Жаңалықтар

Тұрсынбек КӘКIШҰЛЫ,филология ғылымдарының докторы, профессор: ҰЛТТЫҚ МАҚСАТСЫЗ ҰЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖОҚ

ашық дереккөзі

Тұрсынбек КӘКIШҰЛЫ,филология ғылымдарының докторы, профессор: ҰЛТТЫҚ МАҚСАТСЫЗ ҰЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖОҚ

Қазiр ақсақалдық билiк жоғалған заманда, зиялының үнi құмығып естiле бастаған тұста, елiмiздегi аузы дуалы ақсақалдарымыздың пiкiрiн бiлiп отырғанды жөн көрдiк. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкiшевпен әңгiмемiз ел өмiрiндегi елеулi өзгерiс – сайлау және басқа да мәселелер төңiрегiнде өрбiдi.

БИЛЕУШI ПАРТИЯ ДЕГЕНIН IСТЕЙ МЕ ДЕП ОЙЛАЙМЫН 

– Тұрсынбек аға, үш күннен кейiн сайлау. Ел өмiрiнде iрi өзгерiс болайын деп тұр. Жаңа Парламент жасақталмақшы. Сiздiңше, тездетiп сайлау өткiзудiң қажетi бар ма едi?

– Сырт көзге мұның бәрi дұрыс сияқты. Бiрақ, билеушi партия дегенiн iстейдi ғой. Оның үстiне оппозициялық партиялардың лидерлерiне көңiлiм тола бермейдi. Жарқырап көзге түсiп, ел-жұртты аузына қарататындай адамдар болса жақсы болар едi. Сайлау қарсаңындағы телесайыстарды көрiп отырып, маған Қ. Келiмбетов пен О. Жандосовтың өзара пiкiрсайысы қатты ұнады. Екеуi де елдiң экономикасын жақсы бiлетiн, ел басқаруға жарайтын азаматтар екен. Қазiр қазақ қоғамында екi ауру пайда болды. Бiрiншiсi, мақтаншақтық. Көзiң көрiп, негiзiн сезiп тұрсаң да мақтану жағынан елдiң алдына түсiп кеттiк. Президенттiң Жолдауын насихаттау Құранның хадистерiн насихаттаудан да асып кеттi. Екiншiсi, өтiрiк айту. Жалпы, мақтаншақтық пен өтiрiк айту қатар жүредi ғой. – Партиялық жүйеге көштiк. Сайлау пропорционалды жүйемен өтетiн болды. Кейбiреулер, «бұл тым тосыннан болды, халық әлi түсiне алмай жатыр» деген пiкiр айтуда. – Мысалы, мен қазiр кiмге дауыс берерiмдi бiлмеймiн. «Нұр Отан» партиясы 128 үмiткер ұсынды. Мәжiлiске 98 адам барады. Мәселен, мен сен үшiн деп «Нұр Отанға» дауыс бердiм, iрiктеу кезiнде сенi депутаттыққа жiбермесе ше? Жақында бiр газеттен оқыдым, үмiткер iрiктеу кезiнде Шымкенттегi «Нұр Отан» партиясының бөлiмшесiнде үлкен дау болыпты. Тiзiмге енбей қалғандар партиядан шығып та кетiптi. Осындай ұрыстар ертең-ақ алдымыздан шығады. 98 орынға 400-ге жуық үмiткер тiркелдi. Қазiргi кейбiр болжамдар «Нұр Отан» – 35%, ЖСДП – 25%, «Ақ жол» – 7-8% дауыс жинайды десе, тағы бiрi «Нұр Отан» – 80%, «Ақ жол» – 8%, ЖСДП – 2-3% дауыс жинайды дейдi. Қазiр жұрт саясатты түсiнетiн болды. Президентке де, басқаға да сын айта алатын дәрежеге жеттi. Бұл бұрынғы Кеңестiк жүйеден ептеп болса да шығып келе жатқанымыздың арқасы. Бiрақ, бiздiң көп әрекетiмiзде коммунистiк әдiс-тәсiлдер қалмай келедi. БIЗ РЕСЕЙДIҢ РУХАНИ БОДАНДЫҒЫНАН ҚҰТЫЛА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ 

— Қазақстан тәуелсiздiк алғалы 15 жыл өттi. Көптеген БАҚ-ты қарасаңыз, қоғамдық пiкiрге құлақ ассаңыз, айтыла-айтыла жауыр болған бiр мәселе бар. Ол – қазақ мәселесi. Сiздiңше, бұның себебi неде?

