ИЕСI КIМ, КИЕСI КIМ БҰЛ ЕЛДIҢ? (жалғасы)
ИЕСI КIМ, КИЕСI КIМ БҰЛ ЕЛДIҢ? (жалғасы)
ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Қазақстанда 5 млн. отбасы бар, соңғы жылдары жалпы отбасы азайып барады. Оның iшiнде 2,3,4 адамнан тұратын отбасылар – 70 пайыз, бес адамнан артық отбасылар – 26 пайыз, он адамнан артық отбасылар бiр пайызды құрайды.
Оның бiр себебi ЗАГС-те тiркелмейтiн азаматтық неке немесе көңiлдестiк деген бiздiң есiтiп көрмеген бiр пәле шықса, ең негiзгiсi жаңадан қосылған отбасыларының үштен бiрiнiң ажырауы.
Жапонияда семья құру үшiн қыз бен жiгiт арнайы психолог жалдап, көп ақша төлеп, бiлдiрмей ғылыми зерттеу жүргiзедi. 100 жiгiт, 100 қыз компьютерге салынып, сәйкестiлiгi анықталады.
Ол жұмыс орнында, демалыста да, әртүрлi жағдайларда терең зерттеледi. Осындай жолмен құрылған 2,5 мың отбасынан бiр-ақ отбасы ажырасқан.
1990 жылы 164 мың отбасы құрылса, 2002 жылы 99 мың отбасы құрылып, оның 31 мыңы, яғни үштен бiрi ажырасқан. Бұл көрсеткiш бойынша Қазақстан әлемде бiрiншi ондыққа кiредi.
Қазақ тарихында ажырасу деген өте сирек, жетiм, жесiр деген болмаған.
Дана қазақ дала заңыменен барлық Орта Азия халықтары сияқты некелескен қыздың ары таза болмай ұятты болып шықса, оны бүкiл ел алдында масқаралап, бетiне күйе жағып, өгiзге терiс отырғызып, қолына тесiк қазан мен шүмегi сынған шәугiм ұстатып, елiне апарып тастап, қалың малын қайтарып алатын болған. 40 боз биенiң сүтiне кiнәлi қызды шомылдырып, күйеуiне қайта қосқан жағдайлар да болған.
Мұхамедтiң (с.ғ.с.) хадистерiнде: «Некелесiп тұрмыс құрғандар, өсiп-өнiңдер, мен қиямет күнiнде өз үмбеттерiмнiң басқаларға қарағанда көп болғанын көрiп қуанамын.
– Әйелi жоқ еркек бишараның бишарасы,
Күйеуi жоқ әйел сорлының сорлысы.
– Үйленуге шамасы келетiндер отбасын құрсын.
Некесiз қосылған отбасы
Некесiз туылған бала,
Некесiз iшкен, жеген тамағыңыз арам. Сондықтан отбасын құру – арамнан сақтайды, абыройыңды қорғайды. Көп туатын әйелдерге үйленiңдер, өйткенi мен басқаларға сендердiң көбейгендерiңдi мақтанышпен айтамын. Көп бала тапқан әйел басқалардан әлдеқайда артық. Ол Алла тағаланың алдында да сүйкiмдi» деген. Өзiн мұсылман қауымына қосатындар үшiн осыдан асқан үгiт-насихат қажет пе?
Қазақстанда 364 мың ерсiз жас әйелдер, 120 мыңның үстiнде кәрi қыздар бар екен. Некеге тұратын қыздардың орта жасы – 23 жас, жiгiттерiнiкi – 26 жас, 30-34 жастағы тақиялы перiштелер – 14%, қыздар – 10 %. 1999 жылы ЗАГС босағасын аттамаған жiгiттер – 29%, қыздар – 22%, жесiрлер – 15%.
