Жаңалықтар

ПРАВОСЛАВ ДIНI МЕКТЕП ПЕН ИНТЕРНЕТТI ЖАУЛАЙ БАСТАДЫ

ашық дереккөзі

ПРАВОСЛАВ ДIНI МЕКТЕП ПЕН ИНТЕРНЕТТI ЖАУЛАЙ БАСТАДЫ

Иә, қазiр кез келген жұмырбасты пенде өмiрiн ұялы телефонсыз елестете алмайтын сияқты. Себебi, олар баяғыдай байланыс мекемелерiнде ұзын-сонар кезекте тұрмайды, керектi нөмiрдi терiп кеп жiбередi де, дереу хабар-ошар алмасады. Тiптi, ол аздай «Бұрын ұялы телефон жоқ кезде қалай өмiр сүргенбiз…» деп таңқалатындар көбейдi. Әрине, әр уақыттың өзiнше есте қалатын жаңалығы бар. Алайда, жұмысымызды мезгiлiнен бұрын жеделдететiн ұялы байланыстың пайдасынан гөрi зияны көбiрек тiлге тиек етiлетiнi жасырын емес.

Сонымен, хош делiк. Жаңа заманауи технологиясы өз дегенiне жеткiзбей қоймайды екен. Жақында Ресейде православтық ұялы қызметi iске қосылды. Бұл қызмет аты атап тұрғандай ұялы телефон арқылы Христиан дiнi православ ағымының негiзгi қағидалары туралы мағлұмат бере алады. Кейiнгi кезде тiлiн, дiнiн, ұлтын сақтап қалу үшiн бар мүмкiндiктi жасап бағып жатқан Ресей мықтап күшiне мiнген секiлдi. Әуелгi кезекте Ресей өзiнiң қоластынан жеке отау болып шығып кеткен посткеңестiк, Балтық жағалауы елдерiнде орыс тiлiнiң мәртебесiн бәсеңдетпеуге аянбай тер төгiп жатыр. Ендi мiне, жаңа технологиялық байланысты да мүлт жiбермей, өз игiлiгiне жұмсап қалуда. Әрине, бұл жоба мәскеулiк патриарх пен II Алексийдiң бiрауыздан қолдауы мен сәттiлiк тiлеуiнiң арқасында жүзеге асқан. Нәтижесiнде орыс Православ шiркеуi жаңа ақпараттық технологияларды жетiлдiре түсiп, Ресей аумағында 25 мамырдан бастап күндiз-түнi жұмыс iстейтiн «Узнай у священнника» атты ұялы қызметiн iске қосты. Бiр ұтымдысы, жылы сөз бен дiни сауатқа шөлдеп жүрген кез келген жан тәулiктiң қай мезгiлi болса да, өзiн мазалап жүрген, жеке және отбасылық өмiрiне қатысты сауалдарға жауап алады. «Узнай у священника» ұялы қызметi тұрақты тоғыз бөлiмнен тұрады екен. Олар: православ ағымының құпия ақпараттарын алуға дайындық; шiркеу күнтiзбесi; Құдайға құлшылық ету; дұға; сондай-ақ қойған сұрағыңа қарай дiндар адамның жауап-кеңесi т.б. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл ұялы қызметi өте арзан, яғни, бiр минутқа еш салықсыз бар-жоғы 11 рубль кететiн көрiнедi. Естерiңiзге сала кетсек, Интернет сайттарында бұдан бұрын «Образок» атты алғашқы жоба пайда болған-ды. Аталмыш ұялы байланысқа SMS-хат жiберген абоненттер Библия үзiндiлерiн 0,1 долларға, ал шiркеу әуендерi мен қасиеттi Иконаның суреттерiн 0,9 долларға алады екен.

