Жаңалықтар

Амангелдi АЙТАЛЫ, Мәжiлiс депутаттығына «Ақ жол» партиясынан үмiткер: «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ – ИМАНДЫЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ЖАЛҒЫЗ ПАРТИЯ

ашық дереккөзі

Амангелдi АЙТАЛЫ, Мәжiлiс депутаттығына «Ақ жол» партиясынан үмiткер: «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ – ИМАНДЫЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ЖАЛҒЫЗ ПАРТИЯ

– Амангелдi аға, бiз Сiздi Азаматтық партияның мүшесi ретiнде бiлетiн едiк. Ол партия «Нұр Отанға» қосылғаннан кейiн, Сiздi «Нұр Отанның» тiзiмiнен көремiз деген ойда болдық…

– Бұған дейiн мен 1998 жылы құрылған Азаматтық партиясында болған себебiм, Ақтөбедегi iрi кәсiпорын, зауыттардың жұмысшылары, еңбек ұжымдары осы партияға кiрдi. Шын мәнiнде, Хромтаудағы Дөң-кен байыту комбинатының 6 жарым мыңға жуық жұмысшысы менi қолдап, маған дауыс бердi. Сол себептен, қарапайым жұмысшылардың мүддесiн қорғау, қолдау менiң парызым едi. Мен сол партияның мүшесi бола жүрiп, инвесторлармен таласа-тартыса, олардың халыққа қызмет етуiн талап еттiм. Менiң ықпалыммен жұмысшылардың жалақысы екi рет 10-12 пайызға өстi. 2006 жылы «Азаматтық» партия тарап, «Отан» партиясына қосылған соң, ойлана бастадым. Себебi, ол кездерi «Отан» партиясымен iштей келiспей де жүргенмiн. Себебi, олар жеке тарихи тұлғаның беделiн пайдаланып, өздерiне ұпай жинағысы келедi. «Азаматтық» партияның «Отанға» қосылуына арналған съезiнде, мен «президенттiң беделi «Отан» партиясының беделi емес» деп ашық айтқан болатынмын. Сол жиында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi болды. Кейiн мәжiлiсте Мұхтар Шаханов екеумiз мемлекеттiк тiл туралы ұсыныстар айттық. Сол кезде бiзге қарсы шыққандар «отандықтар» болды. Тiптi, Шаханов екеумiздi ұлтшыл, зиянды адамдар ретiнде қарады.

2006 жылы Н.Назарбаев Қазақстан халықтар Ассамблеясының отырысында мемлекеттiк тiл туралы үлкен мәселе көтердi. Елбасы «15 жылда аюға да тiл үйретуге болады» дегендi айтқан болатын. Содан кейiн ғана «Нұр Отан» партиясының парламенттегi фракциясы дереу мемлекеттiк тiлдi қолдаймыз деп бiздi жиналысқа шақырды. Бiз барған жоқпыз. Мiне осылай екi ойлы болып жүрген тұста мәжiлiске «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов келдi. Мен Әлиханды бұрыннан бiлетiнмiн. Ал оның Мәжiлiстiң iсiне араласуы, әсiресе, Еңбек кодексiне байланысты көптеген мәселелердi талқылауы, оған өздерiнiң бiраз ұсыныстарын енгiзуi менiң ол туралы бұрынғы пiкiрiмдi шыңдай түстi. Бiз мәжiлiсте Әлиханмен “Ақиқат” тобын құрдық. Заң жобалары бойынша өз ұстанымдарымызды енгiздiк.