– Қазақстанда қазақ тiлi сорлы тiлге, қазақ халқы сорлы халыққа айналды. Ауылдағы ұйып отырған колхоз, совхозды тарату үлкен қателiк болды. Елiмiздiң қойны-қонышы толған байлық екенi рас. Бiрақ, оның да сарқылатын күнi болады ғой. Елдi асырайтын – ауыл, ауылдың астығы, сүтi, етi. Сол ауылдың халқы қазiр не iстерiн бiлмей дағдаруда. Оның үстiне абаттану дейтiн идея бар. Соған орай, келешек қалада, ауылда халқымыздың 7-8%-ы тұрса болады деген бастама көтерiп жатырмыз. Ауыл 8% көлемiнде өнiм берсе болды, қалғанын шеттен сатып аламыз дейтiн жаман пиғыл бар. Мал бағып, егiн екпесек, қазақтың ұланғайыр даласын қайда жiберемiз. Даланы кiм игередi? Үкiметтiң жiберген осы қателiгi – қазақ халқына, оның даласына жасаған қысастығы секiлдi. Қазiр қара су мен қара нанға қарап отырған ауыл тұрғындары аз емес. Қазақ даласы қайда қалады, кiмге қалады? Онда кiм тұрады? Мынадай үлкен территорияда, мүмкiндiгi мол елде тұрып жатып, халықтың жағдайын жасай алмасақ, елдiгiмiзге сын ғой. Халықты қалаға жинағаннан не опа тауып жатырмыз? Не таза ауамыз жоқ, не таза суымыз жоқ. Ауыл болып отырсақ, қай жағынан да тазалық лебi есiп тұрар едi. Қазақты қалаға апарып, ел етем деу бос қиял. Мына дала тұрғанда, малын өргiзбей, төлiн алмай қазақ тiршiлiк етпейдi. Мысалы, бай-манаптардың ауылда жылқы үйiрлерiн ұстайтынын естiп бiлдiм. Бiрнешеуiн көрдiм. Сол қаланы жақсы көргендiктен дейсiң бе? Атқа мiну денсаулыққа пайдалы екен де, машинада отыру денсаулыққа зиян көрiнедi. Қазақты қалаға тығам деу бос арман. Онда мына жердi үлестiрiп-үлестiрiп, сатсын да, қазақты әкелiп бiр бұрышқа тықсын. «Ұлттық идея» деймiз бе, «қазақ идеясы» деймiз бе, әйтеуiр, осы мемлекеттi құраушы ақы иесi қазақтың жағдайын жасауға талаптану керек. Ресей – орыстан басқаларының тiлiн де, мүддесiн де ескермей отыр. – Ресейде «орыс идеясы» деген өмiрге келдi… – Қазiр Ресейде шовинизм күшейiп барады, Путин үн-түнсiз шовинизмдi қоздырып отыр. Қазақстандағы орыстардың өзiне сол идеяны таратып жатыр. Қазақстандағы орыстардың қолынан iс келетiнi, жастар Ресейге кетiп қалды. Мұнда көбiнесе зейнет жасындағылары қалып отыр. Оларды iске жарайтын, үлкен күш ретiнде қабылдаудың қажетi жоқ. Сырттан 1 миллион жұмыс күшiн әкелу туралы айтылып қалды бiр партияның бағдарламасында. Сонда өзiмiздiң жұмыссыздарды қайтемiз. Сейфуллин көшесiнде сабылып тұрған жастарды сол жұмыстарға жекпей ме? Егер, көнбей жатса, мәжбүрлесiн. Шетелде сондай тәжiрибе бар. Шеттен келетiндер ешуақытта сенiң пайдаңды ойламайды. Ондай пиғыл ешкiмде болған емес, болмайды да. – Бiздiң мемлекетте екi түрлi саясат, екi түрлi идея жүргiзiлiп отыр. Қазақтiлдiлер мен орыстiлдiлердiң идеясы. Соның салдарынан қоғам екiге жарылды. Орыстiлдiлер орыс мемлекетiнде, қазақтiлдiлер қазақ мемлекетiнде өмiр сүрiп жатқандай сезiнедi. Бiзде мемлекеттiк идея деген бар да, ұлттық идея деген бар. Мемлекеттiк идея мен ұлттық идеяның ара жiгiн