Жаңалықтар

ЖЕҢIС ТҰҒЫРЫНДА – ЖАЛҒЫЗ ПАРТИЯ

ашық дереккөзі

ЖЕҢIС ТҰҒЫРЫНДА – ЖАЛҒЫЗ ПАРТИЯ

Бiзге Еуропа емес, Азияның демократиясы жақын болғаны ғой…

18 тамыздағы сайлаудың алдын-ала қорытындысы бойынша, Мәжiлiске бiр ғана партия, "Нұр Отан" партиясының өкiлдерi баратын болды. Бұған дейiн сарапшылардың жасаған болжамдары, Мәжiлiстен үш партияның орын алу мүмкiндiгiнiң бәрi жоққа шықты. Жексенбi күнi Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ. Тұрғанқұлов сенбiдегi сайлаудың алдын-ала қорытындыларын мәлiм еткенде, талайлар таңданып, таңдайын қағысты. Әрине, "Нұр Отан" партиясының жеңiсiне ешкiм күмән келтiрген жоқ. Ол өзiнiң лидерiнiң беделiн пайдаланып та, әкiмшiлiк ресурстарға бой ұрып та 80% жеңiске жетедi деушiлер көп болған. Алайда…

Сайлаудың ең соңғы қорытындысы әлi жариялана қойған жоқ. Бiрақ, соған қарамастан сайлау өткен күннен бастап, жеңiсiн тойлаған «нұротандықтардың» масаттанғанын айқын байқауға болады. Сайлау өткен күнi кешкiсiн алдын-ала қорытындыларды жариялап үлгерген облыс әкiмдерi бiрiмен-бiрi сайысқа түскендей, бiрiнен-бiрi асып түсуге тырысты. Егер, берiлген дауысты бұрмалап, оппозицияның еншiсiн тартып алғандар бар болса, менiңше, олар облыс әкiмдерi мен әкiмшiлiгi болуы бек мүмкiн. Өйткенi, әкiм-қаралар жағымпаздықтың шектен шыққан үлгiсiн осылай көрсетуге тырысып баққан көрiнедi. Қалай дегенмен де, бiздiң елдегi сайлау барысын жарыса жазған әлем ақпарат құралдары сайлау қорытындысына таңданыстарын жасырмай жатыр. Кейбiр, ақпарат құралдары "Нұр Отан" партиясын Кеңес заманындағы Коммунистiк партияға теңеп жатса, ендi бiреулерi авторитарлықтың шектен шыққан үлгiсi деп баға беруде.

Бiр қызығы, Қазақстандағы сайлау барысын қорытындылаған бақылаушылар бұл сайлаудың алдағы сайлаулармен салыстырғанда, анағұрлым ашық, анағұрлым демократиялы болғандығын айтуда. Ал, оппозиция бұрмалаушылықтардың өте көп болғандығын жеткiздi.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР КӨЗIМЕН

Любомир Копай, ЕҚЫҰ ұзақ мерзiмдi бақылаушылар қызметiнiң төрағасы:

— Бiз Қазақстанда болған кезiмiзде электоратпен, саяси партия өкiлдерiмен, орталық сайлау комиссиясының мүшелерiмен, қоғамдық және мемлекеттiк емес ұйымдардың өкiлдерiмен кездесiп, пiкiр алмастық. Олардың көңiлге түйген ойларына қатты назар аудардым. Бiздiң көз жеткiзгенiмiз, сайлау өткiзуде бұрынғыдан бiршама iлгерiлеушiлiк байқалады. Алайда, атқарылатын шаруа әлi көп. Сондай-ақ, мен бiр партиядан жасақталған парламентi бар ешқандай демократиялық мемлекеттi бiлмеймiн.

