КIМГЕ ДАУЫС БЕРЕМIЗ?
КIМГЕ ДАУЫС БЕРЕМIЗ?
Сонымен 2 күннен кейiн сайлау. Соңғы кезде ел Парламентi туралы қаңқу көп. Бiреулер — кейiнгi Парламенттер елдiктiң сөзiн айтқаннан гөрi, атқарушы билiктiң айтқанына көнiп, айдағанына жүрдi деген баға берсе, екiншiлер — Парламент өз деңгейiнде жұмыс жасады десiп жатты. Қалай дегенмен де, Парламенттiң бұған дейiнгi екi шақырылымында да депутаттар ұлттың сөзiн сөйлеген жоқ. Елдiктiң намысы сынға түсер тұстарда бұғып қалды. Оны Парламентарийлердiң өзi де мойындайды. Бiрақ, өзiн емес, жанындағы әрiптесiн кiнәлауға бейiм тұрады. Ал, 18 тамызда Мәжiлiс құрамы бұрынғыдай емес, партиялық жүйемен жасақталады. Саны да әжептәуiр өсiп отыр. 98 адам, Ассамблея атынан тағайындалған (бұл — сайланғанға жатпайды!) 9 адамды қоссақ 107. Яғни, халық қалаулылары елдiң сөзiн сөйлеймiн десе, бұрынғыдан да артық дауысқа ие. Тек ниет пен пиғыл болса болғаны.
Дегенмен, саясат та тауар. Оны таңдап, екшеп алу — бiздiң қолымызда. Сайлауға барып, өз жүрегiңнiң қалауындағы партияға дауыс беру арқылы, бiз болашағымызды айқындаймыз. Қазiр теледидар мен радио арқылы, интернет пен газет-журналдар арқылы додаға түсер 7 партияның жарнамасы жүрiп жатыр. Билiк өз дегенiнде тұрды. Партияларға баспасөз беттерiнен тең дәрежеде орын ұсынды. Сайлаудан сенсация iздеп, шарқ ұрған, мемлекеттiк басылымдар мен телеарналарды жарнама роликтерiн беруден бас тартты деп шулатқан оппозициялық күштер де бұл жолы Үкiметке өкпе арта қоймас. Ең алдымен, олар өмiрi қол жеткiзе алмай жүрген "Хабар" және "Қазақстан" телеарналарында телесайысқа қатысу арқылы, өз мүмкiндiктерiн көрсетуге жол ашты. "Хабар" арнасындағы телесайыста ЖСДП төрағасының орынбасары Әмiржан Қосанов өзге партияларды менсiнбегенi ме, «Тек "Нұр Отанға" сауал қоямын», деп екiлендi. Таңдау құқығы жоқ деп наз бiлдiрдi. Алайда, жеребе бойынша, Ә. Қосановтың арманы да iске асты. Сөйтiп, екi телесайыста да тек "Нұр Отанға" қоям деген сауалын қоюға мүмкiндiк алды. ЖСДП-ның "Нұр Отан" партиясына "Елдiң даму жолында тек жақсылықтарын санамалай бермей, неге кемшiлiктерiн де нақты көрсетпейсiздер?" дедi. Бұл сауалға жауап берген "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов: "Кемшiлiктер қайда да бар, бiрақ, бiздiң жеткен жетiстiктерiмiз мынадай" деп бұрынғы сарынына түсiп кеттi.
Додаға 7 партия түсiп жатқанымен, сарапшылар Мәжiлiстен орын алуға үш ғана партияның мүмкiндiгi бар деседi. Ол — билiк партиясы "Нұр Отан", центристiк бағытты ұстанатын — "Ақ жол" және радикалдық оппозициямыз дейтiн — ЖСДП (Жалпыұлттық социал демократиялық партия). "Нұр Отан" партиясы елiмiздiң экономика мен саясатта жеткен табыстарын өздерiмен байланыстырады. Бiрақ, кемшiлiктердi көруге пейiлсiз. Ал, ЖСДП "Нұр Отан" ескермеген кемшiлiктердi санамалап тiзiп шығады. Және жеткен жетiстiктердi жоққа шығаруға құлықты. Ал, "Ақ жол" жеткен жетiстiгiмiз де, жiберген қателiгiмiз де шаш етектен деген пiкiрде. Яғни, сынның да орны бар, мақтанудың шегi бар. Мақтана беру – тоқырауға, сынай беру – бiржақтылыққа ұшыратады. Мiне, осы үш партия Мәжiлiстен орын алу мүмкiндiгiн сарапшылар да, түрлi зерттеу агенттiктерi де айтып жүр. Ендiгi мәселе — екiншi орынға кiм табан тiрейдi дегенге келiп саяды. ЖСДП мен "Ақ жол" қазiр осы екiншiлiк үшiн жан алып, жан берiсуде. Тiптi, кейде бiрiн-бiрi орынсыз күйелеп, Орталық сайлау комиссиясының "қара пиарға" жол жоқ дегенiне қарамастан, өз мiнберлерiн пайдаланып жатыр. Бiз осы мәселеге орай бiрнеше сарапшының пiкiрiн бiлудi жөн көрген едiк.