ажырату дұрыс па? – Бұл негiзiнен саясаттың дұрыс еместiгiнен. Мемлекеттiк идея, ұлттық идея деп бөле жарудың қажетi жоқ. Барлығы сол мемлекетте тiрлiк ететiн тұрғындардың мүддесiне қызмет етуi керек. Оның iшiнде сол мемлекеттi құраушы ұлттың мүддесi баса ескерiлуi керек. Бiзде ол жоқ. Бiздi құртып отырған «қара орыстар». Кеңес одағы кезiнде өз тiлiнен мақұрым қазақтар 40% едi, Кеңес құлағаннан кейiн тағы 20% қосылды. Өйткенi, Кеңес одағы кезiнде қыздарымыздың барлығын дерлiк орысша оқыттық. Ұлдарымыздың 30-35%-ы, қыздарымыздың – 70-75%-ы орысша оқыды. Қазiр мемлекеттiк қызметтегiлердiң 58,2%-ы әйелдер және бәрi орыстiлдiлер. Барған адамды дұрыс қабылдамайды. Қызметте солай ытқырынып тұрған әйел, үйiнде бала-шағасын орысша тәрбиелейтiн болады. Немеремдi «Ер Төстiк» балабақшасына бердiм. Кешке алып кетуге барғанымызда, күнi бойы қазақша сөйлеп жүрген баланы орысша шүлдiрлескен келiншектер келiп, алып кетiп жатады. Былай шыға орысша сөйлеседi. Сол құбылыс қазақты екiге бөлiп отыр. Үкiметтiң басында отырғандардың көбi қазақша бiлмейдi, түсiнбейдi, қазақ мәдениетiнен хабары жоқ. Президентке өкпемiз жоқ. Екi тiлде де жақсы сөйлейдi. Ал, парламенттегi 7-8 орысқа бола, ондағы жиынның бiрде-бiреуi бастан-аяқ қазақша өткен жоқ. Егер, елдiң болашағы – қазақ тiлiнде екенiне елдi иландырамыз десек, түрлi деңгейдегi мемлекеттiк, үкiмет, парламент жиындарын қазақша өткiзу керек қой. Бұл оларды мемлекеттiк тiлдi үйренуге мәжбүрлер едi. Мемлекет басшылары шетелге барғанда, не үшiн орысша сөйлеседi? Шетелдiктер орысша да, қазақша да түсiнбейдi ғой. Оларға қай тiлде сөйлесең де бәрiбiр емес пе? Ендеше неге ұлттық ерекшелiгiмiздi танытпаймыз? Демек, бiз әлi Ресейдiң рухани бодандығынан құтыла алмаған халықпыз. Материалдық тұрғыдан да солай. Шегiмiз байланып қалғандай, ол болмаса тiрлiк ете алмайтындай. Iргемiздегi Қытайды ескере бермеймiз. Ертең Қытай орысты да, Американды да жұтады. Бұған неге бейiмделмеймiз? Қытайға бейiмделе бастасақ, «Ойбай қытай басып кеттi» деп ең алдымен орыстар байбалам салып шығады. Бұл мәселеде Үкiмет басшыларында дәйектi принцип жоқ. Демократия дегендi жиi айтамыз, ал iс-әрекетiмiз баяғы тоталитарлық жүйеде қалып қойды. Қазақстан полициялық мемлекетке айналып кеттi. Полиция бар, қаржы полициясы бар, ұлттық қауiпсiздiк комитетi, ұлттық гвардия… Көшеде отырған Полицейден «қанша жалақы аласың?» деп сұрасам, 60 мың теңге аламын дейдi. Профессор басыммен 60 мың теңгеге менiң қолым жаңа жеттi. 10 жылдық қана бiлiмi бар миллиционер 60 мың алады да, соны адам ғып тәрбиелеген ұстаздар көп төмен жалақы алады. – Жалпы, бiзде рухани, мәдени құндылықтар ескерiлмей отыр ғой? – Ескерiлмейдi. Мәселе – мемлекеттiк, ұлттық идеяда емес, қандай идея болса да, соның негiзiнде қазақтың жоғы, мұңы, арманы жатуы керек. Француздар, немiстер мен ағылшындар ең алдымен өздерiнiң ұлттық құндылықтары мен қасиеттерiн жоғалтпауды ойлайды. Қандай