ТАҒЫ ДА «ЖАНАРМАЙ ЖЫРЫ» БАСТАЛДЫ НЕМЕСЕ БIЗДIҢ ОЛИГАРХТАР ДЕРИПАСКАДАН ҮЛГI АЛА МА?!
ТАҒЫ ДА «ЖАНАРМАЙ ЖЫРЫ» БАСТАЛДЫ НЕМЕСЕ БIЗДIҢ ОЛИГАРХТАР ДЕРИПАСКАДАН ҮЛГI АЛА МА?!
Ертедегi әйгiлi грек философтарының бiрiнiң: "Мемлекеттiң аты тарихта диқандарымен емес, озық ойлыларымен (интеллигенция) қалады", — деген пiкiрi емiс-емiс есте. Менмендiк, орынсыз өркөкiректiк шығар. Сол гректiң қатты қателескенiне әлемдiк тарихтың дамуында мысал көп-ақ. Диқанның, жалпы шаруалардың еңбегi — қасиеттi еңбек десе еш қателiк жоқ. Олар бiзге нан, сүт, ет, басқа да адамға ең қажеттi азық-түлiктер бередi десе — ол да рас. Ел экономикасының басты құрамдас бөлiмi екендiгi де әркiмге аян. Ең бастысы, ауылда тұратын адамдар – мемлекеттiң белгiлi территорияға саяси, әкiмшiлiк, әлеуметтiк иелiк етуiне мүмкiндiк беретiн өкiлдерi. Олар – ұлттық салт-дәстүрлер, озық әдет-ғұрыптардың сақтаушылары. Және елiмiздегi демографиялық ахуалдың үздiксiз жақсаруына кепiлдер. Ұлттық геноқордың шырақшылары.Мұның бәрi баршаға жақсы мәлiм. Осы қоғамдық топ — диқандарға мемлекет мейлiнше қолдау көрсетiп, солардың жағдайын жақсартуды, еңбегiн өнiмдi етудi басты мақсат тұтуы қажет екендiгi де дау туғызбаса керек. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда жағдай керiсiнше қалыптасып келедi және таяу жылдарда оңғарыла қояды деген үмiт, сенiм аз.
Қазақстан диқандарының еңбегi елiмiздегi ең бiр алдаразысы жоқ, қайтарылымы өте мардымсыз, қарапайым адамды әлiмұлыққа жеткiзiп, ұшпаққа шығармайтын бейнет қана болып қала беруде. Бұлай түйiн түйiп, ой қорытуға жетерлiк мысал күнделiктi өмiрде аяқ бассаң ұшырасады. Жазғытұрым Қазақстанда биыл 16-17 млн. тонна астық жиналады деп мәлiмделген болатын. Таяуда Ауылшаруашылық министрi Ахметжан Есiмов мырза әлгi болжамды растап, өзiнiң сұхбатында биыл елiмiзде 17-18 млн. тонна түсiм жиналады деп күтiлiп отырғанын айтты.
