талдықорған облыстық партия комитетiнде iстегенiмдi бiрер жерде айттым да ғой деймiн, обкомның идеология жөнiндегi хатшысы Камаш Тегiнұлы Бегiмов деген кiсi болатын. Артық әңгiмесi жоқ, сөзге сараң, жаратылысынан орнықты мiнезi бiр, көптi көрген зиялы азамат едi. Отан соғысында болған, әскери ұшқыш. Өзi барынша қарапайым, барып тұрған демократ. Жасы менен едәуiр үлкен екендiгiне, лауазымының жоғары екенiне қарамай, ұдайы жақын тартып, қасына, ығына ала жүретiн.
Кешке жақын, жұмыс аяғына таман:
– Сәкен, темекiң бар ма? – деп телефон соғатыны болушы едi.
– Бар ғой,– деймiн мен елең етiп.
– Ал да, мұнда кел! – деп бұйырады бастығым.
Екi айтқызбай мен де жетемiн. Кейде екеумiз, кейде Ораз Құлмағамбетов қосылатын, обком хатшысының ат шаптырым кабинетiн көк түтiнге орап, әйдә, бiр көлденеңгi қысыр әңгiмеге кiрiсемiз. Ол кiсiнi қызмет үстiнде: “Камаш Тегiнович”– деп ресми атаймын да, әлгiндей оңаша қалған жағдайда көбiне-көп “Аға” дей беремiн. Өзi де осы бiр “аға” дегендi ұнататын ыңғай танытады.
– Аға,– деймiн мен, кей-кейде еркiнiрек кетiп,– осы менi қашанғы қасыңызда ұстай бересiз? Өсiрмейсiз бе?
– Е, немене, қазiргi жұмысың ұнамай жүр ме? – деп сұрайды Камаш Тегiнұлы.
– Өзiңiз де бiлесiз ғой, несiн сұрайсыз. Ұнамай жүргенi де рас,– деймiн.
– Қызметiңдi қол көрмей қомсынып жүргенiңдi сезем,– дейдi ол кiсi ендi сабырмен. – Бiрақ шыдау керек, бiр ретi болып қалар.
– Оның ретi болғанша мен де қартайып бiтем ғой,– деймiн мен де тақылдап.
Сонда… мұнда қызмет iстей бастағаныма небәрi бiр жыл болды ма, болмады ма, әйтеуiр, көп уақыт өте қойған жоқ едi.
– Сен де қызықсың. Бәрi менiң қолымда тұрғандай көресiң. Бiрiншi хатшы бар, басқалар бар дегендей, ақылдаспай болмайды. Өзiң де тыныш жүрмей, солардың кейбiрiне көңiлiне келетiн сөз айтып та қалады екенсiң. “Асықпа” дегенiм де сол.
Кейiнiрек мен Алматыға ауысып кеттiм де, бес-алты айдан кейiн ол кiсi де осылай қарай қоныс аударған. Алдымен министрлер кабинетiнде бөлiм басқарып, кейiн бiздiң Баспа комитетiндегi Шериаздан Елеукенов ағамызға орынбасар болғаны да бар. Бiр күнi өзiмiздiң опера-балет театрының маңынан ойда-жоқта ұшырасып қалып, маған:
– Талдықорғанда жүргенде жалғыз Иманасов едiң, мұнда келiп көп қырттың бiрi болып кеткен жоқпысың? – деп қалжыңдағаны да бартұғын.
– Иә, солай, – дейтiн едiм мен де о кiсiмен келiсе кетiп.
– Өзiң ғой, шыдай тұрмай. Сен кеткеннен кейiн саған лайық деп жүрген орындардың бiрiнен соң бiрiнiң босағанын айтпаймысың, соның бiрiне барып қонжиятын едiң,– дейдi Камаш ағам. Сөйтедi де, орыста: “Все, что делается, делается клучшему” деген сөз бар, бiр есептен алды-артыңа қарайламай, кетiп-ақ қалғаның да дұрыс болды ма, кiм бiледi,– дегендi де қосып қояды.
