Жаңалықтар

СӨЗБЕН САЛЫНҒАН СЫМБАТ

ашық дереккөзі

СӨЗБЕН САЛЫНҒАН СЫМБАТ

Сарапшы. Өздерiн гомо сапиенс атайтын, Күн жүйесiнiң Үшiншi планетасындағы субъектiлердiң күнi бүгiнге дейiнгi өмiр тарихының сүбелi бөлiгi соғыс-шайқастан ғана тұрады екен. Сондағы басты мақсат не едi? Әрине, күштiнiң әлсiздi билеуi. Бұған тарихшылар да, басқалар да «бүкiл әлемдiк соғыс» дегендей анықтама бере салған. Алайда, былай қарасақ, македониялық Ескендiр, Шыңғыс хан, Напалеон, Гитлерлердiң жорықтары тек соғыс па екен. Бiз олай демес едiк. Бұлар қазiргi мақаммен айтсақ, мазмұнынан байқалатындай – жаһандандыру. Тек жалғыз айырмашылығы – қарудың күшiмен.

Бүгiнде күрестiң түрi өзгерген. Ол ендi идеология ауылына ауысқан. Ал, бұл тұстағы құрал – баспасөз, публицистика. Өткiр құрал. Мұны мүлт пайдалансаң, өзiңдi жарақаттайды. «Бiз қалайық-қаламайық, жаһандану үрдiсiне араласатын, оған өз үлесiмiздi қосатын боламыз. Ол барлық елдердi әлемдiк қауымда дамып, өркендеуге, ортақ ақпарат кеңiстiгiнен қалыс қалмауға итермелейдi… Бiз аталмыш үрдiске араласа отырып, ұлттық мүддемiзге барынша адалдық танытпағымыз, елдiк мұрат-ұстанымдарымызды қастерлеуiмiз шарт. Сонда ғана жұтылып кету қаупiнен құтыламыз».

Ал, сол қауiп-қатер бiр-екеу емес. Бiздiң өмiр тiрлiгiмiздiң барлық қойын-қолтықтарынан да табылса керек. Олардың ең әсерлiлерiнiң бiрi – мұсылмандық арасына түскен жiк. Жасөспiрiм үмбеттерiмiздiң басқа дiн қабылдауы, секталарға кiрiп кетулерi секiлдi. Бұқаралық ақпарат әлемiнде тек қана жағымсыз жақтарымызды ұрандауға бейiм тұратынымыз. «Несiн жасырамыз, бұл ақпарат кеңiстiгiмiздi қараусыз қалдырғандығымыздың, орынсыз кешiрiмпаздық салдары. Оны айтқызып отырған шетел ұйымдарының қаражаты. Осындайда Наполеон Бонапарттың: «Саған қарсы бағытталған төрт жүз мылтықтан гөрi төрт баспасөздiң қарсы тұрғаны әлдеқайда қауiптi», – деген пiкiрiн ерiксiз еске аласың». Жалпы идеологияның зымыран-жеткiзгiшi – баспасөзге сондықтан да сақтықпен қарау керек.

«Бүгiнгi өмiр тәжiрибемiз қоғамда қалыптасқан идеологиясыздықтың артында үлкен идеология жатарын дәлелдеп бердi». Сондықтан бұл тұста қазiрде қолына қалам ұстап, саясат сарайында «сайрандауға» ниет қылғандар, бәрiнен бұрын ауыздарынан түспейтiн «жаһандандыру» атты «үш басты «айдаһардан» сақтана бiлгенi абзал. Одан шошынып, үркектеп, қашқақтаған емес. Оның жағымды элементтерiн ұтырлы сiңiрiп, өзiңнiң етене рухани құндылықтарыңды кәдеге асыра бiлуiң – белдi мақсат-мүддең. («Жаһандану, ұлттық мүдде және журналистика»).

Дәнекершi. Кеңестiк педагогикаға дейiнгi қазақтың тәрбиесi өзiнше ерекше едi. Ол турасында атамзаманда «Екiншi ұстаз» әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиелеу дегенiмiз – халықтардың бойына бiлiмге негiзделген этикалық iзгiлiктер мен өнерлердi дарыту деген сөз. Жұртты тәрбиелеу үшiн қолданылатын бiлiмдер үш сатылы болады. Әрбiр бiлiмдi сақтауға жаралған адамдар бар, бұлардың iшiнде сақталатын осы тектес бiлiмнiң көмескi жерiн анықтауға, мұны жақтауға және осыған қайшы келетiн, қарсы болатын нәрсенi терiске шығаруға қабiлеттерi болады», – деп, «Бақытқа жету жайында» рисалатында қағида жасап, айқындық енгiзген едi. Алайда негiзiнде ақиқат боп табылатын осы ойлары бұдан 1200 жылдай бұрын айтылғаны белгiлi. Әрине, ол кезде ғұлама соншама уақыт өткесiн бiздiң қоғамымызда iссапар, халықаралық конференция, мемлекетаралық тәжiрибе алмасу тағы сондай-сондай шаралар тыныс-тiрлiгiмiзге енiп, қызмет салтына айналатынын көре бiлмедi деп ренiш бiлдiре алмаспыз.

