Жаңалықтар

ИЕСI КIМ, КИЕСI КIМ БҰЛ ЕЛДIҢ?

ашық дереккөзі

ИЕСI КIМ, КИЕСI КIМ БҰЛ ЕЛДIҢ?

ТIЛ ЖӨНIНДЕ

Тiл, дiн, тарих – кез келген халықтың анасы, жаны.

Қазiр дүние жүзiнде үш мыңдай ұлт пен ұлыс өмiр сүредi, олар 8 мыңға тарта тiлде сөйлейдi. Осыдан ХХI ғасырдың аяғында 800 тiл қалады деген болжам бар. Екiншi бiр деректерге жүгiнсек әлемде, әр айда екi тiлден, жылына 24 тiл өледi екен. Тiл өлдi деген сөз – ұлт өлдi деген сөз.

Бұған мысалды алыстан iздемей-ақ қоялық: кешегi совет дәуiрiнде одақта 1924 жылы 194 ұлт тiлi болған, 1974 жылы оның жартысы ғана қалды. Бiз де тiлiмiзден, дiнiмiзден, тарихымыздан, қазақи қасиеттерiмiзден айырылудың сәл – ақ алдында қалдық.

Егемендiк алғаннан берi де тiл мәртебесi өзiнiң тұрақты, тиянақты, тұғырына қонған жоқ, қанағаттанатындай, көңiлге қонатындай түбегейлi, өзгерiстер әлi жеткiлiксiз. Жасыратыны жоқ, қазiр бiзде қазақтардың 40 пайызы ана тiлiнде сөйлемейдi. Тiл бiрлiгi жоқ. Тiлi екеудiң дiнi екеу.

Көрнектi жазушы Шерхан Мұртаза биiк мiнберден: “жыланда ғана екi тiл болады” деп мәлiмдедi. Бүкiл әлем халықтарынан жинаған, 40 жамау Америка жұрты түгел ағылшын тiлiнде сөйлейдi. Ал, көп ұлтты Ресейде халық орыс тiлiнде сөйлейдi.

Қазақтың тiлi қандай әдемi, қандай сұлу, қандай мәндi, қандай сәндi қандай көп мағыналы, қандай көп мақсатты, оралымды, сазды, әуездi, қандай әсем әуендi тiл десеңiзшi!

Қазақтың кейбiр асыл, ақылды, дана бiр сөзi мың сөзге тұрады.

Осы асыл – ана тiлiмiздi ұлттық, мемлекеттiк жоғарғы дәреже деңгейге, шынайы халықтық, елдiк биiктiкке көтеру, оны өмiрдiң, тұрмыстың, саясаттың, экономиканың, халықаралық қатынастардың тiлi етiп қалыптастыру баршамызға аманат.

Бұл маңызды, шешушi, тағдырлы мәселелерде бiздiң Үкiметтiң сыпайылығы, ұялшақтығы, жалтақтығы, немкеттi, немқұрайлы көзқарасы, әсiре демократияшылдығы ұлттық мүдделерiмiзге елеулi зиянын тигiзуде.

Швецияда ұстаздар лекцияны швед тiлiнде оқымаса, студенттер аудиториядан шығып кететiн көрiнедi. Сосын өзi үшiн бәрi де екi – үш айда тiлдi үйренiп алады екен. Мұғалiмдер қате сөйлесе де ынтасына, ықыласына риза болып студенттер 2 – 3 апта шыдайды екен.

Мiне бiздiң де осылай ұлттық намысымыз оянбайынша, ұлттық жауапкершiлiгiмiз осындай дәрежеге көтерiлмейiнше тiлдiң де, дiннiң де, дiлдiң де көсегесi көгермесi белгiлi.

КӨП ҚОРҚЫТАДЫ, ТЕРЕҢ БАТЫРАДЫ

Қасым ханның тұсында қазақ бiр миллионға жеттi. Содан кейiнгi 150 жылдың iшiнде үш есе өстi. «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» кезеңiнде халық саны қырық пайызға азайып кеттi.

1897 жылғы санақта түркi халықтарының iшiнде бiрiншi орында тұрған қазақтар (4,1 млн.) кейiнгi санақтарда құлдырап, 6-7 орынға түстi. 1911 жылғы санақ бойынша орта Азияда ең көп халық қазақ болған. Сол жылы қазақтар саны 4 млн. 592 мың, өзбектер – 592 мың, тәжiктер –397 мың едi. Отыз жылдан кейiн қазақтар – 3 млн. 99 мыңға, өзбектер – 4 млн. 244 мыңға жеттi. Ал сексенiншi жылдары қазақтар – 5 млн, өзбектер 12 миллионға жетiп, олар екi есенiң үстiнде өсiп отыр. Олар таяу жылдары халық санын 35 миллионға жеткiзу үшiн нақты, нәтижелi демографиялық саясат жүргiзуде.

