Жаңалықтар

КӘРIС ӘНДЕРIНIҢ КҮНДЕРI

ашық дереккөзі

КӘРIС ӘНДЕРIНIҢ КҮНДЕРI

11-тамыз күнi Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрында "Ариран" кәрiс әндерiнiң халықаралық фестивалi өтедi.

Екi күнге созылатын фестиваль негiзiнен қазақстандық кәрiстердiң жетпiс жылдық мерейтойымен орайластырылып, өткiзiлiп отыр. Фестивальдi ұйымдастырушылар — "Қазақстан кәрiстерiнiң ассоциациясы" және Мемлекеттiк республикалық кәрiс музыкалық комедия театры.

Биылғы жылы фестивальге көршi Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерден үмiткерлер қатыспақ. Үмiткерлердi тiркеу жұмысы үш айға созылған көрiнедi. Осы уақыт iшiнде 15-ке жуық мемлекеттен өтiнiштер келiп түсiптi. Комиссияның қатаң талабының арқасында фестивальге жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпарлар қатысып, бақ сынамақ.

Ал, әдiлқазылардың құрамында елге белгiлi танымал тұлғалар бар. Атап айтар болсақ, олардың арасында орыс эстрадасының жұлдызы Анита Цой, Абай атындағы опера және балет театрының әртiсi Жәмила Баспақова, көрнектi әртiс Асанәлi Әшiмов, Кореядан келген белгiлi композитор Пак Сын Хи, Кәрiс орталығының директоры Канг Сонг Чоль және композитор әрi музыкамен көркемдеушi Артур Оренбургский бар.

"Ән — халықтың жаны" атты ұранмен өтетiн байқауда үмiткерлердiң денi кәрiсше ән шырқайтын болады.