Екеуара болған бiр гәптiң қисынына орай Сабырханға сол Камаш Тегiнұлы жайында әңгiме айтқамын. “Аса бiр аяулы, жақсы адам едi!” – деймiн ғой баяғы.
– Әй, бiлмеймiн,– дедi Сабырхан кесiп алғандай кiлт кетiп,– мен де танитын едiм, сен айтқандай тым жақсы кiсi сияқты емес болатын.
Менiң не дерге бiлмей тосыла тiксiнiп қалғанымды аңғарып, ол әңгiмесiн әрi қарай жалғастырды.
– Баяғыда Әсет Бейсеуов екеумiздi Талдықорғанда өтетiн қызылшашылардың республикалық семинар-кеңесiне шақырғаны бар едi. Ол кезде обкомды Бименде Сәдуақасов деген кiсi басқаратын. Бiз, Әсет екеумiз “Көксудың қызылшашы қыздары”, “Талдықорған қызылшашыларының гимнi” деген әндер жазып, сол әндер кеңеске қатысушылар алдында орындалып, жан-жақтан жиналып келгендерге тегiс ұнаған. Қайтарда бiздi сол Бименде Сәдуақасов өз кабинетiнде қабылдап, бұйымтай сұраған. Қасында сол сен айтып отырған идеология жөнiндегi хатшысы бар екен. Әсет болса “ешқандай бұйымтайымыз жоқ, шақыртқан соң келiп қалдық” деген соң, мен тұрып: «Өз ақшама бiр автокөлiк алсам деп едiм, соған жәрдемдессеңiз» дегендi айттым. Ол кезде кезексiз машина сатып алу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiнiн бiлесең ғой. Сәдуақасов сәл ойланып, “көрейiк” дегендей кiдiрiп қалып едi, әлгi сен мақтап отырған Бегiмовiң: “Машина болмайды, егiн орып жатқан озат механизаторлардың өздерiне де жеткiзе алмай жатырмыз”,– деп сызданып-ақ қалғаны, қасарысып.
– Е-е, саған машина бергiзбесе, жаман адам болады екен ғой,– деймiн мен.
Сабырхан да сөзiнен қайтпай өз пiкiрiн дәлелдей берген.
Бiз көбiне-көп жағдайда адамның кiсiлiк келбетiн, рухани бiтiм-болмысын өз басымызға жасаған жақсылығымен ғана, өзiмiзге тигiзген әлдене пайдасымен ғана бағалап үйренгемiз ғой. Сабырхан да сол iзбен кетiңкiреп қалды-ау деймiн. Әйтпесе, бiр рет қана көрген, сырын бiлiп те болмаған адам турасында дәл осылай үзiлдi-кесiлдi үкiм шығармас едi-ау деп те ойлай беремiн осы күндерi.
Соңғы сөз орнына. Бұл жолы мен Сабырханның шығармашылығына тоқталып жатпадым. Көзi тiрiсiнде ондаған кiтап шығарып үлгерген ақынның не жазып, не қойғанын қалың қазақ онсыз да жақсы бiлетiн шығар деп ойладым. Ал жоғарыдағы оқиғалардың бәрiн бiз Сабырханның бар кезiнiң өзiнде екеуара отырып та, былайғы жора-жолдас көзiнше де талай рет қайталай әңгiмелеп, үнемi күлiп айтып жүретiн едiк. “Бес жас – бел құрдас”,– дейдi ғой, бiздiң арамыздағы жас алшақтығы бес айға да жетпейтiндiктен, ұдайы ғана әзiлдесiп, жоқ жерден тiктесе., тiресе кететiнiмiз болып тұратын. Оның бәрiн бiзбен аралас-құралас болған ағайынның бiразы бiледi. Ендiгiсiн солар айтсын… Кемдiгi болса, сонда толып та қалар деп түйген жайым бар.
Сәкен ИМАНАСОВ