Алып Американның өзi соңғы 10 жылда халық саның 30 миллионға өсiрiп, 290 миллионға жетiп отыр. Әлемде халық саны жыл санап өсiп келедi, өсе бередi, өсе бередi. Өйткенi планетамызда 50 миллиард адам күн көре алатындығын ғылым дәлелдеп отыр.

ХХ ғасырдың басында жер шарында 2 миллиардқа жетпейтiн адам болса, аяғында халық саны 6 миллиардқа жеттi.

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының есебi бойынша әлемде халық саны 2020 жылы 10 миллиард болады деген болжам бар.

«Жоғалмайды көп халық көптiгiнен» дегенмен, 40 млн. куртта әлi мемлекет жоқ, олар 5 елде – Египетте, Турцияда, Иранда, Иракта, Грецияда тұрады. 25 млн. ұйғырдың да тағдыры осындай. Дүние жүзiнде 3000-нан астам халықтар, ұлттар, ұлыстар тұрады. Германия, Италия, Англия, Австрияда халық азайып барады. Лондонда таза ағылшындар 60% – тен аспайды. Тарихында бiрде бiр санақ жүргiзбеген ел – Ауғанстан екен.

Күлтегiн: «Жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым. Мықты да болу керек, көп те болу керек» деген екен. Көбеймей, көсегемiз көгермейдi.

Жер жетпейдi емес, ел жетпейдi.

Жалғыздың үнi шықпас, жаяудың шаңы шықпас.

Санның сапалық қасиетке ұласар жерi де бар. Туған халқың неғұрлым көп болса, ну ормандай тұтасып қалың отырса, сен қашан да елiң мен жерiңнiң мүддесiн қапысыз қорғап қаларсың, ешкiмге есеңдi жiбермей, ырызық несiбеңдi молайта бересiң. Алыс пен жақынға көлеңкеңдi түсiрiп, қамқорыңа аларсың. Үлкендердiң алакөздiгiнен қорықпай, кiшiлерге «аға» атанарсың. Көптiң атынан сөйлесең сенiмен көп те, аз да санасар, таласуы мүмкiн, бiрақ санаспауы мүмкiн емес. Көбiң жиналып қасықтап су құйсаң, шөлiң көлге айналады, көлiңнiң айналасы жайқалған жасыл ну болар. Әлсiз бен аздың жаны қысылғанда қолына ұстап шығатыны ақ шүберек болар, ал жау қашырған жеңiмпаз көптiң қолында желбiреген көкала ту болар.

Аздың көпшiлiктi бастайтыны рас, бiрақ соңына ерген қарашасы кем жүйрiктiң қарақшыға жалғыз жеткенiнде не мұрат-мағына бар? Ағайының тойып iшкен тамақ – ас, ауылдасың тойып iшкен тамақ – той емес пе!

Ендеше көбей қазақ, оян қазақ, ойлан қазақ! Көп қорқытады, терең батырады.

Халқымыздың аздығы, байлығымыздың көптiгi, жерiмiздiң кеңдiгi, ия бағымыз, ия сорымыз.

Бiр ғана 1931-1932 жылдары 2 млн. 200 мың қазақ аштан өлсе, 1 млн. 100 мың қандастарымыз ерiксiз шетел асуға мәжбүр болды. Жалпы он алтыншы жылғы, отыз бiрiншi жылғы, қырық бiр – қырық бесiншi жылғы тауқыметтерден соң 5 қазақтың бiрi ғана тiрi қалды. Үш жiгiттiң екеуi соғыста қаза тапты. Бұдан артық «Крест жорығының» өзi де қырып сала алмас едi.

Жә, өткен тарихқа шегiнiс жасайық: Үш миллион шаршы шақырым жерде, 3 млн. қазақ, үш мың аталар мен әулеттер, үш жүз рулар мен тайпаларды үш жүзге бiрiктiрiп, одан Алаш деген ақ орданы құрған. 530 (1465-1995) жылдық ұлттық тарихымызда аздырудың, тоздырудың, қырып-жою, қырғын-сүргiн, соғыс, қолдан жасаған ашаршылықтың салдарынан 6 млн. 285 мың қазақ құрбан болды. Бұл 1989 жылғы Республикадағы барлық қазақтың санымен тең.

