ТОҒЫЗЫ ТҮГЕЛ БОЛСА ...
ТОҒЫЗЫ ТҮГЕЛ БОЛСА ...
Парламентте ұлт сөзi айтылар ма?
Биылғы сайлаудың жөнi бөлек. Әдеттегiдей, жеке тұлғаларды емес, партияларға дауыс беруден бөлек, бұл жолғы сайлаудан Қазақстан халықтары ассамблеясы да қалыс қалмай, додаға өз дүлдiлдерiн қосты да жiбердi. Әрине, мұның бәрi Конституцияға енгiзiлген соңғы өзгертулер мен толықтыруларға байланысты.
Ассамблеяның дүлдiлдерi шын жүйрiктер ме, әлде қалыптасқан жүйенiң шеңбер-құрсауынан шыға алмайтын жабылар бола ма — уақыт көрсетедi. Әйтеуiр, ҚХА кеңесi 50 адамның iшiнен тоғыз үмiткердi iрiктеп алып, Парламент Мәжiлiсiне сайлауға ұсынды. Президент Назарбаевтың өзi қатысқан жиында асссамблея мүшелерi бiрi қалмай дауыс бердi. Сонымен, Ассамблеядан Парламентке Мұрат Ахмадиев, Валерий Вишниченко, Егор Каппель, Леонид Питаленко, Раиса Полищук, Қайрат Сәдуақасов, Розақұл Халмұрадов, Людмила Хочиева, Виктор Цой депутат болып сайланды.
Егер "тоғыздықтың" сапалық құрамын сараптасақ, олар — бiр ұйғыр, бiр украин, бiр немiс, бiр белорусь, бiр орыс, бiр қазақ, бiр өзбек, бiр балқар, бiр кәрiс.
Ассамблеядан депутат сайлау идеясына көп адамдардың қарсы болғаны мәлiм. Олардың айтатын бiр дәлелi — кеңестiк кезеңдегi "әр ұлттың бiр-бiр өкiлi депутат болсын" деген қағиданы қайтадан қамыт етiп киемiз бе деген қауiп болатын. Бұл қауiп негiзсiз болмаған сияқты. Тоғыз депутат — тоғыз ұлттың өкiлi. Жақсы-ақ. Сонда "жүзден астам ұлттар тұрады" деп ұрандатып жүрген қоғамымыздың басқа мүшелерi, яғни "тоғыздыққа" кiрмей қалған өзге ұлт өкiлдерi ренiш бiлдiрмей ме? Әлде оларға "келесi жолы депутаттарды сендерден сайлаймыз" деп уәде беремiз бе? Осымыз демократияға сай ма?
Қай iстiң де екi қыры болады. Ассамблеядан депутат сайлаудың да көңiл жұбатар тұстары да, қарын аштыратын да тұстары бар. "Ендi Парламентке шын мәнiнде ұлттық мәселенi қозғайтын депутаттар барды-ау" деген бiр ой жұбаныш болса, "әр ұлттың өкiлi көрпенi өз жағына қарай тартып, "бақа, шаян, аққудың" кебiн кимей ме" деген қорқыныш тудырады.
Тәуелсiз Қазақстан тарихында әрбiр сайлау — сынақ екенiн де еске саламыз. Ассамблеядан депутат сайлау — демократиялы ел болу жолындағы көп талпыныстың бiрi шығар.
Тоғыз депутат Мәжiлiске барғаннан iшкi саяси жағдай күрт өзгере қоймас. Бiрақ арифметикалық және логикалық есепке жүгiнсек, 107 депуаттың 9-ы, яғни Парламенттiң төменгi палатасының 8,4 пайызы әжептәуiр дауысқа ие. Ақыр аяғы, оппозицияның көздегенi, бiрақ қолы жетпеген орындардың саны да осы 8,4 пайызға шамалас.
Тоғыз адам шындаса, Парламенттi төңкерiп жiберуi де мүмкiн.
ҚХА өзi сайлағаннан кейiн ендi осы тоғыз депутатқа депутаттық сауалдар мен заң жобаларын ұсыныс етiп енгiзуге ықпал етiп отырады. Бiр сөзбен айтқанда, Халықтар ассамблеясы аяқ астынан ресми органнан қолында ел билiгiне ықпал ету тетiгi бар күштi органға айналды. Ал ол өзiнiң жаңа мүмкiндiктерiн қалай, қай бағытта пайдаланады — бұл көпшiлiктiң көкейiндегi түйткiлдi сауал.
Бұл сұрақ бiздiң де ойымызда.