Әлбетте, бұдан соң дiн жөнiнде үгiт-насихат жұмыстарын ұялы қызмет арқылы жүргiзудi әуелi Ресей ойлап тапты деп бағамдауымыз мүмкiн. Алайда, олай емес. Негiзi осы тектес жобалар басқа мемлекеттердiң тәжiрибесiнде де көптеп кездеседi. Атап айтсақ, 2006 жылы Шотландияның католиктiк шiркеуi дiнге табынушылардың ұялы телефонына үнемi шiркеу жаңалықтарын жiберiп отыруды ұйымдастырған. Сол сияқты шiркеу сайтында ғаламдық торды емiн-еркiн пайдаланушылар үшiн жазба-бейне материалдар жарық көредi. Ал Румынияда православқа сенушiлер Интернет арқылы дұға ету мүмкiндiгiне ие болған. Кейбiр күнәға белшесiнен батқан пенделер болса, ұялы телефон арқылы кешiрiм мен бата алып, «Алла» атын әрқашан жадынан шығармай жүруi үшiн дiни уағыздарды көшiрiп алады. Сайт қызметкерлерiнiң айтуынша, румындықтар көбiнесе жеке өмiрiнiң сәттi болуын, кәсiбi мен материалдық жағдайының едәуiр дұрысталуын тiлейдi екен. Румындық Православ шiркеуiнiң патриархы Феоктист христиан дiнiнiң Интернет арқылы кеңiнен таралуына түсiнiктеме берiп, «Құдай өзiне сенген адамға қандай жолмен болса да барады» дегендi айтыпты.

Ресей ұялы телефон, Интернет қызметi арқылы адамзатты дiнге бiртабан жақындатты. Бұл аз десеңiз, Твер облысы мектептерiнiң 2-шi және 5-шi сынып оқушыларына жаңа оқу жылынан бастап «Православ мәдениетiнiң негiздерi» пәнi өткiзiлетiн болады. Бұл бастаманы Ресейдiң Твер облысы төртiншi болып қолдап отыр. Белгород, Калуга, Брян облыстары мектептерi былтырғы жылдан берi аталмыш пәндi оқытуға бiрауыздан кiрiсiп кеттi. Облыс губернаторы Дмитрий Зеленин: «Православ мәдениетiнiң негiздерi» пәнi әзiрге 2-5 сынып бағдарламасына енгiзiлгенiмен, алдағы төрт жыл iшiнде басқа сыныптарға да жүргiзу көзделiп отыр» дейдi. Дегенмен, мәскеулiк патриархатының Iшкi шiркеулiк байланыс бөлiмi (ОВЦС) есебi бойынша, Ресейдiң он шақты аймағында оқушы мен ата-ананың өтiнiшi негiзiнде қосымша дiни курстар бiраздан берi оқытылатынға ұқсайды. Осыны демеу еткен Зеленин «Бұдан кейiн аталған пәннiң оқу бағдарламасына енуiне ата-ана қарсы бола қоймас, өйткенi, тверлiктердiң шамамен 90 пайызы өздерiн православ өкiлiмiн деп санайды. Әрине, Ресей — көпконфессиялы мемлекет. Сондықтан, басқа дiн ағымдарын ұстанатын балалар да назардан тыс қалмайды. Олар үшiн «Мұсылман мәдениетiнiң негiздерi» атты арнаулы курстар жұмыс iстейдi» деп алдауқаратады.

Оқу бағдарламасына мұндай өзгерiстi аяқастынан енгiзу де оңай емес. Мәселен, дiни оқулықтар мен маман тапшылығы әп-сәтте шешiле қоймайды. Бұл үшiн Твер облыстық университеттерiнде мұғалiмнiң бiлiктiлiгiн арттыратын, «Православ мәдениетiнiң негiздерi» пәнi оқытушысын дайындайтын арнайы кафедра жұмыс iстейдi. Ал қала университетiнде теология кафедрасы дiнтанушылармен бiрге, мектеп мұғалiмдерiн де даярлауды қолға алған. Демек, бұл пәндi енгiзу эксперимент емес, көзге көрiнiп тұрған факт. Неге десеңiз, пәннiң оқу бағдарламасына там-тұмдап енгенiне шамамен он жылдай болса да, әлi күнге басқа дiн, ұлт өкiлдерi тарапынан ешқандай қақтығысқа әкелген жоқ» — дейдi, бөлiм бастығы Всеволод Чаплин. Алайда, педагогикалық бiрлестiк өкiлдерi шiркеу мен бiлiм ұясы арасында тығыз қарым-қатынастың орнауына аса алаңдаушылықпен қарайды. «Эврика» шолу-саясаты институты ректоры, РФ қоғамдық палатасы, Бiлiм-ғылым министрлiгi жанындағы қоғамдық кеңестiң мүшесi Александр Адамский «Времени новостей» газетiне берген сұхбатында келiспейтiндiгiн бiлдiрiп, екi қарама-қайшы көзқарасты атап өтiптi. Бiрiншi, балаларды конфессионалды белгiге қарап бөлу, екiншiден, дiннiң көтерiп отырған жоғары құндылығы рухани байлыққа жеккөрушiлiктiң пайда болуына әкеледi. Сондай-ақ, ол өз сөзiнде, «Көз алдыңызға елестетiңiзшi, мұғалiм: «Православ мәдениетi негiздерiн оқитындар оң жақтағы сыныпқа, мұсылман мәдениетiн оқитын бала сол жаққа өтсiн» деп тұрса не болады? Дiнге деген сенiмдi мектептен бастаймыз деп, балаларды қазiрден зәрезап етiп, мәжбүрлесек, ертеңгi күнi олар шiркеуге барар жолдан да қашатын болмай ма? Қысқасы, бұл пән балалардың қызығушылығын емес, жеккөрушiлiгiн арттырмаса неғайбыл» деген болжамын айтады.