Қазақстанда 1937-39 жылдары «халық жауы» атанғандар өзбектерге қарағанда үш есе, орыстарға қарағанда екi есе көп болған. Бiрiн-бiрi қорғау, бiрiн бiрi қолдау, сақтау орнына бiрiн-бiрi көрсетiп сата берген, сата берген.

Егемендiк алғанымызға 15 жыл толса да, халқымыз әлi құлдық психологиядан, жәутеңдеуден, жаутаңдаудан, жалпақтаудан арылған жоқ; жалтақ, әлi де үрей, күдiк пен қорқыныш құшағында; сенгiш, көнгiш, елiктегiш, жайдақ, ашық-шашық, жүндеген түйедей жуас, етiнен ет кесiп алса да мыңқ етпейтiн қойдан да момын, қояннан да қорқақ. Қазiр ұлтымызға iстiң, қимылдың, сөздiң, сананың, ойдың, рухтың тәуелсiздiгi, еркiндiгi, қиялдың қырғилығы, арманның асқақтығы қажет, осылар жетпей тұр бiзге.

«Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, бола алмаймыз ешқашан ұлы халық», – деген Қадiр ақын осыны меңзеп отыр.

Түркi тiлдес халықтар 1962 жылғы 33 пайыздан 2001 жылы 65 пайызға жеттi. Олар 2010 жылы қазақстандықтардың төрттен үш бөлiгiн құрайды деген болжам бар.

Құдай қаласа, ендi 25 жылда республикамыз мұсылмандары басым мемлекет болып, ислам әлемiне бiржола қосылмақ. Болашақта қазақстандықтардың 80-85 пайызын мұсылмандар құрамақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед мұсылмандарға: «Үйленiп ұрпақ көбейтiңдер, сонда мен «қиямет күнi» басқа пайғамбарлардың алдында үмбетiмнiң көптiгiн мақтан етемiн» – деп аманат жүктеп кеттi. Осы аманатты адал орындау әрбiр қазақтың азаматтық борышы!

АУЫЛ – ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРIМIЗДIҢ ҚОРҒАНЫ

Ауыл – алаштың анасы.

Ауыл – бiздiң алтын бесiгiмiз.

Ауыл – бiздiң генефондымыз.

Ауыл – барлық қазақи қасиеттерiмiздiң қорығы.

Ауыл – ұлтымыздың әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрiнiң қоймасы.

Ауыл жөнделмей, ауыл байымай, мемлекет байымайды. Ауылдың жағдайы елдiгiмiзге сын. Ауыл дегенiмiз – қазақ. Ауылда тұратын халықтың 67 пайызы қазақтар.

Ауыл – ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiздiң кепiлi, қорғаны. Қазақтарда жердiң құжаты – жерiнiң шекарасы, бабаларының зираты. «Менiң бабам анау жатыр, мынау менiң жерiм» деп сөйлейдi қазақ. Қазақ жеме–жемге келгенде бабаларының сүйегiн қорғайды.

Қазақстан жетi бiрдей желдiң өтiнде – тоғыз жолдың торабында жатыр. Сондықтан да бiзде демосаясат, геосаясат үндес, сәйкес жүргiзiлуi қажет. Географиямызға демографиямыз сай болуы керек. Көрпеңе қарай аяғыңды соз деген осы.

Осыған байланысты Қытаймен шекарадағы ауылдардың қаңырап бос қалуын, Ресеймен шекарадағы ауылдардан қазақтардың сол елге қоныс аударуын, өзбекпен шекарадағы ауылдардың олармен салыстырғандағы келеңсiз, көрiксiз, берекесiз келбетi қуанарлық та құптарлық та жағдай емес.

Бұхар жырау: «Ойда орыс, қырда қытай, өзектегi өзбек аман болса, ол қазаққа да жаман болмас» деген. Бұл сөзде үлкен астар бар, құпия жұмбақ жатыр. Бабаларымыз Қытаймен абайлап араласуды өсиет еткен. Абылай: «Орысқа бағынғаның темiр ноқта кигенiң, қара қытайға бағынғаның қайыс ноқта кигенiң» дедi, расында қайыс кепкен сайын қыса түседi, тарыла бередi. Данышпан Абылай сондай-ақ. «Бiз қытай патшасының не iстеп отырғаны түгiлi, не ойлап отырғанын да бiлуiмiз керек» деп өсиет қалдырған.