Атам қазақ мың өлiп, мың тiрiлiп жүрiп, қазаны оттан түспей, өзi аттан түспей, елiн, жерiн қорғап 400 жылдай жоңғармен, қалмақпен, қытаймен, өзбекпен, орыспен соғысып жүрiп, бiр заманда атқа мiнер азаматтарымыздың саны қауiптi, қатерлi дәрежеге дейiн азаяды. Сонда дана бабаларымыз, осы демографиялық апатты, өткiр, тағдырлы мәселенi, он үште отау иесi, әмеңгерлiк, көп әйел алу, белден, бесiктен құда болу деген даланың жазылмаған данышпандық заңымен сәттi шешiп отырған.
Ол заманда ауа, су, тамақ таза, жастар ерте жетiлетiн болған. Жан алып, жан берiскен соғыстарда жауынгер балам жетiм қалады, әйелiм жесiр қалады деп алаңдамай, өлiмнен қорықпай айқасуы үшiн қазақ өмiрiне әмеңгерлiк заңын енгiзген.
Қазақ жетiмiн, жесiрiн жылатпаған, жер, бала сатпаған халық.
Сондықтан қазақ тарихында, қазақ дәстүрiнде, екi әйел алу мәселесi ерiккеннiң ермегi, көлденең көк аттының келемежi, сайқымазағы, қазаны бөлек, қайғысы бөлектердiң мазағы, отбасы, ошақ қасы төңiрегiнде ойланатын, тон пiшетiн қандастарымыздың жеңiл желпi, қате түсiнiгi емес.
Ол қазақ халқының тарихы, кешегi, бүгiнгi, ертеңгi тағдырына байланысты, оның жер бетiнде, күн астында болу болмауына байланысты ешқандай талас тудырмауға тиiстi, талқылануға жатпайтын ұлттың өмiрлiк, өзектi, ерекше мәселесi.
Қанша егемендi, тәуелсiз ел болдық десек те, сапамыз жақсармай, санымыз көбеймей өсiп, өркендеуiмiз, көктеп көгеруiмiз iргелi, тұғырлы, түбiрi, өзегi мықты мемлекет болуымыз неғайбыл.
Келешекте жер бетiнде қазақ халқы болуы үшiн, қазақтың қазақ болып қалуы үшiн бұл мәселенi өзiмiз де, өзгелер де жете, тереңнен түсiну керек.
Осы сын сағатында әрбiр қазақ ата-бабаларымыздың, халқымыздың, келешек ұрпақтың, ұлтымыздың тағдыры алдындағы парызымызды, қарызымызды өзiнiң жеке басының мүддесiнен, пендешiлiктен жоғары қоя бiлуi қажет.
Бiз мұсылманбыз. Мұсылманға Исламның қағидаларынан артық тәртiп, ақыл, әдiл заң, дұрыс жол жоқ.
Киелi құран былай дейдi: «Өздерiңе ұнаған әйелдерден екеуiн, үшеуiн, тiптi төртеуiн алсаңдар да айып емес. Жалпы, әйелдердi тең ұстай алмайтындай болсаңдар, ең жақсысы –бiреуiмен ғана қалу.
… Бiр әйелмен қанағаттану – қиянаттан аулақ болудың ең тура жолы. (нисса-3) Қанша тырысқандарыңмен, әйелдерiңiздi тең дәрежеде ұстауларың қиын. Дегенмен бiреуiне мүлдем ауып кетiп, екiншiсiн жiпсiз байлағандай болмаңдар. Егер түзелсеңдер, сақтансаңдар, Аллаһ, әрине жарылқайды, рақым жасайды!».
Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Егер бiр адамның екi әйелi болса, ол сол екеуiнiң арасында әдiлдiк жасай алмаса, Қиямет күнiне ол жарты денесiмен ғана барады» деген екен (нисса-129).
Мiне, құдiретi күштi тәңiрiмiз, Пайғамбарымыз көп әйел алғысы келгендерге осындай талап қояды.
Алла тағала өзiңе ғана тән, бiлiмдарлықпен рұқсат еткен, бұл заңның әдiлдiгiн, дұрыстығын, өмiршеңдiгiн ешкiм де жоққа шығара алмайды.