Отандық дiнбасы өкiлдерi мен саясаттанушылардың пiкiрi осындай. Қысқасы, олардың ұстанымынан «Өзiңдi-өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн» деген саясаттың ұшығы байқалады. Шынында да, Александр Адамский меңзегендей, мектептегi жасөспiрiм ертеңгi күнi ақ та емес, көк те емес, екi ортада дүбәра болып, психологиялық ауруға шалдықпасына кiм кепiл?! Десек те, барлық жағынан саясаты мығым Ресейдiң бiр ойлағаны iшiнде. Әрине, бұл қоғам мен оны жасайтын адамдарды өз дiнiнен алшақтатпау, басқа ағым-секталардан бiржолата аулақтату, олардың жетегiнде кетiп қалудан сақтау, ең бастысы, ауызбiрлiктiң арқасында мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн асқақтатудың алғышарты емес пе?!

«ПРАВОСЛАВ МӘДЕНИЕТIНIҢ НЕГIЗДЕРI» ПӘНIНIҢ МЕКТЕПТЕ ОҚЫТЫЛУЫ ЖӨНIНДЕ КIМ НЕ ДЕЙДI?

Патриарх Алексий II бұл пәннiң оқытылу аясын бiрте-бiрте кеңейте түсудi қолдайды. «Елiмiздiң көптеген аймағының мектеп бағдарламасына сiңiсiп кеткен «Православ мәдениетiнiң негiздерi» пәнi бүгiннiң өзiнде оң нәтиже берiп жатыр. Айталық, дәл қазiргi кезде Курск, Калининград, Белгород, Новосибирск облысында, сондай-ақ Мәскеудiң жекелеген облыстарында арнаулы пән ретiнде енiп үлгердi. Менiңше, бiз бұл пәндi әрi қарай дамыта түсемiз» – дейдi, патриарх Алексий.

Ал, РФ Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко: «Негiзiнде ресейлiк жалпы бiлiм беретiн бiлiм ұяларына дiнге қатысты пән енгiзiлмеу керек. Бұл пән бәлкiм, жексенбiлiк немесе дiни-рухани мектептер мен семинарияларда өтiлуi керек шығар» дегендi бiлдiрдi.

Ресей мүфтилер кеңесiнiң өкiлi, Мәскеу ислам университетiнiң ректоры Марат Муртазин: «Бiз бұл пәннiң қосымша пән ретiнде оқытылуына қарсы емеспiз. Оның үстiне оқушы ата-ананың келiсiмi арқылы өз еркiмен оқиды. Қазiр бiз «Ислам мәдениетiнiң негiздерi» атты оқулық дайындап жатырмыз. Бiрақ бұны қажеттi пән ретiнде мемлекеттiк мектептерге енгiзуге қарсылық таныттық. Өйткенi, бұл балалардың жеке құқығын аяқасты етедi», – дейдi.