Адамзат тарихында отаршылықтан Евразияда үш ғана ел аман қалды: Түркия, Ауғанстан, Жапония. Мiне тарихтың осындай ащы сабағын әрдайым есте ұстауымыз керек.

Шекарадағы ауылдарға – мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiздiң кепiлi, халықаралық байланыстардың, елшiлiк, көршiлiк, сауда – саттықтың алтын қақпасы деп қарау керек. Шекарадағы ауылдың жағдайы – сырт көзбен қарағанда бүкiл елдiң,бүкiл қазақтың жағдайы, тұрмыс тiршiлiгi, бет-бейнесi, береке– беделi, абройы, айбаты болып саналады.

«Ауылына қарап, азаматын таны» демекшi, өзгелер ауылына қарап мемлекетiн таниды.

Бiздiңше шекарадағы барлық елдi мекендердiң, ауылдардың, аудандардың жағдайы геосаяси, әлеуметтiк, экономикалық, стратегиялық тұрғыдан жан-жақты терең, сергек сезiмталдықпен, жанашырлықпен зерттелiп, оларды өсiрiп, өркендету бағытында арнайы мемлекеттiк бағдарлама, заң қабылданып, шұғыл да батыл шаралар қолдану қажет сияқты.

Екiншiден: нағыз отаншыл, ұлтшыл, жершiл, қаны бар, жаны бар, ары бар, намысы бар, жiгерлi, қажырлы – әкем де шешем де Қазақстан деп санайтын, елiн, жерiн, халқын қасық қаны қалғанша қорғайтын жаңа ұрпақ тәрбиелеп, шекараға орналастыру керек.

Оларды оқу бiтiргендердiң, әскери мiндетiн өтегендердiң, балалар үйiнде тәрбиеленгендердiң, елге оралып жатқан қандастарымыздың iшiнен таңдап, талғап, сұрыптап жасақтау керек.

Анасының ақ сүтiн, атасының ақ батасын ақтайтын, халқының жоғын жоқтайтын азаматтарды таңдау қажет. Махамбетше айтқанда: «Қабырғасын қақыратып бiр-бiрлеп сөксең де, қабағын шытпас ерлер керек!»

Бабаларымыз бұрын: «Жерiң жоқ па қалмақ бар, малың жоқ па қалмақ бар, қатының жоқ па қалмақ бар» деген. Ендi шекараға бар, солтүстiкке бар деп үндеуiмiз керек.

Әсiресе, қытаймен, өзбекпен шекараларымызға сол жақтан зәбiр, азар, қорлық көрiп келген қандастарымызды орналастырған жөн. Дана қазақ, бабаларымыз қай заманда болмасын осы қасқабас қағидаларды басшылыққа алып, шекарасына сенiмдi, қажырлы, ержүрек, айбатты адамдарын отырғызған. Оларды барлық салықтардан босатып, арнайы жеңiлдiктер ерекше жағдай жасап, мәңгiлiк тұрақтандыру, тұрмыстандыру, байыту керек.

Әрқайсысының үй-жайы, қора-қопсысы, бау-бақшасы, малы, көлiгi, бәрi, бәрi болуы керек.

Адам қимайтындай, қадiрлейтiндей, көзiнiң қарашығындай сақтайтындай, керек болса қанымен, жанымен, тәнiмен қорғайтындай жағдай жасау керек. Адам жоқ нәрсенi қорғамайды, жоқ нәрсе үшiн күреспейдi, ештеңесi жоқ адамға бәрiбiр. Перiште деп жүрген перiштенiң өзiнiң алтын көрсе жолдан шығатыны рас болса, аш, жалаңаш, кедей – кепшiк адамның бiр күлше нанға сатылуы әбден мүмкiн.

Патшалық Россияның атақты генералы Деникин Ұлы Отан соғысы кезiнде Францияда өзiнiң қарттық өмiрiн кешiп жатыр екен. Гитлер оған арнайы делегация жiберiп: «Қажеттi адам күшiн, қару-жарақ, техника, бәрiн, бәрiн берейiн, совет өкiметiнен бұрынғы өшiңдi ал» – деп ұсыныс жасапты. Сонда, Деникин: «Мен өз халқыммен, өз отаныммен күрескен жоқпын, мен өзiмнiң дворяндық дәрежемдi, дәулетiмдi, сәулетiмдi қорғадым. Қарғыс атқандар, үйден шығыңдар» – деген екен.