Пайғамбарымыздың өзi төрт әйел алған. Мұхаммед Пайғамбарымыздың бiрiншi Халифi Әбу Бәкiр Сыдық өзiнiң 13 жасар қызы Айшаны Пайғамбарға екiншi әйелдiкке берген. Айша кейiн Пайғамбарымыздың iсiн алға апарып, бүкiл мұсылмандардың анасына айналады. Тектi тұқымнан, беделдi, дәулеттi ортадан шыққан, түр-тұлғасына ақыл-парасаты сай келген, ерекше абзал қасиеттерiмен әулие атанып, тарихта қалған Домалақ ана неге бай бағландардың өзiмен қатар әрi ақылды, сымбатты, парасатты балаларына тұрмысқа шықпай, Бәйдiбек бабамыздың үшiншi әйелi болады?
Тарихқа жүгiнсек, рулы елдi аузына қаратқан атақты, ақсүйек аналарымыз екiншi, үшiншi, төртiншi әйел болып-ақ ұрпақ көбейткен емес пе!
Қазiр заман да бөлек, заң да бөлек, бiз жаңа заманның қазақтарымыз, ендеше ұлттың мүддесiне, болашағына жаңаша, жанашыр, жаңашыл, байыпты, байсалды, ақыл-ой, парасат –пайым, әлемдiк тәлiм-тәрбие, тәжiрибе биiгiнен аса сақ, сергек, сезiмтал, талғампаз көзқараспен қарауымыз керек.
Бұл мәселе қандастарымыздың, халқымыздың ауыр демографиялық хал-ахуалын, ұлтымыздың бұлыңғыр болашағын терең түсiнуiне, белсендiлiгiне, ынта-ықыласына, жауапкершiлiгiне, өзiндiк үлесiне тiкелей байланысты. Қазiр бiзде ерлер мен әйелдердiң, әсiресе, жастардың арасында, «мал құлағы саңырау» адам есiтiп, көз көрмеген көргенсiз, имансыз, әдепсiз, ешқандай ақыл-ойға, заңға, дiнге сыймайтын қазақ өмiрiнде бұрын соңды болмаған жабайы қарым-қатынастар бой көрсетiп тұр. О, ағайын! Қашан қазақ қыздары көшеде жарты денесiн ашып, жалаңаш жүрiп едi? Қашан қазақ қыздары арақ-шарап iшiп, темекi шегiп едi? Қашан қазақ қыздары нашақор, зинақор, жезөкше болып едi? Қашан қазақ қыздары өзiнiң арын, намысын,тәнiн, жанын көшеде тұрып ашық саудаға салып едi?
Ол қыздар айдан түскен жоқ, басқа елден, басқа жерден келген жоқ, бәрi өзiмiз, бiрiмiздiң қызымыз, бiрiмiздiң қарындасымыз, бiрiмiздiң апамыз, бiрiмiздiң туысымыз, бiрiмiздiң жолдасымыз, әрiптесiмiз, көршiмiз т.т.
Осының бәрiне себепкер, алдаушы, арбаушы, дәнекер, о заманда бұ заман жеңгетай болып жүрген негiзiнен қазақ жiгiттерi, қазақ азаматтары, көпшiлiгi қолында байлығы барлар мен билiгi бар жаңа қазақтар. Олар байлыққа, билiкке жету жолында жанын жалдап, арын алдап, ар-ұят, намыс, қан, ұлттық парыз, ұлттық жауапкершiлiк, адамдық, азаматтық, адалдық сияқты адамды адам етiп, қазақты қазақ етiп келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды, қазақи қадiр-қасиетiмiздi ойланбастан аттап өтiп, қиналмастан құрбандыққа шалуда.
Мiне, ұлттың келешегiнiң тамырына балта шауып, ұлтымыздың қасиетiне, қауiпсiздiгiне қатер тудырып отырған да солар.
Қазақ – қыздарының, болашақ аналардың намысын, арын, ешқашан, еш жағдайда, ешкiмге таптатпаған халық. Сол үшiн жан берiп, жан алысқан, жаға жыртысқан, соғысқан халық. Ендi егемендi ел болып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде осыншама неге рухани азып, тозып бара жатырмыз?
Мұндай дәрежеде, мұндай қарқынмен азғындау мұсылман елдерiнiң бiрiнде де жоқ. Бұл бiздiң итiмiзге ар, мысығымызға намыс жағдай ғой, азаматтар-ау!