Консильо Ди Нино, Еуропа парламент ассамблеясының қысқа мерзiмдi

бақылаушылар қызметiнiң төрағасы:

— Бұл сайлау Қазақстанды демократиялық қоғам орнату жолында тағы бiр қадам алға жылжытты. Нәтижесi көзге ұрып тұр. Партияларға сайлау барысы кезiнде толық еркiндiк берiлдi. Бақылаушылар сайлау барысының жақсы өткендiгi жайында бiр пiкiрге келдi.

Владимир Рушайло, ТМД-лық бақылаушылар қызметiнiң төрағасы,

ТМД атқарушы хатшысы:

— Бұл сайлаудың еркiн және ашық болғанын мойындау керек. Менiңше, сайлау мемлекеттiң тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуының көрiнiсi болды, қоғамның әрi қарай демократиялануының маңызды факторы болған саяси реформалардың заңды жалғасына айналды.

ӘЛЕУМЕТТIК САУАЛНАМАЛАР ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША:

18 тамыз күнi кешкi сағат 20.00-де Қазақстанның әлеуметтанушылары мен саясаттанушылары қауымдастығы Exit poll тәсiлiмен өткiзген әлеуметтiк сауалнама қорытындысын жариялады. Қазақстанның әлеуметтанушылары мен саясаттанушылары қауымдастығының президентi Бақытжамал Бектұрғанованың сөзiне қарағанда, сауалнама Астана және Алматы қалаларында, 14 облыста жүргiзiлген. Яғни, сауалнамаға республикалық маңызы бар 16 қала, 20 елдiмекен қамтылған. Республика бойынша, 156 учаскеде 110 мың сайлаушының пiкiрiн бiлген. Сауалнама қорытындысы бойынша, билiк партиясы "Нұр Отанға" — 77,3%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға — 6,86%, "Ақ жол" партиясына — 7,06%, "Ауыл" партиясына — 3,29%, Қазақстанның халықтық коммунистiк партиясына — 1,71%, "Руханият" партиясына — 0,43% дауыс берiлген. Сауалнама аталған қауымдастықтың өз қаржысымен жүргiзiлгендiктен, Бақытжамал Бектұрғанова ешкiмге бүйрегi бұрмайтындығын айтты.

"Ksilon Astana CG" консалтингтiк зерттеу компаниясының мәлiметi бойынша:

"Нұр Отан" партиясы — 83,22%

"Ақ жол" партиясы — 6,74%

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы — 5,02%

Қазақстанның халықтық коммунистiк партиясы — 2,79%

"Ауыл" партиясы — 1,13%

Патриоттар партиясы — 0,87%

"Руханият" партиясы — 0,23%

Сұралушылардың саны — 20502 адам.

Сондай-ақ, "КоммерсантЪ" газетiнiң тiлшiсi сайлау барысын өзiнiң жiтi қадағалағанын, 18-тамыз күнi кешкi сағат 20.00-де дәл осы "Ksilon Astana CG" консалтингтiк зерттеу компаниясының сауалнама қорытындысын тiкелей эфирден белгiлi тележүргiзушi Айгүл Мүкей мәлiм еткендiгiн жазады ("КоммерсантЪ", "Доказательство от однопартийного"№148, 20.08.07.). Айгүл Мүкей телеэкран арқылы екi түрлi сауалнаманың қорытындысын жария еткен. Оның бiрiнде "Нұр Отан" — 83,22%, екiншiсiнде – 80,32% дауысқа ие болса, "Ақ жол" партиясы 6,74% және 7,21% дауыс жинаса, ЖСДП — 7 пайыздық өткелге сәл жетпеген.