жағдайда болсын «ағылшын мүддесi», «немiс мүддесi» бiрiншi орында тұрады. Қазақстан халықтары ассамблеясы дегенiмiз қуыршақ. Ассамблея атынан ұсынылған үмiткерлердiң барлығы айтқанына жүретiн, айдағанына көнетiн адамдар. Қазақ ұлтының сөзiн сөйлеп жүрген Асылы Османды неге депутаттыққа ұсынбады? – Ертең сайлауға түскелi отырған 7 партияның да бағдарламаларын қарап шықтым. Барлығында да мемлекеттiк тiлдi көгертемiз деген бiр ауыз сөз бар да, ары қарай басқа ұлттардың да тiлiне қамқор боламыз деген сүйей салды сөйлем бар. Демек, партиялар да ұлттық мәселеге келгенде жалтақтық танытып отыр. – Қазiр бiздiң басшылардың аузынан үш тiл түспейдi. Қазақ, орыс, ағылшын тiлдерi. Бұл орыс тiлiн сақтаудың амалынан туған дүние. Керек адам өзге тiлдi өзi-ақ үйренiп алады. Орыстар орыс тiлiнен басқа ештеңенi бiлмейтiн халық. Одан басқа тiлге пысқырып та қарамайды. Қазақ мәселесiне үкiмет тек соңғы екi-үш жылдың көлемiнде ғана назар аударып жатыр. Ғылым-бiлiм, қазақ тiлiне соңғы кезде көңiл бөлдiк. Алдымен экономика деп келдiк қой. Ал, экономикаға қазақ, орыс, қытайсың ба, бәрiбiр. Өз елiңде отырып, тiлiңнiң осыншама құлдырауын көрiп, кейде қазақтықтан безiнiп кеткiң келедi. Яғни, ұлттық мақсатты алға қоймай, iрi мемлекет жасау бос қиял. Мен бiздiң экономикамыз жетiлдi, өркендеп жатырмыз деген әңгiмелерге өте сыни көзқараспен қараймын. Себебi, инфляция үкiметтiң берерiн алдын-ала жеп қояды. Ғылым бiлiмге жастар баруды қойды. Ұлдар жоқ тек атақ алғысы келетiн қыздар жүр. Ғылым аяқ табақтың арасына түсiп кеткенде, өзiнен-өзi шайылып кететiнiн неге ескермеймiз? – 3-4 жыл бұрын жер сатылды. Содан берi қазақ халқы босқынға айналып кеткен сияқты. «Шаңырақтағы», «Бақайдағы» мәселелер жыл өткен сайын ушығып барады. Сiздiңше, осы мәселенi қайта қарау керек пе? – Жердi сатқанымыз қате болды. Қулық-сұмдықтың бәрi бүгiн соған барып тiрелiп жатыр. Басқасын былай қойғанда, Ш. Айманов атындағы киностудияның жерiн тартып алды. Жұмысы алға жүрiп келе жатқан киностудияның ғимаратын қиратып, оларды Талғардың етегiне қуып жiбермек. Қазiр қалада жаңа үйлер салынып жатыр. «Мамандар үйi» деген бар едi Абылай, Фурманов және Төле би көшелерiнiң қиылысында тұрған көлденең үй. Соның бәрi қазiр қоршалып қиратылып жатыр. Бай болсаң, мына үйлер ұнамай жатса, басқа жерден үй сал. Бар дүниенi неге қиратасың? Қайта оны жөндеп қаңғырып үй-күйсiз жүргендерге берiп кетпей ме? Жалпы, бiздiң алған тенденциямыздың өзi дұрыс емес. Кешегi кеңестiк заманда жасалған дүниелердiң барлығын қиратып, қайтадан жасау қате деп ойлаймын емес. Батыстың капиталистерi ешуақытта ондай шығынға бармайды. Бар дүниенi қиратуға жаны ашиды. Мынау үй ұнамады ма, оны басқаға сатып жiберiп, басқа жерден жаңасын салады. Ал, бiз барымызды қиратып, орнына жаңасын саламыз. Оның бағасы удай. – Жалпы, қазақтың қалаға енуi деген өткiр мәселе бар ғой. Кейбiр мемлекеттерде жергiлiктi ұлттың мүддесiн