Жаңалықтар

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БЕЛБЕУI БОСАДЫ МА?..

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БЕЛБЕУI БОСАДЫ МА?..

Елiмiзде бокс өнерiнiң тасы өрге домалағанына жарты ғасырдан астам уақыт өттi.

Сонау КСРО заманының дүрiлдеп тұрған шағында-ақ ринг төрiнде қазақ жастары жасындай жарқыраған-ды.

Сол көштiң басында болған ағайынды Омаровтар, Мәжит Омарғалиев, Әбдiсалан Нұрмаханов секiлдi атпал азаматтар едi. Кейiннен де жеңiспен өрiлген бұл дәстүр өз жалғасын тапты. Сондай дәрежеге көтерiлудiң түп-тамыры бокстың бұқаралығының артуы мен сол көптiң арасынан асыл-маржандарын тере бiлген бiлiктi мамандардың, бапкерлердiң тынымсыз еңбегi мен төккен терлерiнiң нәтижесiнде жатса керек. Сондай бiлгiр мамандардың бiрi – Ерлiк Мәукенұлы Жарболов Қазақстан бокс федерациясының атқару комитетiнiң мүшесi.

– Балалық шақта бәрiмiз де арманшыл болдық қой. Балалық қиял ойымды сан-саққа жүгiртiп, бiресе ғалым болуды, ендi бiрде бiлiктi инженер болуды армандайтынмын. Бiрақ кейде сол армандарыңды ысырып тастап, бұрын ойға келе бермейтiн тағдыр сүрлеуiне алып келiп, өмiр соқпағына салатын жағдайлар да аз болмайды екен. Менiң ой-арманымды ерiксiз өзгерткен бiр оқиға болды. Сонау елу жетiншi – тауық жылы мен тұратын Көкпектi ауылына (Павлодар облысы) Алматыдан жас жорналшы,қазiргi генерал Мұрат Қалматаев келдi. Ол кiсi ауыл балаларын жинап алып, бокс үйiрмесiн ашты. Оған қатысуға ынта бiлдiрушiлер қатары күн санап көбейе түстi. Мен де солардың бiрi болып, тұңғыш рет қолыма былғары қолғап кидiм. Бiрақ, көп ұзамай бiздiң үйiмiз Майқайыңға көшуiне байланысты жаңа жерде жаңа бапкер таптым.

Майқайыңдағы комбинаттың зертхана меңгерушiсi Хабиболла Оспанов едi. Ол кiсi КазГУ-де оқып жүргенде ағайынды Омаровтармен бiрге жаттыққан екен. Бiр жылдан астам сол бiлiктi ұстазымнан көп нәрсенi үйренiп көңiлге түйдiм. Бiр жылдан кейiн Хабиболла ағамыз Алматыға қызметке ауысып кеттi. Басқа амал болмаған соң, бапкерлiк мiндеттi өзiм атқарып, құрбыларымның тарап кетпеуiне әсерiм тидi. Солардың арасынан кейiн елiмiздiң чемпионы атанған Өндiрiс Әбдин, Қайрат Әубәкiров деген боксшылар шықты, – деп бастады ол өз әңгiмесiн.

– Ұмытпасам осыдан бiраз жыл бұрын бiр газеттен жас бүлдiршiндердi тегiн жаттықтыратын бокс мектебi ашылды, мектептiң аты «Ертал» – Достық даңғылының бойына орналасқан деген хабарламаны оқығаным есiмде. Кейiн бiлгенiмiзде сол мектептi құрған сiз екенсiз.

– Рас, мен сондай iске тәуекел еттiм! Өз қаражатыма аукционға түскен бiр жертөленi сатып алып, оны күрделi жөндеуден өткiзiп, қажеттi құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттiм. 20-дан аса балалардың бокспен тегiн айналысуына жол аштым. Оларды халықаралық дәрежедегi спорт шеберi Талғат Бердiбеков, Қазақстанға еңбегi сiңген жаттықтырушы Болат Нүрпейiсов, Саян Естiбаев, Владимир Шевцов сияқты тәжiрибелi бапкерлер баулыды.

