Жаңалықтар

ЖАРЫЛМАЙ ҚАЛҒАН БОМБА

ашық дереккөзі

ЖАРЫЛМАЙ ҚАЛҒАН БОМБА

Қазақстан Кавказда кiмдi қолдайды?

Грузияда «алқызыл раушан» революциясы жеңiске жетiп, миллиондаған адамдардың белсендiлiгi мен қайтпас табандылығының нәтижесiнде Михаил Саакашвили бастаған жас саясаткерлер ел билiгiне келгелi берi Ресей мен азаттық сүйгiш, қайсар тау халқының арасы бiржола ушыққаны аян. Еларалық кикiлжiңдер мен бiрiн-бiрi қатаң айыптаулар үзiлмей жалғасып келедi және бұған әр кез Кремль билеушiлерi мұрындық болатыны да құпия емес.

Энергетикалық қысым жасау, қақаған қыстың кезiнде энерготасымалдаушы отын берудi тоқтату, грузин шараптары мен арасан суларын Ресейге импорттауға тыйым салу, Мәскеу және өзге де iрi орталықтардағы грузин азаматтарын ел аумағынан аластау, шекаралық аймақтарда арандатушылық әрекеттердi жүзеге асырып, сепартистер мен оппозиционерлердiң қолтығына су бүркiп, iрiткi салу – Ресейдiң осы аймақтағы жүргiзiп отырған аяр саясатының аз ғана бөлiгi бұл.

7 тамызға қараған түнде Ресей жағынан ұшып келген екi әскери ұшақтың Грузия әуе кеңiстiгiн бұзып, Тбилиси-Гори автомобиль жолына жақын орналасқан Цителубани ауылының маңында «әуе-жер» зымыранын атуы да кезектi арандату болатын. Грузиндердiң осы маңға таяу орналасқан радио-локаторлық станциясының (РЛС) қызметiне тiкелей қауiп төндiрген бұл жағдай екi ел арасындағы жағдайды одан әрмен шиеленiстiре түстi. Әлгi екi жойқын ұшақтар Солтүстiк Осетияның Моздок қаласындағы ресейлiк авиабазадан ұшып шығып, Грузияның территориясына 80 километр енiп, осы елдiң әуе кеңiстiгiн 20-30 минут бойы бұзған. Халықаралық құқық баптарында мұндайды «ел территориясына шабуыл жасады» деп бағалайтыны белгiлi. Жерге түскенде жарылмай қалған әлгi зымыран аса жойқын қару. Ресей өндiрушiлерi жасаған «Радуга» Х-58 типiндегi радиолокацияға қарсы басқарылатын тактикалық зымыранның ұзындығы – 4 метр 80 см, диаметрi – 38 см. Салмағы 640 кг. 140 кг тротил фугаспен толтырылған.

Мұндай арандату өткен наурыз айында Кодор шатқалында да жүзеге асырылған болатын және халықаралық қауымдастық ол оқиғаға онша көңiл аудара қоймаған едi. Тамыздағы жағдайдың жөнi мүлдем бөлек. Гори ауданындағы оқиға орын алған жерде шет елдердiң дипломатиялық қызметтерiнiң өкiлдерiмен кездескен Грузия президентi Михаил Саакашвили: «Бұл қашанға дейiн жалғаса бередi? Халықаралық қауымдастық қандай әрекеттер жасайды? Бiз нақты iс-шараларды күтемiз», – деп күйзелiп айтты.

Ал Мәскеу қашанғы әдетiмен грузиндердiң өздерiн айыптауда. Өз жерлерiне жарылмайтын зымыранды өздерi әдейi тастады деуiнен танар емес. Халықаралық қауымдастық мойындамай отырған Оңтүстiк Осетияның басшылары мен грузин оппозиционерлерiнiң бiрсыпырасы да Тбилисидiң өзiн айыптап, өзеуреп отыр. Тiптi, олар грузиндердiң қолында мұндай Су типiндегi ұшақтар мен әлгiндей зымырандардың жоқ екенiн де мойындағысы келмейдi.

Осы орайда 1939 жылы 1 қыркүйекте Польшаға қарсы соғыс бастаған гитлерлiк Германия әскерлерiнiң арандату әрекетi ойға оралады. Гитлершiлердiң арнайы тобы поляк әскерилерiнiң формасын киiп, шекарадағы шағын немiс қаласындағы телеграфқа түнде шабуыл жасап, ол үшiн поляк диверсанттарын айыптады да, келесi күнi Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың өртi лаулаған-ды.

