Жаңалықтар

ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ҚАЗАҚША МУЛЬТФИЛЬМГЕ ЗӘРУ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ҚАЗАҚША МУЛЬТФИЛЬМГЕ ЗӘРУ

Қазақ баласының қазақи мiнез бен құлыққа тән мультфильмдерге шөлдеп жүргенi қашан. Неге екенi белгiсiз, елiмiз кино және мультипликациялық фильмдер түсiру жағынан тұралап қалды. Әлде, бұл кәсiби бiлiктi режиссерлердiң жоқтығын аңғарта ма, әлде, Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң бұл салаға қырын қарайтынын бiлдiре ме?

Әйтеуiр, тiлi жаңадан былдырлап шығып келе жатқан бүлдiршiн мен мектеп жасына дейiнгi балғындар соңғы кезде DVD, СD түрiнде сатылатын шетелдiк мультфильмдердi жанына азық етiп, солардың кейiпкерiнiң есiмiн досының атындай жаттап алуды шығарды. Балабақшада, көше аулаларында жүрген баланың әңгiмесi мен қызу пiкiрталасы да сол кейiпкер жайында. Бүгiнде бүкiл әлемге әйгiлi болып үлгерген «Шрек» мультфильмiн көрмеген қазақ баласы кемде-кем шығар. Тiптi, бұл анимациялық мультфильмдi бала тұрмақ, ересектер де тапжылмай отырып көретiнiн қайтерсiз. «Өйткенi, түрлi спецификалық әдiс-тәсiлдi қолданып, заманауи құрал-жабдықтар мен соңғы технологиялық жетiстiк арқылы жарық көрген бұл анимациялық мультфильм жас талғамайды, жалықтырмайды», – дейдi көзi қарақты көрермен қауым. Солай болса, солай шығар. Бiрақ бiз өз ұрпағымыздың қанына бөгде елдiң тәрбиесi мен психологиясын сiңдiргеннен не ұтамыз? Неге бұл саланың тамырына қан жүгiртiп, жандандырмасқа?! Қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдар «Ақсақ құлан», «Қожанасыр құрылысшы», «Қырық өтiрiк», «Күн көжек» секiлдi қайталанбас шығармаларды дүниеге келтiрдi. Ал былтырғы жылы «Құйыршық» атты мультфильмнiң тұсауы кесiлгенi белгiлi. Баспасөзге берген бiр сұхбатында Әмен Қайдар: «…Жыл сайын бiр-ақ сағаттық мультфильмге қаржы бөлу бiздiң Үкiметiмiз үшiн қиынның қиыны болды. Араға жыл салмай министрi ауысып отыратын Мәдениет министрлiгiнде бас изеп, уәде беру бар, нәтиже жоқ», деген едi. Рас, министрлiк тарапынан қуанып айтатындай қолдап, қуаттау әзiрге жоқ. Неге бiз осы туындыларды ресейлiк «Қап, бәлем, тұра тұр!» («Ну погоди!») шетелдiк «Том мен Джерри» сериялық мультфильмдерi сияқты жәдiгерге айналдырмаймыз? Өйткенi, бұлардың тiлi ұғынықты, қысқа, көбiнесе iс-қимыл мен әрекетке бейiм. Баланы да әп сәтте баурап алуға құдiретi жетедi. Дегенмен, бiр өкiнiштiсi, қазақша аудармаға зәру.