Бокс мектебiнiң тек балалар ғана емес, көпшiлiктiң игiлiгiне айналуына зор мән бердiк. Онда Сиднейде өткен Олимпиадалық ойындар қарсаңында Е.Ыбырайымов, Б.Жұмадiлов сияқты нағыз бокс нарқасқалары жаттығып, тер төктi. Бұл екi боксшы да Сиднейде ел намысын зор абыроймен қорғай бiлгендерiн көпшiлiк жақсы бiледi. Олардың сол табыстарында мысқалдай болса да «Ертал» мектебiнiң үлесi болғанын мақтаныш ете аламыз. Араға уақыт салып мектеп түлектерi Алмас Досжанов, Ақылбек Қаналиев халықаралық жарыстарда бiрнеше рет олжа салды.

– Тәуелсiздiк алған жылдардан берi бокстан ел атын шығарған қазақ жастары аз болған жоқ. Тiптен әлемдi аузына қаратқан Куба, Ресей сияқты мықты елдермен бокстан үзеңгi қағыстырып, командалық тұғырдан көрiне бастаған едiк. Алайда Катардағы Азия ойындарында командалық бесiншi орынға сырғып, бiр ғана алтын медальға ие болуымыз бәрiмiздiң шымбайымызға қатты батты.

– 2002 жылы Әлем кубогының финалдық жекпе-жегi Астанада өттi. Ақтық теке-тiресте Куба мен Қазақстан боксшылары қолғап түйiстiрдi. Финалда 6:5 есебiмен Куба боксшылары Әлем кубогын иелендi. Бiздiң жiгiттер жеңiл салмақтың бәрiнде дерлiк үстемдiк құрды.

Салмақтар ауырлаған сайын кубалықтардың мысы басып, ең ауыр салмақтағы жеңiстерiнiң артықшылығымен Әлем кубогының иегерi атанды. Сол жолы Тұрсынғали Едiловты бас бапкерлiктен алып тастады.

Сиднейден кейiнгi екi жылда жаңа төрт жылдық циклдiң iрге тасы ендi қалана бастағанда бас бапкердi алып тастап, әлi тәжiрибесi онша толыспаған Ермахан Ыбырайымовқа құрама тiзгiнiн бiрден ұстата салдық. Мен мұны Ермаханды ұнатпағандықтан немесе жек көргендiктен айтып отырған жоқпын. Ермахан өзiнше iс-жоспар құрып, оны жүзеге асыруына уақыт өте қысқа болды дегендiктен айтып отырмын.

Қанша тәжiрибе жинап, өмiр мектебiнен өткен, көзi қарақты болған Тұрсынғалидың мүмкiндiгiн шектеп, ойлаған ойларын жүзеге асыруына мүмкiндiк бермедiк. Афина Олимпиадасында кем дегенде екi алтын алуға тиiстi едiк. Неге екенiн бiлмеймiн, Геннадий Головкин ұтып тұрған финалдық жекпе-жекте қарсыласына әдейi берiле салған сияқты болып көрiнедi де тұрады маған. «Қазақ баласы болса өйтпес едi-ау», деген пендешiлiк менi үнемi толғандырады, мазалайды. Бұл ой жалғыз менiң ғана ойым емес. Мұндай күдiктi ойды талай-талай бокс мамандары да суыртпақтап айтқандарын есiтiп қалып жүрмiн.

Аяқ алысы тәуiр, қарымы бар қазақ балаларына үмiт артқанымыз абзал сияқты, оның үстiне бокс спорты қазақ жастарының ұлттық спорт түрiне айналғанын ешкiм де жоққа шығара алмаса керек. Бұлай деуiмiздiң негiзi – қазiргi таңда талантты қазақ жастарының қатары күн санап көбейе түсуде.