Ендi таңдау неге «Ақ жолға» түстi дегенге келсек, қазiр елiмiзде 8 саяси партия бар. Бұл партиялардың қалыптасуы Конституцияға өзгерiс енгiзгеннен кейiн, ендi ғана басталады десек те болады. «Нұр Отан» — билiк партиясы. Мен билiк партиясы болмасын демеймiн. Билiкке де сүйенетiн, оны қолдайтын партия керек. Алайда, «Нұр Отан» партиясына билiк сүйенбейдi, керiсiнше партия билiкке сүйенедi. Бұл билiк партиясынан гөрi билiктiң жанындағы партия деп есептеймiн. Ендi халықтың қабылдауына аты да қиын бiр партия бар. Ол – Жалпы ұлттық социал демократиялық партия. Оны өздерi ЖСДП деп жүр. Бұл радикалды партия, барды бағалап, байсалды талдаудан гөрi, кiнәлауға жақын партия. Бiрақ бұл кемшiлiктi айтпасын деген сөз емес. Менiң ойымша, Н.Назарбаевқа Қазақстанның бүгiнгi қол жеткiзген жетiстiгi де, бүгiнгi елдегi бетке ұрып тұрған кемшiлiгi бiрдей ортақ. Қытай халқының мынадай бiр нақыл сөзi бар: «Барлық адам мақтаған кiсiнiң тәуiрлiгi күмәндi, барлық адам жамандаған кiсiнiң зәбiрлiгi күмәндi». Ақиқат осы екi арада жатыр.

Халықтың ду қол шапалағы шын баға емес. Себебi, кейде оның әр жағында күмән мен сенiмнiң аздығы да жататыны жасырын емес. Ел кiмге қол соқпады? Кейiн кiмнен терiс айналып кетпедi ?!… Осы тұрғыда келгенде «Ақ жол» партиясының аты да – халыққа түсiнiктi, бағдарламасы да – халыққа жақын. «Ақ жол» партиясы – бүгiнгi заманғы оппозиция. Кейбiр саяси партиялар, ымыраға келмей жағадан алып, көрместей болып айтысуды оппозиция деп түсiнедi. Шын мәнiнде бұл – саяси мәдениеттiң төмендiгi. Кейде сондай «революционерлер» президенттiң алдына барып, билiкпен шүйiркелесiп те жатады. Сондықтан ақжолдықтар халықтың жағдайын жақсарту мақсатында ретi келген тұста билiктi қолдауды, сондай-ақ ретi келген тұста ымырға келмей, күрестi қалайды. Ондайда ақжолдықтар «көшеде шайқаспай, парламентте айқасайық» дейдi. Бiз бай елмiз. Бiзге сырттан көз тiгушiлер көп. Шаңырағымыз шайқала бастаса, баса көктеп кiрiп келетiндер бар. Сондықтан бiздiң мақсат – ауруымызды жасырмай, тура, батыл дәлелдi сынменен iшкi және сыртқы саясатқа ықпал жасау, халықтың ойынан шығатын заңдарды қабылдау, елдi де ойландыру, билiктi де ояту. Мiне, бұл партия байсалдылығымен елге жақын. Мен сондықтан ақжолдықпын.

– Амангелдi аға, Сiздiң Парламенттегi айтқан ойларыңыздың көбi бiздiң есiмiзде. Мәселен, Сiз бiздiң халықты рухани деградацияға ұшыраған халық деген болатынсыз. Осы рухани дағдарыстан шығу үшiн не iстеуiмiз керек?

– Мен өзiмнiң бiр сұхбатымда, «Халқым – Арал апаты секiлдi, рухани апатқа ұшыраған халық» деген едiм. Мұны Бiлiм министрлiгi Қазақстан тарихын мемлекеттiк емтиханнан алып тастаған кезде, ашынғаннан айтқан едiм. Ол кезде теңгемiз де қатемен шығып жатты. Бұның барлығы билiктiң рухани биiкке жете алмай жатқандағынан. Сондықтан санамызды сауықтыру керек. Билiкке барған әрбiр адам жеке басының тағдырынан гөрi, халқының тағдырына алаңдаса, рухани дағдарыстан шығар едiк.

– Сондай-ақ, сiздi алдыңғы Парламентте ұлт мәселесiне жаны ашитын азғана депутаттың бiрi ретiнде бiлдiк. Ал, партияның бағдарламасында бұл қалай орын алды?