Дегенмен, ой-санамыздың баюына, бiлiм-ғылымымыздың ұлғаюына, жетiстiктiң және де басқа компонеттерiне тiкелей оң ықпал тигiзудiң басты бiр жеткiзгiш-зымыраны – жолсапар жазбалары арқылы оқырманды басқа жұрт өркениетiмен таныстыру.

Әлгiнде аузымыздан шығып кеткен «баю», «ұлғаю» дегенде, сөздердiң мағынасын сол қалпында айтып отырғанымыз жоқ. Бұл жерде өзiңдегi барды жұрттағымен салыстыра саралағанды көздегенiмiз. Атасақ, Стилуотердегi Оклахома мемлекеттiк университетiнде колледж бар көрiнедi. Сонда 26 кафедра бойынша мамандар даярланады. Бұл жағдайды бiздердегiмен салыстыруға келмейтiнi бесенеден белгiлi.

Ендi бiр көңiл аударылатын дәстүр – олар тұрмыс-тiрлiктiң барлық саласына компьютердi «жегiп» қойған. «Әркiм өз орнында бiр-бiр компьютерге қадалып отырғаны. Компьютердiң, шын мәнiнде, бүкiл әлемге ашылатын терезе екендiгiне көзiмiз жеттi. Әлемнiң қай түкпiрiнен ақпарат алғыңыз келсе, саясат пен экономиканың, өнер мен бiлiмнiң қандай саласынан болмасын керектi мағлұматты жайып салады». Осындай қолбасшыл көмекшiнiң арқасында бүкiл оқу процесiн бiздегiдей 10-15 адам емес, жалғыз-ақ кiсi атқара беретiн көрiнедi!

Америкадағы атыс-шабыс, ұрлық-қарлық бiзге теледидар арқылы жетiп жатады. Ал, шындығында ондай емес екен. Бәрiнен бұрын отанжандылық рәсiмдердiң алдынан ешбiр америкалық кесе өтпесе керек. Мысалы, бiздiң Елұранымыздың мәтiнiн Парламенттегi халық қалаулыларының бiрi жатқа бiлсе, бiрi бiле бермейтiнi жасырын емес. Ал iрiлi-уақты спорт жарыстарының бәрi де Әнұрандарын орындаумен ашылуымен шектелмей, қатысушылар қосыла шырқайтыны да үлгi аларлық дәстүр болса керек. Ал бiздiң көше-көшелерге кәкiр-шүкiр сауда-саттықты дәрiптейтiн брэнд, билбордтардан көз қамасса, олардағы елдiң, штаттың туы, жалаушалары iлiнбейтiн жердi кездестiру қиын.

Алайда, «Американың бар нәрсесiне бас шұлғи бермегенiмiз жөн шығар. Бұрысын-бұрыс, дұрысын-дұрыс деу мақұл… Ендi мәселеге екiншi бiр жағынан келейiк. Олардың артықшылығы неде, алда тұруының себебi қандай? Бұл ретте байқалатыны: бiзде ашқан жаңалығымыз, тың идеямыз iске аспай, ұйымдастырылмай шаң қауып келсе, ол жақта осы мәселеге баса назар аударып, ең алдымен жаңалықты өмiрге етене араластырып, өндiрiске ендiрудi мықтап қолға алған. Сондықтан ғылымды ұйымдастыру қатаң тәртiпке негiзделген. Ал бiздегi кемшiлiк сол – ғылыми мүмкiншiлiк бола тұра, соны ұйымдастыру жоқ. Жап-жақсы жаңалық ашылады, қорғалады, әттеген-айы – қағаз күйiнде қалып қояды».