Ақшада отан жоқ, ұят жоқ, ар жоқ, намыс жоқ, тек тиiмдiлiк бар. Жаһандану заманының қылаң беруiне байланысты, өмiрiнде бiр кiтап оқымаған, театрға бармаған, сауатсыз, мәдениетсiз әлемнiң ақша қуған дүние қоңыздары, шырылдауық шегiрткелерi қаптап кеттi. Бiздiң қыздарымыз оп-оңай сол ақшалы қапшықтардың құлына айналып жүр.
Менiң тағдыры тәлкекке түскен осындай қыздарға айтарым: «Жаманның басында жатқанша, жақсының аяғында жат деген». Жезөкшелiкке түскенше, «малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деген қазақтың ұрпағысыңдар ғой, тiптен өлген жақсы, өлгiң келмесе қазақтың дұрыс жiгiттерiне адал жолмен 2-3-шi әйел болып тигендерiң дұрыс.
Ал қазақ азаматтары жеңiл-желпi жүрiстi, кездейсоқ кездесулердi, некесiз, ақылы жыныстық қатынастарды, үзiлдi-кесiлдi тию керек. Көпшiлiгi көлеңкеде ұстап отырған көңiлдестерiн, мүлiктi, ақшаны заңдастырғандай шариғат жолымен заңдастыру керек, некелесу керек, арды адалдау керек.
Көңiлдес дегеннiң өзi намысты, ар-ұятты қорлайтын күдiктi, күмәндi атау. Әрбiр ақылды, арлы, парасатты әйел, некелi күйеуiнiң болғанын қалайды. Олай болса қажыр-қайраты, жiгерi, еркi, қадiр қасиетi, қауқары бар азаматтар өз әйелiмен келiсе отырып, екiншi, үшiншi, төртiншi әйел алуларына болады. Сонда отбасы да, өмiр де, монша да, қонақ үй де тазарады, адалданады, аурудан ада болады. Бұл мүмкiншiлiктi дiн де, заң да жоққа шығармайды. Араб елдерiнде әрбiр оныншы арабтың екi-екiден де көп әйелдерi бар.
Бұл қазақ дәстүрiнде бұрын да болған, қазiр де бар жағдай, ұлт тағдыры, ұлт болашағы үшiн баршамыз да ақты ақ, қараны қара, адалды адал, арамды арам, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс, барды бар, жоқты жоқ деп қабылдауымыз керек. Бұл шындықты жер де, көк те айтқысы келедi, күн де, ай да, ауа да, су да айтқысы келедi, бiрақ, тiлi жоқ, «айт!» деген Алла тағаланың әмiрi жоқ.
Қаншалықты ауыр, қаншалықты абыройсыз, таласы, талқысы көп тақырып болса да мен осы орайдағы жауапкершiлiктi мойныма алып, елiме, халқыма, көзi ашық жұртыма өздерi бiлетiн, өздерi күнде көрiп отырған шындықты айтуды жөн көрдiм.
«Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» демей жаным ашығасын айтам. Сiздерге айтпағанда кiмге айтамын, бүгiн айтпағанда қашан айтамын? Ертең кеш болады деп қамығамын. Артық – кемi болса халқымнан кешiрiм өтiнемiн.
БАЙЛЫҒЫҢДЫ, БАҚЫТЫҢДЫ БЕСIКТЕН IЗДЕ
Бабалар даналығы: Он ұлы бардың хан ордасынан несi кем?
Тоғыз ұлы бардың төреден несi кем?
Сегiз ұлы бардың сұлтаннан несi кем?
Жетi ұлы бардың желi оңынан соқпай ма?!
Алты ұлы бардың арманы бар ма?
Бес ұлы бардың сөзiнiң жалғаны бар ма?
Төрт ұлы бардың теңдiк алмай қалғаны бар ма?
Үш ұлы бардың алым-берiм хәлi бар,
Екi ұлы бардың шақ-шақ қана әлi бар.
Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар.