Ресей мен Грузия арасында қалыптасып отырған дүрдараздық жағдай Оңтүстiк Кавказдағы орын алып отырған ахуалмен ғана байланысты емес, мұның бiр ұшы сонау Балқан түбегiндегi күрделi жағдаймен де сабақтасып жатыр. Дәлiрек айтқанда, Кремль Грузияның мәселесiмен Косовоны тiкелей байланыстырмақ болып әуре.

Таяуда Ресей Бас штабының бастығы, генерал Ю.Балуевскийдiң: «Грузиндер қазiр белгiлi бiр деңгейде шарасыздықты бастан кешуде, себебi, Косово түйткiлi Косовоға халықаралық құқық субъектiсi статусын берумен аяқталса, Грузия Абхазия мен Оңтүстiк Осетиядан бiржола айрылып тынады», – деуi өкпек желдiң қайдан соғатынын аңдатады. Ал Ресей Косовоның тәуелсiздiк алуына түбегейлi қарсы екенi әркiмге-ақ мәлiм.

Кезiнде Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының бiрқатары М.Саакашвилидiң АҚШ-та оқып, бiлiм алғанын айып етiп таққаны да ұмытыла қойған жоқ. Ал мәселенiң шын астары Грузия президентi және оның жақтастарының жаңаша ойлайтындығында, елдiң шын мәнiнде тәуелсiздiк алуына құштарлығында жатыр. Олар Ресейдiң айтқанына көнiп, айдағанына жүре беруден бас тартты. Және кейбiр тәуелсiз мемлекеттердiң секемшiл басшыларындай мәймөңкелеместен, мұнысын ашық әрi батыл түрде мәлiмдедi. Сонымен қатар Оңтүстiк Кавказ, Қара теңiз аймағы Ресейдiң уысынан ақырындап шығып бара жатуы Кремльдi алаңдатпай тұра алмайды. Осыған дейiн Кавказдағы республикалар Кеңестер Одағы кезiндегiндей Ресейдiң ықпалында қалады делiнiп келсе, ал 1997 жылы АҚШ Оңтүстiк Кавказда өз саясатын белсендi түрде жүргiзiп, ықпалын ұлғайтуға мүмкiндiк алды. Ал Кремль басшылары қалыптасқан мұндай жаңа жағдайға мүлдем дайын болмай шықты.

Арада өткен он жылдан кейiн Ресей билеушiлерi осынау аса маңызды стратегиялық аймақта өз ықпалын күшейтуге мейлiнше күш салуда. Әлемдiк қауымдастық мойындамайтын Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны қолдап отырған Кремль Грузияның қауiпсiздiгi мен тұтастығына қауiп төндiрушi тарап болып қала берумен қатар «Бейбiтшiлiктi қамтамасыз етушi бiрiккен күштер» (ССПМ) деп аталатын халықаралық күштер, ал шын мәнiнде Ресейдiң қуатты әскери тобы, осы аймақтан әкетiлмей отыруы Кавказдағы кикiлжiңнiң таяу жылдары оң шешiле қоймайтынын бiлдiрсе керек.

Бiр ғажабы, аталмыш әскерлердiң қолбасшысы генерал Марат Құлахметов екендiгiнiң өзi Ресей билеушiлерiнiң өзгенiң қолымен от көсейтiн ежелгi аяр саясатты мүлтiксiз сақтайтынына дәлел секiлдi. Өйткенi, осынау қуатты әскер тобына басшылық жасайтын таза орыс генералы елде табылмай қалған жоқ, тек «бөлiп ал да, билей бер» деген қағиданы ұстанатын Кремль қып-қызыл өрттiң алдына өзге ұлт, өзге дiндi адамды тосуға әдеттенген.

Иә, бүгiнде Грузия НАТО-ға кiруге мүдделi. Өйткенi өздерiнiң қауiпсiздiгiне үнемi қатер төндiретiн Ресей билiгiнiң өктемдiгi, шовинистiгi, құйтырқы әрекеттерiнен зәрезап болып, әбден жалыққан. Жалтақтап күн кешуге болмайтынына көздерi жеткен. Ал Кремль басшылары: «НАТО елiмiздiң шекарасына таяп келдi. Қауiп төндiруде», – деп үнемi байбалам салумен келедi. Бiрақ ешқашан өздерiнiң кемшiлiгiн мойындап, оны талдап, қорытынды жасап көрген емес. Жалпы орыс қоғамы ежелден жауды сырттан iздеуге, ең бастысы, оны «табуға» әуес. Тарихи дәстүр солай қалыптасқан. Ресей тарихына байыппен көз жiберген адам орыс жұртының өрескел өшпендiлiгi өзгелерге жамандық, зұлмат, нәубет тiлеуден туындайтынын да аңғарары сөзсiз. Бұл әдет кейiнгi жылдарда, Ресейде империяшылдық, шовинизм, негiзсiз кекшiлдiк пен тоңмойындық өрiстеп тұрған қазiргi уақта одан әрмен бел алды, тiптi, жалпы психозға айналды десе де болғандай.

