МYЛIКТI ЗАҢДАСТЫРУ АЯҚТАЛДЫ
МYЛIКТI ЗАҢДАСТЫРУ АЯҚТАЛДЫ
Былтырғы жылдың 3-шiлдесiнде қабылданған "Мүлiктi заңдастыру туралы" Заң бойынша, халықтың мемлекеттен жасырған жасырын мүлкiне рақымшылық жарияланған едi. Содан берi бұл заңның мерзiмi екi рет ұзартылды. Алдымен осы жылдың қаңтарында мерзiмi аяқталуы тиiс болса, одан кейiн 1-сәуiрге, сосын 1-тамызға дейiн созылды. Үкiметтiң айтуына қарағанда, бұл соңғы мерзiм. Бұдан кейiн мүлiктi заңдастыруға рақымшылық жарияланбайды. Тұрғындар мүлiктерiн заңдастыру туралы арыз-шағымдарын 31-шiлдеге дейiн тапсырады. Ал, арыз берiлгеннен кейiн екi айдың көлемiнде қаралып, жауап берiлуi тиiс.
Алдын ала жасалған қорытынды бойынша, заңдастырылған мүлiктiң жалпы сомасы 5 млрд. доллардан асып жығылған. Бұл Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетiнiң мәлiметiне сүйенген ақпарат. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң сөзiне қарағанда, "жалқаулар мен байлар ғана" мүлкiн заңдастыруға асықпай отырған сынды. Дегенмен, бұл мәселеде де жемқорлық басты рөл ойнаған сияқты. Өйткенi, қарапайым халық соңғы қаржысына салған үйiн заңдастыра алмай отырса, байлардың заңсыз басып алған коттедждерi мен сарайлары ешбiр кедергiсiз заңдастырылған. Бiз алысқа бармай-ақ қояйық, Алматының iргесiндегi "Шаңырақ", "Бақай", "Әйгерiм", "Ұлжан" шағын аудандарын ауызға алайық. Кейбiр деректерге сүйенсек, тек "Шаңырақтың" өзiнде 180-200 мыңға дейiн халық тұрады. "Әйгерiмдегi" газ құбырының үстiне салынды дейтiн үйлердiң саны — 4 мың, 20 мыңдай адам тұрады. "Шаңырақта" тиым салған жерде 1 мың отбасы бар. Былтырғы жылы Бақайдағы 25 үйдiң, қалған шағын аудандардағы 300-ден астам үйдiң бұзылғандығын бiлемiз. Кейбiр дерек көздерiне сүйенсек, 320 үйдiң соттың шешiмiнсiз қиратылғандығы туралы айтылады. Қалай дегенмен де, бұл жерлерде адам тұрады. Адам тағдыры ойыншыққа айналды.
Былтырғы жылы дәл осы мүлiктi заңдастыру туралы заң қабылданғаннан кейiн 2 аптадай уақыттан соң, "Шаңырақтағы" 115 үйдi бұзуға барған заң адамдарымен жергiлiктi халық арасында шиеленiс туындағаны белгiлi. Соның салдарынан 24 жасар милиционер мерт болды. Содан бергi 1 жыл уақыт iшiнде «Шаңырақтағы» оқиғаны ұйымдастырды деп 25 жiгiттiң үстiнен қылмыстық iс жүрiлiп жатыр. "Байтал түгiл, бас қайғы" дегендей, сол жолы үйi үшiн күресуге белдескен жұрт ендi баласының бас амандығы үшiн басын тауға да тасқа да соғуда.
