Жаңалықтар

«ҚАЗАҚФИЛЬМНIҢ" КӨШУI: ҚАУЕСЕТ ЕМЕС, ШЫН БОЛДЫ!

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚФИЛЬМНIҢ" КӨШУI: ҚАУЕСЕТ ЕМЕС, ШЫН БОЛДЫ!

"Қазақфильм" көшкелi жатыр… Қайда екенi әзiр белгiсiз, тек бiлетiнiмiз, көшетiнi рас. Бұрынғы жылы орнын суытып, жаңа мекенге "Қазақфильмнiң" көшпеуге еркi өзiнде емес. Оны көшiргiсi келiп жатқан да — Үкiмет. Үкiметтiң көзқарасына сүйенсек, "Қазақфильм" көшпей, оның iсi алға жылжитын емес көрiнедi.

Киностудияның арғы-бергi тарихына көз жүгiртсек, бiр кездегi саусақпен санарлық фильмдерден басқа көзге iлiп аларлықтай дүние жоқ екен. Оның өзi "Қазақфильмнiң" ғимараты жаңадан салынып жатқан тұста өмiрге келген дүниелер. Ал, қалғаны ауыз толтырып айтатындай емес, әйтеуiр арзанқол бiрдеңе. Оның үстiне, сол кездегi ВГИК-тi бiтiрiп келген жас мамандар "жаңа философиялық тұрғыда фильм түсiремiз" деп, қазақ киносының жанрын мүлдем өзгертiп, шала жансар дүниелердi өмiрге алып келдi. Оларының шет елдегi беймәлiм кинофестивальдерден орын алғанына мәз болды. Ал, қалғаны әлi жарыққа шыға қойған жоқ. Сол баяғы Шәкен Аймановтың, Мәжит Бегалиннiң, Абдолла Қарсақбаевтың, Сұлтан Қожықовтың түсiрген фильмдерi ғана қазақ кино өнерiнiң шыңы болып қала бердi. Осы бiр классикалық дүниелермен әлi күнге өзiмiздi өзiмiз алдап келемiз. Кез келген қарапайым көрерменнен қазақ киносы туралы сұрай қалсаңыз, "Ей, қазақ киносын қойшы" деп, қолын бiр сiлтейтiнiне куә боласыз. Жарайды. Бүгiнгi қазақ киносының проблемалары туралы әңгiме бiр бөлек, бүгiнгi әңгiме "Қазақфильмнiң" көшуiне тiрелiп отыр.

Бiр кездерi қазақ киносының талай марғасқаларының отанына айналған киностудияның осындай беймезгiл сәтте көшкелi жатқаны бәрiмiздi таңдандырып тастады. Парламент тарамай жатып, "өлi маусым" басталмай тұрып, әңгiме қозғалса бiр сәрi. Елдiң бәрi "бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек" деп жанталасып, партия-партия боп, текетiресiп жатқан тұста, киностудияның елеусiз ғана көшiн ұзататыны қызық болмағанда қайтсiн?! Әрi "Қазақфильм" акционерлiк қоғамының президентi Сергей Әзiмовтың "Қазақфильмнiң" сатылмайтындығы жөнiнде айтқан сенiмдi әңгiмесi тағы бар. Әлде Сергей Әзiмов Үкiметте болып жатқан әңгiмеден хабарсыз болып шықты ма екен? Не керек, әйтеуiр, ресми мәлiмдеме жасалды. Киностудияның ендiгi күнi не болады? Оны киногерлер шамаламаса, қарапайым көрермен бiлмейтiнi анық. Сондықтан, бiз кино саласының маңайында жүрген киногерлерге хабарласып, пiкiрiн бiлгенбiз.

Әуелi белгiлi жазушы, бүгiнде "Қазақфильм" киностудиясында редактор болып қызмет атқарып жүрген Смағұл Елубайға хабарласқанбыз.

— Смағұл аға, киностудияның көшейiн деп жатқаны рас па?

— Рас.