Протоиерей Всеволод Чаплин: «Шындығында, Ресейдiң көптеген аймағының жекелеген мектептерiнде «Православ мәдениетiнiң негiздерi» курсы бар. Алайда, бұл курсқа ата-ана баласын берем десе де, бермеймiн десе де өз еркi. Менiңше, әр жағдайда адамның өз жеке құқығына ерiк беру қажет. Бұл пәннiң оқытылу тәжiрибесiне үңiлсек, ешқандай да бiр дiни қақтығысқа ұшыраған факт тiркелмеген. Мысалы, кез келген ел үлгi тұтатын батысты айтар болсақ, бүгiнде Еуропаның барлық мемлекеттерiнде дiни тұрақтылыққа бағыттайтын пәндер бар. Сондықтан да дiнге деген көзқарасты бiр жақты емес, әр қырынан түсiндiргенде тұрған еш ағаттық жоқ» деген түсiнiктеме бередi.

Әр елдiң өз ұлты игiлiгi үшiн жасап жатқан озық бастамаларынан да үйренетiн жерiмiз баршылық. Неге десеңiз, бүгiнгi мейiрiмi аз қоғамда басқа ағым-секталардың жетегiнде кетiп жатқан жастар көп. Тiптi, көпшiлiгi бiр үзiм нан үшiн бәзбiреу дiни ағым өкiлдерiнiң қолын сүюге де мойынсұнып алған. Кiнәрат неден? Мұндай жолға жетуiмiзге не себеп? Айналып келгенде, бұл жастардың дiни сауатының аздығынан және елiмiзде әр түрлi дiни секталардың емiн-еркiн бейберекет жүруiнен емес пе? Тығырықтан шығудың жолы бар ма? Бар болса, қандай? Жақында «Ана тiлi» газетiнiң №32 санында «Мектепте Библия оқытылуда» деген мақала жарияланды. «Жығылғанға жұдырық» демекшi, Орал қаласының №7 орта мектебiнiң бағдарламасына «Библияның» арнайы пән ретiнде енгiзiлгенiн оқып, жағамызды ұстадық. Сонда бұл қоғамның iштен iруi емей немене? Бiр жағынан тайраңдаған ағымдар бiлгенiн iстесе, бiр жағынан мектептегi баланың санасын жаулап, улап жатқан арандатушы әрекеттер жолымызды кес-кестесе, бiз осы несiне мәз болып мақтанамыз?

Құлмұхамед Маханбет, Орталық мешiттiң бас имамы:

– Негiзi Исламды ұлттық мектепте, балабақшаға да енгiзу керек. Әрине, Ресей де ә дегеннен арнайы пән ретiнде емес, қосымша сабақ ретiнде енгiзудi қолға алды ғой. Мiне, бiз де бұны бiртiндеп жүргiзуiмiз керек. Қазақ дегенде бiрден ауызға Ислам дiнi оралады. Демек, Исламды қазақтан, қазақты Исламнан бөлмеуiмiз керек. Сондықтан балаға ата-бабасының, өз дiнiнiң тарихын оқыту, мұсылман екендiгiн әркез есiне салып отыру қажет. Қазiргi жастардың қаптап кеткен миссионерлердiң дегенiне оңай көне салуына себеп, осы дiн тарихын бiлмегендiгiнде жатыр. Дiн – саясат. Ресейде де заң бiздiкiндей. Бiрақ православ шiркеуi «Православ мәдениетiнiң негiздерi» пәнiн енгiздi. Әуелi 4 облыста, сосын бiрте-бiрте 11 облыс мектептерiнiң бағдарламасына кiргiздi. Әрине, кемшiн жақтары да жоқ емес. Әлi де ғалымдар мен дiн өкiлдерi осы пән аясында дауласып жатыр. Не десек те, қоғамның 70 пайызы мұсылман дiнiн ұстанатын болғандықтан, Қазақстан – қазақтың Отаны болғандықтан, бiзге ештеңеден қорқудың қажетi жоқ. Қысқасы, Исламның негiзгi тарихын, имандылық сабақтарын мектеп бағдарламасында оқыту жөн болар едi.

Ислам дiнiнде де зорлық жоқ. Бiрақ бағдарламаға енгеннен кейiн, сынып оқушысының бәрi оқуы тиiс. Өз еркiне ерiк беру керек емес, өз дiнi ме, ендеше, мiндеттi түрде оқысын. «Көпдiндi, көпконфессиялы мемлекетпiз» деген сөздi керiсiнше, ашынып, өкiнiп айту керек. Ең дұрысы, айтпай-ақ қойған да дұрыс-ау. Осы бағытта Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы қолдан келгенше жұмыс iстеуде. Алайда, дiни басқарма да Конституцияның шеңберiнен шыға қоймайды.