Аударма демекшi, «Болашақ» республикалық қозғалысы батыстық және америкалық анимациялық фильмдердi қазақ тiлiне сапалы әрi сауатты аудару жобасын ұсынып, қазақ тiлiндегi сапалы мультфильмге деген сұраныстың артып келе жатқанын айтады. Соған байланысты, қозғалыс жетекшiлерi: «Тап қазiргi күнге дейiн айналымға түсiп, экраннан көрсетiлiп жатқан мультфильмдердiң екi тiлде көрсетiлуiн қамтамасыз ету жоспарда бар. Бұған зұлымдық пен қатыгездiктi насихаттайтын көрiнiстерi жоқ, керiсiнше, терең тәрбиелiк мәнi бар анимациялық фильмдер ғана таңдалып алынатын болады» деген ұсынысымен бөлiстi. «Болашақ» қозғалысының төрағасы Фархад Қасенов: «Қазақстандық телеарналардан көрсетiлiп жүрген мультфильмдердiң қазақ тiлiне аударылу сапасы сын көтермек түгiлi, көңiл көншiтпейдi. Мiне, осындай қаптап кеткен шетелдiк мультфильмдердiң қазақша сапасыз аудармасы қазақ тiлiнiң биiк тұғырдан көрiнуiне керi әсерiн тигiзiп отыр» дейдi. Жас та болса, ұлттың келешегiн ойлап, игi бастама көтерiп отырған «болашақтықтар» бұл ел тiзгiнiн ұстайтын жас өрендерiмiзге жасалған қиянат деп ойлайды. Шынында солай-ау. Бүгiнгi талдырмаш бала қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрiн аңыз-ертегi кiтаптар мен мультфильмдерден оқып, көрмесе қайдан алмақ? Егер ол қазақтың игi жақсыларының, ержүрек батырлары мен шешендерiнiң атын естiп-бiлмей өссе, тарихтан да мақұрым қалмай ма? Сонда бүгiнгi ұрпақ, келер ұрпаққа ненi мирас етiп қалдырады? Бiз соның астарына терең үңiлдiк пе? Құдайға шүкiр, экономикамыз жылдан-жылға iлгерi қарыштап барады. Алайда, елдiң бiлiмi мен мәдениетi тек экономиканың өсiмiмен өлшенбейдi ғой. Рухани дүние қашан да құндылығын жоймақ емес. Сондықтан ел ұрпағының болашағын ойлайтын Үкiмет болса, бұған да көңiл бөлсе керек едi. Неге мультфильмдердi сапалы, түсiнiктi, ұғынықты етiп аударуға қаражат бөлмеске?! Одан бұрын, қазақ тiлiнде қазақы болмыс-бiтiмiмiзге сай анимациялық мультфильмдер түсiрудi неге қолға алмасқа?! Бiзде талантты режиссерлер баршылық, алайда айтатын уәжi де сол қаржының жетiмсiздiгi, мемлекет тарапынан қамқорлықтың жоқтығы. Тiптi, шетелдiктер бiз бiлетiн «Шрек», «Өрмекшi адам», т.б.толып жатқан анимациялық мультфильмдердi түсiрiп, прокатқа салу арқылы өз мемлекетiнiң бюджетiне қомақты қаржы құйып отырды. Көрдiңiз бе, олар сол мультфильмдердi түсiруге кеткен қаражатты екi есемен, бәлкiм үш, төрт есе өндiрiп алады. Ал бiз болсақ, бар болғаны шетелдiк прокаттың тезiрек айналуына үлес қосып жатырмыз.

Әрине, мультфильм түсiру былайғы жұртқа жеңiл өнер болып көрiнуi мүмкiн. Негiзiнде, бас-аяғы он минуттық мультфильм жасау үшiн кемiнде 15 адамнан тұратын ұжым бiр жарым, ары кетсе екi жыл рухани күш-жiгерiн салып, еңбек етедi. Сондықтан бұл қисыны мен түрлi машақаты көп өнер аса шыдамдылық пен бiлiктiлiктi талап етедi. Өйткенi, бiр ғана мультфильмнiң мазмұнында тәрбие берерлiктей, мемлекеттiң тарихы, әдебиетi, өнерi, ұлттық музыкасы мен сурет өнерi бiр арнаға тоғысады. Сонда ғана теледидар алдындағы жас көрермен өз елiнiң тiлiн, тарихын құрметтеп, өз Отанының нағыз патриоты болып өседi. Демек, қазақ тiлiнде мультфильмдер түсiруге тезiрек кiрiспесек, бәрi де кеш.

