МӘСЕЛЕ МҰҒАЛIМДЕРДЕ ЕМЕС
МӘСЕЛЕ МҰҒАЛIМДЕРДЕ ЕМЕС
Бар кiлтипан бұрынғы Парламент қабылдаған «Бiлiм туралы» Заңында болып отыр
Республикадағы бiлiм саласының бүдiрсiзденiп бара жатқанын таза бiр кертартпа болмаса, болашағынан үмiтi бар басқаның әңгiме етiп жүргенiне бiрталай жыл өттi. Бұл тақырып жайлы республикалық «Свобода слова» газетi нөмiр аралатпай циклдi мақалалар да жариялады. Бiрақ сол мақалаларда негiзгi басымдық мектеп қабырғаларында ақша жинауға қарсы бағытталып, бiлiм жүйесiнiң өзiне тән iшкi ерекшелiктерiн кiмдер және қалай «реттеп» отырғандығына жеткiлiктi мән берiлмеген едi.
Алла жазса, алдымыздағы оқу жылы ҚР Сенаты мақұлдап қойған жаңа «Бiлiм туралы» Заңымен басталатын сияқты. Оған Президенттiң қол қоймай отырған себебi, елде жүрiп жатқан саяси қызу науқан – сайлауға байланысты болып отырса керек. Бiрақ, «Бiлiм туралы» Заңының бұған дейiн екi рет қабылданғанын, оны тек Президенттiң ғана заңды күшiне ендiретiнiн айтып жатудың өзi артық. Осы мүмкiндiктi пайдалана отырып, әр кезеңдегi билiктiң кезiнде мамандарға емеурiн танытып, тартпаға тығып отырып жасаған – «заң жобаларының шынайы сұлбасы» жайлы азырақ айта кеткендi жөн көрдiк.
ҚР «Бiлiм туралы» Заңының 1999 жылы 7 маусымда (№389-1 ҚРЗ) шығарылған нұсқасындағы «Жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдарының құзiретi туралы» 32-бабының 2004 жылдың 20 желтоқсанында қайта редакцияланып қабылданған осы заңның жаңа редакциясында алынып тасталуы, республикадағы тұтас жүйе – бiлiм саласының құлдырауына алып келдi. Жаңа заң бойынша бұл құзiреттi мiндеттер 31- бап бойынша жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдарға берiлiп, бiлiм жүйесiнiң тамырына түбегейлi балта шабылды. Нәтижесiнде, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен салалық бiлiм ұйымдары ғана көзтүрткi мекеме ретiнде қалың бұқараның арызын қабылдап, алдарқату үшiн қалдырылды. Бұған қазiргi сақталынып отырған аудандық, қалалық, облыстық бiлiм бөлiмдерi мен департаменттерiнiң дербес заңды тұлға ретiнде атқарып отырған қызметтерiнiң ешқандай құқықтық-нормативтiк актiлерiмен айқындалмағаны нақты дәлел бола алады. Оларға толыққанды заңды тұлға ретiнде мәртебе берiлмеген. Бiлiм беру, басқару ұйымдары бiр қарағанда сақталғандай көрiнгенiмен, олардың заңды тұлға ретiнде нормативтiк-құқықтық құжаттар жүргiзуi, қаржы-шаруашылық оперияцаларын жүзеге асыруы, әсiресе, кадр мәселесiн жолға қоюы заңда егжей-тегжейлi қарастырылмады. Заң жүзiнде бұл құзiреттi мiндеттердi жүзеге асыру – аудан, қала, облыс әкiмдерiнiң атынан жүргiзiлуi тиiс. Осындай қитұрқы жолдармен республикадағы iрi буын – бiлiм саласын бiр уыста қысып ұстау үшiн қазiргi билiктiң аталмыш заңды әбден қандыра илегенi белгiлi болып отыр. Президент осыған қолын қойып, мөрiн басты.