Толқын Жақаева, №13 көпсалалы гимназияның

қазақ тiлi пәнiнiң әдiскер-ұстазы:

– Көптеген елдердiң мемлекеттiк тiлi, дiнi үшiн қолға алып жатқан шараларына қарап, iштей «шiркiн-ай» дейсiң. Бiздiң мектептерде де Ислам мәдениетiн оқытатын пән болса ғой дегендi армандайсың кеп. «Ана тiлi» газетiнен оралдық бiр мектепте Библия оқытылады деген мазмұндағы мақаланы оқыдым. Бұл сұмдық қой! Неге бассыздыққа жол берiп келемiз.

Айтайын дегенiм, өз сыныбымда үнемi Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерi, Құран сүрелерi мен аяттары жөнiнде ашық сабақ өткiзiп тұрамын. Әсiресе, қасиеттi Ораза кезiнде Ислам дiнi жөнiнде көптеген мағлұмат беруге тырысамын. Бiрақ ендi айғайлатып болмаса да, өз сыныбымызда ашық сабақ жиi өткiзiледi. Нәтижесiнде кейiнгi кезде бес парыздың бiрi – Оразаны ұстайтын оқушылар көбейдi, тiптi орыс ұлтының балаларының да көзқарасы жаман емес. Сондықтан мектеп жасындағы баланы дұрыс жолмен тәрбиелеу үшiн «Ислам дiнi негiздерi» немесе «Дiнтану» пәнiн түбегейлi енгiзу қажет. Өйткенi, дiн тарихынан бейхабар жастар өсiп келедi. Ал оларға келешектi қалай сенiп тапсырамыз?!

Ернар Мәсәлiм, Iштуан Қоңыр Мандоки атындағы №154 мектеп директоры:

– Негiзi «Дiнтану» курсы 10-сыныпта ғана аптасына 1 сағат жүргiзiледi. Бұған арнайылап жазған өзiмнiң жеке бағдарламам да бар. Қателеспесем, 2004 жылы қалалық Бiлiм департаментi осы жөнiнде мәселе көтерген едi. Сонда менiң жоспарымды қолдаған. Одан кейiн қалалық мұғалiмдер даярлау институты бекiттi. Алайда бұл дiни пән емес, көбiнесе мәдениет жағын басымдыққа алады. Қысқасы, Ислам дiнiн жеке оқытпаймыз, бүкiл әлемдiк дiни ағымдар тарихын жалпылама түрде таныстырып өтемiз.

Әлi есiмде, әр түрлi дiн ағымдары мен секталары жөнiнде алғаш мәлiмет көздерiмен университетте жүргенде «Мәдениеттануға кiрiспе» лекциясынан таныс болғанмын. «Қай дiннiң негiзiн кiм қалады, ол дiндi қайсы мемлекет ұстанады және қай аймақта тарап үлгерген» сынды сан түрлi сауалға жауапты да сол кезде алдым. Өйткенi, мектеп бағдарламасында арнайы дiн негiздерiн оқытатын пән болған жоқ. Кейiнгi жылдары баспасөз беттерiнде «Неге мектеп бағдарламасына Ислам мәдениетiн оқытатын арнаулы пән, тiптi, қосымша сабақтар енгiзбеске» деген ұсыныстар ара-тұра жарияланып келедi. Бiрақ мұны құп көрiп немесе «ойланып көретiн шаруа екен» деп жатқан ешбiр маман жоқ. Әлде Қазақстан – көпдiндi, көпұлтты мемлекет деген жалаң желеуден сескенемiз бе, қайдам. Ресей де көпконфессиялы мемлекет. Соған қарамастан, алып көршi әрбiр аяқ аттап басқан ұтымды жобасын ашық, жариялы түрде жасаудан тайсалған емес. Құдайға шүкiр, Қазақстан тәуелсiздiк алғанына 17 жылға аяқ басты. Өз тiлiмiз бен дiнiмiз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз, ең бастысы – өз Конституциямыз бар. Сонда бiз кiмнен жасқанамыз, осы?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