– Катардағы сәтсiздiктен кейiн бiраз уақыт бойы қазақ боксы құрдымға кеттi, ендi қайта көтерiлуi екiталай деген байбаламдар аз болған жоқ. Бұған сiздiң көзқарасыңыз қалай?

– Қазақ боксының арқауы неге босай бастады дегенге келетiн болсақ, бiр жолғы сәтсiздiкке қарап пiсiп-жетiлмеген, үзiлдi-кесiлдi пiкiр айтып, баға беру дұрыс емес. «Қазақ боксы бiржолата құрдымға кеттi» деген қасаң пiкiрлерге бой алдырмауымыз керек. Қайта сол сәтсiздiктерге негiз болған, аяққа тұсау салып жатқан кемшiлiктердiң бетiн ашып, оларды тездетiп жоюдың жолдарын iздестiргенiмiз дұрыс.

Соңғы кезде бiр байқағаным, бокстан ел чемпионаты өткен кезде финалдық айқаста, өз шәкiртiн қандай жолмен болмасын жеңдiрiп, құрамаға алдыртуға тырысу белең алып барады. Рас, биылғы Қарағандыда өткен ел бiрiншiлiгi бұл орайда бiршама таза өттi. Мiне, мұндай жағдайда мықты боксшының жолын кесiп, бағын байлаймыз. Ондай жағдайдың бұрынғы бiрiншiлiктерде орын алғанын көрiп те, бiлiп те жүрмiз.

Бұдан кейiнгi үлкен бокстың дамуын тежейтiн нәрсе, ол төрешiлердiң көпе-көрiнеу әдiлетсiздiгi. Бұл жағдай Азия бiрiншiлiктерiнде көбiрек байқалады. Азияны былай қойып, өз төрешiлерiмiз де ел бiрiншiлiгiнде бұра тартатындары өтiрiк емес. Естуiмiзше, төрешiлер өзара топқа бөлiнiп алып, жарыс кезiнде әртүрлi айла-амалдарға барып, мықты боксшылардың жолын кесетiн көрiнедi.

– Өзiңiз айтқан төрешiлер әдiлетсiздiгi Катардағы Азия ойындарында кейбiр қазақстандық былғары қолғап шеберлерiнiң жолын кестi, оның үстiне AIBA-ның вице-президентi болып, қазақ боксының халықаралық аренадағы беделiнiң жоғары болуына зор ықпалын тигiзе бiлген Бекет Махмутов ағамыздың сол орынға қайта сайланбай қалуының да әсерi тидi деген пiкiрлер айтылды.

– Соңғы жылдарда, әсiресе Азия деңгейiндегi жарыстарда, төрешiлердiң бұра тартушылығы жиi байқалып жүр. Катарда қазақстандық Серiк Сәпиевке төрешiлердiң көпе-көрiнеу қиянаты болмағанда тағы бiр алтынға қол жеткiзетiн едiк. Серiктiң ақтық сында қарсыласына басымдық танытқаны «тайға таңба басқандай» көрiнiп тұрды. Жекпе-жек аяқталған соң таиландтық боксшының бапкерлерi де, мамандар да мойындап, Сәпиевтiң бапкерiне өз өкiнiштерiн ашықтан-ашық бiлдiрiп, жұбату сөздер айтқанын естiдiк.

Осы жерде айта кететiн бiр жағдай, шаршы алаңға шыққан боксшы бiр нәрсенi ешқашан да ұмытпағандары абзал, ол қарсыласыңнан мысың да, күшiң де басым болуы. Сонда ғана қарсыласың да, төрешi де тыпыр ете алмайтын болады. Боксшының бойында туа бiттi ұстамдылық болғаны абзал. Әр жарыс алдында ертеңгi кездесудi ойлап жүрегi лүпiлдеп, бойын қорқынышқа билеткен спортшылардан не күтуге болады. Iштей бекемдiк, iштей өзiн-өзi қамшылай бiлмеген боксшыдан жеңiс күту қиын. Сондықтан да қарсыласыңнан мысың да, күшiң де басым болсын деген қағиданы бапкерлер өз шәкiрттерiнiң бойына құя бiлулерi тиiс.

