БӘРI ДЕ АСТАНАДАҒЫДАЙ БОЛСА ҒОЙ
БӘРI ДЕ АСТАНАДАҒЫДАЙ БОЛСА ҒОЙ
Қазақстан Республикасының жаңа астанасы – Астана күн өткен сайын құлпыра түсуде. Бұған таяуда барып қайтқанымда көзiм жетiп, көңiлiм марқайды. Жер бетiне салынған Қазақстан картасының табиғи көрiнiсi қандай! Осы Қазақстан картасын тамашалап жүрiп-ақ кең байтақ елiмiздi түгелдей аралап шыққандай әсерге бөлендiм.
Ал, алып Байтерегiнiң басына шығып, қала көрiнiсiн тамашалау, Океанариумда балықтар әлемiмен жүзбе-жүз араласып, өзiң де сол балықтармен теңiзде жүзгендей әсерге бөленуiң ше? Жаңа салынған мешiтке кiрiп, бiрер мәрте рекағат намаз оқып шықсаң – жан-дүниең жасарып шыққандай болмай ма? Анау Алматыдағы «Арасан» моншасынан бiр де кем емес жаңа салынып, пайдалануға берiлген, жалпы көлемi атшаптырым моншасына түсiп, бой сергiтудiң өзi неге тұрады? Қысқасы, аралайтын, көретiн көрiктi де көрнектi орындар баршылық екен. Мен соған қуандым.
Көшелерiнде ағылып жатқан автокөлiктердiң кептелiп (пробка) тұрып қалуын өз басым кезiктiре алмадым. «Сырт көз – сыншы» дегендейiн, Астананың өзге қалаларға үлгi боларлық тұстары бар. Атап айтар болсақ, ол: көше қиылыстарындағы светофор тұсына қойылған секөнт көрсеткiш (секундомер). Мұны мен жақында Қытайдың Құлжа қаласынан көрiп, бiзде де осындай болса деген сезiмдi жаныма жақын тұтып қайтқан болатынмын. Мiне, ендi оны өзiмiздiң Астанамыздан көрiп, шат-шадыман күйге бөленгенiмдi несiне жасырайын. Бiрақ әзiрге аздау сияқты. Соған қарағанда оны қоюға жаңадан кiрiскен сыңайлы. Бұл секөнт көрсеткiшiнiң артықшылығы сол – автожүргiзушiлер мен жүргiншiлер светофордың қызылы мен жасылы қанша мезеттен кейiн жанып-өшетiнiн бiлiп отырады. Себебi аталған жерлердегi секөнт көрсеткiш жарты мөйнетке, яғни 30 секөнтке есептелiп қойылыпты. Оның жұмыс iстеу тәртiбi мынадай. Айталық, секөнт көрсеткiшi 1 санынан басталғанда светофордың жасыл көзi жанар болса, әлгi сан 30 болғанда қызыл көзi жарқ ете қалады. Немесе керiсiнше (30 санынан 1 санына дейiн) қайталанып отырады. Осы жерде бiздiң Алматы қаласындағы светофордың жанып-өшуi, әсiресе, «Саяхаттың» алдыңғы жағында ретсiз қойылған ба демеске лажымыз қалмағанын айтқым келедi. Бұл аралықта светофордың қызыл көзi (күншығыс жақтан келе жатқанда) 5-7 мөйнетке дейiн бажырайып жанып тұрып алатынын талай көрген де боларсыз. Әйтеуiр бiр кезде тағатыңды тауысып барып, оның жасыл көзi жанғанда жан шақырамыз ғой. Ал, осы жерге (қаланың әр тұсына да) әлгi секөнт көрсеткiштi орнатып қойса деген үмiт те көңiлiмiзге қылаң бердi.
Шаймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