Жаңалықтар

АЛМАТЫFА КЕЛУ ОҢАЙ, КЕТУ ҚИЫН...

ашық дереккөзі

АЛМАТЫFА КЕЛУ ОҢАЙ, КЕТУ ҚИЫН...

Алматының не құдiретi барын кiм бiлсiн, құшағына алған адамын уысынан шығаруы қиын.. Әсем көркi бiр басқа, мәдени шаһардың өн-бойының бәрi жылылыққа толы ма, iшiне бiр енсең, қайта шыға алмайсың… Мүмкiн, бұл бiр жағынан, оңтүстiк астана жұртшылығының кең пейiлдi ыстық ықыласы шығар, сенi ерiксiз баулитын…

Үлкендердiң Алматысы бiр бөлек те, бiздiң Алматы бiр бөлек. Байырғы студенттердiң тамсана айтып отыратын Алматысы нарықтан бөлек, жайдары, жайсаң болған сыңайлы. Стипендияның 10 сомымен қаладағы ең қымбат ресторандарды аралап, той-думанмен өткiзген күндерiн аңсайды. Ал бүгiнгi студенттер мен қала жұртшылығы нарықтың заңын әбден меңгерген. 10 мың стипендия алып, мейрамханада күн өткiзбегенмен, жастыққа, сұлулыққа, әсемдiкке толы Алматы әрдайым жандарына жақын. Сондықтан қимайды, сондықтан сағынады. Сағынатыны сол, қаладан сәл алыстап кетсе, сұлу шаһарға қайта жеткенше асығады. Өйткенi, мұнда олардың жастық шақтары, қимас күндерi жатыр.

Оңтүстiк астананың тiршiлiгi бүгiнде одан әрмен қыза түскен. Аяқ аттасаңыз, көзiңiзге түсетiн сәулет құрылыстарымен, көркi көз тартатын қымбат сауда дүкендерi, бизнес-орталықтары мәдени шаһардың ажарын аша түспесе, кемiткен жоқ. Алматыны туризм және қаржы орталығына айналдыру идеясы жүзеге асқалы берi, мұндағы тiрлiк одан сайын қыза түстi. Қайда барсаңыз да – құрылыс жұмыстары. Әсiресе, көлiк жолдарының қайтадан жөнделiп, жарқырай түскенi жұртшылықты қуантады. Мұның бәрi қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң де тынымсыз еңбегiнiң нәтижесi шығар.

Үнемi қамқорлығын оңтүстiк астанадан аямайтын Елбасы Алматыдағы қызу еңбектi өзi тамашалап, аралап кеттi. Елбасы оны өзi де жасырмайды. «Алматы ұдайы мемлекеттiң және менiң тiкелей қамқорлығымда. Алматы – елiмiздiң ең үлкен де әсем қаласы. Қалада жол айрықтарын көбейту – тазалықтың, қауiпсiздiктiң, әсемдiктiң кепiлi. Елбасы ретiнде мен үшiн, мемлекетiмiз үшiн қаланың сұлу болуы, ыңғайлы болуы, таза болуы өте қажет», – деген болатын Сәтбаев пен әл-Фараби даңғылындағы жол айрығын ашу кезеңiнде.

Алматы – отандық өндiрiс ошағының орталығы десек, артық айтпас болар едiк. Оған куә, «Алматыда жасалған» деп аталатын көрме дәлел. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен аталмыш көрменi Елбасы өзi келiп тамашалады. Оңтүстiк астана жұртшылығының қолынан шығып жатқан түрлi өнер бұйымдары көздi ерiксiз арбайды. Мұнда не жоқ дейсiз, ауыр техникалық құрал-жабдықтардан бастап, ас-су мәзiрiңiзге дейiн осында. Көздiң жауын алатын зергерлiк бұйымдармен қатар, музыкалық аспаптарыңыз да бар. Тiптi, Алматыдағы ғылым орталықтары жасап жатқан жаңалықтарды да көрмеге алып келiптi. Елбасы барлығымен бiрдей тiлдесiп үлгермесе де, көзiне түскен заттардың бiрқатарына айрықша тоқталып, өзiнiң пiкiрiн бiлдiрiп отырды.

Отандық өнiм демекшi, Алматыда түрлi баспа орталықтары бар болса да, олардың арасынан ерекше «Шуша» журналы көрмеге қойылыпты. Президент өтiп бара жатып, әлгi журналды шығарып отырған балаларды дамыту қорының өкiлiнен: «Мынаның қазақшасы қайда?» – деп сұрады. Ол болса: «Қазақшасына ақша жетпедi?» деп жауап қайтарды. Елбасы: «Орысшасына ақша жетедi, қазақшасына неге жетпейдi?» дедi. Ол да iле-шала: «Қазақшасын да шығарамыз» – деп жатыр. Президент бұрылып: «Қай елде тұратыныңды бiлесiң бе?» – дедi. Айғайлап, бұйырылған ешнәрсе жоқ. Жай ғана сабырлы қалыпта жасалынған ескерту кiм-кiмдi болса да, ойға салатыны рас. Саналы адамның оны өзi де түсiнетiн уақыты жеттi.