Таяуда «АиФ» газетiнде жарияланған мурманскiлiк оқырман К.Портнойдың: «…русским помогают небеса?» деген хаты осының айқын дәлелi сияқты.

«Британдық жаңа администрация Мәскеумен ұрысып қалғаны сол-ақ екен, Англияны бұрын-соңды болмаған топан су басты. Ал Литвиненконың iсi өз-өзiнен екiншi қатарға сырғып қалды. Ал менiң ойыма 2005 жылы американдық-ресейлiк қатынастар ушыға бастаған тұста АҚШ-ты «Катрина» дауылы жайпап өткенi оралды. Сол кезде американдық метеоролог Скотт Стивенс: «Апат қолдан – «қырғи-қабақ» соғыс жылдары орыстар ойлап тапқан электромагниттiк генератордың көмегiмен жасалды», – деп мәлiмдеген едi. Оның айтуынша, дауылдың алдында қалың тұман түсуi мен радиотолқындардағы кедергiлер соның айғағы көрiнедi.

Өз басым құпия климаттық қарудың бар екенiне сенбеймiн. Бәлкiм, мұндай апаттар дүниеде ең биiк әдiлдiктiң бар екенiн көрсететiн шығар? Халық даналығы: «Құдайдың назары түскен» дейдi, бәлкiм Ресейдi жазықсыз жәбiрлегендер Жаратқанның кәрiне ұшырайтын шығар», – деп («АиФ» газетi, 8-14 тамыз, №32) көлгiрсiген.

Бiр сөзбен айтқанда, әлгi Портнойдың пiкiрiнше, айнала әлем Ресейге қысастық ойлауда және түптеп келгенде ондайлардың бәрi Құдайдың қаһарына ұшырайтын көрiнедi. Олай десек Ресейдiң өзiнде табиғат апаттары, техногендiк апаттар жиi болып тұратыны да мәлiм. Бұл кiмнiң қарғысы екен, а?!.

Әсiлi, Ресейге өзiнен асқан жау жоқ. Сондықтан соңғы бiрер жылда маңайдағы көршiлерiнiң бәрi Ресейден бой тартып, iргесiн аулақтатуға күш салуда. Грузия да сескенiп, еш үрейленiп отырған жоқ. Гори ауданындағы осынау қатерлi оқиғадан соң АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысының көмекшiсi Мэтью Брайздың: «Бiз қандай жағдайда да Грузия үкiметiнiң республиканы бiрiктiруге бағытталған қалауын қолдаймыз және грузин басшылары мен грузин халқының еркiнен тыс пайда болған ешбiр сепаратистiк құрылымды мойындамаймыз», – деуi АҚШ-тың Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны бiртұтас Грузияның құрамында ғана көрудi қалайтынын бiлдiредi. Грузия территориясындағы арандатушылық әрекеттердi айыптаған АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунiгi: «Грузия өзiне-өзi шабуыл жасады дейтiн мәлiмдемелер еш пайда әкелмейдi. Мұндай бөстекi сөздер жағдайды шиеленiстiре түседi», – деп үстемеледi өзiнiң пiкiрiн.

Сiрә, АҚШ Ресейдiң бiрсыпыра лауазымды адамдары мен шенеунiктерiнiң желбуаз, аярлық пен арамзалыққа толы сөздерi мен әрекеттерiнен әбден жалыққан сыңайлы.

