Жаңалықтар

ТАЗА АУЫЗСУ БАСТЫ НАЗАРДА

ашық дереккөзі

ТАЗА АУЫЗСУ БАСТЫ НАЗАРДА

Алматы қаласының әкiмшiлiгiнде өткен жиын мәдени шаһардың өткен жартыжылдықтағы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындысына арналды. Аталмыш жиында қала шаруашылығының алдағы күз бен қыс айларына даярлығы да сөз болды. Көпшiлiктi мазалап жүрген сауалдардың бәрiне қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов өзi тiкелей жауап бердi.

Бүгiнде Алматының аймақтық қаржы орталығына айналуы, инновациялық-технологиялық саланың iргетасын қалау, мемлекеттiк Тұрғын үй бағдарламасын iске асыру мен шағын және орта бизнестi дамыту саласын үнемi назарда ұстап отыр. Қаржының 70 пайызы өндiрiс технологиясын жаңарту мен қала құрылысын дамытуға жұмсалып келедi. Ал бүгiнгi күнi өзектi мәселелердiң бiрi – мемлекеттiк тұрғын үй құрылысын өркендету дер болсақ, қазiргi кезде 3294 пәтер пайдалануға берiлiптi. Жыл басынан берi банктерден экономика саласына 2,8 триллион теңге несие үлестiрiлген. Мұндай көрсеткiштердiң қағаз жүзiнде ғана емес, iс жүзiнде де iске асуын талап еткен Иманғали Тасмағамбетов бәрiнен де бұрын мемлекеттiк мүдденiң жоғары болуын өтiндi.

Өткен жылы қала бюджетi 52 млрд. теңге болса, биылғы жылғы бюджет 159 млрд. теңгенi құрап отыр. Демек, бұл бiр Алматының өзiнде қаншама тiрлiктердiң жүзеге асып жатқандығына куә. Сондай-ақ, жиынының тағы бiр басты жаңалығы, балалар бақшасының саны артатындығы.

Жиында сөз болған мәселенiң бiрi — ауыз судың жайы. Осыған орай, әкiм 2010 жылға дейiнгi арнайы бағдарламаны жүзеге асырып отыр. Екi жылдың iшiнде су арналарын тазалауға септiгi тиетiн арнайы су айналымын жасау керек. Бұл су тораптары қаланың таза ауыз су мәселесiн алдағы он жыл көлемiнде түбегейлi шешiп беретiнiне сенiмiмiз мол.

Гүлзина БЕКТАСОВА