Елбасының соңынан көрменi тамашалап жүрген журналистер әлгi журналды бас салдық. Қолымызға тиген «Шушаның» айтарлықтай ерекшелiгi жоқ. «Шуша» демекшi, журналды қолыма алып, жұмысқа келе жатқам. Жұмысқа ертерек жетейiн деп, такси тоқтатқам. Орыс жiгiтi екен. Жол қысқарсын деп, әр нәрсенi бiр әңгiмелеп келемiз. Бiр кезде әлгi орыс жiгiтiнiң көзi қолымдағы «Шушаға» түстi. Қарап отырып, мырс етiп күлмесi бар ма? Менiң оған таңданыспен қарағанымды сездi ғой деймiн: «Бiз халық ертегiлерiнiң кейiпкерлерiмен өсiп ержетiп едiк, бiздiң балаларымыз мына сияқты түрлi құбыжықтарды көрiп, өсетiн шығар» дедi. Сөйтсем, журналдың сыртындағы суреттердi меңзеп отыр екен…

МЕТРОНЫҢ ЖҰМЫСЫ БIТУГЕ ШАҚ ҚАЛДЫ

Көрмеден кейiн Елбасының ат басын тiреген жерi – метрополитен болды. Бүгiнде қала үшiн өзектi мәселенiң бiрi де осы. Райымбек ауданына келiп, жұмыс барысымен танысқан Елбасы метроның бойында жүрiп жатқан қызу еңбектiң көрiнiсiн көрiп, танысып қайтты. Әзiрге жұмыстың 90 пайызы даяр тұр. Стансаны конструкциялау, топырақпен жабу, желдеткiш жүйелерiн орнату, аралықтар камераларын қою, қосымша тарту стансаларын салу, №3 берiстi жарықтандыру жұмыстары аяқталыпты. Құдай бұйыртса, 2008 жылдың аяғы мен 2009 жылдың басында кезең-кезеңiмен берiле бастайтын шығар.

Қала әкiмi мемлекет басшысына биылғы жылы метрополитенге республикалық бюджеттен бөлiнген 20 млрд. теңгенiң өткен алты айда 55 пайызға жуығы игерiлгенiн айтып өттi. Метроның жалпы ұзындығы 21,74 шақырым болады екен. Әзiрге оның 17,786 шақырым жерасты жолы қазылып бiтiптi. Қалған 3,954 шақырымы қазылуы керек. Ол бiтсе, көптен күткен метроның стансаларын жасау, тоннельдердi қаптау, рельстердi тарту жұмыстары да қарқынды жүзеге асатын болады.

ЕЛБАСЫНЫҢ ҚОЛЫНАН КIЛТ АЛДЫ

Елбасы Алматыдағы жұмыс сапары барысында қалалық Денсаулық сақтау және Iшкi iстер департаменттерiнiң қызметкерлерiне мамандандырылған техникалардың кiлтiн табыс еттi.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерi «Джинбей Хайс» маркалы жедел медициналық көмек көрсететiн 50 санитарлық автокөлiгiне ие болды. Ендi «жедел жәрдемдiктер» жедел жәрдем беру үшiн асығатын шығар деген ойдамыз.

Ал Iшкi iстер департаментiне Президент 128 көлiктiң кiлтiн табыс еттi. Барлығы 299,422 миллион теңгенi құраған көлiктердi иемденген қызметкерлер ендi халықтың игiлiгi үшiн тiрлiк ететiн болады. «Алматы тек мәдени және қаржылық орталық қана емес, адамдардың өмiр сүруiне ыңғайлы, қылмысы аз, жан тыныштығы сақталған қала болуы үшiн қызмет етемiз»,–дедi кiлттi иемденген қала полициясының басшысы.

Алматыдағы қарқынды жүргiзiлiп жатқан жұмыстардың бiрi – жол айырықтары. Бұл жұмыстар жүзеге асып бiтетiн болса, қала жұртшылығы мен қонақтарды зәрезәп қылған көлiк тығындары мәселесi де бiршама шешiлетiн болады. Саин, Жандосов, әл-Фараби, Достық, Сейфуллин, Рысқұлов, Бөкейханов көшелерiнiң бойында орналасатын жол айрықтары қаптаған көлiктердiң кiдiрiссiз ағылуына көмегiн тигiзетiн болады.

Сол күнi Президент Медеу шатқалында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық фестивалiне қатысты. «Бiз езгiде болдық. Басқа үлкен ұлттардан жаманшылықты көп көрдiк. Бiреудiң кiшi iнiсi ретiнде жүрдiк. Солай болды екен деп бiз елдегi басқа халықтарды дәл солай басып-жаншыған жоқпыз. Жамандаған жоқпыз, даттаған жоқпыз. Қазақ халқының ұлылығы дәл осында жатыр деп санау керек»,–дедi Елбасы 120-дан астам ұлт өкiлдерi қатысқан фестивальде. Түсiне бiлген адамға осы сөздiң астарында да үлкен мән жатыр-ау…

Қазақстанның халқының ең көп шоғырланған мегаполисi саналатын Алматының мемлекетiмiздiң әлеуметтiк-қоғамдық дамуында да ерекше орны бар. Оның себебi, бүгiнде ел бюджетiнiң бестен бiрiн Алматы тауып отыр. Газ, мұнай, кен сияқты алып өндiрiс ошақтары болмаса да, бiлiм, денсаулық, қаржы, туризм салалары мәдени шаһарда жақсы дамыған. Сондықтан болар, Алматыны өнердiң, мәдениеттiң ошағы санайтыны. Сондықтан шығар, Елбасының да Алматыға деген ықыласының ерекше болатыны.

Гүлзина Бектасова