Мiне, қай заманда болмасын, кiм де болса бар нәрсенi осылай қорғайды, сол барды, бар қылған қоғамды, басшыларды қолдайды да, қорғайды да. Тек бiздер бар нәрсенi бар жасауымыз керек.

Қазақстанда 2005 жылы 7500 ауыл болған. Оның 1204-жоғарғы, 5625-орташа, 595– төменгi әлеуеттi, келешегi жоқ ауыл деп айдар тағылған. Келешегi жоқ ауыл деген мүлдем дұрыс баға – пиғыл емес. Түбiрiнен қате баға, қауiптi ұғым.

Израильдiң жерi жұтаң, тастақ, бiр ғана көлi бар, Египетте – 2 пайыз жерi (Нiлдiң жағасы) суланған, қалған 98 пайыз жерi құм. Сингапур –ауыз судың өзiн тасып iшедi, Оңтүстiк Кореяның – 80% жерi тау, Жапонияда жер жоқ, үйдiң төбесiн, теңiздiң астын жер жасап отыр. Мiне осыларды келешегi жоқ мемлекет деуге бола ма? Олар халқының бiлегiнiң, жүрегiнiң күшiмен, ғылым мен бiлiмнiң, ақыл мен ойдың күшiмен қандай мемлекет болып отыр.

Ал ендi келешегi жоқ ауылдар қалай пайда болды, оған қазақтар қалай барды? Әрине, өз еркiмен емес. Бұл тарихи әдiлетсiздiктiң тамыры тереңде жатыр.

Бiрiншiден, ол патшалық Ресейдiң отаршылдық саясатының нәтижесiнде шұрайлы, нулы, сулы жерлерден күшпен шөл, шөлейт жерлерге көшiрiлдi, қуылды.

Екiншiден, Совет дәуiрiнде Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткiземiз деген жалаң ұранның құрбаны болып, комсомолдық жолдамамен шөл, шөлейт жерлерде, құмдарда, темiр, тас жолдардан, су көздерiнен жырақ жерлерде құрылған жаңа қой совхоздарына, бөлiмшелерiне, фермаларына оныншы класты бiтiрген жастар класымен жiберiлдi. Қазақтың ата кәсiбi мал бағу, оған басқа кәсiптiң керегi жоқ деген терiс саясат жүргiзiлдi.

Сонымен шынын айтсақ қазақтар осы келешегi жоқ ауылдарға, солақай саясаттың, қолдан жасалған екi репрессияның салдарынан орналасқан. Ендi үшiншi репрессияға жол бермеу керек.

Адам тозаққа да үйренедi, ағаш та бiр жерде көгередi, адам түгiлi қоныс ауыстырған мал да оңбайды. Адамдар сол қолайсыз ауылдарға бейiмделiп, үйренiп қалды, ол ауыл ұлттық қауiпсiздiгiмiздiң қорғаны, бекетi, онда тұратын қазақты елiмiздiң иесi, жерiмiздiң киесi, шекарашысы, күзетшiсi, сақшысы, шырақшысы деп бiлуiмiз керек.

Әр ауылды ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiздiң кепiлi, қорғаны, қамалы, бекетi деп бағалаған дұрыс. Бекет демекшi, кеше ғана орыстар қазақ жерiн жаулап алып, оны билеп, төстеу үшiн бекеттер, бекiнiстер салды емес пе?

Сондықтан да бiрде-бiр ауылдың отын сөндiрмеу, өшiрмеу керек, бiрде-бiр ауылды өлтiрмеу керек, жоғалтпау керек, құлазытпау, жоймау керек. Ауылдың өлгенi – қазақтың өлгенi. Тек мемлекет оларға жол, ауыз су,аяқ су, электр жарығы, мектеп, аурухана, байланыс мәселелерiн шешiп беру керек. Ауылда отырған адамның отыны, шөбi, жанында жер, суы болса, сонда мал өсiрумен, егiн егумен айналысып, өзiн өзi асырайды, артық өнiмiн қалаға бередi.

Бiр адамды ауылда ұстау, мемлекетке қаладағыдан 10 есе арзанға түседi. Осыны түсiнбеу, ештеңенi де түсiнбеу деген сөз.

Балтық елдерiнде 3-4 үйлi елдi мекендер жиi кездеседi. Үкiмет оларды қолдап, қажеттi жәрдемдер берiп отырады. Нәтижесiнде сол алақандай Балтық елдерiнен бiз кең байтақ Қазақстанға ұялмай мал өнiмдерiн тасып жеймiз. Малға еңбек егiн шаруашылығынан гөрi 80 есе көп жұмсалады.