Қуанарлық-ақ жайт! Бұрын, КСРО кезiнде осындай көлемдегi астықты жинау үшiн 24-25 млн. гектар жер шаңы аспанға шығарыла жыртылып, тұқым себiлетiн. Ұланғайыр жерлерге селдiреп шыққан астықты жинауға бүкiл республика жұртшылығы — қызметкерлер, солдаттар, студенттер тартылатын. Тiптi, одақтас республикалардан да комбайншылар, шоферлар келетiн. Сосын жер-жерде орыс тiлiнде "Даешь Родине миллиард пуд целинного хлеба!" деп қатаң ескерткен, тыпыр еткiзбей тапсырған сұсты ұрандар iлiнiп, ара-тұра қазақ тiлiнде: "Отан қоймасына алтын астық тапсырамыз", — деп бас шұлғи мақұлдаған, ерiксiз құлдық ұра құптаған қызыл транспаранттар да iлулi тұратын. Бiрнеше жылдан берi Қазақстан осындай көлемдегi немесе осыған жетеқабыл астықты өз күшiмен өсiрiп, жинап алып жүр. Есесiне, 12-13 млн.гектар жерге ғана дән себiлуде, яғни, қалған 11-12 млн. гектар жерлер дем алып, табиғи түрде тыңайып жатыр. Бұл жақсы ма, жаман ба, оның мәнiсiн мамандар айта жатар, бiрақ бiр мәселе түбегейлi айқындалды. Қоғамда әлi күнге түрлi, екiдай пiкiр туғызып отырған нарықты экономика астық өндiру саласында өзiнiң өмiршеңдiгiн бiржола дәлелдеп шықты.Биыл бункерлi салмақта 17,8 млн.тонна, ал таза салмақта 16,1 млн.тонна астық жиналады делiнiп отыр соңғы мәлiметтерде. 7,5-8 млн.тонна астық экспортталмақ. 2006 жылы 9 млн.тонна экспортталды. Оның 6,9 млн.тоннасы астық, ал 2,1 млн.тоннасы ұн түрiнде сыртқа сатылды.
Дегенмен, осы оңтайлы жағдайларға қарамастан Қазақстан диқандарының айтар мұңы, қадам басқан сайын кездесер кедергiлерi мың-сан. Және бұл жыл сайын үнемi қайталанып келе жатқан, тiптi, емсiз ауруға айналған әдет болып отыр. Әр жыл сайын егiн егу, астық ору науқаны қарсаңында жанар-жағар майдың күрт қымбаттауы бiрталай уақыттан берi жалғасып келедi. Ол ол ма, өткен жылғы жиналған мол астықты қабылдау пункттерi мен элеваторларға дер уағында өткiзе алмаған мыңдаған фермерлер зар қаққаны да осы аса маңызды салаға жауапты кейбiр шенеунiктерге сабақ болар сұры жоқ. Өйткенi, былтырғы жағдайдың биыл да қайталанбасына ешкiм кепiлдiк бермей отыр. Ал элеваторларды кезiнде заңды-заңсыз жолдармен жекешелендiрiп алған пысықайлар ұрты майланып, миллиондаған диқандар қауымына бұдан әрiде дегенiн iстеп, айтқанын орындата беруге әрқашан дайын. Ал әлемде мұнайдың бағасы бiрнеше жылдан берi аса жоғары деңгейде тұрғандығынан мұрындарынан құрт түсiп отырған мұнай өндiрушiлердiң өзiмбiлермендiгiн, оларға елiмiзде "ай" дер ажа, "қой" дер қожаның жоқтығын" қоссақ, жағдайдың соншалықты күрделi екендiгiне еш күмән қалмайды. Қазақстан өзiнiң iшiнен шыққан "шұбар жылан" — монополистерге қарсы шара қолдануда әлемдегi ең қауқарсыз мемлекет болып қалуда.
Биыл әлемдегi жинақталған астық қоры соңғы 25 жылдағы ең төменгi көрсеткiш деңгейiнде. Мұның өзi 2007 жылы да, алдағы таяу жылдарда да Қазақстан астығына сұраныс жоғары болатынын және ұлғая беретiнiн дәлелдейтiн жайт. Осылайша елiмiз әлемдiк астық нарығында өзiнiң беделiн одан әрi нығайтып, астық экспорттауда алғы орындарға шығуға толық мүмкiндiк алғалы отыр. Ресей, Қытай, Иран, Мысыр, Индонезия, ТМД елдерiнiң барлығы дерлiк Қазақстан астығын сатып алуға құлықты. Украина мен Молдова жылдағыдан көп көлемде алуы ықтимал.