Ұлы жоқтың тiрлiгiнiң қандай сәнi бар?!
Досан би: Бiр баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,
Екi баласы бардың болар-болмас хәлi бар,
Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар,
Төрт баласы бардың төрт қыбыласы тең болар,
Сегiз баласы бардың сергелдеңге салар кәрi бар.
Он баласы бардың орда бұзар қолы бар.
Бала адамның бауыр етiнен жаралған.
Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар.
Әке, шеше отбасының киесi, кенже бала үй иесi.
Балықсыз көл су алады, баласыз ел суалады.
Құлын көбеймей жылқы өспес, ұрпақ көбеймей ұлтың өспес.
Келешекке ұл қалдырғаның өзiңдi қалдырғаның,
Қыз қалдырғаның көзiңдi қалдырғаның.
Хадисте: “Бала-шаға аз болса, байлығыңның екiден бiрi жоқ деп бiлгейсiң”.
Соңғы жылдары Республикамызда бала туу күрт төмендеп барады. Ал өзбектер, түрiктер, ұйғырлар, азербайжандар, курдтер, тәжiктер, дүнгендер 29 % өсiп отыр.
Мiне, кiшi ұлттардың өзiн сақтап қалудағы нақты, саналы қадамдары.
Бiзде соңғы жылдары табиғи өсiм 290 мыңнан 60 мыңға төмендеп, 5 есе азайып отыр. Дүниеге келген балалардың 40% ауру болып туады, жастардың 80 пайызы әскерге жарамсыз. Күнi ертең – ақ қазақ жерiне, қазақ елiне ие болар, кие болар, тiзгiн ұстап, тiрлiктi жалғар, тәуелсiздiк туын шайқалтпай ұстап қалар ұрпақтың жан ауыртар, қасiреттi сиқы, мiне, осындай.
1958 жылдары әр отбасында орташа бала саны 7-ден келсе, қазiр 2,1-ге төмендеп отыр.
Жалғыз ағашты жағу қиын,
Жалғыз баланы бағу қиын.
Мұндай көрсеткiш: Италияда – 1,1; Германияда – 1,2; Жапонияда – 1,4.
Бiрақ оларда бiздегiдей қауiп жоқ. Кейбiреулер бала туудың азаюын әлеуметтiк, тұрмыстық қиындықтардан дейдi.
“Бiр қозы туса, бiр түп жусан артық түптейдi” деген сөз көнергендей. Қазiр елдi елеңдетiп, алаңдатып отырған проблема – жетiм балалар проблемасы.
Атам қазақ: “жетiм жыласа, жер жылайды” демей ме!
«Бiр жетiмнiң басынан сипасаң, 40 перiште күлiп тұрады» деген.
«Атыңнан құласаң да, салтыңнан құлама» деген де бар. Жануар киiктiң ерекше қасиетi енелерi кез – келген құралайды емiзiп бауырына басып кете бередi. Демек киiк екеш, киiктiң де құралайы далада жетiм қалмайды. Ал бiз адамбыз ғой, ағайын !
Қазiргiдей жетiмдердi шiмiркенбестен бөгделерге сатып жiберу деген имансыздық , қатыгездiк, бұрын-соңды қазақта болмаған масқаралық !
Өз жетiмiн асырай алмау қайбiр мемлекетке болмасын әлем алдында абырой әпермесi хақ. Жер жүзiнде 100 миллионнан астам жетiм бар. Ресми деректерге сүйенсек осы кезге дейiн Қазақстаннан 6014 бала 15 шетелге асыпты, яғни сатылыпты. Америкада – 500 000 жетiм сәбилер тәрбиеленедi. Олардың жылына 30 мыңын ауқаттылар асырап алады. Америкалықтар басқа мемлекеттерден, оның iшiнде Қазақстаннан –5308 бала асырап алған. Сондай-ақ, Бельгияда – 163, Ирландияда – 126, Испанияда – 152, Германияда – 59, Францияда – 45 қазақ балалары бөгденiң бұрышында, өгей үйдiң есiгiнде жәутеңдеп жүр. Өкiнiшке орай олардың тағдыры бiзде ешкiмдi де алаңдатып отырған жоқ. Шығыстан Батысқа бала тасу – бiр жағынан қан жаңартып, ауру тәнге таза қан құйып, өлмеудiң, өшпеудiң әрекетi, түпкi ойы нәсiлдiк тегiн көк тиынсыз тегiн жақсартудың стратегиясы. Ал, өздерi шетелдерге бала беруге келгенде өте сараң, қолы тар.
