Жаңалықтар

Сайлау күнделiгi:

ашық дереккөзі

Сайлау күнделiгi:

ҚАЙ ПАРТИЯ ТАНЫМАЛ?

Қазақстан әлеуметтiк-экономикалық ақпарат және болжалдау институты мемлекеттiк емес мекемесi 30-шiлде мен 4 тамыз аралығында сайлауға 2 апта ғана қалғанда саяси партиялардың, сайлау кампанияларының тиiмдiлiгiн зерттеу мақсатында республикалық сауалнама жүргiздi. Сұралушылардың саны – 1200, сауалнама Астана, Алматы қалалары мен Оңтүстiк Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жүргiзiлген.

Сұралушыларға 7 сауал қойылған. Бiрiншi – сайлауға деген көзқарасыңыз, екiншi – партиялар жайлы ақпаратыңыз, үшiншi – ақпараттық белсендiлiгi, төртiншi – қай партияға бүйрегiңiз бұрады, бесiншi – сайлауға қатысу белсендiлiгi, алтыншы – қатыспасаңыз неге, жетiншi – кiмге дауыс бересiз?

Дауыс беру нәтижесiне қарағанда, сайлаушылардың 68%-ы сайлауға қатысатындығын мәлiмдеген. Ал, баруға құлықсыздар – 15,6%-ды құраған.

Ал, «қай партияға бүйрегiңiз бұрады?» немесе «кiмге дауыс бересiз?» деген сауалға электораттың көбi – «Нұр Отан» партиясын атаған. Ал, екiншi орында «Ақ жол» партиясы, үшiншi орында ЖСДП тұр.

«Нұр Отан» — 61,5%

«Ақ жол» — 10,6%

ЖСДП — 7,4%

«Ауыл» — 2,1%

Патриоттар партиясы — 1,5%

Коммунистер — 0,6%

«Руханият» — 0,1%

Әзiрге таңдай алған жоқпын — 16,2%

Журналистердiң «ЖСДП қалайша 3-шi орында тұр?» деген сауалына аталған институт директоры Хан Андрей партияның құрылғанына көп уақыт болмағандығын және «Ақ жол» партиясының аты электоратқа жағымды естiлетiндiгiн айтты. Өйткенi, 2004 жылғы сайлауда «Ақ жол» «Отан» партиясынан кейiнгi орынға табан тiреген болатын. Электораттың көбi «Ақ жолға» дауыс берген едi. Яғни, «Ақ жол» бренд оларға жұмыс жасап тұр.

Жалпы, сараптаулардың барлығы дерлiк электораттың сайлауға деген ынтасын жоғары бағалап отыр. Демек, жекелеген сарапшылардың дабыл қаққанына қарамастан сайлауға қатысушылар көп болатын көрiнедi.

«АҚ ЖОЛ» КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСТI

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов және партия төрағасының орынбасары Людмила Жуланова республикалық «Ғибрат» көп балалы аналар қоғамының өкiлдерiмен кездестi.

«Ғибрат» көп балалы аналар қоғамының төрайымы Мәрпия Бұтабаева «Аналардың өтiнiшi бойынша Әлихан Байменов мырзаны шақырып отырмыз. Өйткенi Байменов мырзаның аз уақыт iшiнде парламентте тындырған жұмыстарын ел көрiп отыр. Сондықтан да алдағы парламенттен де «Ақ жол» партиясының өкiлдерiн көремiз деген үмiтiмiз мол», — дедi кездесуде. Ал «Ақ жол» партиясының жетекшiлерiмен пiкiрлесуге жиналған аналар қауымы өздерiнiң әлеуметтiк мәселелерiнiң шешiмi табылмай отырғанын жеткiздi. Атап айтқанда, тиiстi жәрдемақыларын ала алмау, тұрақты мекен жайы болмағандықтан балаларының мектепке бара алмауы, емханаларда емделе алмауы, тұрғын үй мәселесi секiлдi елiмiздiң барлық аймақтарына тән проблемаларды көтердi.

Көп балалы аналардың уәждерiн тыңдай отырып, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов төмендегiдей қорытынды жасады:

– «Бiлiм және денсаулық саласын қамтамасыз етуде мемлекеттiк кепiлдендiру жөнiнде» заң қабылдауымыз керек;

– «Әлеуметтiк көмек саласын мемлекеттiк кепiлдендiру» туралы заң қабылдауымыз керек;

– «Балалар құқығы» туралы арнайы заң керек, оның iшiнде мектеп жасындағы балаларды тегiн тасымалдайтын арнайы көлiк енгiзу керек;

– Көшi-қон мәселесiнде оралмандарға арналған баптарға өзгерiс енгiзу қажет.

ЖСДП САЙЛАУДА ЦЕНЗУРА КҮШЕЙIП БАРАДЫ ДЕЙДI

Осы аптада баспасөз-мәслихатын өткiзген Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының лидерлерi 2004 жылғы сайлаумен салыстырғанда, бұл сайлауда цензура күшейiп кеттi деген мәлiмдеме таратты. Олардың мәлiмдеуiнше, бiрiншiден, теледидардағы дебаттардың саны мұның алдындағы сайлаумен салыстырғанда 7 есеге азайып кеткен. Сондай-ақ, теледебаттардың уақыты үгiт-насихат мерзiмiнен бұрын анықталғандықтан, партиялар теледебаттарға дайындалуға мүмкiндiк алған едi. ОСК 10 тамызда «Хабар» телеарнасында тағы бiр теледебат болатындығын мәлiмдеген. Бұл ЖСДП партиясының талап етуiнiң арқасында дейдi олар. Сондай-ақ, телеарналар мен газеттерде, сыртқы жарнамада «Нұр Отан» партиясының жарнамасы тым мол екендiгiнде айтып өттi.

«НҰР ОТАНДЫ» КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕР АЛАҢДАТАДЫ

«Нұр Отан» партиясы экономиканың өсуiн әрбiр тұрғын сезiну керек, бағаның өсуi халықтың кiрiсiн жеп қоймауы қажет деген позицияны ұстанады. 2007 жылдың маусымында елдiң оңтүстiгiнде жылуға төленетiн тарифтер өссе, шiлдеде Ақтөбеде ыстық судың бағасы күрт қымбаттаған. Ал, 1-тамыздан Қостанайда және басқа да аумақтарда электроэнергия қымбаттамақ. Бұның барлығы халық өмiрiне керi әсерiн тигiзiп отыр.

Партияның пiкiрiнше, тұрғын-үй коммуналдық төлемдерiнiң қымбаттауына Табиғи монополияларды реттеу жөнiндегi агенттiктiң өз мiндетiн дұрыс атқара алмай отырғандығы кiнәлi. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясы Үкiметке үндеу жолдап, бұл жағдайды зерттеп, қажеттi шаралар қолдануын талап етiп отыр.

Есенгүл Кәпқызы