Ал, Мүлiктi заңдастыру жөнiндегi комиссия осы аудандарда тұратын отбасылардың мүлкiн заңдастырып беру туралы арыз-шағымын қанағаттандырмаған. Неге? Бұған дәп басып айтатын себеп жоқтың қасы. Кейбiреулерi газ құбырының үстiне үй салып алғандықтан, заңдастыруға жатпайды десе, кейбiреулерi батпақ-саздың үстiнде отыр деген сылтау айтылады. Бiрақ, құқық қорғаушы Жемiс Тұрмағамбетованың айтуына қарағанда бұл адамдардың қолында 1990 жылғы Алматы қалалық атқару комитетiнiң 1990 жылдың 20-шы маусымындағы №10 шешiмiнiң негiзiнде жер бөлiнiп берiлген. Одан кейiн 2001 жылы Әуезов ауданының әкiмi Устюговтiң шешiмiмен құқық беретiн құжат шыққан. 2000 жылы оралмандар мен iшкi көшi-қон мәселесi жөнiнде жастардың "Тамсан" атты қоғамы да жер таратқан. Олардың қолында да шешiм болған. Бұл қоғам Алматы қалалық Архитектура департаментiмен келiсе отырып жұмыс жасаған. Демек, үйлерiн бұзу туралы шешiм шығарылған шаңырақтықтардың көбiнде жерге құқық беретiн құжат болған. Жұрттың көпшiлiгiн бұл құжаттардың қаншалықты заңды екендiгi де алаңдататыны белгiлi. Қалай дегенмен де, жердi заңсыз басып алды дейтiн жұртшылықтың көбiнде 1990 жылдан 2001 жылға дейiнгi аралықта заңды белшесiнен басқан немесе халықты алдаған шенеунiктердiң қол қойған құжат болған. Осы құжат арқылы жердi заңдастырып алуына әбден болатын едi. Бiрақ, қазiргi әкiмшiлiктiң айтуына қарағанда, бұл жерлер қаланың бас жоспары бойынша басқа объектiлерге арналған немесе тұрғын үй салуға қауiптi жерлер. Сол себептi де оны заңдастыруға болмайды. Яғни, бұрынғы әкiмшiлiктiн жiберген кемшiлiктерiн түзетуге мәжбүр. Бiрақ, 1 миллионға жуықтаған бұл тұрғындардың проблемасын шешу қажет қой. Былтырғы жылы үйi күрелген бақайлықтар әлi күнге аспан астын күнелтуде. Шаңырақтықтар үнемi қорқыныш пен үрейде отыр. Ең жаманы, бұл жерлердегi тұрғындардың 100%-ға жуығы қазақтар. Өзге ұлт өкiлдерi жоқтың қасы. Басқа елдердiң тәжiрибесiне сүйенсек, көптеген мемлекеттер ең алдымен сол елдегi байырғы ұлттың мүддесiн ескередi екен. Мысалы, қазiр үй салып жатқан құрылыс компанияларына осы үйдiң 15%-ын жергiлiктi ұлтқа өзiнiң тұратын бағасынан арзан берудi мiндеттейтiн көрiнедi. Бұл мәселен Малайзияда қолданылатын тәсiл. Ал, бiзде керiсiнше, жергiлiктi ұлтты қуғындату саясаты әлi де басым. Қаланы қазақтандырмау саясаты әлi жүргiзiлiп келедi. Егер, қала қазақтанатын болса, онда қазақтың тiлi де сұранысқа ие болады ғой. Бiздiң билiктi үркiтетiнi де осы болса керек.
"Халық қалаулылары" деп үкiлеген Парламент депутаттары "Шаңырақ" мәселесiн жылы жауып қойды. Бiздiң есiмiзде бұл мәселенi ту ғып көтергендер Әлихан Бәйменов пен Амалбек Тшан болатын. Көптеген депутаттар "Шаңырақ" мәселесiне басқа мемлекетте болып жатқан жағдай сынды қарады. Ал, қазiр партиялар додаға түсiп жатқан тұста, халық жекелеген адамға емес, саяси партияларға дауыс беретiн саяси кезеңде әлеуметтiк мәселесi күйiп тұрған "Шаңырақ" пен "Бақай", "Әйгерiм" мен "Ұлжан" тағы да шетқақпай. Мен партиялардың көбiнiң бағдарламасымен танысып шықтым. Жалпылама мәселелерге көбiрек көңiл аударғандары болмаса, дәл осы бiр бiтеу жараны байқап, оны мәселе еткендерi тағы аз.
Ал, мемлекет үнсiз. "Ауруын жасырған өледi" деген тәмсiлге сенсек, бұл қазақтың ең үлкен әлеуметтiк проблемасы. Жер дауының соңы бұрын екi жақты алашапқын ұрысқа майданға алып келген болса, қазiр де бас жарылып, қол сынып жатыр. Бiрақ, әлi де жылы жауып қойып, "бiзде бәрi керемет" деген ұран аясында өмiр сүрiп жатырмыз. "Мал ашуы – жан ашуы" дегендей, ашынған халық арыстандай атылып жүрмесе болғаны.
Есенгүл Кәпқызы