Сан жағынан халқы ең көп, сергек, сезiмтал, сақ мемлекет қытайда да ондаған миллион жетiмдер бар. Қытай шетелге тек ұлдарын бередi, қыздарын бермейдi. Армяндар сәбилерiн тек армяндарға ғана бередi. Шетелге бала беру тәртiбiнiң қиындығы соншалықты, ал бала алу мүмкiн емес. Израильда да сәбидi тәрбиелеуге тек еврей ұлты өкiлiне ғана бередi. Басқа ұлт өкiлдерiнiң балаларын алып, еврей азаматы етiп тәрбиелейдi.
Шетке кеткен жетiм балалардың көз жасы киелi, олардың наласы күндердiң күнiнде найзағайдай тиедi, жасын боп жауады.
Ирландияда әрбiр 1000 сәбидiң 2-еуi ғана шетiнейдi, бiзде 19, Ресей, Азербайжанда – 12, Украинада – 9, Беларустарда – 8 өледi.
Ирландияда балалар министрлiгi бар, әр әкiмшiлiкте арнайы бiр орынбасар тек балалар проблемаларына жауап бередi.
Бiзде де осындай жақсы тәжiрибелер болған. Қазақстан үкiметi қиын–қыстау заманда соғыс кезiнде жетiм балаларды асырап алу, жөнiнде әсiресе лауазымды басшыларды мiндеттейтiн қаулы қабылдаған.
Қазақстан Орталық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Жұмабай Шаяхметов төрт ұл, бiр қызының үстiне Владимир деген баланы өз атына жаздырып, отбасының бiр мүшесi етiп тәрбиелеген. Оны өле-өлгенше жақсы көредi, Владимир де отбасына адал болады. Ол кейiн өз әке – шешесi табылса да мойындамай қояды. Сондай-ақ Қазақстан басшылары Скворцов бiр ер баланы, Н. Оңдасынов та бiр қыз баланы өз балаларынан кем көрмей тәрбиелеген.
Бүкiл түрiк халқының атасы – Ата Түрiк те бiрнеше баланы асырап, өсiрген. Қазiргi бiздiң оңай олжа тауып, аяқ астынан байығандар мен көшеден келiп көсем болған басшы шенеунiктерге осыдан артық қандай өнеге, қандай үлгi керек! Бiрнеше ғасырлар бойы соғысып, жан берiп, жан алысқан ата-бабаларымыз шайқастан кейiн жұрттан бала жинап, қонысын кеңейткен екен. Кейбiреулердiң “Бұл кiрме едi” дегендерiне қатаң тыйым салынған.
Қазақстанда 2004 жылы, 28 мамыр күнi 15 миллионыншы бала дүниеге келдi! Сол күнi елiмiзде 760 баланың iңгәсi, перзентханалардың пердесiн тал бесiкше тербетiп тұрды. Ылайым осы жақсы iс жалғаса бергей!
Ол үшiн бала туғаннан кейiн ақылы демалыс Жапония, Израиль, Швеция мемлекеттерiндегiдей бiр жыл болуы керек. Ол үшiн бала туғандағы берiлетiн бiр жолғы жәрдем 30 мың емес, Ресейдегiдей – 1 млн 200 мың теңге болуы қажет. Ол үшiн ресейдегiдей үш баласы бар отбасы көп балалы болып есептелiп, 7 бала тапқан ана «Батыр ана» атануы тиiс. Сөйтiп, аналар мен балалар мемлекеттiң ерекше қамқорлығына алынуы керек.
АБОРТ – ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫЛМЫС
Қазақстанда жылына шамамен 300 мың әйел баласын жасанды жолмен алдырып тастайды. Бұл көрсеткiш Европа елдерiнен 3 есе, Өзбекстаннан бес есе көп.