Заңның 8-шi бабында «Бiлiм беру жүйесiнiң мiндеттерi» көрсетiлген. Бiр қарағанда бұл баптан ештеңе байқай алмайсың. Шұқшия оқысаң, ширай түсерiң сөзсiз. 8-шi баптағы қарастырылған мiндеттердi заң жүзiнде жоқ аудандық, қалалық, облыстық бiлiм берудi басқару органдары атқаруы керек. Сонда заң талаптары бойынша осы аталған мiндеттердi тiкелей атқаруы тиiс аудан, қала, облыс әкiмдiктерi бiлiм жүйесiнiң құрамына қалайша ендiрiлмек? Сондай-ақ, 8-шi баптың 1-шi тармағындағы басым мiндеттердi жүзеге асыру, «Бiлiм беру» бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдайлар жасау, материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, оқу-әдiстемелiк әдебиеттермен қамтамасыз ету, қаржыландыру мәселелерiмен айналысу – заңда бiлiм жүйесiне жүктелгенiмен, бұл мiндеттердi атқарып-атқармау жергiлiктi әкiмшiлiктердiң құзiретiнде қалып қойды. Осыдан келiп, бiлiм беру ұйымдарындағы қажеттi жағдайлардың жеткiлiксiз қамтамасыз етiлу тенденциясы көтерiлiп кетiп отыр.
Бiлiм берудi басқару органдарының құзiретi аудан, қала, облыс әкiмдерiне берiлген соң, бiлiм ошақтарының басшыларын (директорларын) iрiктеу және тағайындау – сол әкiмдердiң ықтиярына өттi. Бұл iсте әкiмдер көбiне тiкелей бiлiм саласының мамандары болмағандықтан – олар тағайындалатын директорлардың бiлiктiлiгiне, басшылық жасау мен ұйымдастырушылық қабiлеттерiне басқа талап қоюы әбден мүмкiн, бiрақ принциптiк талап қоя бермейдi. Бiлiм саласының өзiне тән iшкi ерекшелiктерi жеке әкiмнiң тiзгiнiне айналған соң, сұраныс пен талап та солардан болуы шарт. Бiрақ өкiнiшке орай, бұл iсте барлық жауапкершiлiктi жергiлiктi бiлiм бөлiмдерiнiң басшылары әлi көтерiп отыр.
Бұл да әлi ештеңе емес. Әкiмдердiң алдынан өтiп, тағайындалған бiлiм ұйымдары басшыларының лауазымдық мiндеттерiне деген жауапкершiлiк және бiлiктiлiк деңгейiн анықтауға бағытталған ҚР Бiлiм және ғылым министрiнiң 2004 жылы 22 қараша айында шығарылған №854 бұйрығымен бекiтiлген «ҚР мемлекеттiк бiлiм ұйымдары басшыларын аттестаттау туралы Ережесiнiң» 3-шi тарауы, 10-шы тармағы бойынша оларды аттестаттау облыстық бiлiм департаменттерiне (басқармаларына) жүктелген болатын. Осыған сәйкес, атқарылған iстерде 2005 жылдары едәуiр iлгерiлеушiлiктер байқалғанымен, жылға толмай аталмыш Ереженiң 3-шi тарауы, 10-шы тармағына өзгерту енгiзiлiп, бiлiм ұйымдарының басшыларын аттестаттау тағы да атқарушы билiктiң құзырына өткiзiлдi. Сөйтiп, облыстық бiлiм департаменттерi бiлiм ұйымдарын қандай басшылардың, қандай кадрлардың басқарып отырғандығына араласудан түбегейлi шеттетiлiп қалды. Бұған сол кездегi «Бас мұғалiм» қолын қойып, мөрiн басты.
Осындай шешушi мүмкiндiктер толығымен жергiлiктi әкiмдерге берiлген соң, бiлiм ұйымдарының қызметiн зерттеу, реттеу және оны тексеру бойынша қызметтен босату да әкiмдердiң құзырында қалып, бiлiм берудi басқару органдарының бiлiм ошақтарының басшыларына тәртiптiк шара қолдану құқығы тұйықталып қалды. Тiптi, үлкен тексерулерге қол жеткiзiлiп, оған тәртiптiк шара көру үшiн әкiмдерге берiлген ұсыныстарды орындау мен орындамауды тағы да әкiмдер өздерi шешетiн болды. Көптеген осы тектес ұсыныстар аяқсыз қалып, кейде жауап та берiлмейдi. Бiлiм жүйесiндегi оқу-тәрбие жұмысының дамуы үшiн оған бiлiм бөлiмдерi тарапынан тиянақты басшылық жасау мен қадағалау шараларының қолдан қырқылуынан – тұтас жүйе пәрменсiз, зағиптiң күйiнде қалып қойды.