Ал Бек Махмутов аға туралы айтсақ, айтып-айтпай не керек, ол кiсiнiң орны ойсырап қалды. Бекет ағаның қазақ боксының дамуына қосқан үлесi зор.

Бекет Махмутов ағаны қайта ұсыну керек едi. Жәй ұсыну емес, өтетiндей етiп ұсына бiлуiмiз қажет болатын. Сырттай естiумiзше Бекет ағаның вице-президенттiкке өтпей қалуына өздерiмiз кiнәлi көрiнемiз. Қазақстанның жақында қайта құрылған кәсiби боксының федерациясына Бекет Махмутов вице-президент болып сайланды. Ол кiсi елiмiздiң кәсiби боксының көсегесiн көгертетiнiне дау жоқ.

Құраманың бас бапкерi Дәмiр Буданбеков әрбiр боксшының бапкерiне жиi қайталап айтатын талабы, ол – боксшының шеберлiгiмен қатар, бойында қанының ойнап тұруы. Кез-келген жарыстың барысында жанып тұрған жастарды көбiрек көрсек дейдi. Бұл өте дұрыс талап.

Боксшылардың жеке бапкерлерiнде құрамаға алынған боксшыны құрама бапкерi шеберлiкке баулуға тиiс деген қате пiкiр қалыптасқан. Бұл дұрыс емес, 10 күндiк оку-жаттығу барысында құрама бапкерi оларды жеңiс үшiн қалай күресуге дайындайды. Әр боксшының бойындағы толысқан шеберлiгiне, оның жалпы дайындығына боксшының өз бапкерi ғана жауапты болуға тиiс.

Мiне, сондықтан да Қазақстанның бокс бiрiншiлiгiн нағыз өмiр емтиханына айналдырып, әр боксшыға қойылатын талапты арттырып, ел чемпионатында електен өтiп, барлық мамандарды мойындатқан мықтылар ғана халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын талапқа сай болғаны дұрыс.

Құрама командадағы боксшылар жауапты жұмыстардан кейiнгi уақытта өз бапкерiнiң еншiсiне тиедi. Мiне, осы аралықта сол боксшының бапкерi үнемi құраманың бас бапкерi Дәмiр Буданбековпен тығыз байланысты болып, оқу – жаттығу жұмыстарын қандай арнамен жүргiзуге болатынын кеңесiп, ақылдасып отырғандары жөн.

– Бокс спортының құдiретiн арттыру үшiн әлемдiк деңгейдегi жарыстарда жаңалықтар енгiзу керек деген сәуегейлiктер жиi айтыла бастады.Оны қалай түсiнуге болады?

– Кейiнгi кезде бокстағы «компьютердi» алып тастау керек, себебi бокс «әсерлiгiнен» айырылып бара жатыр деген пiкiр туындауда. Соңғы жылдары әуесқойлар арасындағы жекпе-жектерде нокаутпен ұту жоқтың қасы деуге болады. Неге десеңiз, қазiргi қолғаптарда қол дұрыс қысылмайды, ал боксшылардың бастарында маска (пiшiн қалып). Сондықтан да бар жақтан АIВА-ға қолғапты ауыстыру керек, масканы шешу керек деген сияқты ұсыныстар жасалуда. Мамандардың айтуынша, Дохада бiрiншi рет кәсiби бокстағыдай қолғап болған. Ол көлемi жағынан кiшкентай, соққы беруге де ыңғайлы.

Соның әсерiнен бе, Катарда 5-6 нокаут болғаны белгiлi.