– Бiз тiл мәселесiне арнайы көңiл бөлiп отырмыз. Бiздiң ұлт тақырыбын бұрын да айтып келе жатқандығымызды бiлесiздер. Бұл сол ойлардың жалғасы. Мәселе – тек қана тiлде емес, мәселе – қазақ халқының бүгiнгi жағдайында. Тiл соның жинақталған көрiнiсi ғана. Конституциямызда айтылғандай, байырғы қазақ жерiнде бiздiң мемлекеттiң дамуы, алға жүруi – қазақ ұлтының жағдайына байланысты. Егерде, бұл мемлекетте қазақ ұлтының бабы табылмаса, деңгейi төмен болса, мәдениетi сыйланбаса, бұл мемлекет болмайды. Онда бұл жай ғана нан тауып жатқан халықтардың территориясына айналады. Сондықтан, жаһандану тұсында бұл территорияның жұтылып кету қаупi бар. Осыны ескермей бiз алға баспаймыз.

Негiзi «Ақ жол» ұстанған үш құндылық бар. Ол – Теңдiк, Еңбек, Имандылық. Осы үш құндылықтың астарында ұлттық мәселе де бар. Қазақ еңбекақы жөнiнен, өзiнiң мәртебесi жөнiнен неге өзге ұлттан төмен тұрады? Қазақтың өзiнiң кең байтақ жерi бола тұрып, жер мәселесiнде неге тең бола алмайды? Мiне, теңдiктiң осындай ұлттық астары бар. Ендi еңбектi айтайық. Қазақ арасында жұмыссыздық бәрiнен басым. Жұмыссыздық айналып келгенде қылмысқа итермелейдi. Бұл үшiн басқа ұлтты кiнәлай алмаймыз. Сол сияқты, олардың да мәселесiн көтеруге дайынбыз. Үшiншi – Имандылық. «Ақ жол» имандылықты ту етiп алған жалғыз партия. Бұл – кiсiлiк, адамдық, адамгершiлiк. Қазiр елдi көптеген шетелдiк дiни секталар қаптап кеттi. Қазаққа өзгеге табынып кету қаупi төндi. Бұл жөнiнде мәжiлiсте айқасып жүрдiк. Бұл өте өткiр мәселе. Шетелдiктердiң ойына келгенiн жасау – демократия емес. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттеудi ұсынады. Бiзге жеке «Бiлiм», «Мәдениет», «Ағарту» телеарналары қажет. Халықтың бiлiмiн, мәдениетiн көтеру керек. Тарихты, табиғат құбылыстарын түсiндiру, медициналық бiлiмдi насихаттауға тиiспiз. Әйтпесе, халық «қолдан жасалған» әулиелердiң жетегiнде кетуде.

Әрине, «Ақ жол» партиясының назарында әлеуметтiк мәселелер алдыңғы орындарда. Қазiр бiз Қазақстанды 10-15 жылда елу елдiң қатарына қосамыз деген мақсатпен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл бағытымыз дұрыс. Жалпы iшкi өнiм есебiмен жан басына шаққанда ол межеге жетермiз. Бiрақ сол елдiң әлеуметтiк стандарттары туралы ауыз ашпаймыз. Мысалы, Қазақстанда үш миллионға жуық адам кедейшiлiк жағдайында өмiр сүрiп жатыр. Кедейшiлiкпен қалай күресемiз? Әлi де болса мемлекеттiк қызметкерлердiң, мұғалiм, дәрiгерлердiң жалақысы, зейнеткерлердiң зейнетақысы өте төмен. Тiптi, Ресеймен, Белоруссиямен салыстыруға келмейдi. Мысалы, АҚШ-та, Еуропада мемлекет қазынасынан бiр оқушыға 5,5 мың доллар қаржы бөлiнедi. Бiзде 140 доллар. Бұл 5,5 мың доллар iшiнде мұғалiмнiң жалақысы, бiлiм беру, спорттық құрал-жабдықтар, бiрнеше мезгiл тамақ, басқа да балаларға арналған көптеген мемлекеттiк мiндетке алған қызметi кiредi. Мұғалiмдi сыйламай, бiз бiлiмнiң деңгейiн көтере алмаймыз. Сондықтан, 2010 жылға дейiн жалпы iшкi өнiмнiң 7%-ын – бiлiм беруге, 5%-ын – денсаулық сақтауға, 3%-ын ғылымға жұмсап, оқытушылар мен дәрiгерлердiң орташа жалақысын 110 мың теңгеге дейiн көтеру керек деп отырмыз.