— Осыдан бiрер ай бұрын Сергей Әзiмов мырза "Қазақфильмнiң" сатылмайтындығын айтып едi…

— Оны ресми мәлiмдеме болмай айтуға болмайды. Министр деген ресми адам. "Қазақфильмнiң" болашақта басқа жақта орналасатындығы жөнiнде мәлiмдеме жасады ғой. Бұның алдында да мұндай жағдайлар болған. Коллективтен келiп, пiкiрлерiмiздi сұраған. "Қазақфильмнiң" көшуiне көзқарастарыңыз қандай?" деген сауал қойылған бiзге. "Бiзге "Қазақ Голливудын" салып берсе, ешкiм қарсы болмайды" дегенбiз. Жалпы, бiздiң түсiнiгiмiзше, киностудиялар қаланың сыртында болады. Сондықтан, қаланың сыртына көшiруден трагедия iздеудiң қажетi жоқ. Оны қалай салып бередi, әңгiме соған байланысты. Әзiрше, жасалған мәлiмдемелерде 1 млн. долларға "Қазақфильмнiң" базасы салынады деген мәлiмдеме болды. Ал, сатылып кеттi дегенге келсек, ондай әңгiменi естiгем жоқ. Жаңа ғимараттың әзiрге перспективасы жасалып жатыр. Қазiргi базадан да артық жасаймын деп жатыр ғой. Ойдағыдай болса, соған дайын күйiнде көшiру керек. Дайын болмай тұрып, салдыр-салақ қарап, жай үй ғимаратын салып, соған көшiретiн болса, онда "Қазақфильмдi" құрту болады.

— "Қазақфильмдегiдей" техникалық база Орта Азия мемлекеттерiнiң ешбiрiнде жоқ десiп жатады.

— Оның рас. Бiздiкiндей база еш жерде жоқ. Күнi кеше ғана Ауғанстаннан делегация келiп, фильмдерiн өңдеп алып кеттi. Сондықтан, жаңа "Қазақфильмдегi" базалар бұдан артық болмаса,кем түспеуi керек деп ойлаймын.

Ал, белгiлi актер Нұрлыбай Есiмғалиев болса, "Қазақфильмнiң" көшуiне разы емес. Ол кiсiнiң пiкiрiнше, ұлттық құндылықтарымыздың бiрi саналатын киностудияның ғимаратын сақтап қалғанымыз жөн сияқты.

— Әзiмов "Қазақфильм" сатылатын болса, коллективiмен қарсы тұрар едiм" деген әңгiменi айтты. Бұл жерде Әзiмовтен сұрамауы да мүмкiн. Ол жекеменшiк емес, акционерлiк қоғам болып саналады. Оның жүз пайыз акциясы мемлекеттiң қолында. Үкiмет қалай деп шешедi, солай болады. Дегенмен де, "Қазақфильм", М.Әуезов атындағы драма театр, қазақ циркi, орталық музей, Ұлттық кiтапхана, мұның бәрi – ұлттық құндылық. Сол ұлттық құндылықтардың iшiнен "Қазақфильмдi" сатамыз деу, не болмаса көшiремiз деу, менiңше, өте қисынсыз.