«Болашақ» жастар қозғалысының аударма мәселесiн көтерiп отырғаны бүгiн емес. Бұған дейiн де жас саясаткерлер қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру үшiн бiрнеше шараға мұрындық болды. Ал, негiзi бұл жобаны ұсыну олардың емес, Үкiметтегi тiл мамандарының мiндетi емес пе?! Алайда, «болса болар, болмаса қояр» деп, қол қусырып қарап отырмаған жастар өз жұмысын әлеуметтiк сауалнама жасаудан бастапты. Нәтижесiнде көптеген ата-ана балаларының тек мультфильм көрiп қана қоймай, мемлекеттiк тiлдi үйренгенiн қалайды екен. Сол себептен де, голливудтық фильмдердi де аудару жоспарға iлiккен. Бұдан бiр жыл бұрын қозғалыстың «Қазақ тiлiн ендiру туралы» концепциясы қабылданып, бiршама жетiстiктерге қол жеткiздi. Әуелi жобаға қызығушылық танытып отырған демеушiлер табылып, қажеттi материалдық-техникалық базамен толыққан «OTAU CINEMA» кинотеатрлар жүйесiмен келiсiм-шарт жасалды. Әлi де алдынан шығып жатқан түйткiлдер де аз емес. Соған қарамастан қазiр «Dream Works», «World Disney», «Pixar», т.б. америкалық кинокомпаниялармен келiссөз жүргiзiп жатқан көрiнедi.

«OTAU CINEMA» кинотеатрлар жүйесiнiң директоры Зейнулла Ибрагимовтi әңгiмеге тартқанда былай дедi:

– Бiзде аударма жасайтын мықты техникалық база жоқ. Оның үстiне аудармашы да жоқтың қасы. Бұл шаруа жоғары жақтағылардың қолдауымен iстелмесе, бекершiлiк. «Болашақ» қозғалысының мүшелерiне: «Мына «Шрек», «Өрмекшi адам» сияқты анимациялық мультфильмдердi аударғаннан ештеңе ұтпаймыз. Керiсiнше, бөлiнген қаржыны құр босқа ысырап етемiз», деген ойымды айттым. Одан да қазақтың халық ертегiлерiн экранға мультфильм етiп шығарсақ ұтымды болар едi. Мәселен, әлгi мультфильмдердi тәржiмаласақ, оны кiм көредi? Мүмкiн, ауылдағы орысша түсiнбейтiн бала көрер. Ал онсыз да орысша сайрап тұрған қаланың баласы аудармаңды көре ме? Сондықтан еңбектiң бәрi еш кетедi. «Қазақфильм» студиясы басшылығынан: «Неге мультфильмдердi қазақшаламайсыздар?», деп сұрағанымда, «Қазiр әлiппеге негiзделген «А» әрпiнен «Я» әрпiне дейiн оқытатын мультфильм түсiрiп жатырмыз. Балалар әрi оқулық әрi мультфильм есебiнде көредi» дегендi айтқан едi. Бұны қаланың баласы ғана көрер. Ал әлiппенi жаттап алған ауыл баласы оны қайтедi?

Бiз мультфильмдi өз жекеменшiгiмiздегi кинотеатрлардан тек таспа арқылы ғана көрсете аламыз. Өйткенi, аппаратура солай. DVD, СD түрiнде көрсетiлмейдi. Егер таспаны дискiге, дискiден таспаға көшiру керек болса, қымбатқа түседi. Бiздiң бағыт-бағдарымыз сол, түсiрiлген киноны халыққа көрсету. Ал өзiмiзде аударма жасайтын арнайы киностудия жоқ. Қазiр аппаратура да әкеңнiң құнын сұрайды. Оның үстiне «Кино туралы» заң да жоқ. Егер жаңағыдай бастамалар, ұсыныстар жарияланып жатса, заң да әжептәуiр ықпалын тигiзедi. Сол кезде «Шректiң» орнын «Алдар көсе» басар ма едi, кiм бiлсiн? Бiрақ қаланың баласы қазақшаңды түсiне ме? Одан да үйде жатып үзiлiссiз мультфильм көрсететiн спутниктiк «Nickelodeon» арнасын көргендi артық санайды. Насихаттың жөнi бiр бөлек, негiзi бәрi тәрбиеге байланысты ғой. Ол үшiн жаңағыдай арналарды көрсетуге тосқауыл қою керек.

Құдай қаласа, «Алдар көсе» анимациялық мультфильмiнiң жас достармен қауышатын күнi алыс емес. Бұған дейiн «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мен «Құйыршық» та кiшкентай көрерменнiң көзайымына айналып үлгердi. Алайда, бұл итке сүйек лақтырғанмен тең. Демек, қазақтың қарадомалағы өз ана тiлiнде сөйлесiн, тәрбие алсын десек, тез арада бұл саланың тамырына қан жүгiрту керек-ақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