Жаңалықтар

Дос КӨШIМ, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: «КЕЛЕСI ПАРЛАМЕНТ ҰЛТ МӘСЕЛЕСIНЕ КӨЗ ЖҰМЫП ҚАРАЙ АЛМАЙДЫ»

ашық дереккөзі

Дос КӨШIМ, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: «КЕЛЕСI ПАРЛАМЕНТ ҰЛТ МӘСЕЛЕСIНЕ КӨЗ ЖҰМЫП ҚАРАЙ АЛМАЙДЫ»

— Дос аға, Сiз бiр кездерi Тәуелсiз бақылаушылар жүйесiнiң президентi болдыңыз. Қазiр сол бақылаушыларды үйрету мақсатында Қазақстанның әр түкпiрiнде жүр екенсiз. Сiздiңше, жалпы электораттың көңiл-күйi қалай? Сайлауға қанша пайызы қатысуы мүмкiн? Әртүрлi әлеуметтiк зерттеу орталықтарының ұсынып отырған пайымдауларына қарағанда 9 миллионнан астам сайлаушының 60%-ы сайлауға қатысады деген болжам бар. Бұл шындыққа сай бола ала ма?

— Сайлау адамдардың ең бiр белсендiлiгi төмен кезеңге қойылғандығы туралы саясаткерлердiң көбi айтудай-ақ айтып жатыр. Әсiресе, шiлде мен тамыз айы демалыс айы. Жұрттың көбi жағасы жайлау, көңiлi көктем демалыс орындарында жүр. Сондықтан бұл жолы электораттың сайлауға келуi төмен болады. Егер, сайлауға сайлаушының 50%-ы келсе де жаман болмас едi деп ойлаймын. Екiншiден, партиялық тiзiммен сайлау өткелi жатыр. Бұған дейiн жеке адамдардың округтардан түсуi әр уақытта адамдардың сайлауға деген ынтасын оятып келдi. Қазiр ондай жоқ, партиялардың барлығы дерлiк бiрдей саясат ұстанып отыр деуге болады. Тек қана оппозициялық немесе билiк партиялары деген бөлiнiс болмаса, басқа бiр елден ерекше ұран көтерiп отырған ешкiм жоқ. Сондықтан партияларға дауыс беру, оларды бiрiнен-бiрiн ерекшелеп таңдау сайлаушыларға қиынға түседi. «Сайлауға қатысушылардың белсендiлiгi төмен болады» деген болжамға негiз болып отырған екiншi себеп осы. Яғни, жеке округтардан түсетiн адамдардың жоқтығы, партиялық тiзiмнiң алғаш рет қолданылуы деп ойлаймын. Адамдарды сайлау учаскелерiне сүйрейтiн нәрсе ол партиялардың жұмысы. Партиялардың көпшiлiгi сайлауға дайындалып үлгере алмағаны айдан анық. Партиялар өз жақтастарын үгiттеп, платформасымен таныстырып, сайлаушыларына таңдау еркiн беруге өте аз уақыт қалды. Демек, осы факторлар сайлауға деген белсендiлiктiң аз болатындығын көрсетедi. Тағы бiр фактор «Нұр Отанның» әкiмшiлiк ресурстарын қолдана отырып, «бiз сайлауда 90% жеңiске жетемiз» деуi де жұрттың назарын онша тарта қоймайды.

— Сонда, сiздiңше, сайлаудың пропорционалды жүйемен өтетiн болғандығы бiз үшiн тиiмсiз болғаны ма?

— Ендi бұл жүйе бiзде алғаш рет қолданылғалы отыр ғой. Партиялық тiзiм бойынша сайлаудың бiрiншi кезеңiнде әр уақытта халық әрi түсiне алмаған, партиялардың бағдарламаларын қағидалы түрде анықтай қоймаған кезде бұл тиiмсiз болады. Бiзде көбiнесе партиялардың бағдарламасына емес, оның адамдарына дауыс бередi. Ал, қазiр партия жетекшiлерi бiрiн-бiрi күйелеуге көше бастады. Мәселен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның баспасөз мәслихатында «Ақ жол» партиясының жетекшiсiнiң атына күйе жағу, сын айту көбiрек байқалды. Бұл жерде партияның бағдарламасын саралап, соны сынаудың орнына жеке басқа тиiсушiлiк орын алып барады. Бұл көп партиялық жүйенi дамытуға кедергi болатын мәселе.

— Дос аға, бiз сiздi саясаттанушы ретiнде бiлемiз. «Ұлт тағдыры» деген қозғалыстың басшысысыз. «Халық рухы» партиясын құрушылардың бiрi болдыңыз. Жалпы, осы сайлаудағы халықтың ұлттық мәселеге деген сұранысы қандай болмақ?

