Жаңалықтар

ОППОЗИЦИЯ НЕГЕ ЖЕҢIЛДI?

ашық дереккөзі

ОППОЗИЦИЯ НЕГЕ ЖЕҢIЛДI?

Көптеген ресейлiк басылымдар "Мәселе дауыс санауда емес, мәселе тым әлсiз, қоғамда өзiн көрсете бiлмеген оппозицияда, небәрi 8 миллиондай сайлаушысы бар елде Мәжiлiске өту үшiн 7%-дық кедергi қою тым жоғары" деген пiкiр айтқан. Шын мәнiсiнде келiсуге болатын пiкiр. Оппозиция Мәжiлiс сайлауы өткен 2004 жылы, Президент сайлауы өткен 2005 жылдан берi өзiн дұрыс көрсете алмады.

Ең алдымен, жұмылған жұдырықтай iрi бiр күшке айнала бастаған "Ақ жол" партиясы ыдырады. Одан бөлiнiп шыққан лидерлер бiресе "Әдiлеттi Қазақстан үшiн" блогына енiп, бiресе "Нағыз Ақ жол" партиясын құрып, соңында Жалпыұлттық социал демократиялық партияға бiрiгiп тынды. Ал, "Ақ жол" партиясын басқарып қалған Әлихан Бәйменовтi бұрынғы серiктестерi iрiтушi ретiнде қаралады. Осының бәрi сайлаушының оппозицияға деген ықыласын азайтты. 2004 жылы "Ақ жол" сайлаушының 20% дауысын иеленiп, Парламенттен бiр мандатқа ие болған. Қазiргi оппозиционерлер сол кезде дауыс берген халық ендi неге терiс айналды деп дал. Себебi, жалғыз. Оған оппозицияның өзi кiнәлi. Мәдениет және ақпарат министрi, "Хабар" арнасының "Жетi күн" бағдарламасына сұхбат берген "Нұр Отан" партиясынан депутаттыққа үмiткер болған Ермұхамет Ертiсбаев: "Нұр Отан" партиясының жеңiсiне себепкер болған факторларды санамалапты: олар — Партия лидерi Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлiк тұлғасы, екiншi — "Нұр Отан" партиясы нағыз iстiң партиясы", — дейдi министр мырза. Үшiншi — партия сайлау үшiн жұмыс жасамайды, ол тұрақты және жоспарлы түрде қимылдайды, төртiншi — партия iшiндегi ынтымақ. Партия ешуақытта өзара ыдыраған емес, керiсiнше, соңғы жылдары қатарына 4 бiрдей партияны қосып алып, күшiн еселей түстi. Бесiншi — "Нұр Отан" көп ұлт өкiлдерiнен құралған жалғыз партия.

Әрине, бұл пiкiрлердiң барлығымен келiсе беру қиын. Бiрақ, "Нұр Отанның" жеңiсiнiң кiлтi — ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаев болғаны, оның жергiлiктi жердегi филиалының жетекшiлерi не облыс не қала әкiмi екендiгiнде дау жоқ. Өзге факторлардың шындыққа жанасатыны аз.

Сондай-ақ, Ермұхамет Ертiсбаев оппозицияның нелiктен жеңiлгендiгiне де баға бере кетiптi. «Ең бастысы — партияның атында» дейдi Е. Ертiсбаев. Сайлау кампаниясы кезiндегi мониторингтер көрсетiп бергенiндей сайлаушылардың көбi "Ақ жол" мен ЖСДП-ны ажырата алмады. Ажыратқан күннiң өзiнде оның лидерлерiн шатастыра бердi. Сондай-ақ, сайлау кезiнде ЖСДП аббревиатурасын қалай оқитындықтарын бiлмей дағдарды. Екiншi — лидерлерiнiң шиеленiске бейiмдiгi. ЖСДП-ның сайлауалды ақпаратының барлығы шиеленiске құрылды. Үшiншi — оппозиционерлер белгiлi бiр мақсатты көздеген жоқ. Олар ұсақ-түйектiң барлығына араласқысы келдi. Тiптi, оларда төңкерiстiк бағдарлама да болған жоқ. Яғни, олардың өзiндiк бет-бейнесi қалыптаспады. Әрi оппозицияда жүйелiлiк жоқ. Жүйелi оппозицияның қалыптаспауы да олардың жеңiлiске ұшырауының ең басты шарты. Сөйте тұра, оппозиция популизмге бейiм тұрды. Олардың көптеген ұрандарын жүзеге асырудың тетiктерi жоқ. Оппозиция халықтан жырақ қалды. Олар елдегi iшкi саясатты жақсы бiлмейдi. Сонымен қатар, оппозицияның өзiн-өзi аса жоғары бағалап, кеудемсоқтыққа салынуы да жеңiлiске жетеледi дейдi министр.

Әрине, Ертiсбаевтiң оппозиция туралы айтқандарымен келiспей болмас. Шын мәнiсiнде Қазақстандағы оппозиция жүйелi түрде қызмет етiп жатқан жоқ. Бәлкiм, партиялардың ай сайын түрленiп отыруы да осыған куә шығар. Дегенмен, оппозицияның 7%-дық кедергiден өтуiне бөгет болған тағы бiр фактор бар. Ол — әкiмшiлiк ресурс. Ауылдық жерлерде қаласаң да, қаламасаң да дауысыңды билiк партиясына беруiң керек. егер, олай болмаса, азын-аулақ нәпақа тауып отырған жұмысыңмен қоштаса беруiң қажет. Бұның да маңызды рөл атқарғанын ұмытпаған жөн.

Есенгүл Кәпқызы