Ал iргемiздегi Ресей де биыл Қазақстаннан мол астық сатып алуға мәжбүр болатыны әлден-ақ белгiлi. Ресейдiң астық өндiретiн аудандарының басым бөлiгiнде қыста қатты аяз түсiп, биылғы көктем аса қуаңшылық болды. Егiн күйiп кеттi. Мәселен, Волгоград облысында егiлген астықтың 65 пайызы бiржола қурап қалған. Мұндай жағдай көптеген аймақтарда орын алып отыр. Қазiр де оларда оңтүстiкте жерге тамшы тамбай тұрса, ал Сiбiр мен Оралда үздiксiз жауындардан жер ми батпаққа айналуда. Ресей Федерациясында нан бағасы шiлде айында-ақ 10-30 пайызға қымбаттады, ал алдағы күзге дейiн 1,5 есе жоғарылайды және нан қымбаттауы жалғаса бередi деп күтiлуде. Кейбiр деректерге қарағанда, нанның және өзге де азық-түлiктiң бағасы екi есеге өседi делiнiп отыр. Бұрындары Ресейде жыл сайын 115-120 млн. тонна астық жиналатын болса, алдағы күзде бұл елдiң диқандары 73-76 млн.тонна ғана астық жинайтын секiлдi. Еуропада да астық түсiмi аз болатын сияқты. Батыс елдерi бiресе қатты ыстықтан күйзелiске ұшыраса, бiресе тоқтаусыз жауындар мен су тасқындарынан зардап шегуде. Олар да таяу күндерде Қазақстан астығына қолқа салуы әбден ықтимал. Ал өтiнiш жасаған жақ өзiне кiмнiң қол ұшын берiп, көмегi тиетiнiн мұқият зерттейтiнi бесенеден белгiлi. Мұндай жағдайда әлгi көне гректiң "елдiң атын диқандар шығармайды" деген сөзi бекер болғаны да.
Сөйте тұра Қазақстан диқандарын биыл тағы да ауыр сынақ күтiп тұрған сияқты. Өткен аптада Қазақстанның Министрлер кабинетi өткiзген селекторлық мәжiлiс, өкiнiшке қарай, осыны дәлелдейдi.
Жайшылықта мұндай биiк лауазымды шенеунiктер ел диқандарының талай тағдырына онша көңiл аудара бермей, көбiне макроэкономикалық, әлемдiк ауқымдағы мәселелердi ғана талқылауға белсене кiрiсетiн, бұл жолы осы терiс дәстүр бұзылды.
Ауылшаруашылық министрi Ахметжан Есiмов елiмiздегi мұнай өңдеу зауыттарының жанар-жағар майды қымбаттатуы және олардың ауыл шаруашылығы өндiрушiлерiне жанар-жағар май босату кестесiн сақтамай отыруы диқандарды тығырыққа тiреп отырғанын күйзеле мәлiмдеген. Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары осы уақытқа дейiн белгiленген 143 мың тонна жанар майдың орнына небары 285 тонна жанар май босатқан. Иә, диқандарды бассыну мен мазақ етудiң бұдан өткен масқара үлгiсi бола қоймас!
Министр: "Мұнай өнiмдерi ресурстарын уысына ұстағандар дизельдi жанар май үшiн өте жоғары баға — әр тоннасына 511-515 доллар белгiлеп отыр", — дедi. Яки, мұнай өңдеушiлер өздерiнiң өнiмдерiн көршiлес Ресейде қымбат бағаға сатудан үмiттi. Өткен жылы Павлодар мұнай өңдеу зауыты дәл осылай еткен болатын. Әрине, мұның бәрiн нарық қарым-қатынасына жабуға болады, дегенмен мұнай өңдеу саласында монополист болып отырған аталмыш зауыттардың бұл әрекеттерiне мемлекеттiк, ұлттық мүдделердi аяқтан шалу деген баға беруге де болатын сияқты. Тiптi, ХХ ғасырдың 30-40 жылдары ондайларды саботаж жасаушылар деп айыптап, ит жеккенге айдағаны тарихтан мәлiм. Әрине, дәл солай жасау дұрыс бола қоймас. Оның үстiне Бүкiләлемдiк сауда ұйымы — БСҰ диқандарға арзан жағар-жанар май босатылуына қарсы. Бiрақ, бiздiң тағдырымызды БСҰ шешпейдi ғой, әрi "Аюға намаз үйреткен — таяқ".