Қазiргi таңда мектеп директорлары педагог-кадрларды жұмысқа тiкелей қабылдау құқығына ие болған соң, қажет болсын, қажет болмасын үстi-үстiне мұғалiмдер қабылдауды жаппай үрдiске айналдырып алды. Мектептерде мұғалiмдердiң апталық сағат жүктемелерi 3-5 сағатқа дейiн кемiтiлiп бөлiске түсiп, мұғалiм мәртебесi деген ұғымыңыз қазақтың ескiше – шүлен таратқанындай дәрежеге түсiп кеттi. Өздерiңiзге белгiлi, елiмiзде сатылмайтын нәрсе қалмады, жұмысқа тұру үшiн директорға пара ұсыну қажет. Ал директорлық кресло үшiн параның көлемi ұлғая түсерi даусыз. Осындай жолдармен өскен парақорлық сатысы – билiктiң үлкен пирамидасына қолдан айналдырылып отыр. Бүгiнгi бiлiм саласының бар кiлтипаны осында болып отыр. Демек, түпкi мәселенiң мұғалiмдерде емес, әр сатыдағы билiктiң қитұрқы пиғылында болғаны.
Жаңадан тағайындалған Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев мұғалiмдер мәртебесiн көтеру үшiн жаңа оқу жылынан бастап мұғалiмдерге ант қабылдатуды межелеп отыр. Бiрақ тәжiрибе танытып отырғанындай, елiмiздегi заң бұзушылықтың барлығы сол ант қабылдағандардың тарапынан орын алғаны еш жасырын емес.
Мұғалiм мәртебесiн – ел мәртебесi деп қарасақ, ұстаздарымыздың мәртебесi – олардың атқарған, сiңiрген еңбегiне қарап бағаланатыны белгiлi. Сондықтан да, дәл қазiргi бiлiм саласында мұғалiмдерге төленетiн еңбекақыны олардың еңбек өтiлiнен, бiлiмiнен және бiлiктiлiк санатынан тыс жеке еңбек нәтижесiне қарай төлейтiн механизмге қосу тиiмдi болар едi. Өйткенi, ұлттық бiрыңғай тест, мемлекетаралық бақылау, аттестациялық, диагностикалық зерттеулерiнiң анықтауынша, жеке педагогтарға еңбекақы төлеу оқушылардың бiлiм сапасы мейлi жоғары немесе төмен болсын – бiрдей төленедi екен. Осыдан барып жоғары көрсеткiшке жетiп жүрген мұғалiмдердiң өз iсiне деген ынта-жiгерi төмендеп кеткен. Осындай теңгермешiлiктiң салдарынан оқыту сапасы төмен мұғалiмдердiң арасында ешқандай артықшылыққа ие бола алмай жүрген озат тәжiрибелi мұғалiмдердiң абырой-беделi мен мәртебесi көтерiлмейтiнi анық. Осы мәселе дұрыс жолға қойылса, бiлiм жүйесiндегi мұғалiмдер санатын көтеру парақорлығы жойылып, көргендi мұғалiмдер мен жас мамандар арасындағы ашық та еркiн бәсекелестiк пайда болар едi.
«Қараңғы қазақ көгiне, Өрмелеп шығып күн болам…» деп, мектеп қабырғасын имене аттаған бүлдiршiндер мен мұғалiм алдын көрген жас өскiн ұрпақтарымыздың бiлiм ошағында жүрiп, бiле алмай жүрген тұстары осы. Ал «қайтсек өз мәртебемiздi көтеремiз» деп жүрген мұғалiмдерiмiз «Бiлiм туралы» Заңының қақпақылымен жергiлiктi билiктiң боданында жүрiп, талай жасанды сайлауларды өз қолдарымен атқарды. Таратып айтқанда, өздерi-өздерiне қарсы жұмыс жасады.
Қазақстандағы бiрiншi тұрақтылық – уақытша қиыншылықтар болса, екiншi тұрақтылық – жұмыс орнын сақтау. Мұны қазiргi сайлау қарсаңында халық та, билiк те терең түсiнiп, аңдысып отыр. Қазақстандық менталитеттi күрмеп ұстаудың байламы осы.
Бабарахым КЕНЖЕҒАРАЕВ