Аборт – жүктiлiктi бұзып, баланы жасанды жолмен алдыру, яғни болжаммен, тәуекелмен, тұспалдап жасалатын кiшiгiрiм «соқыр» операция.
Ал ана құрсағындағы кеудесiнде жаны бар шарананы кесiп, бөлшектеп алып тастау күнәнiң күнәсi, қылмыстың қылмысы, қатыгездiктiң қатыгездiгi.
Бiр ана: «Құдайдың өзi, кешiрсiн – 28 түсiк жасаттым» деген екен. Бұл не деген сұмдық! Ең қайғылысы балалармен бiрге кей жағдайда аналар да құрбан болып, алғашқы жүктiлiк бұзылғанда әйелдердiң 70 пайызына жуығы бедеулiкке шалдығады. Осының бәрi жыныстық сауатсыздықтың салдары.
Мәселен Швецияда отбасында, мектептерде жыныстық бiлiм беру, жыныстық және репродуктивтiк денсаулық мәселелерi мемлекеттiк саясаттың бiр бөлiгiне айналған. Мұнда жетi жастағы оқушылардың өзiне жыл iшiнде 15 сағаттық жыныстық бiлiм берiледi. Алғашқы сексуалдық түсiнiктi шведтiк балалар отбасынан, яғни ата – анасынан, туыстарынан, жанашырларынан алады. Ал бiз болсақ бұл тақырыпта әңгiме айтудан ұялып жүрмiз. Осының нәтижесiнде соңғы жылдары елiмiзде жасы жетпеген қыздардың екiқабат болу фактiлерi етек алуда. Мысалы, 2005 жылы 10257 жас қыздар екiқабат болып, оның 6348-i абортпен аяқталған. Жалпы аборттың бес пайызын жасөспiрiмдер құрайды. “Егер жазықсыз бiр адамды өлтiрсең, бүкiл адамзатты өлтiргенмен тең, егер бiр адамды өлiмнен құтқарсаң бүкiл адамзатты құтқарғаның”. “Құран хадисте” осылай делiнген. Ислам әйелдерге аборт жасауға тыйым салады. Бойына жан бiткен 5-6 айлық тiрлiк иесiне қастандық жасау адам өлтiргенмен пара-пар.
Медиктердiң зерттеуiнше ана құрсағындағы шарана 18 күнде жүрегi соғып, 8 аптада айналасындағы тiршiлiктi сезiне бастайды екен. Ал он екi аптада саусағын сорып, басын қимылдата алады. Мiне, сол кеудесiне жан бiтiп, адам кейпiне келген шақалақ өзiне келе жатқан қауiптi, жасалатын қиянатты сезгенде жиырылып қарсылық көрсететiн көрiнедi. Неткен қасiрет, неткен аянышты құбылыс десеңiзшi!
Демек, әйелдiң өз ағзасында табиғи қалыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдыртып тастау – оны жасатып отырған әйел үшiн құдай алдында күнә, адамзат алдында кешiрмес қылмыс. Өйткенi Ислам дiнiнде кiсi өлтiру ең ауыр күнә болып есептеледi.
Аборт жасатушы әйелдердiң 40% оның себебiн тұрмыстық жағдайдың, күн көрiстiң ауыртпалығынан деп дәлелдеуге тырысады. Ол дұрыс емес, атам қазақ: “Дүниеге бiр қозы келсе, бiр түп жусан артық өседi” деген. әр тiршiлiк иесiнiң өлшемдi несiбесi болады.
Мұндай жаман әдет бiзге батыс елдерiнен келген. Батыс – кәрi арыстан, iрiп-шiрiген бала тууды шектеу, аборт жасау солардан басталған.
Венгрияда әрбiр аборт жасататын әйелмен министрлiктiң, әкiмдiктiң, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi арнайы әңгiме өткiзедi. Бұндай қадамға барудың шын себептерiн анықтап, тиiстi кеңестер бередi, нақты көмектер көрсетедi. Ал бiзде осы маңызды мәселемен ешкiмнiң де шаруасы жоқ.