Сол ауылдарда төрт түлiк малды, егiн түрлерiн өркендетiп, бiрнеше мыңдаған адамдарға жұмыс тауып берiп, елiмiздi азық – түлiкпен толық қамтамасыз етуге болады деген сөз.

Қазақ ұлтының тағдырына байланысты мәселелердi шешкенде Ресейден рұқсат сұрап, батыстан бата, Америкадан ақ жол тiлеудiң ешқандай қажетi жоқ. Ұлттық саясатты жалтақтамай, жаутаңдамай, жалпақтамай батыл жүргiзiп,елiмiздiң иесi, жерiмiздiң киесi қазақ халқының өз мүддесiн бiрiншi кезекке қойып, оның жарқын болашағын қамтамасыз ету – баршамызға, басшыға да, қосшыға да, тарихқа да, уақытқа да аманат.

ДЕМОГРАФИЯ – АДАМ, ҰЛТ, МЕМЛЕКЕТ ТАҒДЫРЫ

Бiрiккен ұлттар ұйымы белгiлеген жер шарындағы ғаламдық он үш ең iрi деген аса күрделi мәселелердiң iшiнде:

Бiрiншi орынға – Соғыс пен Бейбiтшiлiк.

Екiншiге – Қоршаған ортаны қорғау.

Үшiншiге – Демографиялық дүмпу немесе халық санының жедел өсу қарқыны қойылып отыр.

Бiздегi демографиялық апатқа ұшырау қаупi жөнiнде Елбасымыз Н.Назарбаев былай дедi: “Осы процестер алтыншы осал жағымызды, кез келген тұрғыдан қауiптi демографиялық өнiмсiздiгiмiздi сипаттап отыр. 1992 жылдан бастап соғыстан кейiнгi 30 жыл iшiнде тұңғыш рет бiздiң халқымыздың саны қысқара бастады”.

Қазақстанның кең байтақ жерiне ие болу үшiн ұшантеңiз байлығын игеру үшiн, бiзге кемiнде 40-50 млн. халық керек. Репатриант –отанына оралған адам. Адам жүрексiз өмiр сүре алмайтыны сияқты, отансыз да өмiр сүре алмайды. Әлемде ұлтының 34 пайызы жат жерде тұратын қазақтан басқа бiрде-бiр халық жоқ. Орыстардың 13 пайызы, украиндардың 15 пайызы ғана сыртта тұрады. Шеттегi қазақтардың жалғыз отаны – Қазақстан. Олардың Қазақстаннан басқа барар жерi, басар тауы жоқ. Бұл күндерi Европа, Азия, Америка, Африка құрлықтарының 43 елiнде, әлем қазақтарының үштен бiрi немесе 4-5 млн. қазақ тарыдай шашырап жүр.

Қытайда, Өзбекстанда, Түркiменстанда, Қырғызстанда қазақтар өз ата қоныстарында отыр.

Олар қазақтың нағыз генефонды, бөрiнiң бөлтiрiктерi, сонау қиын заманда шетке тектiлер, мықтылар, зиялылар, барлар мен байлар, ұлтымыздың қаймақтары, солардың ұрпақтары кеткен.

Қазақ 1465-1915 жылдары, яғни 450 жылда ең төменгi 1 миллионнан 6 миллионға дейiн өстi.

Содан кейiнгi өсу 1945-1988 жылдары 43 жыл бойы туу деңгейi көтерiлiп, өлiм деңгейi төмендеген «Демографиялық дүмпу» кезеңi болды.

Осы уақытта халықтың саны үш еседен асты. Сондықтан бұл кезеңдi Қазақстанның тарихындағы “демографиялық алтын кезең” деп атауға болады.

1993 жылдан 2002 жылға дейiн кейбiр ұлт өкiлдерiнiң тарихи отанына оралуына байланысты Республикадан 2 млн. адам сыртқа қоныс аударды. Жоспарсыз, жосықсыз, тәртiпсiз, стихиялық түрде жүрiп жатқан бiздегi iшкi үлкен миграцияның дұрыс статистикалық есебi де жоқ.

1991-1996 жылдары Қазақстанға бiр адам келсе, 13 адам кеткен.

Адам өмiрiнiң индексi бойынша, Қазақстан 1990 жылы әлемдегi 174 елдiң iшiнде 33 орында болса, 2000 жылы 93 орынға төмендеп кеттi.