Әзiмбай ҒАЛИ, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы:
— Менiң болжауым бойынша, алдағы сайлауда "Нұр-Отан" 75-80% дауыс жинайды. Одан кейiнгi екi орынға "Ақ Жол" және ЖСДП жайғасады. Егер билiк барлық орынды әкiмшiлiк технологиямен тартып алып жатса, онда 20-25% дауысты қалған партиялар өзара бөлiске салатын шығар. Бұл билiкке Парламенттiң төменгi палатасын оппозициямен қамтамасыз ету үшiн керек. Ендi осы партияларға кезек-кезек тоқталып өтетiн болсақ: "Нұр Отанда" – әкiмшiлiк ресурс бар, жұртшылық алдындағы абыройы да бүгiнгi таңда жоғарылау; ЖСДП – жүйелi баспасөз масс-медиасымен, саяси идеологиялық технологиясымен көзге түседi; "Ақ Жол" партиясы — өте абыройлы, алпыс пайыз электорат — қазаққа түсiнiктi. Менiң ойымша жоғарыда аталған үш партияның үмiтi зор.
Эдуард ПОЛЕТАЕВ, "Мир Евразии" журналының бас редакторы, саясаттанушы:
— Менiң пiкiрiмше, екiншi орынға "Ақ Жол" және ЖСДП таласады. Алғашқысының атауы, яғни "брендi" көпшiлiкке жақсы танымал, екiншiсiнiң жетi пайыздық өткелден өтуге шамасы жетедi деп ойлаймын. Жақында мен Қазақстанның бiрқатар аймақтарын аралап қайттым. Әсiресе, облыстық орталықтарда, iрi қалаларда оппозициялық партиялар үгiт-насихат жұмыстарын қызу жүргiзiп жатқандығы байқалып-ақ тұр. Алайда ауылды жерлерге шыққанда "Нұр Отанның" жарнамаларынан басқасы көзге iлiге қоймайды екен. Тағы бiр ескеретiн жағдай, бұл сайлауда "Ақ Жол" лидерлерi Әлихан Байменов пен Мақсұт Нәрiкбаевқа үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзу бiршама оңайға түскен секiлдi. Өйткенi қарапайым халық "Ақ Жолдың" бұрынғы өкiлдерiн де сол партияда екен деп шатасуы мүмкiн. Менi "екiншi орынға кiм шығады?" деген сұрақтан гөрi "жаңадан жасақталатын Парламенттiң құрамына қанша партияның өкiлi енедi?" деген мәселе аса қызықтырады. Себебi, төменгi палатаның бiр ғана "Нұр Отан" партиясынан жасақталуы қоғам үшiн аса пайдалы емес. Менiң пiкiрiмше, "Нұр Отаннан" бөлек "Ақ Жол" және ЖСДП өкiлдерi де Парламент қабырғасынан табылады. Өйткенi қазiргi жүйе сайлау науқаны барысында салыстырмалы түрде әдiл жұмыс iстеп жатыр. Ал ендi үгiт-насихат жұмыстарының барысына келер болсақ, онда мен ешқандай партияға "бес" деген баға қоймас едiм. Бұл жердегi әңгiме партиялардың үгiт-насихат жұмыстарына қанша ақша жұмсауында болып тұр. Мәселен, партиялардың көпшiлiгi дерлiк асығыс ұйымдастырылған, сайлауға дайын еместiгiн сездiрiп алды. Осы тұрғыдан алғанда, басқа да партиялардан оқ бойы iлгерi шыққан "Ақ Жол" және ЖСДП, сондай-ақ "Нұр Отан" партиясына "жақсы" деген баға беруге болады.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ, "Альтернатива" өзектi зерттеулер Орталығының директоры, саясаттанушы:
— Сайлау науқанына қатысты жүргiзiлген әлеуметтiк зерттеулердiң денi бұл бәсекеде екiншi орынды "Ақ Жолға" берiп отыр. Екiншi жағынан, осы сайлау қарсаңында "Нағыз Ақ жол" партиясын өзiнiң құрамына қосып алған ЖСДП Болат Әбiлов, Ораз Жандосов сынды тұлғалардың танымалдылығы нәтижесiнде Қазақстанның саяси алаңында бiршама қоңданып қалғандығын айта кету керек. "Ақ Жол" партиясы болса, ең бiрiншi кезекте Әлихан Байменовтiң беделi арқасында өрлеп тұр. Оның үстiне, "ақжолдықтар" ЖСДП-на қарағанда анағұрлым сабырлы ұстанымымен ерекшеленедi. Оның осындай қасиетi электораттың бiраз бөлiгiнiң көңiлiнен шығары анық. Ал ЖСДП сынға салынғыш болып кеттi. Бiрақ сайлаушыға сын қажет емес қой, сынды олар билiкке өздерi де қоя алады. Сонымен қатар, "Ақ Жол" партиясының Парламент құрамынан көрiнуi, реформа тұрғысынан пайдалы деп есептеймiн. Өйткенi партия төрағасы Әлихан Байменовтың депутаттық тәжiрибесi бар, Мәжiлiсте жүрiп Еңбек кодексiнiң дайыналуына ат салысты. Ал ендi ЖСДП лидерлерi кезiнде мемлекеттiк қызметтердi алып жүргенi бар, оның өзiнде де олардың шенеунiк болғандағы тындырған жұмыстарын халық ұмытып та қалды.
Есенгүл Кәпқызы