Әйелдiң бүкiл адамзат алдындағы абройлы да қасиеттi, киелi мiндетi, борышы, парызы, қарызы – ол ұрпақ көбейту.
Қазақтың өсiп-өнуiне өрiс ашатын бiр құдiреттi күш бар. Ол – ислам. Ислам дiнiмен демография тығыз байланысты. Ислам арқылы демографияны жандандырып, демография арқылы исламды өркендетуге толық мүмкiншiлiк бар. Бұл игiлiктi мақсатқа ғылым, медицина, саясат, дiн, бүкiл қоғам батыл бағытталған қимыл жасаулары керек.
МЫҢ КҮН ЖҰМАҚТАН БIР КҮН ТIРЛIК АРТЫҚ
Адамның бiрiншi байлығы, бiрiншi бақыты–өмiрi, өмiр сүрген жылдары. Өмiр болмаса ештеңе де болмайды. Адамның денсаулығы мен өмiрi генасына (тұқымына) – 18 – 22 %, қоршаған ортаға – 20%, денсаулық мекемелерiне – 8 – 10%, жеке адамның өмiр сүру салтына – 49 – 53%, байланысты. Яғни, өз денсаулығың – өз қолыңда, өз өмiрiң – өз қолыңда деуге әбден болады. Тек ол үшiн адамға жiгер, ерiк керек.
Әрбiр адам өзiн-өзi қадiрлей, өзiн-өзi сақтай, өзiн-өзi қорғай, өзiн-өзi басқара, өзiн-өзi бағындыра, өзiн-өзi тежей, өзiн-өзi шектей, өзiн- өзi тәрбиелей отырып, өзiне-өзi төрешi бола бiлуi керек.
Қазақстанда 2005 жылы орташа өмiр сүру мерзiмi 66 жас, оның iшiнде еркектер – 60, әйелдер 71 жас жасайды. АҚШ-та еркектер – 73, әйелдер – 75; Германияда еркектер – 73, әйелдер – 79; Жапонияда еркектер – 76, әйелдер – 82; Канадада еркектер – 80, әйелдер – 81 жас жасайды.
Оларға қарағанда бiзде еркектер 3 – 11 жасқа, әйелдер 14– 21 жасқа кем жасайды. 2005 жылы 157 мың адам қайтыс болды, оның басым көпшiлiгi еркектер. Еркектердiң орташа өмiр сүру жасы әйелдерге қарағанда онсыз да 11, 5 жасқа кем. Қайтыс болған ер азаматтардың орташа жасы бiзде 49, ал европалықтарда 57 жас.
1997– еркектердiң ең көп қайтыс болған жылы (88,8 мың). Бұл жалпы өлгендердiң 55 пайызы. Оның себебi тек ауру емес: арақ, темекi, нашақорлық, зинақорлық, салауатсыз өмiр салты. Iшiмдiкке салынғандардың 90% еркектер, 10 еркектiң 9-ы әртүрлi аурулармен ауырады. Еркектердiң 65-70 пайызы, әрбiр төртiншi әйел темекi шегедi, арақ iшедi. Бала туудың төмендеуiнен, өлiмнiң көбеюiнен соңғы 30 жылда халқымыздың табиғи өсiмi 3 есе кемiп кеттi.
2005 жылы Қазақстанда 157 мың адам қайтыс болса, 1945 жылғы Ұлы Отан соғысында Қазақстаннан 46 мың адам, Ауған соғысында 14 мың адам қайтыс болған. Қазақстанда аналардың өлiмi Америкадан бес есе көп. 1989 жылдан берi өзiне – өзi қол салу төрт есе өскен. Ер азаматтардың табиғи өсуi 1990 – 2000 жылы 4 есе азайып кеттi, әйелдердiң саны ер адамдардан әлде қайда басым екенi де анық. Сондықтан айналайын, әйелдер, еркектердi сақтаңдар, еркектер әйелдердi баптаңдар, сақтаңдар деп ұлттық ұран тастайтын уақыт келдi!
Сейiлбек ШАУХАМАНОВ