Кезiнде бұл аймақты Д.Қонаевтың, сол кездегi белдi азаматтардың ұйғарымымен, Алатаудың баурайынан арнайы берген жоқ па едi. Дәл сол кезде Алматы тап мұндай өскен жоқ едi ғой. Қазақтың киносы, қазақтың өнерi дамысын деп сол жерден салған едi. Бәрi де керемет орналасқан. Онда өте құнды дүниелер тұр. Ол дүниелердiң бәрiн басқа жерге көшiрудiң, тап солай қып салудың өзi қолдан келмейтiн нәрсе. Салуы мүмкiн, әйнектерден құралған бiрдеңенi. Ол ертең құлап қалатын болар. Бұл мәңгiлiк дүние. Қандай қалаң болса да, бүгiнгi тұрған сәулет құрылысы ешқандай қаланың көркiн бұзбайтын дүние. Үлкен проспектiнiң бойында орналасқан. Сырттан келген қонақтардың көбi студияны көрiп таң қалып кетедi. "Осындай студияларыңыз бола тұрып, сiздер неге сыртқы аренаға шыға алмайсыздар?" деп айтады. "Бөрi ашуын тырнадан алады" дегендей, осы проблеманың бәрiн шешу үшiн, оны тұрған сәулеттен алуға болмайды ғой. Президенттi көндiрiп, сол жерден керемет ғимарат саламыз деу, дұрыс емес. Қазiр дүниенiң бәрi құрылыс боп кеттi. Сол 16 гектардың орнына үй салса, ол қыруар ақша. Мұны кiм жасап отыр, тек ақшаға құнығып отырған адам жасап отыр. "Қазақфильмдi" сыртқа апарып, екi немесе бес жылда салып беремiз деу, мүмкiн емес. Мүмкiн тез-тез бiрдеңенi салып та берер. Бiрақ, ол бүгiнгi сәулет құрылысына жете ме? Салуға болады, жиырма-отыз жылда. Мүмкiн, одан да асып кететiн шығар. Оған бiршама уақыт керек. Тiптi, оның арасында бiр буын өтер. Ол кезде сiз бен бiз басқа дүниеде болармыз.

Таланттар туатын болса, жақсы киноларды осы "Қазақфильмде" де жасауға болады. "Атаманның ақыры", "Қыз Жiбек" түсiрiлiп жатқан кезде, киностудия салынып жатқан болатын. Көрдiңiз бе, нағыз шығармашылық адамына оның ешқандай зияны жоқ. Қырық жылға жуық өмiрiм осы "Қазақфильмде" өтiп келедi. Студияның iшiне кiргенде басқа бiр әлемге енiп кеткендей көрiнедi. Бүтiн тiршiлiгi өткен аға-апаларымыз еске түседi. Қазiр де жақсы адамдар бар. Жалпы, министрдi жаман адам деп ойламаймын. Ол кiсiнiң өнерге, мәдениетке терiс ниетi жоқ, көңiлi ақ. Бiрақ, оны да көндiретiн адамдар бар ғой. Ресми тақта отырғаннан кейiн, тыңдамауға шамасы жоқ.

Әлi де мәселе қою керек. Қаулы шықса шыққан шығар. Оны өзгертуге болады. Әзiрге қопарып жатқан ештеңе жоқ. Келер Парламентке бұл мәселенi қою керек. "Сөз сүйектен өтедi" дейдi. Сүйектен өткiзiп, осы мәселенi жақсылап қозғаса. Бұл Мәжiлiске де "елiм" дейтiн жiгiттер келер.

Мәскеуде "Мосфильм" бар. Әлi күнге өмiр сүрiп келедi. Өткенде НТВ-дан көрсеттi. Сол Мосфильмде "Көктемнiң он жетi сәтi" атты фильмге түсiрiлген киiмдердiң бәрi сақтаулы тұр екен. Жап-жаңа күйiнде. Оған олар ұлттық құндылық деп қарап отыр. Бiздiң жоғалтқан дүниелерiмiз көп. Бұрын "Қазақфильмнiң" қызметшiлерiне арнап үй салынатын едi. Ол кезде киностудияда 1200-ге дейiн адам жұмыс iстейтiн. Қазiр 100-ден аса қояр ма екен. Сондықтан, бiр сөзбен айтқанда, ұлттық өнердi, ұлттық құндылықты сақтап қалуымыз керек. Оны сақтап қалатын "ұлтым" дейтiн азаматтар ғана. Ұлттың деңгейiнде ойлай алмайтын адам қазақтың дүниесiн жасай алмайды.

P.S. "Қазақвудты" жасағысы келетiндер де, "Қазақфильмнен" айырылғысы келмейтiндер де көп. Жалпы, жаңа Голливудтың дүниеге келуi қазаққа зиян емес. Артық та болмайды. Бiр Ресейдiң өзiнде қаншама киностудия жұмыс жасап жатыр. Есесiне, киноөндiрiсi дамиды. Ал, ұлттық құндылығымыз болып саналатын "Қазақфильмнiң" ғимаратын сақтап қалу — ұрпақ алдындағы борышымыз.

Гүлзина Бектасова