Ең өкiнiштiсi статистика агенттiгiнiң деректерiне сүйенсек, 1993-2001 жылдар аралығында Қазақстанға Ресейден 47811 қазақ көшiп келсе, Қазақстаннан Ресейге 51589 қазақ қоныс аударған. Келгендерден кеткендердiң саны 11778 – ге артық.

Ресейдегi тегiн де сапалы бiлiм, халықты емдеудiң жағдайы, зейнеткерлiкке шығу жасының төмендiгi басқа да өмiрлiк қолайлы жағдайлар негiзiнен Ресеймен шекаралас тоғыз облыстағы қазақтарды қоныс аударуға итермелейдi.

«Елге бiр үй көшiп келсе құт, бiр үй көшiп кетсе жұт» деген атам қазақ. 1987 жылы Қазақстанда 417 мың бала туса, 1997 жылы 232 мың бала туып, соңғы 10 жылда бала туу екi есе азайып кеттi, өлiм жоғарылады. Соның салдарынан халықтың табиғи өсiмi төрт есе азайып кеттi.

Бiз кезiнде Республикада бала тууды көбейту бағдарламасын жасап, үкiметке ұсынған болатынбыз. Оның басты принципi әр туған баланы мемлекет тарапынан материалдық жағынан ынталандыру болатын.

Осы бағдарламаға сәйкес халық саны 2030 жылға дейiн тек бала туудың есебiнен 7,5 миллионға өсiп, межеленген 25 миллионға жететiн едi. Ендi оған қалай жетемiз, қашан жетемiз. Мiне басты мәселе осында жатыр. Өкiнiшке орай бұл бағдарламаға үкiмет құлақ аспады. Әлемде демографиялық депопуляцияға ұшыраған елдер: Германия, Франция, Англия, Италия, Швеция, Венгрия, Греция, Чехия, Ирландия, Дания, Россия, Украина, Белоруссия, Прибалтика елдерi.

Қазақстан – Орта Азиядағы эмиграция, депопуляция халқының азаюына әкелiп соқтырып отырған жалғыз мемлекет. Егер шұғыл, төтенше шаралар қолданылмаса, нақты, батыл, тиянақты қадамдар жасалмаса, демографиялық болжамдарға қарағанда таяу 10-15 жылда жағдайымыздың жөнделе қоймауы әбден мүмкiн. Өсiмi жоқ ел, өсуi жоқ ел.

Дүние жүзiнде халқы өсiп келе жатқан елдер: Қытай, Индия, Бангладеш, Мысыр, Нигерия, Өзбекстан.

Иммиграция (көшiп келушiлер) есебiнен қалыптасқан елдер: АҚШ, Канада, Аргентина, ЮАР, Австралия, Жаңа Зеландия.

Ең бiрiншi кезекте демографиялық болжам жасалуы тиiс, сосын экологиялық, әлеуметтiк, экономикалық, саяси болжамдар жасалуы керек.

Демография – адам, ұлт, мемлекет тағдыры, ел, халық болашағы, ұлт, мемлекет қауiпсiздiгiнiң кепiлi.

Демографиялық көрсеткiштердi бiр пайызға көтеру үшiн экономикалық, әлеуметтiк көрсеткiштердi 4 есе көбейту керек.

Қазақстанда ең өткiр, кезек күттiрмейтiн, көкейтестi ұлттық, мемлекеттiк, стратегиялық мәселе елiмiздiң иесi, жерiмiздiң киесi қазақ халқының санын бiрнеше еселеп арттыру мәселесi.

Оның ең төте, ең дұрыс, ең тиiмдi жолы шет елдердегi қандастарымызды Қазақстанға жоспарлы, жүйелi, қарқынды, ынталы, ықыласты ниетпен жедел жеткiзу.

Тарихта Франция президентi Шарль Де Голльдiң өткен ғасырдың 1960 жылдары тәуелсiздiк алған Алжирдегi 6 млн. Французды өз Отанына қалай көшiрiп алғандығы жөнiнде керемет үлгi бар.

Мәселен, Президент көшi-қон жөнiнде арнайы министрлiк құрып, оған екi жыл мерзiм бередi. Нәтижесiнде министр екi жыл емес, 1,5 жылда көшi-қон мәселесiнiң толық шешiлгенi жөнiнде президентке рапорт бердi.

Бүгiнгi таңда Алмания, Израиль, Греция, Туркия, Россия өз қандастарын атажұртқа шұғыл қоныстандыруда. Сыртта тұратындарының мүддесiн қорғауда белсендiлiк танытып, нақты, нәтижелi жұмыстар атқаруда.