Кавказдағы жағдайдың одан әрi шиеленiсе беруi Қазақстанды да бейтарап қалдыра қоймауы ықтимал. Өзiнiң сыртқы саясатында, әсiресе экономикалық қарым-қатынасында көп векторлы саясат ұстанатын Астана соңғы жылдары ресми Тбилисимен тығыз экономикалық байланыстар орнатқан болатын. Әсiресе, Кавказ бағытында қазақ кәсiпкерлерi бiрнеше жылдан берi белсендi әрекет етiп келедi. Соңғы кездерi Қазақстан қатысуға бел бұған Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры мен Баку-Тбилиси-Эрзрум газ құбырының тиiмдi жұмысы бiздiң ел экономикасында үлкен маңызға ие болатыны сөзсiз. Биылғы жылдың көктемiнде аса ауықымды делегациясының – ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер, мәдениет қайраткерлерi мен жұлдыздарының Грузияға ресми сапармен барып қайтуы екi ел арасындағы достық байланыстың үлгiсi ретiнде бағаланғаны белгiлi. Тiптi, осы сапар кезiнде грузиндер мұны бейнелi түрде «Көшпендiлердiң екiншi шабуылы», – деп бағаласа керек. Әуелгi шабуыл – ерте кезеңдерде 60 мың қолды бастап барған Артық батырдың Грузияны апаттан сақтап қалған шағы ғой.

Жасырары жоқ, грузин халқы Қазақстанға дән риза. Президент Михаил Саакашвили өзiне тән, ойдағысын еш жасырмайтын тiк мiнезiмен мұны әрқашан айтып та, бiлдiрiп те жүр. Осындай жағдайда Қазақстан Кремльдiң қас-қабағын бағып, өзiнiң стратегиялық әрiптесi – Ресейдiң сойылын соға ма, жоқ азаттық сүйгiш, ұлы державашыл орыс шовинистерiне қаймықпай қарсы тұрған Грузияны қолдай ма? Таңдау еркi – Астанада.

«Ақылды бiр өледi, ақымақ күнде өледi» дейдi грузин халқының нақылы. Қазақ халқының ежелден жолдасын жолға (жауға) тастамайтын берiк сертi бар, бiрақ бүгiнгi, жаңа замандағы Қазақстанда ол жақсы әдет ұмытылған шығар?!

Қазiр «Қазтрансгаз» мемлекеттiк компаниясы Грузияның астанасы Тбилисиге Иран газын жеткiзу жөнiнде белсендi түрде келiссөздер жүргiзуде. Алдағы жаңа жылдан бастап Грузия Иранның арзан көгiлдiр отынын ала бастамақшы. Өткен жылдың күзiнде Ираннан газ алмақ болған Тбилисидiң әрекетiн Құрама Штаттар айыптаған соң мұндай ұмтылыстар тоқтатылып, грузиндер амалсыздан Ресейдiң «Газпром» компаниясымен келiсiм шарт жасаған едi. Алайда Тбилисимен жиi жанжалдасып қала беретiн Ресей өз газының бағасын екi есе қымбаттатып жiбердi. Жылына 2 млрд. текше метр газ пайдаланатын Грузия iшiнара газды Әзiрбайжаннан алып,әзiрге өз елiндегi сұранысты жеткiлiктi деңгейде қамтамасыз етiп отыр. Өткен қыста Грузия астанасы жылудан және жарықтан тапшылық көрген жоқ және ел экономикасы бiрте-бiрте көтерiлiп, дамып келедi. Тiптi, Тбилисидi арзан көгiлдiр отынмен тоқтаусыз қамтамасыз ету үшiн «Қазтрансгаз – Тбилиси» компаниясы бiр жыл бойы зор шығын жұмсап, өздерi айтарлықтай зиян шеккен деген сөз бар. Грузияны газбен қамтамасыз ететiн аса iрi «Қазтрансгаз» биыл Иран қажеттi көлемдегi газбен қамтамасыз ететiн болса, ресейлiк «Газпромнан» газ сатып алуды тоқтатпақшы. Бұл жолы Иранға тiс қайрап жүрген АҚШ-тың позициясы тоқтау болмайтын сыңайлы.

«Қазтрансгаз» компаниясының Бас директоры Серiк Сұлтанғалиев мырза: «Әзiрге ешкiм эмбарго жариялаған жоқ. Бұл бiздiң бизнес және бiз өзiмiзге қалай пайдалы болса, солай әрекет жасаймыз», – деп мәлiмдедi.

Сiрә, Астана Грузиямен экономикалық байланыстарды үзбеуге шешiм қабылдаған сыңайлы. Грузиндер өздерiн арзан газбен қамтамасыз еткен Қазақстанға бұдан былай да дән риза болатыны сөзсiз. Ал, «Аштықта жеген құйқаның дәмi ауыздан кетпейдi», – дейдi ғой. Солай да шығар…

Жаңабек ШАҒАТАЙ