Осы жерде бiздiң есiмiзге табиғатында өткiр публицист болған Сейiлбек Қышқашев оригинал-өнертапқыш мәртебесiнде ғажайып комбайнның сызбасы мен есебiн жасап шыққаны оралады. Барлық параметрлерi бойынша шаруашылықтағы комбайн түрлерiнен әлдеқайда асып түсетiн жаңалығын ешкiмге қабылдата алмай, талантты шебер көз жұмған-ды. Мұндай мысалдар бiзде сирек ұшыраспаса керек… Автордың салыстыруларының осындай жағдайларда қадiр-қасиетi асады деп бiлемiз…

«Салыстыру» демекшi, өзiмiзге етжақын саланың проблемаларын қозғау бiздi үлкен ұтысқа шығарады. Ол – журналист кадрлар дайындау. Мұнда үш ерекшелiк көзге ұрып тұрады. Олар – журналистиканың жоғары техникалық жарақтануы, журналистердiң шапшаңдығы, оперативтiлiгi және талдамалы, аналитикалық журналистика әдiсiнiң шыңдалғаны.

Америка журналистерiне қызығушылық бiлдiрiлуi керек тағы бiр тұста «олар өз елiнiң басты мүддесi не, президентiнiң көкейiнде не бар немесе министр, губернаторлардың ниетi қандай?» дегендей сұрақтарға жауаптары дайын. Ондай қасиет, амал не, бiздерде байқала бермейдi.

Ендi бiр салыстырылатын нәрсе – «әдебиет мәселесi аз қамтылады; ал ондағы әдеби шығармалардың жазылу стилi, әдiсi қандай дегенге келсек, бiздердегiдей шартты түрде жазылатын жайларға емес, көркем дүниелерi өмiрде бар, болған жайларға негiзделiп жазылады. Нақты дерекке құрылады». Осы талап кеңестiк замандағы бiздiң өмiрден ойып алып жазуымыз тиiстi «социалистiк реализм» әдiсiн еске салмай ма? Ендеше, бұл – бiз басымыздан кешiрген заман болса керек.

Жазу шаруашылығына қатысты басқа да қыруар америкалық өзгешелiктердi көрiп-бiлуге болар. Бұл тiлге тиек етiп отырған автор екi ел арасындағы осындай ерекшелiктердi салыстыруда дәнекершi мәртебесiн атқара бiлген. («Жердiң арғы бетiнде»).

Пайымдаушы. Әрбiр өзiн сыйлайтын, зерделi адам бәрiнен бұрын өз кәсiбi, өз мамандығын пайымдай бiлгенде ғана одан үмiт күтуге болады. Мiне, осы мамандық мәселесiне келгенде, кез-келген елден табылатын бiрден-бiр кәсiп – журналистика. Кейбiреулер, тiптi жұрттың бәрi де болуы мүмкiн, «тарихты тарихшылар жасайды» деп есептейтiнi бар. Менiңше, тарихты жасайтын журналистер. Тарихшылар көңiлiне алмасын, бiрақ, олар өз еңбектерiнде бәрiнен бұрын қаламгерлер, журналистердiң әр алуан басылымдарда жарияланған дүниелерiне сүйенсе керек.

Осы тәрiздес баспасөз араласпайтын ғылым саласы кемде-кем. Демек, аталмыш мамандық, адам бойындағы тамырлардың қызыл қан түйiршiктерi тәрiздес, қоғамдық бiлiм-ғылым, идеология, басқа да пiкiр-ойдың «реакторы» болса керек. Ал сол «реактор операторлары» – негiзiнде Қазақ Ұлттық университетiнен түлеп шығатыны ақиқат.

Бiрақ әр заман талабына сай сол түлектер де өзгерiске ұшырап отыратыны – заңдылық. Бұрынғы студент пен қазiргi студент бiрдей емес. Қазiргi шәкiрттерiмiздiң бойында қажетсiну психологиясы басым сияқты. Бұрынғылар өз бетiнше көбiрек iзденетiн. Олар көп уақыттарын оқуға арнайтын. Ал қазiргi буынның айырмашылығы – мүмкiн, ақпараттық арналардың көптiгiнен болар, әйтеуiр бiлетiндерi көп, бiрақ, бұрынғылардай сарылып отырып оқу, жiтi iзденiп, тереңiрек зерделеу жағы жетiспейтiн сияқты…

«Журналистика – қазiргi бағы жанып тұрған мамандық, бұл салаға сiңiрген еңбек бiрнеше есе боп қайтады. Бiздiң ерекшелiгiмiз де, құдыреттiлiгiгiмiз де, қиыншылығымыз да сонда. Өйткенi, Журналистiң жетiстiгiн де, кемшiлiгiн де халық бiледi». Ол қырағы: бәрiн көрiп отыр. («Журналистика – алдымен сенi таңдайтын мамандық»).