— Өкiнiшке қарай, саяси партиялардың барлығы дерлiк интернационалдық бағытты ұстанғысы келедi. Олар орыстiлдi немесе бұрынғы Ресейдiң қоластын, Кеңес одағын көксейтiн адамдардың да, ұлттық бағыттағы қазақ мемлекетiн орнатуға талпынушылардың да көңiлiнен шыққысы келедi. Мен бұрын бұл саясат дұрыс та шығар деп ойлайтынмын. Бiрақ, қазiр басқаша тоқтамға келiп отырмын. Адам өз ойын ашық айтуы керек. Мысалы, бiз «қазақ мемлекетiн құруымыз керек. Ұлттық жолға түсуiмiз керек» дегендi кiмнен жасыруымыз керек. Ұлттық мемлекет құру деген, сол мемлекетте тұратын басқа ұлт өкiлдерiнiң кеудесiнен итеру болып табылмайды. Бұл дүниежүзiнде бар тәжiрибе.

Қазiргi саяси партиялардың iшiнде, әсiресе, мен соңғы айтылып жатқан әңгiмелерге қарап, «Ақ жол» партиясының ұлттық бағытының басым екенiн мойындаймын. Қазақ жұртшылығы соның бағдарламасын оқитын болса, ұлт мәселесiне өзгелерден басымдық көзқарас танытып отырғандығына көздерi жетер едi. Мен ешқандай партияның мүшесi емеспiн. Дегенмен, саясаттанушы ретiнде байқағаным, ұлт мәселесi, ұлт тағдыры осы сайлауда тұңғыш рет айтыла бастады. Яғни, келесi сайлауда бұл бiрiншi кезекте көтерiлетiн ұранға айналады. Бiз бұған бәрiбiр келемiз. Өйткенi, бiзде қазақ ұлтының проблемасы бар. Ал, проблемаларды көрсетiп, халықтың дауысын жинау, партиялардың мiндетi.

— Бiрақ, бiзде ұлттық бағыттағы партияларды тiркемей отырған жоқ па? Мәселен, «Халық рухы» партиясы…

— «Халық рухы» партиясының басы-қасында мен де болдым. Алғашқы құрылтайына қатыстым. Оны өткiзу барысында қолынан келген көмегiн «Ұлт тағдыры» қозғалысы бердi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бұл партия осы сайлауға дейiн тiркелiп үлгере алмайтыны айдан анық болды. Екiншiден, партияға қол жинайтын уақытта өлi мерзiмге сай келiп қалдық. Бiрақ, әңгiме онда емес. Әңгiме, қазақтың ұлттық партиясын құруға талпыну басталды. Демек, бұл қазақтың ұлттық құндылықтарының әлi жаңғырып қайта орнына келмегендiгiнiң көрiнiсi. Билiк те, оппозиция да осы мәселенi ойлануы керек. Келешекте бұл мәселе жалғасын табады. Өйткенi, бұл бастамасы ғана. Оны аяғына дейiн жеткiзбей қоймаймыз.

— Бұған дейiнгi Парламенттi өзiңiз бiлесiз. Қазақ мәселесiне келгенде көбiнде көз жұмып, қол сiлтеп отырды. Әсiресе, «Шаңырақ», «Бақай», Маловодныйдағы жағдайлар олардың проблемасы емес, Қазақстаннан тыс мемлекеттiң проблемасы сияқты қарады. Сiздiңше, алдағы парламенттiң құрамы қандай болмақ? Ұлттық деңгейдегi саясаткерлер орын ала ма?

— Алдағы Парламенттiң билiктiң Парламентi болатыны айдан анық. Билiк ұлттық мәселелердi жоққа шығарып отырған жоқ айтып отыр. Бiрақ, iстемейдi. Ал, парламентте өздерi заң шығару билiгiн қолдарына алған уақытта ең алдымен «Мемлекеттiк тiл туралы» заң осы Парламенттiң алдынан шығатын болады. «Шаңырақтағы» сияқты әлеуметтiк-ұлттық сипаты бар жарылыстардың алдын алу үшiн Парламент шара қолдануға тура келедi. Қысқасы, бұл проблемаға көз жұмып қарауға болмайды. Демек, жаңа Парламент лажсыз болса да, ұлттық мәселелердiң бiразын қолға алады деп ойлаймын. Бұл – мемлекеттiк тiл мәселесi, оралмандардың Қазақстанға көптеп қоныстануы, жер мәселесi, қысқасы осы бағыттағы қордаланып қалған мәселелерге Парламент назар аударуына тура келедi. Қалай шешетiнiн мен бiлмеймiн, бiрақ, оны қарастыратынына менiң сенiмiм кәмiл.

— Рахмет!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