ескеретiн арнайы механизмдер болады екен. Сiз алпауытсыз ба, үй салып жатырсыз ба, ендеше, сол үйдiң 15% жергiлiктi тұрғынға арзанға сат деген мiндет қоятын көрiнедi. Бiзде неге осындай үрдiстердi қолға алмайды? – Осыдан 1-2 жыл бұрынғы 350 долларлық пәтерлер осы мақсаттан туған болуы керек. Бiрақ, бiздiң сөзiмiз бен iсiмiз ешуақытта қабыспайды да, жақсы iс басталып, аяқсыз қалады. ШЫНАЙЫ ТУЫНДЫ ТАЛАНТТЫҢ КЕМДIГIНЕН ЕМЕС, ЗАМАННЫҢ АЛАҚҰЙЫНДЫҒЫНАН ТУМАЙ ОТЫР

– Қазiр бiздiң қоғамда зиялы қауым бар ма, жоқ па деген пiкiрталас жүрiп жатыр. Соңғы кезде бiздiң зиялы қауымның үнi естiлмей қалды. Сiздiң ойыңызша, зиялы қауымның пiкiрi ескерiлмей жатыр ма, жоқ белсендiлiгi төмендеп кеттi ме?

– Бiрiншiден, еститiн құлақ жоқ. Естiгендi санаға сiңiрiп, соны iске асыратын құлық жоқ. Түрi қазақ, тiлi, дiнi орыс министрлерiң түсiнбейдi сенi. Қабылдауын қабылдайды-ау, уәденi үйiп-төгiп бередi. Шығарып салады, сонымен болды. Әдебиетiмiздiң позициясының бұзылуын бүгiнгi күннiң ғана iсi деп ойламаймын. Мұның тамыры тереңде жатыр. Сәкен, Сәбит, Iлияс, Бейiмбеттер тұсында бiз кедейге жақсылық жасайық, елдi көркейтейiк деген идеяға мықтап кiрiстi. Оны партия да қолдады. Бiрақ, партия бiзге қаламақы төлеу арқылы, бiздi жалдап алған екен. Қазiр өз кiтабыңды өзiң ақшаға бастыруың керек. Ал мемлекеттiк тапсырыспен шыққан кiтабыңның қаламақысына болар болмас бiрдеңе бередi. Былтыр 18 баспа-табақтық «Сәбит Мұқанов» деген кiтап шығардым. Соған 100 мың теңге алдым. Кеңес Одағы заманында болса, 1 миллион алатын едiм. Сосын, жасыратыны жоқ, бiздiң жазушыларымыз да ұсақтанды. Ұсақтану процесi бүгiнгi күннiң мәселесi емес. Сонау тоқырау кезеңiнде, 70-80 жылдары үкiлi балалардың шыққан кезiнен басталды. Басшыға поэма арнасаң, соның жақындарын қолпаштасаң, жерде қалмайсың деген идея 70-шы жылдары пайда болған. Сөйтiп, шен-шекпен алғандарды да бiлемiз. Соның нәтижесiнде әдеби сөз, қоғамдық пiкiр алыс-берiске айналып кеткен. Бұның ақыры ақын-жазушылардың сөзiне де, ойына да назар аудармайтын деңгейге жеткiздi. Оның үстiне тәуелсiздiк басталысымен-ақ, Америкада 7-8 жазушы ғана бар екен, өз ақшасымен күн көредi екен деген лақап таратты. Сендер де өз бетiңмен күн көрiңдер дедi. Алайда, жақсы идеяңды сатып алып, кәдеге жаратып жатқан кiм бар. Қазiр әрбiр жазушы өз кiтабын өзi сататын күнге жеттiк. Кеңестер заманында партияны мақтаған, колхоз, совхозды мақтап жазатын жазғыштар болған. – Партияны мақтаған, Кеңес одағын мақтаған шығармалар көп жазылды дейсiз. Кейбiреулер сол кезде шын талант, шын дарынның аз болғаны салдарынан қазiр сүбелi туынды аз жазылып жатыр деген пiкiрде. – Ол таланттың кемдiгiнен емес. Бiрiншiден, заманның өзi әлi қалыптасқан жоқ. Оның кейiпкерi кiм екенiн мен бiлмеймiн. Қазiргi адамдардың қайсысын оқырманның үлгi тұтар кейiпкерi етуге болады. Капиталистi алайын ба, саудагердi алайын ба, бизнесмендi алайын ба? Оның барлығы уақытша ғана