ҚЫТАЙДА – ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ ҮШ ТЕЛЕАРНА! АЛ БIЗДЕ?..

ҚЫТАЙДА – ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ ҮШ ТЕЛЕАРНА! АЛ БIЗДЕ?..

ҚЫТАЙДА – ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ ҮШ ТЕЛЕАРНА! АЛ БIЗДЕ?..
ашық дереккөзі

Алматыдағы тiршiлiктi ойлағанда басың ауырып, балтырың сыздайды. Неге десеңiз, айналаңның бәрiн орыстiлдiлер жаулап алғандай. Қазақтарда намыс қалмаған ба, бiлмеймiн, олар қазақпен де, шүршiтпен де, орыспен де орыс тiлiнде сөйлеседi.

Менiңше бұл аурудың асқынған бiр түрi. Қазақстан жағдайында бұл аурудың емi табылмай тұр-ау. Емi табылар едi-ау, бiрақ сол емнiң пайдасынан гөрi зиянына қарай бағыттап отырған белгiлi бiр күштi илiктiре алсақ..

Жақында туыстарымды iздеп, Қытайдың Құлжа қаласына барып қайттым. Ондағы қандастарымыз таза қазақ тiлiнде берiлiп тұратын қазақтың үш бiрдей телеарнасының бар екендiгiн айтты. Оған өзiм де куә болып қайттым. Баяғыдағыдай ортақ Отанымыз Мәскеуден iргемiздi ажыратқанымыз қашан? Өз алдымызға Отау тiгiп, Тәуелсiз ел болып отырғанымыз қашан? Мұны Бүкiлдүниежүзi мойындап отыр емес пе? Ендеше бiзге не кедергi? Әлде белгiлi бiр жасырын күш – орыс билiгi қысым жасап отыр ма екен? Арамызда бiреуге басты байлаған – бодандығымызды қимай жүргендердiң көптiгiнен бе екен? Кiм бiлсiн?! Алып ел – Қытайда қазақтың үш бiрдей телеарнасы болғанда, солардың ең құрығанда бiреуiнiң бiзде жоқтығы нелiктен?

Қазақстанда қай телеарнаның түймесiн басып қалсаң да, орысша сайрайды. Кiшкентай сәбилерiмiздiң тiлдерi де орысша шығып жатады. Себебi, облыс орталықтарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында таза қазақ тiлiнде берiлетiн балаларға арналған бiрде-бiр телеканал жоқ болған соң ғой, олардың тәулiк бойы берiлетiн – Nickelodeon каналын көрiп жатқаны. Бұл каналда мултьфильмдерден бастап, сәбилерге арналған қызықты дүниелер өте көп. Сондықтан да балдырғандар сол телеканалдан ажырағысы жоқ.

Бұл аз десеңiз, қала төңiрегiндегi ауылдар мен алыстағы аудандардың бәрi телеантенна орнына, спутниктiк табақшалар қойғызып алған. Бұл табақшалардың не құдiретi бар екендiгiн кiм бiлген, осы табақша орнатқан үйлердiң теледидарлары қазақ тiлiн мұқым бiлмейдi, бiлетiнi тек тасқа салсаң да бiр мұқалып қоймайтын орыс сөздерi. Осыдан кейiн оны көрiп отырған сәбилердiң тiлдерi орысша шықпағанда қайтедi?

Қазақстан аймағында айналаның бәрi орыс тiлiнде тiл қатысып жатқандай. Баяғыда (Кеңес кезiн айтамын да) Қазақстанда тұратын орыстар қыста «Русская зима» деп тойлап жатпаушы ма едi. Әлi де олардың сол дәуренi жүрiп тұрғандай. Олар әлi де Қазақстандағы орыс мемлекетiнде жүргендей көрiнедi маған. Шындығында да солай емес пе?

Шәймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