Атырау мұнай өңдеу зауыты өз өнiмдерiнiң бағасын 10 пайызға ғана өсiрсе, Шымкент және Павлодар зауыттары 75 пайызға шарықтатып отыр. Мұның өзi әлгi зауыттар жанар-жағар майдың бағасын қасақана, өзара астыртын келiсiп қымбаттатып отырған жоқ па деген күдiк туғызады. Ал мұндай әрекеттер заң жүзiнде жазаға тартылуға тиiс екендiгi мәлiм. Оның үстiне, бiрнеше жылдан берi егiн егу және астық жинау науқандары тұсында мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жұмыстарын жүргiзудi де тұрақты түрде әдетке айналдырып жүр. Мұның да күдiктi тұстары көп.
Қазақстандық үш мұнай өңдеу зауыттарында биыл небары 52 мың тонна ғана жанар-жағар май қоры сақталып отырғаны анықталды, ал бұл жылдағыдан екi есе аз. Астық жинау науқаны тұсында жанар-жағар май қорының таусылуы Қазақстан тарихында бұрын-соңды болып көрмеген оқиға, дегенмен биыл сондай қауiп төнiп тұр. Тiптi, Энергетика және минералды шикiзаттар министрi Бақтықожа Iзмұхамбетовтың айтуынша: "Шаруаларды жанар-жағар маймен қамтамасыз етудегi басты түйткiл — дизельдi жанар майының Қазақстаннан аса көп мөлшерде сыртқа шығарылуында" екен.
Жағдай аса күрделi. Ал елiмiздегi монополияларға қарсы күресуге, отандық өңдiрушiлердiң мүддесiн қорғауға тиiстi Монополияға қарсы күрес агенттiгi мұндайда көбiне қауқарсыздық танытып, бейтарап қалуын жалғастыруда. Осы жолы да агенттiк төрағасы Бақытжан Сағынтаев мырза арнайы заңның жоқтығын алға тартты. Әрине, заңдар қымбат, бiрақ адамдардың тағдыры одан да қымбат емес пе?! Елiмiздегi халықтың 42 пайызы өз тағдырларын ауылмен, диқандардың еңбегiмен сабақтастырады. Ал диқандар өсiрген осыншама мол өнiм мұнай өңдеушiлердiң оралымсыздығынан желге ұшса, әлем алдында жерге қарап қалуымыз мүмкiн. Елiмiздегi жекелеген топтардың мүддесi мұнайға байланысты, ал Қазақстандағы барша тұрғындардың мүдделерi — астықта!
Аталмыш селекторлық мәжiлiстiң соңына таман Премьер-министр К.Мәсiмов қордаланған проблемаларды шешу үшiн салық полициясы, кеден қызмет керлерi көмегiне сүйенуге кеңес бердi. Премьер-министрдiң кеңесi жағдайды жақсарта алар ма екен?!
Осы орайда Ресейдiң ең iрi олигархтарының бiрi Олег Дерипасканың әлемдегi аллюминий өндiретiн iрi жекеменшiк "Русал" компаниясы туралы: "Мемлекет менiң осы компаниямды алғысы келiп, өтiнсе еш қарсылығым жоқ. Еш дау-шарсыз қайтарып беремiн. Бұл маған табан асты, аспаннан құлаған байлық болатын, осы дәулеттiң қызығын көрдiм. Бiрақ, кiндiгiм байланып қалған ештеңем жоқ", — деп өткен шiлде айында айтқан сөзi ойға оралады. Отаншыл, мемлекетшiл азаматтың аузынан шығар сөз! Бiздiң олигархтар, мұнай өңдеу зауыттарының иелерi Олег Дерипаскадан үлгi алса ғой, шiркiн…
Жаңабек ШАҒАТАЙ