дүниелер. Ғабиден Құлахметов марқұм «Үйiрi жоқ көкжал» деген романды жазып, бiрiншi кiтабын шығарып, екiншiсiн шығара алмай кеттi. Соның идеясы, «Үйiрсiз көкжал» деген аты қатты ұнады. Бiз әдебиетте осындай үйiрсiз көкжалдарды ұсынуымыз керек пе, басқа да бiр құндылықтар, адами жолдар бар емес пе? Қазiргi адамдардан қандай психологияны аларыңды бiлмейсiң? Айналаң қып-қызыл алдау. Ал оны көркем шығармаға қалай идеал етiп аласың? Сондықтан, ол таланттың жетпегенiнен емес, заманның әлi пiсiп-жетiлмегендiгiнен. Жазатын ақын-жазушылар бар. Яғни, алдымен заман тұрақтануы керек. Соның кейiпкерi айқындалуы керек. Бiздiң жетекшi идеямыз кiм болады? Баяғыда жұмысшы табы, соның азаматтық келбетi деген нәрселер ұран болды. Табанда тапталған, бұрын қорлық-зорлықты көрген адамдарды ел қатарына қосу мәселесi күн тәртiбiнде тұрды. Кеңес әдебиетiнiң ең негiзгi проблемасы сол болатын. Әдебиеттiң пәтуасыздығы, әдебиетке назардың аударылмауының бiр сыры осында жатыр. – Сiз өзiңiз сын тарихын зерттеген сыншысыз. Қазiр бiзде сын жоқ, сын жағынан да ақсап жатырмыз деген пiкiрлер бар. – Сын жоқ. Мақтау ғана, мадақтау ғана емес, оның өзiнде дәлелдi-дәйектi мақтау жоқ. Елдiң сөзiн сөйлейтiн, елдiң жанына тиетiн шығарма туған уақытында сын өзiнен – өзi туады. Бiреуi мақтап, бiреуi жақтап, бiреуi қаралап жататын тұстары болады. Мысалы, баяғыда «Абай жолы» туған уақытында немесе Сәбиттiң «Жұмбақ жалауы» жазылған кезде осындай айғай-шу сындар көп болған. Бiреуi майда, бiреуi ақырып, бiреуi қатты айтты. Сын тууы үшiн шығарма керек. Сондықтан, қазiргi сын жәреукелiк, рецензиялық мадақтаудан аспай қалды. – Қазiргi заманда шығарманың экрандағы көрiнiсi маңызды сипатқа ие болып барады. Өйткенi, кiтапты көп адам оқи бермейдi. Сондықтан, оны халыққа экран арқылы жеткiзу керек. Бiрақ, сол экранға да шығып жатқан туынды аз сияқты. – Теледидар кiтаптың қысқаша мазмұнын ғана айтып бередi. Iшiне кiрiп, жаныңды аралап жүретiн шығарма оқыған кезде ғана әсер етедi. Шын көркем туынды оқымасыңа қоймайды. Қазiр бiз мазмұнға ғана назар аударып, жалпы сұлбасын бiлсек соған қанағаттанатын болдық. Бiз құлдық психологиядан арыла қоймаған халықпыз. Мен бұл ойды 60-шы жылдардан берi айтып келемiн. Бiздiң әке-шешемiз – еуропацентризм емес. Бiздiң өзiмiздiң рухани әке-шешемiз бар. Солардың жасап кеткен өнегелерi болған. Бiз алдымен өз топырағымызда өскен гүлiмiздi мәпелеп өсiрейiк, содан кейiн оның ажарлана түсуiне басқаның қосқан үлесi қанша, соны көрейiк. Осы идеяны мен 60-шы жылдары айтып, Зоя Сергеевнамен айтыстым. 