Пайымдаулардың шынар биiктiгi, кез келгеннiң есiне түсiп, тiлiне орала бермейтiн афоризмге айналуға дайын тұрған: «Журналистикаңыз – машық деген сөз», «Қоғамдық пiкiрдi басқару туралы ғалым», «Естi журналист – елдiң бағы, есер журналист – елдiң соры», «Журналистика – шығармашылыққа негiзделген мамандық», «Тәуелсiздiк тiрегi – тiл», «Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды»… Осы жетiңкiреп қалатын шығар. Әйтпесе, әлi де шешендiк сөздерге «кандидатура» түйдек-түйдек, иiнiмен айтылған, ұтырлы жолдарды тiзе алар едiк. Бұл жердегi бiздiң негiзгi түйiндеуiмiз: автордың пайымдағыш қасиетi.

Естi адам қалайша отанжанды болмас! Бұл – көлемi ықшамдау ұлтжандылық емес, отанжандылық.

«Бiр анығы – кез келген ұлт» «мен бәленше деген ұлтпын» деп, өзiн бiрден жариялай салмаған. Оған мойындату мен қалыптасуы үшiн бiраз уақыт қажет болды». Автор айтқан сол қажет уақыт әлi де бiрталайға созылатын түрi бар. Бәрiнен бұрын, осы бiзге өзгелер шәкiрт ретiнде қарай беретiнi несi? Оның арғы жағында үстемдiк пен өктемдiк әрекетке барғысы келетiн мысықтiлеу пиғыл, жасырын қимыл жатқанын сезбейдi дей ме екен?»

Тектiк қанында Кенесары мен Жанқожаның адуын асаулығы, Абай мен Сұлтан-махмұттың шыңырау философиясы,Асан қайғы мен Махамбеттiң пәк романтикасы шоғырланған халық қандай да қасiреттi мойнымен көтере алатынын өзi дәлелдеп отырғанының бүгiнде куәгерi екенiмiз жылтырақ отанжандылық емес. Ол тек қана елiңнiң басына түсiрген нәубетке наразылық бiлдiрумен шектелмейдi. Ондай «әлiмжеттiлiктi» әшкерелеу жетiмсiздiк қылса керек. Бұл тұста: «өзiңдi өзiң сыйласаң, жат бойыңнан түңiлер»принципiн ұстанған абзал.

Қолымыздағы публицистiк, көркем-әдеби, ғылыми зертттеу ғана емес, танымдық та фукнцияларды атқаратын дүниеден бiреу бiлiп, бiреу бiле бермейтiн деректердi молдап ұшырастырғанымыз бар. Оның елеулiлерiнiң бiрi – ғұлама Байтұрсыновтың радио шаруашылығына тигiзген септiгi. 1919 жылдың желтоқсанында Кеңестердiң VII съезiне барған жолында Ахаң Қазревом төрағасы С.Пестковскиймен Лениннiң қабылдауында болған. Сонда бiрсыпыра шаруалар шешiлген. Демек, «қазақ жұртының арасына граммофон мен пластинкаларды таратуда талантты лингвист, әдебиетшi, ғалым, ақын әрi жазушы Ахмет Байтұрсыновтың қосқан үлесi аз болмаған. Өкiнiшке қарай, осыған дейiн қазақ жерiндегi мәдени-ағарту жұмысының осы саласын көрсету С.Пестковскийдiң еңбегi ретiнде бiржақты бағаланып келгенi анық. Әрине, бұны ашық айтып, әдiл бағасын беру тек жариялылық арқасында ғана мүмкiн болып отыр. Ол бұрын көпшiлiк бiле бермейтiн, бiлген адам ашық айта алмайтын ақиқат едi».

Сонымен, Сарапшы, Дәнекершi, Пайымдаушы, Отанжанды,–Тағы кiм?– Тәлiмгер, Насихаткер, ия, Радиоочеркшi, Радиофельетоншы. Ақиқатында тап осындай екенiн жинақтардағы әр алуан тақырыптарды қозғаған дүниелерiнiң астарынан көз жеткiзе алар едiк. Ғылыми дәрежесi – филологиялық ғылым докторы. Ғылыми атағы – журналистик профессор. Шығармашылығы – Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесi. Намазалы Омашев.

Қос кiтабы – «Ақпарат әлемi». («Қазығұрт», 2006)

p.s. Қиялгер қисындарындағы тырнақшаға алынып, иесi көрсетiлмеген дәйексөздер «Ақпарат әлемiнен» келтiрiлген.

Абдул -Хамид МАРХАБАЕВ