Бокс әлемiн билеп тұрған Куба боксшыларынан үйренетiн нәрселер баршылық. Олардың құрама командасы жанында барлық жауапты жарыстарды бейне таспаға түсiретiн арнайы топ құрылған. Арнайы топ барлық турнирлердi түсiрiп, өз боксшыларына болашақ қарсыластарының кездесулерiн көрсетiп, оларға қарсы қалай дайындалуға болатынын жоспарлайды екен. Тұрмыс жағдайлары нашар деп жүрген сол Куба боксшыларының әрқайсысының жеке массажисi, жеке дәрiгерi бар.

Кубада бокс спорты – бiздегiдей ұлттық спорт санатына жатады! Бұл елде мектеп қабырғасында оқып жүрiп, жас өскiндер бокстың әлiппесiн үйренiп, алғашқы қадамын жасайды. Оларды жолға салатын, көзiн ашатын мектептегi дене тәрбиесiнiң мұғалiмi, әрбiр оқушының қабiлетiне қарай: «Сен мына спортпен, сен ана спорт түрiмен айналысқаның жөн», – деп болашаққа жол сiлтейдi.

Сол iрiктеуден өтiп, көзге iлiнген бүлдiршiндер бокс мектебiнде жалпы дайындықтан әбден өткен соң елге танымал белгiлi бапкердiң қолына табысталады. Қалғаны айтпаса да түсiнiктi ғой. Жалпы Куба құрамасында кандидат болғандар әр салмақта бiрнеше талапкерден тұрады, тiптен 10 адамға дейiн жететiн көрiнедi. Сол талапкерлер жыл бойы 320 күн құрама команда сапында дайындық лагерiнде болады. Ол жерде армиядағыдай қатаң тәртiп орнатылған.

Бұл жерде маман ретiндегi менiң пiкiрiм,боксшыны барлық халықаралық турнирлерге сүйрелей берудiң қажетi жоқ. Құрама бапкерлерi жас талапкерлерге де сенiм көрсетiп, олардың сол халықаралық сында шыңдалуына мән берулерiнiң үлкен маңызы бар.

– Бiзде боксшы әлем немесе олимпиада чемпионы атанса, көкке бiр шығып алып, жерге қайта түспей қоятыны бар емес пе, бiр жолғы табысына тояттанып, жаттығуды жыл бойына жалғастырмайтындары айдай шындық екенiн жұрт бiледi. Осы дұрыс па?

– Бұл өте дұрыс қойылған сұрақ деп ойлаймын. Бiздегi басты бiр кемшiлiк —әлемдiк додаларда оза шауып, көзге түскен боксшыларымызды әспеттеп шапан жауып, той тойлатып, қаншама уақытты босқа сарп етулерiне өздерiмiз мұрындық боламыз. Олар жаттығудан көпке дейiн қол үзiп қалады. Онымен қоса оларды ел бiрiншiлiктерiне де қатыспай-ақ қой деген солақай солқылдақтық танытамыз. Чемпиондарды тағынан тайдыруға жарап қалған iзбасарлармен теке-тiреске түсiрмеймiз, кейiн кiмнiң мықты, кiмнiң осал екенiн бiлмей қаламыз.

Сөйтiп олар өздерiнiң шеберлiгiн дамытудан қалып қойғандарын байқамай да қалады, онымен қоса өздерiнiң өкшелерiн басып келе жатқан жас таланттарға жол бермейдi.

Қазiргi таңда бокс маманы ретiнде менi 81, 91 келi, одан жоғарғы салмақтағы боксшылардың жағдайы алаңдатады. Бұл салмақтарда орын алып отырған түйткiлдердi ұзатпай шешу қажет. Бокстың бар беделi ауыр салмақта екенiн ұмытпауға тиiспiз.