1956 жылы қазақ мектебiнiң жабылуына байланысты мәселеге араласып, Орталық комитеттiң қаулысына iлiккенмiн. – ХХI ғасырдың басын ХХ ғасырдың басымен салыстырып жатамыз. Қазiргi болып жатқан оқиғалар, қазақ өмiрiндегi елеулi өзгерiстер сол кездегi бiр оқиғаларды еске түсiрiп жатады. Бiрақ, сол кездiң Әлиханы, Мiржақыбы, Ахмет Байтұрсыновы болған. Қазiргi заманда сондай рухани көсемдер бар деп ойлайсыз ба? – Олар еуропаланған қазақтың алғашқы зиялылары. Қазақ зиялылары аз кезiнде көрiнген тұлғалар. Сондықтан, олардың барлығы жатталып, есте қалды. Мен Францияда да, Польшада да, Германияда да болдым. Нансаң, бiз солардан кем емеспiз. Рас, жалқаулығымыз басым. Ой ойлау жағынан да, пiкiр айту жағынан да, iс-әрекет жағынан да, бiлiм парасатымыз төмен емес. Кеңестiк оқыту жүйесi керемет тамаша жүйе болатын, қазiр құртты. 15 жылда Бiлiм министрi 12 рет ауысты. Әрқайсысы келiп алып өзiнiң реформасын тықпалайды. Бакалавриат, магистратура дегендердi алып келдi. Оның көбi бiздiң тiршiлiгiмiзге сай келмейдi. Мен өз басым магистратура мен бакалавр дегенге қарсымын. Оқуға түскен бала 5 жыл толық оқып, жоғары бiлiм алып шығуы керек. 4 жылдық бiлiмi бар адам аспирантураға түсе алмайды, магистратураға түсу үшiн ылғи 5-ке оқу керек. Ұлдар беске оқымайды. Магистратураға ылғи қыздар түсетiн болып жүр, олар ертең балалы-шағалы болғаннан кейiн, алған бiлiмi жаялықпен бiрге жуылып кетедi. Яғни, колхоз-совхоздарды талқандаған секiлдi, бiлiм беру жүйесiн де бұзып жатырмыз. Бiз үнемi алға тарта беретiн Америка халқының 60%-ы сауатсыз. Қол қойып, ақша алғанды ғана бiледi. Егер, Американың ғылым-бiлiмi өркендеп жатса, оған үлес қосып жатқандар Ресейден барған ғалымдар. Ақшаға қызыққандар. Соның iшiнде бiр қазақ та жүр. Әлiмжанов па, Әлiмбаев па, фамилиясын ұмыттым. Әр елдiң жақсыларын, саналыларын сатып алу – капиталистердiң әдетi. Америкадағы профессордың жағдайы бiздiң министрдiң жағдайынан да артық. – Бiрақ, Еуропа мен Америка жаңалық ашу жағынан да, зауыт,фабрика салу жағынан да алда ғой? – Ғылым-бiлiм болмай, ешуақытта өндiрiс алға баспайды. Оны жасайтын адам жаны ашитын адам болуы керек. Бiлiмi бар адам алдымен өз ұлтына жаны ашитын болуы керек. Бiздiң орыстар оқып алды да, жағдай қиындаған кезде Ресейiне тартып отырды. Кейбiр қайтып келгендерi күн көре алмай жүргендер. Бiлiм-ғылымға назар аудармай бiрдеңеге қол жеткiзем деу әбестiк. – Қазiр бiлiмге аз назар аударылып жатпаған сынды. Инновациялық бағдарламаларға жеткiлiктi қаржы бөлiнiп жатыр ғой? – Бiрақ сол қаржының рахатын көрiп жатқан кiмдер екен. Одан шығып жатқан нәтиже қандай? Үш жыл бойы ауылға қаржы құйды ғой шелектеп, қайда? Қазiр жемқорлық күшейдi, адалдық азайды, бақылау жоқ, сөз бен iстiң арасында жер мен көктей айырмашылық пайда болды. Соның нәтижесiнде алға қойған мақсаттарымыз жүзеге аспай жатыр. Әйтпесе, қазақтың байлығы бүкiл Орта Азияны асырауға жетер едi. Тiптi, Ресейдi де асырауға жетер едi. Алдымен, ел мақсатын ойлау, қазақ зиялыларының, ел басқарып отырған шенеунiктердiң мақсаты болуы керек. Өкiнiшке қарай, қазiргi мақсаты қалта толтыру болып кеттi. Бiз ғылым-бiлiмге жасаған обалымыздың зардабын 10-15 жылдан кейiн көремiз. Үңiрейiп бос тұратын қуыстар көбейетiн болады.   Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