Қазақстанда көп ұлттардың өкiлдерi тұратыны рас. Бiрақ Қазақстан — көпұлтты мемлекет емес. Көпұлтты мемлекет деген ұғымның өзi жаңсақ. Ресейде жүзге тарта ұлт өкiлдерi тұрады, бiрақ Ресей — орыс ұлтының мемлекетi екендiгiн еш уақытта жасырған емес. Қазiр Мәскеуге барып, Ресей — орыстың ғана емес, чешеннiң, латыштың, өзбектiң, қазақтың, башқұрттың, татардың, қалмақтың, жақұттың, шеркестiң, қарашайдың, украинның, одан қалса, ебiрейдiң, американдықтың, француздың елi деп жар салып көрiңiз…
Саяси күшке ие болған халықтар ассамблеясы ендi қолындағы билiгiн елдiң iргесiн бекiтуге, ұлттарды ұйытуға жұмсағаны абзал. Ол үшiн ең әуелi Ассамблеяның өзi ресми түрде "Қазақстан — қазақтың мемлекетi" екендiгiн, ал басқа ұлттардың бәрi бұл мемлекеттiң тұрғындары, толыққанды азаматтары екендiгiн мәлiмдеуi керек. Сонда ғана Қазақстан халықтары ассамблеясы өзiнiң тарихи миссиясын орындайды.
Болашақта Маловодное мен Шелек оқиғалары қайталанбас үшiн ұлттық саясатты сауатты жүргiзудi Ассамблея өз мойнына алуы керек. Ұлттық саясат — мемлекеттiк тiлдi құрметтеп, оның кең қолданысқа енуiне жағдай жасаудан басталса керек. Бiр ел, бiр тiл болғанда ғана қоғам тыныш болады.
Мұны Нұрсұлтан Назарбаев та айрықша атап көрсеттi. "Жаңа сайланған депутаттар Қазақстан атты мекен еткен ұлт пен ұлыстың өкiлдерi ретiнде "достық елшiлерi" мiндетiн лайықты атқаруы керек" дедi Елбасы.
Қазақстан үкiметi ТМД бойынша бiрде-бiр ел қолына алмаған iстердi бiтiрiп отыр. Мысалы, ТМД бойынша жалғыз ұйғыр, немiс, кәрiс театрлары Қазақстанда бар, ал күрд тiлiндегi оқулықтар тек қана Қазақстанда шығады. Ұлттық тiлдерде аттай 324 бұқаралық ақпарат құралы бар екен. Ұлттық театрларды мемлекет есебiнен қаржыландыру бес еседен астам өскен.
Шын мәнiнде, Қазақстандай, қазақтай өзге ұлт өкiлдерiне жағдай жасап отырған ел жоқ, халық жоқ. Осы ретте елмiзге келгенде Рамзан Кадыровтың айтқан сөзi бар: "Қазақтар шешендерге қысылтаяң шақта қол ұшын бердi, қолынан келген көмегiн аямады, бiз соның қадiрiн бiлуiмiз керек". Маған салса, бұл — қазақша-орысша тiлдерде үлкен әрiптермен билбордтарға жазып, әр қаланың, әр облыс орталығының көшесiне iлiп қоятын сөз.
Қазақстан халықтары ассамблеясына жүктелген мiндет те, артылған үмiт те жетерлiк. Оны "ұлттар ұйымы" ақтай ма, жоқ па, кiм бiлсiн?
"Түкiстанның" өткен санында Асылы Османның қысқа сұхбаты шықты.
Ұлт жанашырынан артық айттық демеймiз:
— Қазақстанның иесi де, киесi де — қазақ… Қазақ деген халықтың болмысын ұғатын, жан-дүниесiн сезiнетiн, ұлтпен бiрге қайғырып, ұлтпен бiрге қуанатын, халықты қадiрлейтiн адамдар депутат болса деп өзiмнiң сұхбаттарымда жазғанмын да, айтқанмын да. Өйткенi, қазақ халқы олардың елге, жерге деген сенiмiн арттырды, олардың ешқайсысының шекесiнен шерткен жоқ қой… Менiң елiмде қай ұлттың өкiлi болса, ол болсын, бiрақ ол Қазақстанға, қазақ қоғамына, қазақтың тiлiне, қазақтың жетпей жатқан дүниесiн ары қарай сүйреуге қызмет ететiн адам болса болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ұлт пен ұлыс өкiлдерiне бiрдей қараса, олар да соған лайық болуы керек.
Гүлбиғаш Омарова