– Ауыр салмақта ел намысын абыроймен қорғап жүрген Мұхтархан Дiлдәбековке бокс жанкүйерлерiнiң, бокс мамандарының өкпесi жоқ. Небiр жауапты сындарда тайсалмай ел намысын жоғары ұстап келе жатқан нарқасқаларымыздың бiрi екенi даусыз. Оның лайықты iзбасары Рүстем Iргебаев болуда. Алайда Рүстем үлкен бокста тұрақтылық көрсете алмай жүре ме, әлде оған көп сенiм артыла бермей ме, әйтеуiр атын сирек еститiн болдық!

— Жасыратыны жоқ, бүгiнгi таңда Рүстем Iргебаев пен Бақыт Сәрсекбаев мен басқаратын Алматыдағы қалалық №3-шi мектептiң атынан сынға түсiп, сол мектептiң аялы қамқорлығын көрiп отыр. Бақыт Сәрсекбаев Дохадағы Азия ойындарының чемпионы, сол Азия ойындарының қарасаңында өткен студенттердiң әлем бiрiншiлiгiнiң жеңiмпазы. Ал, Рүстем Iргебаевтың алар асулары алда деп бiлемiн.

Мен биылғы қаңтар айындағы «Жас алаш» газетiнен құрама команданың бұрынғы бапкерi Тұрсынғали Едiловтың мынандай пiкiрiн оқыдым. Ол кiсiнiң пiкiрiн сөзбе-сөз күйiнде келтiргендi дұрыс көрдiм.

«Бiздiң спортта жерлестiк дегеннiң белең алғаны жасырын емес. Бiзге Iргебаев сияқты боксшыларды сақтау керек едi. Бiрақ ол жарысқа ерте қосылды. Оның жасында үлкен салмақта бокстасу өте қиын. Жас боксшы ауыр соққылардан қайтып қалады. Жеке бапкер Асқарбек Ғазизов болса, боксшыларын Дәулет Тұрлыхановқа айтып жүрiп, бiраз турнирге қатыстырды. Ондай бапкерге боксшыларының нәтижесi ғана керек.

Айналып келгенде Мақсат Бақтыбазаров, Бауыржан Қайырменов, Рүстем Iргебаев сынды жас жiгiттердiң қайсысы әлемдiк деңгейде бокстасты? Көрiп жүрсiздер ешқайсысының да бағы ашылмады!» — деген пiкiрiнде терең мән бар. Менiң ойымша Т. Едiлов мырза боксқа жаны ашыған маман ретiнде өз ой-пiкiрiн бiлдiрiп отырған сияқты.

Ал, Рүстем Iргебаев осымен бiттi деген пiкiрлермен келiспеймiн. Оның алар биiктерi алда.

Екi-үш жылдан берi Ресей мемлекетi бiлiктi бапкерлер мен құрама командаларға кандидат спортшыларға арнайы стипендия тағайындады. Бұл жағдай жаңа спорт министрiмiз Темiрхан Мыңайдарұлы Досмұханбетов келген күннен бастап бiзде де оң шешiмiн табуда.

– Бокс әлемiнде соңғы жылдары үш елдiң аты бiрге аталып келедi. Ол – Куба, Ресей және Қазақстан. Осы үштiктен бiздi кейiн қарай ысырғысы келетiн мемлекеттер қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде. Соның iшiнде басты бәсекелесiмiз — Өзбекстан.

Олар соңғы 4-5 жылдың көлемiнде Қазақстанға Азияда дес бермей қойды. Iштей қауiптенбеске шара қалмады. Өзбектер осы қарқынынан таймаса, алдымызға түсiп, тайраңдағалы тұр. Дохада финалда екi алтынды бiзден тартып әкеткен өзбектер емес пе?

Бұрын бiздер оларға мұрын шүйiрiп, шекемiзден қарайтын едiк, ендi олардың мықтылығын мойындайтын түрiмiз бар.