Мысалы: Россияда федеральдық көшi-қон комитетi құрылған – мәртебесi кез-келген министрлiкке тең.

Бiздегi Көшi-қон комитетi, ешқандай құзырсыз, қауқарсыз, өгей баланың аянышты халiн кешуде. Сондықтан көшi-қон процесi жүйесiз, мардымсыз жүргiзiлуде.

Ең ауыр 1993 жылы Қазақстанға 10 мың отбасы көшiп келдi. Он жылдан кейiн ол көрсеткiштiң екi есеге кемiп кетуiн немен түсiндiруге болады.

Ешқандай егемендiксiз-ақ, квотасыз-ақ Қазақстанға түрлi құйтұрқы, сұрқия саясатпен 1690 – 1990 жылдары (үш жүз жылда) 51 ұлттың өкiлдерi, 9 млн. адам сырттан кiргiзiлдi, тың жерлердi игеремiз деген желеумен бiр жарым миллион адам келдi.

Қазақ соның ешқайсына қабақ шытпады, есiгiн жаппады, бiр үзiм нанды бөлiп жеп, онсыз да тар үйiнiң бiр бұрышын босатып бердi ғой. Ендi неге өз қолымыз өз аузымызға жеткенде қандастарымызға құшағымызды ашпаймыз?!

Осы кезге дейiн елiмiзге жарты миллионның үстiнде қандастарымыз оралды. Олардың iшiнде 45 ғылым докторы, 242 ғылым кандидаты, 24847 жоғарғы бiлiмдi, 1530-i шығармашылық қызметпен айналысады. Тарихымыз, мәдениетiмiз, өнерiмiз үшiн Мұстафа Өз түрiктiң, Халифа Алтайдың, Зарлы хан Қинаятұлының, Қабылай Ахметұлының, Майра Мұхамбетқызының, Қабалан Әбдiкейұлының, Шұғыланың келуiнiң өзi қандай керемет!

Осыншама елiм – жерiм, Отаным деп өлiп – өшiп келген, өмiрдiң ащысын да тұщысын да көрген, шыңдалған, шыныққан, әлемдiк тәжiрибенi бойына сiңiрген кадрларды мемлекеттiк қызметке, тiптен жоғарғы лауазымды қызметтерге неге пайдаланбасқа?!

Соңғы 15 жылда олардың бiреуiнiң де депутат болып сайланбауы, ешкiмдi де ойландырар емес.

Ассамблеяға тартылып жатқан сыйтабақ, қандастарымызға да тартылса өте дұрыс, өте әдiл, өте жарасымды болар едi.

Бiзде ең өткiр, ең шешушi, көкейтестi, кезек күттiрмейтiн, стратегиялық, ұлттық, мемлекеттiк маңызы бар көшi-қон мәселесi тiзгiнiнiң ұлт тағдыры үш ұйықтаса да түсiне кiрмейтiн, одан ауылы қашық Крепак, Коржова, Каракузова, тағы да сол сияқты мырзалар мен ханымдарға тапсырылғандығы өкiнiштi-ақ. «Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» деген осы. Қандастарымызды елге әкелудi осы қарқынмен жүргiзсек, ендi бiзге 100 жыл керек. Жүз жылда кiм бар, кiм жоқ.

2005 жылы Астанада өткен дүниежүзi қазақтарының үшiншi құрылтайына әлемнiң түкпiр түкпiрiнен келген қазақтардың жан айқайына құлақ аспай, зарлары мен мұңдарын, сауалдарын тыңдамай, жиналысым бар деп кетiп қалған министр Каракузованы көрiп, барлық қазақтар жағасын ұстағанының куәсi болдық. Дәл осындай әдетiмен ол 2006 жылы Республиканың ардагерлер съезiн де тастап кеттi. Осындай министрден не үмiт, не қайыр күтуге болады? Iстiң тағдырын кадр шешедi деген қағида ешқашан да ескiрмек емес.

Қазақстанға «Халық санын өсiру» немесе «Отбасы және демография» жөнiнде арнайы министiрлiк жасақтау қажет деп ойлаймын. Бұл – өмiр талабы. Жағдай осындай құрылымды қажет етiп отыр. Әйтпесе бiреудiң жоғын бiреу өлең айтып қараса – оның түбi орны толмас өкiнiш болмақ.

Сейiлбек ШАУХАМАНОВ