Жаңалықтар

2008 жыл — "ӘЛЕУМЕТТIК НЫСАНДАР САЛУ" ЖЫЛЫ

ашық дереккөзі

2008 жыл — "ӘЛЕУМЕТТIК НЫСАНДАР САЛУ" ЖЫЛЫ

Алматы қалалық Бiлiм департаментi жыл сайын "Мұғалiмдердiң тамыз кеңесiн" өткiзудi әдетке айналдырған. Биыл да бұл басқосу қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың, ҚР бiлiм және ғылым министрлiгi өкiлдерiнiң қатысуымен өттi.

Тамыз кеңесiнде алғаш сөз алған Бiлiм департаментiнiң директоры Гүлмира Есiмбаева жағымды жаңалықтың ұшын шығарды. Оның айтуынша, соңғы екi жылда бiлiм саласына бөлiнген қаржы бiршама артқан. Айталық, 2006 жылмен салыстырсақ, бөлiнген қаржы 13,7 млрд. теңгеден 20,98 млрд. теңгеге ұлғайған. Ал 2008 жылы бұл нәтиженi 36,8 млрд. теңгеге өсiру көзделiп отыр. Негiзi бұл қаражат көзi қаладағы үш ауысымда оқитын мектептердi 3 жыл iшiнде қысқартуға, бiлiм беру саласын арттыруға, сол сияқты онлайн жүйесiн жүйелi түрде енгiзуге бағытталып отыр. Естерiңiзге сала кетсек, қалалық Бiлiм департаментi былтырғы 2006-2007 оқу жылын – «Ақпараттық технологиялар» жылы деп жариялаған болатын. Ал қала әкiмi 2007-2008 оқу жылын – "Әлеуметтiк нысандар салу жылы" болсын дедi. Қазiр қалада 178 мектеп, 130 балабақша, 226 жеке оқу орындары бар. Онда 271 мың 150 бала бiлiм алуда. Биылғы жылы "Таугүл -3" және "Шаңырақ" мөлтек ауданында 1000 орындық мектеп пайдалануға берiлсе, ал №159, №4 мектептерiн кеңейтуге байланысты қосымша құрылыс жұмысы жүргiзiлдi. Алайда, халқы тығыз қоныстанған үлкен мегаполиске бiлiм ұялары тапшы екендiгi анық байқалып жүр. Мәселен, 2008 жылы Алматыда Президенттiң арнайы тапсырмасымен бес мектеп салынады екен, бiрақ жылдан-жылға бiрiншi сыныпқа баратын балғындар санының артқанын ескерсек, Алматы қаласына әлi де 20-22 мектеп салу қажет. Сол сияқты балабақшаның да жетiспеушiлiгi ата-ана тарапынан жиi айтылып жүргенi рас. Бүгiнде балабақшадан алдын-ала орын алу үшiн кезекте он мыңнан астам бүлдiршiн тұрған көрiнедi. Бұл жөнiнде Иманғали Тасмағамбетов: "Кезiнде талай балабақша жекеменшiкке болар-болмас ақшаға сатылып кеттi. Дер кезiнде қайтарылғаны қайтарылды. Ендi оны қайта-қайта айта бергеннен ештеңе шыға қоймас. Дауасы, қаржының бiр бөлiгiн балабақша салуға бұру керек" дегендi айтты.

Қала әкiмi мұғалiмдердiң жалақысын 2 есеге арттыру мiндетiн атап көрсеттi. "Құдай қаласа, 2012 жылға дейiн мұғалiмнiң орташа еңбекақысы — 60-70 мың теңге болады. «Бiлiм туралы» жаңа Заң қабылданды. Онда мұғалiм беделiн арттыруға арналған арнайы бап бар. Мектептiң жүрегi — мұғалiм. Сондықтан бiлiм сапасын көтеру үшiн әуелi мұғалiмге жағдай жасау қажет" дедi әкiм өз сөзiнде.

Басқосудың есте қаларлығы сол, Алматының әр ауданынан келген және қаланың 20 кәсiптiк мектеп басшыларына, яғни, барлығы 200 адамға Иманғали Тасмағамбетов сыйлық ретiнде өз қолынан ноутбук тапсырды. Одан соң тұрғын үй кезегiнде тұрған бiлiм саласының 10 майталман қызметкерлерiне пәтер кiлтiн табыс еттi. Сондай-ақ, 72 ұстаздың еңбегiн бағалаған ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi арнайы дипломмен марапаттады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