– Рас, өзбектердiң соңғы жылдардағы мықтылығын мойындамасқа шара жоқ. Оларда бокс жақсы қарқынмен дамуда. Оның үстiне өзбекстандық Рахим Гафуровтың АIВА-ға вице-президент болып сайлануы да өзбек боксына халықаралық жарыстарда оң әсерiн тигiзерi даусыз. Қарсыласыңды мойындату үшiн күшiң де, мысың да басым болуға тиiс, өзбек боксының деңгейiнен шоқтығымыз бiршама биiк болғанда ғана оларды ерiксiз мойындата аламыз.

Екi көршi елдiң боксының ара салмағына көз салып, салыстырып көрелiк: 2002 және 2006 жылғы Азия ойындарында өзбектер командалық есепте алда болды.

Кәсiпқой бокста да олар бiздiң алдымызды орай бастады. Марат Мәзiмбаевтан атағын тартып алған өзбекке есемiз кеттi.

Бiзде бiр ғана басымдық бар, ол — Олимпиада ойындарындағы көрсеткiшiмiз.

Спортта, бiлекпен бiрге жүректе бiлiм де ауадай қажет. Менiң ойымша, дәл қазiр Қазақстан спортына ғылыми тұрғыдан қарулану жетпей тұр деп ойлаймын. Тездетiп осы мәселенi қолға алу қажет.

Әлемдiк деңгейде үнемi алғашқы үштiктен көрiнгенiмiзге мәз болып жүргенде Азияда бесiншi болу, бұл әрине, ойландыратын жайт.Сәтсiздiк бiр күнде ғана келе салмайтыны, мысқалдап кiрiп, бiрте-бiрте аяққа тұсау салатыны белгiлi. Бiрақ, бiр сәтсiздiктен кейiн «Қазақстан боксы құрдымға кеттi», деп жар салу да жаңсақ пiкiр. Құраманың бас бапкерiнiң Дохада алты медаль алуды жоспарлап отырмыз деген сөзi есiмде. Ол айтқан сөзiнде тұрды, тек алтын медаль алу жағынан ақсап қалдық емес пе?!

– Ереке, қазiр Азияда жалпы бокстың дамуы қалай? Қазақстандықтармен үзеңгi қағыстыратын, өзбектерден бөлек, қандай қарсыластарымыз бар?

– Өзбектерде ауыр салмақ пен орташа салмақтағылар мықты. Ал, Тайланд пен Филиппин боксшыларынан жеңiл салмақтағылар көбiне-көп үздiк шығуда. Қазiр Үндiстан боксшылары да жақсы көтерiлiп келедi, қытайлықтар жеңiл салмақта мықты екенiн жиi дәлелдей бастады. Тәжiкстан мен Қырғызстанның да боксшылары күн санап күшейiп келедi. Сондықтан Азияда бұрын екi-үш команда оқшауланып алдыңғы сапта тұрса, қазiр он шақты команда иiн тiрестiрiп қатар келедi.

Мiне, осындай мықтылармен өтетiн жекпе-жекте Қазақстан боксы шыңдалып, ширыға түсуi тиiс.

Биылғы жылдың қазан айында Чикагода бокстан әлем чемпионаты өтедi. Сол сында 2008 жылғы Пекин олимпиадасына берiлетiн жолдаманы алуға тырысуымыз керек.

Қазақстан боксының белбеуi сәл босаңсығаны рас, қазiр қайта ширатыла бастады.

Қазақстан үшiн ұлттық спорт түрiне айналған боксымыз бiр төбе де, қалған спорт түрлерi бiр төбе дер едiм. Бұл жерде басқа спорт түрлерiнiң қажетi жоқ деген түсiнiк болмауы керек. Тәуелсiздiк алған жылдардағы Қазақстан спортшылары олимпиада ойындарында жеңiп алған алтын медалдардың денi бокстың үлесiнде екен.

Қазақ боксы ертең-ақ сол баяғы әсем де тегеурiндi қалпына қайта мiнiп, жаңа табыстармен қуанта беретiнiне күмән жоқ.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Рабат ЖӘНIБЕКҰЛЫ