Жаңалықтар

ӘРБIР ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА – ДЕРБЕС YЙ

ашық дереккөзі

ӘРБIР ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА – ДЕРБЕС YЙ

«Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық Экономикалық Палатасы Басқармасының мүшесi, «Доступное жилье» Акционерлiк Қоғамы Директорлар Кеңесiнiң Төрағасы Александр Геннадиевич Ким мырза төменде жарияланып отырған сұхбатта «Әлеуметтiк мәселелердi шешу мен бизнестi өркендетуге бiрдей көңiл бөлуге бола ма?» деген өзектi мәселеге қатысты өзiнiң батыл ойлары мен ұсыныстарын ортаға салады.

— Александр Геннадиевич, Сiз басқаратын компания орташа табысы бар адамдар үшiн жеке меншiк үйлер салып, сол адамдардың қалтасына сай бағамен сатуға бет бұрған сияқты. Қазiргiдей бәсекелестiк кезеңде осындай өзектi мәселелердi қарапайым адамдардың пайдасына шешу мүмкiн бе?

— Әрине, мүмкiн. Себебi, бiздiң құрылыс компаниясының өзi Елбасының «Пәтер құны мен тұрғындар табысының арасындағы алшақтықты қысқартып, тұрғын үй рыногын адамдардың қолы жетерлiктей дәрәжеге жеткiзу қажет» деген тiлегiнен алынған ұранмен құрылған болатын. 2008-2010 жылдар аралығындағы Тұрғын үй құрылысының Мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыруға қатыса отырып, бiз жекеменшiк аз қабатты тұрғын үйлер тұрғызу есебiнен әрбiр қарапайым адамның қолы жетерлiк лайықты үйлер тұрғызу идеясын жүзеге асырмақшымыз. Бүгiнгi таңда құрылыс саласында жеңiл болаттан жасалған жұқа құрылымдар мен страмит панелдерiн және экопанелдерiн қолданылып жатқандықтан да осы жоспарымызды жүзеге асыруға әбден болады. Аталмыш бiрiншi технология бүгiнде әлемде 30 жылдан астам, ал, екiншi технология 60 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатыр. Бұған кеңiрек тоқталайын. Тамаша құрылыс материалы – страмиттiң дайындалатын негiзi – кәдiмгi сабан. Тайланған сабан автоматты қондырғыға салынады да, ары қарай сабан тазаланып, тегiстелiп, ыстық пен нығыздауыштың көмегiмен нығыздалып, белгiлi қалыпқа түседi. Панелдер суытылғаннан соң арнаулы ұзын үстелдерде белгiлi ұзындықта кесiледi де, жоғарғы ыстықтықта қысыммен оның шеттерi көмкерiледi.Сапасы тексерiлген соң дайын панельдер қоймаларға жөнелтiледi. Сабан – бұл Қазақстандағы iшкi және сыртқы сұраныстарды қамтамасыз етуге артығымен жететiн қолда бар материал. Жыл сайын бiздiң елiмiздiң егiс алқаптарында күзгi салым 12-15 миллион тонна сабан масақтары жайрап жатады. Осы иен-тегiн сабанның едәуiр бөлiгi өртеледi де, өкiнiшке орай экологияға кәдiмгiдей зиян келтiредi. Егер де экопанелдердi құрылыс салаларында кешендi түрде пайдаланған жағдайда, дәстүрлi құрылыс материалдарымен салыстырғанда материалды 10-30 пайызға үнемдеуге, ал, еңбек күшiн 20-50 пайызға үнемдеуге болады екен. Бұл айырмашылықтар жалпы тұрғын үй құнына да әсер етедi. Қорытындылай айтқанда бiз пайдаланып жатқан технология қаржы диапазонында әр шаршы метрiнiң құны 450 АҚШ долларынан басталатын арзан тұрғын үй тұрғызуға көмектеседi.

— Мұндай «үнемдiлiк» үрдiсiмен салынып жатқан үйлердiң сапасы қандай?

— Страмиттен салынған ғимараттың сапасына байланысты мынаны айтуға болады. Мәселен, ол – жоғары деңгейлi шуды өткiзбейдi, он баллдан жоғары сейсмикалық тербелiске төзiмдi, экологиялық тұрғыдан таза, мықты, отқа жанбайтын және ұзақ жылдарға шыдайтын бiрегей материал. Осы айтып отырған ерекшелiктерi бар аталмыш материал, аталмыш технолгия ұзақ жылдар бойы пайдаланып жүрген елдердiң сынынан, сондай-ақ, бiздiң жеке сынақтарымыздан өткен. Әрине, страмиттен үй тұрғызудың бiр ерекшелiгi – сол құрылысты қысқа мерзiмде – үш-төрт айда бiтiруге және балшық материалының болмауынан жыл он екi ай бойы үй салуға мүмкiндiк болады.

— Қазiргi кезде қандай жобаларды жүзеге асырып жатырсыздар?

— Биылғы жылы Қостанай облысында 8,5 гектар жер телiмiнде 90 үйге арналған коттедж құрылысының алғашқы жобасы басталды. Қыркүйек айында осы жобаның бiрiншi бөлiгiн – 28 үйдi салтанатты түрде тапсырамыз. Бiздiң жобамен танысқан Астана қаласының әкiмi компаниямызға Астананың iргесiнен 100 гектар жер бөлiп, бiзге қолдау көрсеттi. Биыл бұл жерде 526 үйден тұратын кенттiң iргетасы қаланады, ал келесi жылы үйлер пайдалануға берiледi. Жалпылай айтқанда, бiздiң компания жетi жылда осындай арзан 5 миллион шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Бүгiнгi таңда бiз салып жатқан тұрғын үйлердiң бiр шаршы метрiнiң өзiндiк құны — 470 доллар. Қол жеткен келiсiм бойынша үйлердiң 30 пайызын әкiмшiлiкке әлеуметтiк мәселелердi шешуi үшiн әр шаршы метрiн 450 доллардан беремiз. Бiрақ, осы жеңiлдiктердi өтеу үшiн үйлердiң қалған 70 пайызының әр шаршы метрi қол жетерлiк бағамен — 600 доллардан сатылады. Тұрғын үй үшiн мұндай арзан баға бүгiнгi таңда рынокта жоқ десек қателеспеймiз.

— Сiздердiң жоспарларыңызды жүзеге асыру кезiнде кездесiп қалатын қиыншылықтар бар ма?

— Қиыншылықтар кездесiп жатқан жоқ, керiсiнше түсiнiстiкпен қолдаушылар бар. Болашақта Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға қатысушы компанияларға Үкiмет деңгейiнде қаулы шығады, сол санатта «Доступное жилье» Акционерлiк Қоғамы да жер телiмдерiмен қамтамасыз етiледi деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл бөлiнетiн жерлердi инженерлiк коммуникациямен қамтамасыз ететiн механизм құрылатын болады. Сол кезде бiз банктермен ипотекалық несие бойынша ставканы төмендету мәселесiнде ортақ тiл табысатын боламыз. Мiне, осы үш аспектi Қазақстандағы тұрғын үй мәселесiн шешуде оң әсерiн тигiзедi.

— Рақмет! Iске – сәт!

Сұхбатты дайындаған,Жаңабек ТОЙБАЗАРОВ,

журналист.