Денсаулық саласында да мәселелер көп. Қазақтың өмiр сүру жасының орташа ұзақтығы көршi өзбек, қырғыз, түркiменнен төмен. Ресейдiң, Белоруссияның деңгейi бiзден тiптi озық. Сондықтан бiз денсаулық саласын қаржымен, ақшамен өлшемей, қандай аурудың бетiн қашан, қалай қайтарамыз деген сапалы көрсеткiшпен өлшеу керек. Оған қоса тек таңдаулылар емделетiн медициналық орталықтар емес, көпшiлiкке арналған емханалар салу қажет.

– Сiз Мәжiлiстiң екi шақырылымында да ұлттық мәселенi ту етiп келдiңiз. Үнемi тiл және басқа да қазақ мәселесiнде тартынып қалған жерiңiз жоқ. Бiрақ, Сiздiң соныңызды да, сынап «популист» дейтiндер табылып қалады. Бұған не дейсiз?

– Мен ұлт мәселесiн депутат болмастан бұрын да, депутат болғаннан кейiн де көтердiм. Осы мәселенi назардан тыс қалдырмаймын. Себебi, менiң басқалардан бiр артықшылығым бар: бұл мәселеге мен ғылыми тұрғыдан қараймын. Және бұл мәселе туралы өзiндiк ойларым да бар. Менiң қолымда Қазақстандағы ұлтаралық ахуалды Ресей, Өзбекстан, Балтық жағалауындағы елдермен салыстырып отыруға мүмкiндiк беретiн ақпараттарым да жетерлiк. Сын айтыла берер, бiрақ, мен үшiн ұлт мәселесi әр уақытта шаршамайтын, шалдықпайтын, талмай көтере беретiн мәселе болып қала бередi. Себебi, бұл – мен үшiн азаматтық парыз.

– Бiз бұрынғы Парламенттiң ұлт мәселесiне қалай енжар қарағанын бiлемiз. Тек жекелеген бiрнеше депутат болмаса, ұлттың есесi кететiн заңдарды белiнен басып қабылдап жiбердi. Сiздiң ойыңызша, алдағы Парламентте ұлт мәселесiне қалай көңiл бөлiнедi?

– Мен Парламент депутаттарын екiге бөлiп келдiм: бiрi – «қойшылар», екiншiсi – «тойшылар». Қойшылар дейтiнiм, Кеңес одағы кезiнде қойшылардан, сауыншы мен малшыдан депутатты әкеп отырғызып қоятын. Қазiр ондай жағдай жоқ. Алайда, олардың орнына бизнесiн бағатын «қойшылар» келдi. Олар әсiресе, үшiншi шақырылымда көбейiп кеттi. Оларға ұлт мәселесiнiң қажетi жоқ. Тамағы тоқ, бизнесi жүрiп жатқаннан бұлар «тойшы» болмай қайтсiн? Қалай болғанда да, «қазаншының еркi бар, қайдан құлақ шығарса» демекшi, бәлкiм, билiк партиясы осы жолы 80%-дай орынға ие болар. Сол тiзiмнен мен «қойшылар» мен «тойшыларды» көп көрдiм. Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сияқты тұлғалар жоқ. Тiптi, қазақ тiлiнiң мүддесiн ойламақ түгiлi, қазақша сөйлей алмайтындар да көп пе деп қалдым. Бұл Парламенттiң ұлттық рухты жоғары көтере ала ма?! Оны уақыт көрсетер. Егер мен қаупiм қате болса, бақытты болар едiм.

– Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