ОППОЗИЦИЯ САЙЛАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫНЫҢ ӘДIЛДIГIНЕ СЕНБЕЙДI

Қазақстандағы демократиялық күштердiң бiрi, әрi өздерiн нағыз оппозиционермiз дейтiн Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы сайлау қорытындыларын мойындамайтындықтарын бiлдiруде. Жексенбi күнi журналистерге баспасөз-мәслихатын өткiзген олар сайлау аяқталғанына 12 сағат болса да сайлау учаскелерi оппозициялық партия өкiлдерiне дауыс беру нәтижесi туралы хаттамаларды бермей отырғанын хабарлаған. Ал, дүйсенбi күнi сайлау қорытындыларын мойындамайтындықтарын мәлiм еткен. Сондай-ақ, ЖСДП өкiлдерi сайлауға бүкiл сайлаушының 65%-ы сайлауға қатысты дегенге де нанар емес. Олардың пiкiрiнше, "осыдан үш жыл бұрынғы Мәжiлiс сайлауы қыркүйектiң ортасында өткенiне қарамастан, сайлаушылардың 56%-ы ғана қатысса, асығыс-үсiгiс, тамызда өткен сайлауға қалай 65% адам дауыс берiп жүр?". Әрi ЖСДП атынан бақылаушы болған адамдардың айтуына қарағанда, бақылаушылардың көбi Алматы қаласында жұмыс iстеген. Мұндағы 466 сайлау учаскесiнiң 420-сының хаттамасы бойынша алматылықтардың 22%-ы оппозицияға дауыс берген екен.

Ал, өздерiн оппозицияға да, билiкке де бұра тартпайтын центристермiз дейтiн "Ақ жол" партиясының өкiлдерi де бұл сайлауда екiншi орынға табан тiреп, Мәжiлiстен орын алатындықтарына қатты сенiмдi болды. Бiрақ, сайлау қорытындысы олардың көңiлiне су септi. Сайлаудың алдын-ала қорытындысы белгiлi болысымен, баспасөз-мәслихатын өткiзiп, мәлiмдеме жасаған ақжолдықтар "Сайлау қорытындысы бұрмаланды" дейдi. "Ақ жол" партиясының төрағасының орынбасары Бөрiхан Нұрмұхамедовтiң айтуына қарағанда, "Ақ жол" партиясы кемiнде 12% дауысқа ие болған көрiнедi. "Ақ жол" партиясы сайлау қорытындыларын мойындамай, наразылық жарияламақ. Кез-келген наразылықты заң шеңберiнде ұйымдастыруды басты мақсат етiп отыр.

ҰЛТТЫҢ СӨЗIН КIМ СӨЙЛЕР?

Бiр партиялық Парламентпен демократиялы мемлекетпiз деу қиын. Өйткенi, бiр партиядан сайланған әрiптестер бiр-бiрiне қарсы келе қояр ма екен?! Дегенмен, Жапония, Корея, Сингапур секiлдi шығыс-азиялық барыс елдерiнде дәл осындай тәжiрибе қалыптасқан. Демек, бiзге Еуропа демократиясынан гөрi, Азия демократиясы жақын болды ғой. Қит етсе батыстық демократияны тықпалай беретiн Еуропалық әрiптестерiмiз ендi не дер екен? 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға басшылық ету идеясы жүзеге аса қояр ма? Өйткенi, Еуропадағы Қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы дәл осы сайлау қорытындысын күткен болатын. Қазақстанның аталған ұйымға төраға болуы-болмауын сайлау шешедi деген. ЕҚЫҰ-дан келген бақылаушылар әзiрге сайлауға "жақсы" деген баға беруде.

Қалай дегенмен де, бiр партиядан сайланған әрiптестер бiрi не десе соған бас шұлғып отыра беретiн болды. Бұрынғы-бұрынғы ма, ендiгi Парламентте ұлттың мүддесi үшiн бас ауыртатын, ұлт мүддесi сынға түскен кезде шырылдап ара түсетiн адамды шам алып iздемесек жарар. Бұл Парламентте Тоқтар Әубәкiров, Мұхтар Шаханов, Амалбек Тшан, Амангелдi Айталылар болмайтын болды. Пiкiр алуандығы, плюрализм жоқ жерде, демократияның дамитындығы да күмәндi.

Есенгүл Кәпқызы